ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІ ЖӘНЕ БИЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫ

0

Қазақ қоғамындағы билердiң саяси-құқықтық көзқарастарында әдiлеттiлiк, теңдiк, әдiлеттi басқару мәселелерi ерекше орын алған, тiптi даулы мәселенi шешуде басты қағида болған десек те артықшылығы жоқ. О бастан-ақ, қазақ билерi ел iшiнде кездесiп отыратын дауларды екi жақтың қатысуымен ашық аспан аясында, жиналған қалың көпшiлiк алдында, ешқандай даярлықсыз, қағаз-қаламсыз даудың бiтуiн сөз бұйдаға салмай бiтiстiрiп отырған. Даудың қалай шешiлетiндiгiн қарап отыратын халық оның сыншысы болған. Негiзiнен, осы билер сотының шешiмдерiнiң түпкi негiзi мен мақсаты шындық пен әдiлдiкке жету болып саналған.

Бидiң әдiл шығарған шешiмiнен тек қана жазықты адамның өмiрi ғана емес, бүкiл қазақ елiндегi билер институтының қоғамдағы маңыздылығы тәуелдi болды. Себебi, әдiлетсiз шығарылған шешiм қоғамда бұл құқықтық институтқа деген халықтың сенiмiн кетiрiп, оның қоғамда алатын рөлiнiң, дәрежесiнiң төмендеуiне әкелетiн едi. Керiсiнше, туғансыз билердiң әдiлеттi, тура сөзiн халық табанда жаттап алып, жалпақ жұртқа жайып отырған. Бұл билердiң шешiмдерi хатқа түспей-ақ осы күнге дейiн жеткен. Әлбетте, әдiл би болу әркiм- нiң қолынан келе бермеген. “Жүзден-жүйрiк” дегендей, мыңнан бiреуi ғана шығып, елдi аузына қаратқан. Мұндай билердiң әдiлеттi шешiмдерi тек өздерiнiң аттарын ғана шығарып қоймай, бүкiл билер институтының қазақ қоғамындағы маңыздылығын көтердi. Елдiң билер институтына деген сенiмiн нығайтты. Өз кезегiнде халық та әдiлеттiлiктi басты қағида қылып ұстаған билердi мадақтап көтермелеп отырған.

Билердiң әдiлеттi шешiмiне байланысты тағы бiр тұжырым, ол қазiргi кезде газет-журналдар бетiнде Тәуке хан мен “билер кеңесiнiң” бiрiгiп қабылдаған “Жетi жарғының” — “Жарғы” деген термин турасында айтылып жүрген пiкiрлермен байланысты. Мұнда “Жарғы” сөзi iс, билiк, жарлық, шешiм, дау деген сөздермен алмастырылып айтылып жүр. Менiң ойымша, бұл терминнiң пайда болуы  билердiң дауда айтылған әдiлеттi шешiмдерiмен ұштасып жатыр. Егер, бiз, бұл тұжырымды шешiп алуда, яғни, “Жарғы” сөзiнiң iшкi табиғатын ашуда С.Зиманов пен Н.Өсерұлының “Жарғы” сөзi қазақша әдiл шешiм деген ұғымды бiлдiрген. Түпкi мәнi жарудан, нәрсенiң салмағын бiр жағына аудармай дәл де әдiл айырудан шыққан”,-деген пiкiрiн және “Қазақтың көне тарихы” атты кiтаптың авторы Нығмет Мыңжанның “Жарғы” қазақша әдiлдiк деген ұғымды бiлдiредi,-деген тұжырымы мен академик Ә.Марғұланның “қазақша “жарғы” — (хақиқат) деген ұғымды бiлдiредi[1]. Дауды әдiл, тура шешкен билердi халық бұқарасы ардақтап “Қара қылды қақ жарған” деп мадақтаған. Оны екi жағының бiреуiне артық жiбермей дәл айыру әдiлдiктiң мегзеуi болған. “Жарғы” заңының негiзгi мәнi осында” деген пiкiрлерiн есепке алып, сонымен қатар, “Жетi жарғының” түп төркiнiне қазақ қоғамында кездесiп отыратын жер дауы, жесiр дауы, құн дауы, мал-мүлiк дауы, ар-намыс дауы және  тағы басқадай сол сияқты дауларды шешкен билердiң әдiлеттi шешiмдерi енгiзiлгенiн ескерсек, мәселенiң күрмеуi өзiнен-өзi шешiле қалады. Яғни, нақтырақ айтсақ, “Жетi жарғы” бұл жетi әдiл шешiм дегендi бiлдiрiп, ол сол замандағы билердiң құн дауы,  жер дауы, жесiр дауы, мал-мүлiк дауы, барымта және тағы басқа сол сияқты дауларға қатысты билердiң жарғылық-қағидалық және үлгiлi-прецеденттiк билiк шешiмдерiнiң жинағын бiлдiредi. Осыған байланысты белгiлi заңгер ғалым З.Кенжалиев билердiң шығарған билiк шешiмдерi туралы мынандай пiкiр бiлдiредi: “Қазақи санада құқықтық принцип, нормалардың туындауы үлгiлi сөздiң, аталы сөздiң өмiрге келуiмен байланыстырыла қарастырылуы тегiннен-тегiн емес едi. Бұл шындықтан қияс кете қоймайтын түсiнiк едi. Себебi, шын мәнiнде, қазақ қоғамында билер сотының шешiмдерi прецеденттiк роль ойнады және осы шешiмдер халық арасында құқықтық қағида  (принцип), жарғы (норма) есебiнде қабылданып бағаланды. Яғни, елге кең таралған билер сотының шешiмдерi құқықтық мәнге ие болатын да, кейiн принцип, норма есебiнде өзiнiң жеке-дара өмiрiн сүре беретiн”[2].

Кеңес дәуiрi кезiнде ұлттық саяси-құқықтық тарихымызды еркiн зерттеп, шынайы нәтижесiн жариялауға сол кезеңдегi  идеологияға байланысты мүмкiндiк болмағанды. Бiрең-сараң шындықты жариялауға тырысқан ғалымдарды кеңестiк үкiмет “ұлтшылдар” деп айыптап, түрмеге қамады. Сондықтан да кеңестiк дәуiрдегi “билер институты” туралы зерттеулер таптық тұрғыда жүргiзiлiп, қазақ елiнiң алып қайраткерлерiнiң өз халқына жасаған қызметтерi жоққа шығарылу, даттау, қаралау негiзiнде жүргiзiлдi. Сол себептi де, жалпы “би” тұлғасы өзгертiлiп өзiнiң шынайы бет-бейнесiнен айрылып, “хандардың қолшоқпарлары”, “ханның, билеушi топтың сөзiн сөйлеушiлер”, “парақорлар, жемқорлар”, “халықты алдаушылар”  деген теңеу алды.

Қазақ хандығы құрылғаннан бастап, оның сыртқы саясатындағы қарым-қатынастарды бақылап, iштей мазмұнын талдап қарасақ, оның негiзгi мазмұны басқа хандықтардың экспансиясынан жердi, елдi қорғау болып табылды және де хандықтың сыртқы саясатындағы екiншi бiр жағы бұл өзiнiң жерiн кеңейту, керуен жерлерге ие болу болды. Мұның өзi де түсiнiктi едi, өйткенi, көшпелi халықтың негiзгi тiршiлiк көзi төрт түлiк мал болғандықтан, оны өсiру үшiн әрқашанда жақсы жайылым жерлер керек болып отырды  және осы малдарды сату, айырбастау қазақ халқының сауда жолдарға деген  қажеттiлiгiн туындатты.

Қазақстанда халықаралық қатынастар ерте кезден бастап қалыптаса бастады. Бұл жөнiнде М.Сарсенбаев мынандай ой бiлдiрдi: “В Казахстане и Средней Азий международные отношения начали складываться в глубокой древности. Уже с конца I тысячелетия до н.э. этот регион играл важнейшую роль в транзите товаров из государств востока на запад. Через Среднюю Азия пролегал прямой торговый караванный путь, соединяющий восточную Азию Индия со Средиземным морем, а через несколько столетий Среднюю  Азию пересекли мировые караванные дороги в самых разных направлениях. Вместе с международными торговыми отношениями развивались политические и культурные отношения государств этого региона”[3].

Негізінен, қазақ елiн басқарған хандардың елдiң сыртқы саясатын жүргiзудегi құқықтарының ауқымы кең болды. Бiрақ та хан елдiң сыртқы саясатындағы маңызды деген мәселелердi жалғыз өзi шеше алмайтын. Мұндай мәселелер, негiзiнен, “билер кеңесі” мен “хан кеңесінде” өзiнiң шешiмiн тауып отырды. Ол жөнiнде Н.Г.Аполлова былай жазды: “Самым широким по своему составу было так называемые “великое собрание”, которое в русских источниках называется сеймом. Она созывалась в исключительных случаях-во время серьезных осложнений внешнеполитической обстановки, когда требовалось избрание вождя и решительный отпор врагу. Такое собрание было созвано в “годы великого бедствия” для избрания Абулхайра предводителем обьединенного ополчения трех жузов”[4].

Бұл “халық жиналыстары” елдiң ең маңызды деген iшкi және сыртқы мәселелерiн (хан сайлау, соғыс жариялау, келiсiмге келiп бейбiтшiлiк орнату, ел iшiндегi даулар бойынша сот iсiн жүргiзу) қарастырған. Осы көрсетілген кеңестерде қаралатын негiзгi мәселелер көп жағдайда елдiң сыртқы саясатымен байланысты болды. Мұның себебi де түсiнiктi едi, өйткенi, феодалдық бөлшектенген кезде өз алдына жеке-дара билiк жүргiзген ру басшылары мен ел басқарған сұлтандар бiр-бiрiне деген экономикалық та, iшкi саяси мәселелердi шешуде де тәуелсiз болса да, бiрақ сыртқы саяси мәселелердi шешуде (ортақ жауға қарсы тұру, соғыс немесе бейбiтшiлiк жариялау, басқа елдермен әскери одақ құруда және т.б. саяси мәселелерде) олар бiрiгуге мәжбүр болды.

Осы көрсетiлген “билер кеңесі” мен “хан кеңесі” елдiң сыртқы саясатына байланысты мынандай мәселелердi қамтып қарады:

-Басқа елдермен дипломатиялық қарым-қатынастар жасау;

-Шет елдермен келiсiмшарттық қатынастарды жасау;

-Шет елдерден келген елшiлердi қабылдау және басқа елдерге елшiлер жiберу;

-Соғыс ашу немесе басқа елдерге әскери көмек көрсету;

-Бейбiтшiлiкке, бiтiмге келу сияқты мәселелердi қараған.

Байқап отырғанымыздай, қазақ елiнiң сыртқы саясатындағы мәселелерді  шешуде “билер кеңесі” мен “хан кеңесі” маңызды рөлдi атқарды. «Бiзге қазақ халқының тарихынан мұндай кеңестiң екi түрi белгiлi. Бiрiншiсi, бұл жоғары билiк жүргiзу кеңесi Тағанақ кеңесi деп аталса, ал екiншiсi, Тұрымтай кеңесi деп аталды. Тағанақ кеңесi жылына бiр рет өткiзiлiп отырған, оның ауқымы кең, қатысатын адамы мол болған, оған ханға қарасты елдiң басты-басты ру-басылары, бiлектi билер, қолбасылар, жыраулар қатысқан. Онда хандықтың iрi-iрi мемлекеттiк iстерi талқыланып, ел iшiндегi үлкен дау-дамайлар жөнiндегi шешiм жасалатын болған, алдағы жұмыстар, халықтың соғыс дайындығы талқыланып, соған сәйкес жарғылар қабылданған.

Ендi қазақ хандығы құрылғаннан бастап, оның сыртқы саясатындағы аса маңызды саяси факторларды атап өтiп және ондағы билердiң рөлiне тоқтала кетсем. Негiзгi саяси факторларға төрт мәселенi жатқызуға болады.

Бiрiншiден, бұл XVII ғасырда қазақ хандығының шығысында пайда болған, өз алдына қуатты мемлекет болып, қазақ елiне қауiп төндiрген Жоңғар мемлекетiмен арадағы саяси қарым-қатынастарды бақылауда ұстап, оның бұзылуына жол бермеу болатын.

Екiншiден, шығыстағы алып мемлекет Қытаймен қарым-қатынасты реттеу арқылы саяси тұрақтылыққа қол жеткiзу.

Үшiншiден, Орта Азия мемлекеттерiмен арадағы байланысты жақсарту.

Төртiншiден, солтүстiктегi ежелгi көршi мемлекет Ресеймен қарым-қатынасты дұрыс жолға қою.

Қазақ жерiндегi қоғамдық-саяси ойдың өзiндiк өткен жолы және заңдылықтары бар. Бұл Батыс елдерiндегi қоғамдық ойдың дамуымен жалпы тұтастықта болғанмен, әр уақытта ол өткен сара жолдың соқпағына бағына бермеген. Ол өзiндiк ерекше иiрiмдi, қатпарлы даму жолын бастан кешкен. Оның сонылығын тану үшiн өзiндiк бiр шынайы сезiмталдық, қырағылық, пайымдылық қажет. Сонда ғана бiз оның iшкi қатпарын, мәйегiн түсiнуге талпына аламыз. Осындай терең ойлылықты, ақылдықты талап ететiн нәрсе-ол-көшпелi қазақ елiндегi әдiлеттi басқару мәселесi. Билер бұл мәселенi шешуде, яғни, мемлекетте әдiлеттi басқаруды орнатудың қайнар көзi, негiзi Шыңғыс хан тұқымынан шыққан, сұлтан, төрелердiң билiкке тартылуын шектеу болып табылады. Ондағы басты мақсат-“мемлекеттiк басқару iсiне әр ортадан шыққан қабiлеттi, туа бiткен дарынды адамдарды тарту едi”. Сол кездiң өзiнде мұндай айтылған тұжырымдардың астарынан казiргi кезеңде барлық мемлекеттер құруға ұмтылып отырған құқықтық мемлекет, демократия деген идеялар көрiнiс табады. Мәселен, билердiң пiкiрiнше, елдiң бiрлiгiн, еркiндiгiн сақтау үшiн халыққа ақылымен басшы, қамқор болатындай азаматтар керек. Ондай азаматтарды халық арасынан таңдай алу керек, сонымен қатар оларға елдi басқаруды, әр түрлi қоғамда кездесетiн дауларды шешудi үйретiп қана қоймай, оларды көтермелей бiлу керектiгiн айтып отырды. Мұндай тұжырымды ойларды Әйтеке бидiң мына бiр сөздерiнен көруге болады: “Елдiң бағын ашпаса, ер мұратқа жетер ме! Ерiнiң сағын сындырса, ел мұратқа жетер ме! Ел тiрегi-ер, ер тiрегi-ел бола бiлген қауымның басынан бағы кетер ме! Естi ерiңдi ез тұтсаң-өзiңдi-өзiң қорларсың, есерiңдi ер тұтсаң-iргеңiзден жау кетпей, төрiңiзден дау кетпей, сойқанға сойқан жолығып, сорларсың да зорларсың. Ел мұраты-көрешек, ер мұраты-келешек, көрешегiн күйттеген-түбi қоймас сүрiнбей, келешегiн күйттеген-түбi қоймас сүйенбей. Жетелi ер адаспас-бабадан қалған сөз бар ғой, жетелi ел адаспас бағзыдан қалған сөз бар ғой”,-деп, елiнiң келешегiн ойлайтын естi азаматтарға ел тiзгiнiн берудi насихаттады. Сонымен бiрге билер ел басқаратын тұлғаға мынадай талаптар қояды. Ол, бiрiншiден, асқан ақылды, данышпан болу керек, екiншiден, ақылды, жөндi сөйлей бiлетiн би — шешен болу керек (оратор болу), үшiншiден, елiне қауiп төнгенде қол бастай алар жаужүрек, нағыз қас батыр бола бiлуi керек болды. Билер осындай қасиеттердi бойына дарыта алған адам ғана ел басқаруға жарайды деген көзқараста болды. Мұндай тұжырымды ойды ұлы ақын Абайдың да сөздерiнен аңғаруға болады:

“Бұл билiк деген бiздiң қазақ iшiнде әрбiр сайланған кiсiнiң қолынан келмейдi. Бұған бұрынғы Қасым ханның “Қасқа жолы”, Есiм ханның “Ескi жолын”, Әз Тәуке ханның “Күл төбенiң басында күнде кеңес” болғанда “Жетi жарғысын” бiлмек керек. Әм, ол ескi сөздердiң қайсысы заман өзгергендiкпенен ескiрiп, бұл жаңа заманға келiспей-тұғын болса, оның орнына татымды толық билiк шығарып, төлеу саларға жарарлық кiсi болса керек едi, ондай кiсi аз, яки тiптi жоқ”,-дедi.  Ұлы Абайдың ойы бойынша ел басқаратын адам бұл қазақ елiнiң ерте кезден ел басқару жөнiндегi жинақталған тәжiрибесiн бiлу керек және бұл тәжiрибенi заманына қарай ыңғай-лай алатын адам болу керек дегенге саяды.

Құқықтық мемлекеттердiң пайда болуының өзi бұл мемлекеттiк-құқықтық процестердiң ұзақ та заңды даму салдарынан, яғни, ескi, тиiмсiз институттарды өзiндiк бiр сұрыптаумен және мұқият таңдау нәтижесiнде алынған алдыңғы қатарлы, тиiмдi институттармен алмастырудан пайда болғанын ескерсек”, онда қазiргi кезде мемлекетiмiзде құқықтық мемлекеттi, демократияны құру жолында елiмiздiң ұлттық құқық тарихындағы билерiмiздiң әдiлдiк, теңдiк, әдiлеттiлiк, әдiлеттi басқару, адамгершiлiк туралы айтқан тұжырымдарын, дана ойларын қолданысқа алып, елдi басқаруда басты қағида ретiнде алсақ, одан бiздiң ұтарымыз көп болар еді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ