МЕКТЕП БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРДІҢ МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

0

Қазіргі кезде мектеп түлектірінің болашақ мамандығына бағытталған кәсіби даярлықтан өтуі – олардың болашақ мамандығын адаспай табуының алғышарты болып табылары сөзсіз. Бұл мәселені жан-жақты зерттеу ХІХ ғасырда басталып, көптеген ғалым психологтар оның әр түрлі аспектілерін қарастырды. ХХ ғасырдың басында В.Вундт, Г.Мюнстерберг, А.Бине, Ф.Парсонс, Д.Сьюпер, Е.Гинцберг т.б. ғалымдар ұйымдастырған зертханалар зерттелінушілердің психофизиологиялық ерекшеліктерін бағалау арқылы олардың мамандыққа жарамдылығын анықтаған.

Осы уақытқа дейін мектепте жүргізіліп жүрген мамандыққа бағдар беру жұмыстарының негізін Ю.В.Большакова, П.П.Блонский, В.И.Лебедев, В.А.Сухомлинский, Ю.П.Сокольников, А.П.Сейтешов, Л.К.Керимов, Е.П.Климов, Г.А.Уманов т.б. ғалымдар қалыптастырды. Олар өз зерттеулерінде мамандыққа баулу жұмысының құрылымын, мазмұнын және пайдаланылатын әдіс-тәсілдерді анықтап, мектеп қабырғасында балалармен жүргізілетін мамандыққа икемділігін диагностикалау жұмыстарының бағдарламасын жасады.

Мамандыққа бағдар беру жұмысында әр балаға өзінің психологиялық ерекшеліктерін анықтап, барлық жұмысқа қажетті ашық-жарқындылық, сыйысымдылық, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың мәні өте терең. Мектептерде психологиялық қызмет ұйымдастырылуына байланысты барлық оқушылардың жеке-даралық психологиялық ерекшеліктерін, әр баланың қызығушылықтары мен қабілетін, таным процестері мен жекелік қасиеттерін сандық және сапалық жағынан толық бағалап шығуға болады.

Мамандық таңдау – саналы түрде меңгеретін, өз болашағын жобалау тәсіліндей жеке және кәсіби өзін-өзі анықтау. Мамандық – professio – деген француз тілінде ресми түрде жариялаймын деген мағынаны береді. Мамандықты дұрыс таңдау әр адамның өз өмірінде табысты болуына және әлеуметтік ортада барлық қабілетін толық ашуға негіз болатындығын көптеген ғалымдар өз еңбектерінде дәлелдеп шыққан.

Мамандық таңдау – адам өмірінің ең күрделі де жауапты қадамдарының бірі, яғни болашақ өмірдің мәні деуге болады. Мамандықты дұрыс таңдау дегеніміз – бұл өмірде белгілі бір орынға ие болу. Кәсіби тұрғыдан өздігінен анықталу нақты еңбек түріне, еңбек нарығындағы ұтқырлыққа, сол нарықта бағдарлану іскерлігіне және оның өзгерістер тенденцияларына ілесе алуға субъекттік қарым-қатынасты қалыптастыруды қарастырады. Оқушы болашақ өмірінің мазмұны мамандықты дұрыс таңдауына тәуелді екендігін жақсы түсінген жөн. Өмірлік жоспар – бұл жалпы әлемдік көзқарасты іздестіру жолының анықталуы мен нақтылануы. Өмірлік жоспардың мағынасы кең. Ол тұлғаның өздігінен анықталу саласын, яғни моральдық бет-бейнесін, өмірлік стилін, байланыс деңгейін толығымен анықтайды. Оқушылардың мамандық таңдауына әсер ететін әлеуметтік факторлар қатары:

— достық қарым-қатынас;

— Бұқаралық ақпарат құралдары (газет, журнал, телебағдарлама);

— педагогикалық ұжым: сынып жетекшілері, пән мұғалімдері, оқу ісінің меңгерушісі және мектеп басшысы;

— жанұя;

— оқу пәндері;

— сыныптан тыс жұмыстар;

— ұйымдастырушылық;

— еңбек өндірісі мен қоғамдық пайдалы жұмыстар;

— мектептен тыс жұмыстар бола алады.

Мамандық таңдау бұл пән емес, тұлғаның рухани даму процесі. Сондықтан, кәсіби тұрғыдан өздігінен анықталудың ғылыми теориясын құру кезінде, өздігінен анықталудың ішкі заңдылықтарына және психологиялық негіздеріне көп мән беріледі. Яғни, мамандық таңдау және тұлғаның дамуы біртұтас жүйе болып саналады [1].

Мамандықты таңдау туралы бала сонау мектеп жасына дейінгі кезеңнен-ақ ойлана бастайды.

Өсе келе, ол нақты соңғы шешімі пісіп жетілгенге дейін бірқатар өзгерістерден өтеді. Адам балалық шынайылықтан әлеуметтік есеюге дейінгі жылдардан өту барысында бірнеше өтпелі кезеңдерден өтеді. Әрбір кезеңде мамандықты таңдаудың әр түрлі принциптеріне басшылық жасайды.

Эстон ғалымы М.Титма жасөспірімдердің мамандықты таңдау кезінде кездесетін мәселелерді жан-жақты зерттей келе, қоғам құратын ситуацияцияларға талдау жасау негізінде бұл процестегі таңдаудың 5 сатысын көрсетеді [2].

Таңдаудың бірінші сатысы ІХ сынып бітіру кезеңінен басталады.

Мұнда жасөспірім қандай да бір кәсіби орындарын (кәсіби оқу орны, колледж) таңдау немесе жалпы білім беретін мектептерде оқуды жалғастыруды таңдау керек.

Таңдаудың екінші сатысы – орта мектепті бітірген соң арнайы білім алуды таңдайды.

Таңдаудың үшінші сатысы – кәсіби саланы анықтау болып табылады. Кәсіби сала бірнеше мамандықтарды қамтитын іс-әрекеттің сферасын қамтиды. Мысалы: заңгер (кәсіби сала) адвокат, прокурор, нотариус, сот т.б. мамандық бола алады.

Таңдаудың төртінші сатысы – мамандық таңдау.

Таңдаудың бесінші сатысы – нақты жұмыс орнын таңдау.

Қазіргі таңда мектеп түлектерінің мамандық таңдауы аса маңызды екені өздерін алаңдатар емес. Себебі олар мамандық таңдауда көптеп қателіктерге ұрынып жатады. Бірі ата-анасы мен басқа да адамдардың қалауымен таңдап жатса, екіншісі ҰБТ нәтижесі бойынша мамандықтың грантқа түсу мүмкіндігі жоғары, сол мамандықты өзі қаламаса да тапсырып оқуға түсіп жатады. Алайда талапкердің мамандыққа қызығушылығы болмағандықтан оқуын тастап кететін жайттар да аз емес. Бұл жағдай студенттің психологиясына кері әсерін тигізуі әбден ықтимал. Әркімнің таңдаған мамандығы өзіне ұнауы тиіс. Ол сонда ғана бар ынта-жігерімен сол мамандықты жете меңгеруге тырысады. Адамның өзіне ұнаған, талғамына сай келетін мамандық ризашылық сезімін ұялатады. Ол адам сонда ғана өз мамандығын жете меңгеріп, толық қабілетін жұмсап еңбек етеді.

Кездейсоқ таңдай салған мамандық адамның қымбат уақытын босқа ысырап етеді. Егер атқаратын жұмыс адамның өзіне ұнамаса, талап-талғамына сай келмесе, рухани және дене күшінің мүмкіндіктерінен тыс тұрса, ондай жұмыстың ауырлығы да, азабы да көп болмақ. Мамандық таңдау кезінде әркімнің психологиялық ерекшеліктерімен қатар олардың моральдық көзқарасы, ерік-жігері, борыш пен жауапкершілігі, тәукелге бел байлағыштығы тәрізді қасиеттерді ескермеске болмайды.

Мамандықты таңдауға жастарды баулаудың бастамасын Ф.Парсонс 1909 жылы ғылыми жолға қойып, ол жеке тұлға теориясын құрып, осы теория негізінде психометриялық әдістемелерді пайдалану жолдарын ұсынған. Оның ғылыми қағидаларына сүйене отырып, зерттеушілер адамдардың психофизиологиялық ерекшеліктеріне байланысты дәру негіздері ретінде келесі қағидаларды ұсынды:

а) әр адам өзінің жекелік психофизиологиялық қасиеттеріне және таным процестерінің ерекшеліктеріне байланысты тек бір мамандыққа икемді болады;

б) мамандық бойынша қызметте табысты болу және өз мамандығына көңілі толу адамның жекелік қасиеттірінің мамандық қызмет талаптарына сай келуіне тәуелді;

в) мамандыққа бағдар беретін кеңесші мамандық таңдаушының жекелік ерекшеліктері мен оның диспозицияларын ескере отырып, мамандықты таңдауды саналы жүретін процеске айналдырып, таңдаудың тиімділігін қамтамасыз етуі қажет [3].

Жеке адамның көптеген әлеуметтік іс-әрекет мәселесі және соған байланысты жеке адамның дамуындағы кәсіби өзіндік анықталу сұрақтары маңызды орын алады. Кез-келген кәсіби іс-әрекет белгілі бір талаптар, ниеттер негізінде жүзеге асады. Әрбір кәсіби іс-әрекет – жеке адамның қиындықтарды жеңу қабілеттілігін, әрекеттерді орындауға байланысты жеке бастық кәсіби бағдарды, іскерлікті, кәсіби сананы қалыптастыруды, білімділікті, шеберлікті талап етеді. Кәсіби іс-әрекеттің тиімді, жемісті нәтижесіне жетуге тұлғалық қасиеттердің дамуы мәнді сипат алады.

Мектеп түлектерінің болашақ мамандыққа қатысты психологиялық дайындықтары мен кәсіби өзіндік анықталу механизмдеріне өзіндік бағалаулары әсер ете ме? Осы сұрақтар әрқашан да өз маңыздылығын жоймайды. Жоғары сынып оқушыларының мамандықты таңдауға саналы қатынастарын қалыптастыруда олардың кәсіби қызығулары мен ниеттерінің құрылуы мен дамуы негіз болады. Жоғары сынып оқушыларында еңбекке деген шығармашылық қатынасты орнату, оларға дұрыс психологиялық бағдар беру оқушылардың индивидуалды-психологиялық жеке бастық ерекшеліктерімен тығыз байланысты.

Мектеп психологтары үшін негізгі мәселе – жоғарғы сынып оқушыларында еңбекке деген психологиялық дайындықты қалыптастыру және оқушылардың әлеуметтік психологиялық кемелдену сипатын негіздеу. Осы жағдайларға байланысты психологиялық зерттеуде бірнеше маңызды кезеңдерді ескеру керек:

— сенімділіктерді (ғылыми, моральдық, эстетикалық, танымдық) зерттеу, яғни жеке адамның мотивациялық сферасын қалыптастыру: жеке адамға әсер ететін сыртқы әсерлерді, әрекетті реттеумен басқарудың ішкі тәсілдеріне айналдыру немесе олардың интериоризациясы;

— жасөспірімдік кезеңдегі негізгі құндылықтарға бағдарлану мен өмірлік болашақтарды анықтау;

— жасөспірімдердегі жеке бастық әлеуметтік-психологиялық кемелденудің қалыптасуын зерттеу;

— жасөспірімдердің танымдық процестерін зерттеу;

— жасөспірімдердің жеке бастық даму ерекшеліктері мен өзіндік және кәсіби өзіндік анықталудағы өзіндік бағалау ерекшеліктерін, кәсіби қызығулары мен мамандық таңдауға байланысты бағалау сипатын зерттеу.

Мамандықты таңдауды анықтайтын факторлардың ішінде ең маңыздысы – сол берілген еңбек түріне айқын қызығушылықтың болуы (А.Е.Климов, С.Н.Чистякова, В.В.Ярошенко); алайда оқушылардың субъективті позициясын түсіну үшін, айқын көрінетін қызығушылық факторы жеткіліксіз. Таңдауға деген қанағаттанушылыққа оқушылардың психологиялық дайындығы да әсер етеді, яғни танымдық белсенділік, өз бетінше әрекет ете алуға ептіліктер, мүмкін деген қиындықтарды, әлеуметтік қысымдарды, амалсыздықты, қолайсыз эмоциялық күйлерді жеңуге ерік күші сапаларының жеткілікті болуы.

Кәсіби өзіндік анықталуға кәсіби бейімділік, ұстанымдар, жасөспірімдердің танымдық түсініктері мен белсенділік әрекеті, қызығулары, таңдаған мамандықтың кейінгі салдарын ұғыну негіз болады. Осы факторларды анықтау үшін эмпирикалық-эксперименттік зерттеу негізінде әсер етуші ішкі және сыртқы жағдайларды анықтау қажет. Осы жоғарыда айтылған тұжырымдардан бөлек жасөспірімдердің іс-әрекетіндегі ұғынымды психикалық өзіндік реттелу жүйелерінің қалыптасу деңгейлері де негізгі сұрақтардың бірі [4].

Көптеген зерттеулер көрсеткендей іс-әрекет процесінде айқын көрінетін жеке бастық тұлғалық сапалардың жиынтығымен байланысты ұғынылған психикалық өзіндік реттелудің жеке-типологиялық ерекшеліктерімен кәсіби өзіндік анықталу тығыз байланысты. Атап айтқанда, іс-әрекетті орындаудың барлық сатыларында субъект мақсатты бағытталған, жинақылық, дамыған өзіндік бақылау, адекватты өзіндік бағалау, ақпараттарды белсенді іздеу, өзінің жеке бастық қасиеттеріне нақты сенімділік, мақсатқа жетуде көп күш жұмылдыру сияқты сапалары болуы керек. Басқаша айтсақ, іс-әрекет барысында ылғи да «тиімді тәуелсіздікті» көрсете білу ептілігі. Сондықтан да, жоғары сынып оқушылары мамандық таңдау мен кәсіби өзіндік анықталуда өз таңдауын ұғынылған сипатта дұрыс жасауы, жеке басының қалыптасқан жеке сапаларына тікелей байланысты. Тиімді тәуелділікке қатысты жеке бастық сапаларын қалыптастыруды ерте жеткіншек жасының басынан бастау       керек [5].

Қорыта келе, мамандық таңдауға байланысты Ж.Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істелген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ» — дейді. Сол себепті мамандық таңдаудың маңыздылығы көрінеді, және бұл мәселе өзекті болғандықтан жан-жақты қарастырылуы керек.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ