АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНДЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ

0

Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен елдің инновациялық әлеуетімен өлшенетін заман.

Қазіргі кезеңдегі ұлттық шаруашылықты қайта қалыптастырудың басты мәселелерінің бірі – экономиканың агроөнеркәсіп саласын тұрақтандыру және дамыту барысында индустриалды-инновациялық дамуға үлкен мән беру болып табылады. Осыған байланысты агроөнеркәсіп кешенін инновациялық дамыту және оның экономикалық тиімділігін арттыру жолдарын іздестіруге арналған зерттеулер ерекше өзектілікке ие.

Агроөнеркәсіп өндірісінде инновацияны игеру тәжірибесі негізінде технологиялық, техникалық құралдар мен қондырғылар, нақты агроклиматтық және өндірістік жағдайларды есепке ала отырып өсімдіктің жаңа немесе жетілдірілген сорты мен нәсілді малдарды қолдану қажет. Сол үшін инновациялық үрдістерді дамыту, инновациялық қызметтердің жаңа түрлерін құру, агроөнеркәсіп өндірісінің аймақтық ерекшеліктерін есепке алу, ғылыми техникалық және инновациялық саясатты қалыптастыруға әдістемелік жанасуларды негіздеу өте өзекті мәселеге айналуда және өз шешімін табуды қажет етеді[1].

Қазіргі уақытта өндіріске инновация мен ғылыми жаңалықтарды игеру жылдамдығы мен экономикалық және технологиялық бәсекелестік қарқынды дамуда. Кәсіпорындар мен фирмалар жаңа технологияны, жаңа білімді ізденуде, іргетасты зерттеулер жүргізуге қатысуға ұмтылуда, өндірістік жағдайға тез бейімделу мақсатында тікелей өндіріске инновацияны игеруді ұйымдастыруда.

Көптеген мемлекеттер интеграциялық үрдіске қосылуына байланысты сыртқы жағдайлар ел экономикасына қатты әсер ете бастады. Қазіргі жағдайда және болашақта болатын құбылыстарға сәйкес келетін іс-шаралар жүйесін құрастыру және дағдарыс салдарынан болатын жағымсыз құбылыстарға қарсы тұра алатын шараларды ұйымдастыру қажет. Сыртқы тәуекелділікті және қазіргі жағдайдағы қауіпті мәселелерге көңіл аудармауға, елемеуге болмайды.

Агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына ықпал ететін шарттар мен факторларды талдау оларды кері ықпал етуші (инновациялық дамуды тежеуші) және оң ықпал етуші (инновациялық процестердің қарқындылығын күшейтуші) деп екіге бөлуге мүмкіндік береді (1-сурет).

Агроөнеркәсіп кешенінің инновациялық дамуына оң ықпалын тигізетін шарттар мен факторларға шаруашылық жүргізудің нарықтық тәсілін, табиғи ресурстардың көптігін, ғылым мен білім әлеуетінің жеткіліктілігін, ішкі азық-түлік нарығының ауқымдылығын, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, табиғи азық-түлік өнімдер өндірісінің мүмкіндігін жатқызуға болады[2].

АӨК-ін инновациялық дамыту шарттары мен факторлары

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Сурет-1. Агроөнеркәсіп кешенін инновациялық дамытуға ықпал ететін шарттар мен факторлар

Ал, кері ықпал ететін шарттар мен факторлар ретінде отандық ауыл шаруашылығы ғылымындағы ұйымдық құрылымның күрделілігін; ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет түрлерінің әркелкілігін; ғылыми зерттеулердегі өңірлік, салалық және салааралық сипаттағы мәселелердің үлес салмағының басымдығын; ұдайы өндіріске қатысты кейбір мәселелерді зерттеу мерзімінің тым ұзақтығын қарастыруға болады. Аталмыш факторлар ауыл шаруашылығы ғылымы мен аграрлық ғылыми зерттеулерді басқаруда елеулі қиыншылықтар туғызады.

Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына қажетті шарттардың бірі – ғылыми-техникалық прогресс. Аталмыш процесс ғылым мен техника жетіктістерін игеру арқылы кеңейтілген ұдайы өндірісті жүргізуге мүмкіндік беретін инвестициялық-инновациялық процестерге негізделеді. Сонымен қатар, кадр (маман) әлеуеті агроөнеркәсіп кешеніндегі инновацияларды игерудің басты факторларынан саналады. Сол себептен, кадр әлеуетін күшейтпестен ауыл шаруашылығы өндірісіне озық үлгідегі, ресурс үнемдеуші технологияларды ендіру мүмкін емес [3].

Инновациялар зерттеу, өндіру және сату (өткізу) қатынастарының жалпы кешенін қамтитын күрделі де көп қырлы мәселе болып табылады.

Ауыл шаруашылығы өндірісіне инновациялық жаңалықтарды ендіруде қаржылық қолдау көрсету ауыл шаруашылық өндірістің экономикалық тетіктерін реттеуде ғылыми негіздеуді қажет етеді. Тек инновациялық инвестициялау ғана ауыл шаруашылық аумақта сапалы жаңа деңгейді қамтамасыз етеді. Ол үшін инвестицияның құйылуына қолайлы жағдай жасау талап етіледі, бұл саладағы инвестициялық климатты жақсарту есебінен жүзеге асады.

Қазіргі таңда Қазақстандағы экономиканың көптеген салаларының ғылыми-техникалық саясатының негізіне мемлекет пен ірі корпорациялардың ғылыми-техникалық әлеуеті мен оны нарықтық экономика жағдайларына бейімдеу басты бағыт болып отыр. Қазір ғылыми ұйымдардың ғылыми зерттеулердің әртүрлі бағыттарында бірлесе жұмыс істеудің жаңа түрлері іздестірілуде. Негізгі міндет аймақтар мен кәсіпорындардың дамуының инвестициялық кезеңіне өтуге экономикалық, инфрақұрылымдық жағдайлар жасау арқылы тұрақты экономикалық дамуға, экономиканың инновациялық дамуына өтуге мүмкіндік туғызу.

Дамыған елдерде ауыл шаруашылығы ғылымына жұмсалатын мемлекеттік шығындар жылына 4-6℅ артып отырса, ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық жұмыстарға кететін шығын көлемі жалпы ұлттық өнімнің 2℅-дан астамын құрайды. Ал, Қазақстанда болса, шығын көлемі біршама жылдан бері жалпы ұлттық өнімнің 0,25℅-ынан асқан емес.

Мемлекет, бірінші кезекте, материалдық өндіріске, еңбекке және ақылға негізделген ұдайы өндіріс тетігін қолдауға; ауыл шаруашылығы өнімдерінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, аграрлық бағыттағы ғалымдардың ғылыми нәтижелерін уақытылы патенттеу жұмыстарының ұйымдастырылуын күшейтуге; инновациялық жетістіктердің өндіріске ендірілуін ынталандыруға баса мән беру керек. Неге десек, жаһандану кезеңінде бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығына қомақты қаржының құйылуын талап ететін, қымбат, жаңа инновациялық технологияларды шұғыл түрде ендіру қажет. Осы орайда, ауыл шаруашылығындағы кадр әлеуетінің қазіргі ахуалы инновацияларды іс-жүзінде ендіруге елеулі кедергі келтіретіндіктен, инвестициялардың тиімділігін барынша азайтып, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» мемлекеттік жобасының жүзеге асуын тежейтінін айқын ұғынған жөн.

Бүгінгі жағдайда ғылым мен техника жетістіктерін ендіру арқылы агроөнеркәсіп өндірісін барынша жаңғыртуға бағытталған инновациялық процестерді дамытып қана дағдарыстан шығуға болады. Инновациялық процестер нақты техникалық және технологиялық идеяларды ғылыми әзірлемелер негізінде жаңа технологияларға айналдырудың және жаңа, сапалы өнім алу мақсатында тікелей өндірісте игеруге дейін жеткізудің тұрақты, үздіксіз ағымы болып табылады. Аталмыш процеске ауыл шаруашылығындағы ғылыми ұйымдар мен оқу орындары, өндірісті басқару мекемелері, қызмет көрсетуші және өндіріске ендіруші құрылымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысады[4].

Ауыл шаруашылығы өнімдерін ғылыми-техникалық зерттеу, әзірлеу және өндіріске даярлау, басқаша айтқанда, өндіру, сақтау, қайта өңдеу және өткізу инновациялық процестің негізгі функционалдық бөліктерін құрайды.

Дәстүрлі тауарлардың ұлттық нарықтары сияқты инновациялық өнімдердің ұлттық нарықтарының да сандық сипаттары, салалық және географиялық құрылымы, өзіндік жарнамалау түрлері, баға есептеу әдістемесі, заңдық ережелері болады. Инновациялық өнім нысандарының айырбасы барысында сатып алу-сату, жалға алу немесе жалға беру, қызмет көрсету, капитал, қарыз және серіктестіктерді инвестициялау келісімдері секілді өзге де коммерциялық мәмілелердің заңдық шарттары орындалады. Экономикасы дамыған елдердің инновациялық нарықтары негізінде әлемдік инновациялар нарығы құрылады. Қазақстанда қалыптасып келе жатқан инновациялар нарығының түбегейлі нарықтық қайта құруларды жүзеге асыру кезеңіндегі агроөнеркәсіп кешені экономикасының дағдарысқа ұшырауына байланысты төмендегідей бірқатар өзіндік ерекшеліктері байқалады:

— ғылыми-техникалық салада өткен жылдардан ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық жұмыстардың жеткілікті қоры қалғанымен, оларды іске асыру және ауыл шаруашылығы саласында жаңа зерттеулер мен әзірлемелерді жүргізу үшін тапсырыс беруші тұтынушылардың қаржысы жетпейді;

— инновация нарығы өнімнің өзінен емес, инновациялық қызметті жүргізуге қабілетті ұйымдардың, ұжымдардың, жекелеген мамандардың жиынтығынан тұрады;

— бүгінгі күні инновациялық ұйымдар көбіне венчурлық капиталмен қамтамасыз ететін ұйымдардың қаражаты есебінен өз беттерінше жұмыс істей алмайды.

   Мемлекетімізде инновациялық және техникалық прогресстің тежелуі немесе баяу қарқынмен дамуы әлемдік нарықтың шикізаттың көзі болып қала беруіне соқтықтырады. Ал мұндай болашақ технологиясы жетік дамыған мемлекеттерге тәуелді еткізіп, прогресстің соңғы сатыларында жүруге итермелейді. Отандық өндіруішлер мен тұтынушылардың қандай да бір тауар түрі бойынша сыртқы нарыққа тәуелділігі түбінде мемлекеттің халық аралық бәсекедегі орнын төмендетіп, оларды сатып алудан түскен қосымша құн мен валюталық түсімдер шет елдік бәсекелестердің өндірісі мен технологияларын жаңартуға жұмсалады.

Өндірістің индустриалды-инновациялық тұрғыда жедел дамуын талап етіп отырған шаруашылықтың қазіргі жағдайында келесі факторларды ескеру қажет:

  • институционалды тұрғыда тиімді қызмет атқаруға қабілетті жеке меншік секторын қалыптастыру;
  • өндірістік тұрғыда импорттың орнын алмастыру мен инновациялық саясаттарды алға қоя отырып, ішкі нарықтағы өндірушілердің өнімдері мен сапасын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
  • ресурстық тұрғыда инвестициялық жедел амортизация саясаттарын қалыптастыру мен еңбек ресурстарының тиімділігін көтеру;
  • ұйымдастыру – басқару шаралары бойынша мемлекеттік стратегиялар мен өндіріс анклавтары арасындағы мүдделерді үйлестіру.

Қорыта айтқанда айтылған агроөнеркәсіп өндірісінде инновациялық іс-шараларды жүзеге асыра отырып, нарық талаптарына сай, ауыл шаруашылығында өндірілген өнімдер мен шикізаттарды қайта өңдеу, дайын өнімдерді нарық талабына сай сату арқылы агроөнеркәсіп өндірісінің экономикасын тұрақты қалыптастыру мүмкін, бұл ауыл шаруашылық өндіріс тиімділігінің асуына жаңа мүмкіндіктер ашады, жалпы агроөнеркәсіп өндірісі үшін экономикалық өсуді қамтамасыз етеді. Ал тиімді ұлттық инновациялық жүйе бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканы құру мен қалыптастырудың басты механизмі. Дұрыс өңделген инновациялық саясат индустриалды-инновацилық дамудың жетекші тізгіні ретінде отандық ғылыми сыимды өндірісті дамыту мен бәсекеге қабілетті ұлттық экономиканың негізігі құралы бола алады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ