БИОЛОГИЯНЫ ОҚЫТУ ПРОЦЕСІНДЕ ТАНЫМЖОРЫҚТЫ ЕНГІЗУДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ ЖӘНЕ МАҢЫЗЫ

0

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2030 жылға дейінгі страгегиалық даму бағдарламасында қоршаған ортаны ластауға экологиялық қалыпты жағдайларды бүлдіруге жол бермеуге зор көңіл бөлгендіктен, оқушыларға экологиялық білім беріп, табиғатты қорғауға тәрбиелеу бүгінгі күннің  кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірі болып табылады [1, 3-б.].

          XVII ғ. Францияның атақты ғалымы Жан-Жак Руссо балалардың сезімін дамыту үшін, олармен табиғатқа танымжорық жасау қажеттігін дұрыс деп тапты. Оқытудың бұл түрі тек   XIX ғ. бастап қолданыла бастады. Оны Ресейде Л.Н.Толстой ұйымдастырған Ясная Поляна мектебінде пайдаланды.

           Б.Е.Райков  оқушыларға білім берудегі танымжорықтың орнын анықтай отырып, былай деді: “Мұғалім кешенді түрде, шын ықыласымен  ұйымдастырғанда  ғана, мектептегі танымжорық ісі толығымен  өзіндік тәрбиелік және білімділік  күшіне  ие болады”.

             Мектепте танымжорықтарды ұйымдастыру қажеттігі туралы алғашқы  пікірді айтқан  педагогтардың  бірі Александр Яковлевич Герд  болатын. Ол  өз еңбектерімен  жаратылыстануды оқытудың ғылыми әдістемесінің  негізін қалады. Танымжорықтардың мәні олардың  көрсету және  әңгімелеу тәсілдерімен  органикалық үйлесімімен көрінеді. Мұғалім оқушыларға  нысандарды көрсете отырып, оларға талдау жасайды және түсіндіреді. Егер қандай да бір тақырыпты  ашатын табиғи нысандар болмаса , танымжорық та болмайды. Нысандарды  көрсете отырып, мұғалім оқушыларға көргенін  дұрыс қабылдауға, көрнекті заттар мен құбылыстарға  дұрыс баға бере  білуге үйретеді [2, 56-б.]. Танымжорықтар  биология пәнінің  тұтастығын  бұзбай отырып, оны оқыту  мен тәрбиелеу  процесіне білім беру формасы  ретінде  органикалық енгізілуі тиіс. Әр бір жеке танымжорықтың тақырыптағы орны  мен ритмі мақсаттар  мен міндеттер көмегімен анықталады. Оқу танымжорығының мазмұны мен әдістемесі бір –бірінен  ерекшеленген болуы тиіс, себебі  олардың әрқайсысы  тақырыпта немесе тарауда белгілі бір орынға бағытталады.

             Мұғалімнің  жетекшілігімен табиғат  құбылыстарын үздіксіз бақылау оқушыларда әлемнің материалдылығы, кез–келген  табиғи  кешендердің компоненттерінің өзара байланысы  мен дамуы, табиғат  байлықтары  және олардың  халық шаруашылығындағы  маңызы  жайында дұрыс түсініктер қалыптастыруға  жағдай жасайды.

  Биологияны оқыту танымжорықтарсыз мүмкін емес. Алғашында сыныптан тыс  және мектептен тыс оқытудың міндетті емес  формаларының бірі ретінде пайда болған  биологиялық танымжорықтар, уақыт  өте келе  білім берудің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі кезде танымжорықтар оқу –тәрбие  процесінің негізгі тірегі болып табылады.

 Танымжорық жұмысың мақсаты  — оқушылардың  сабақта  алған теориялық  оқу материалдарын практикамен  жалғастыру, бекіту. Сондықтан  оқыту  процесінде  оның маңызы зор. Ол барлық  оқу пәндерінде, әсіресе  физика, химия, биология, тарих және  еңбек  сабақтарында  кеңінен қолданылады. Бұл  оқушыларды оқу процесін бақылай  білуге  жаттықтырады және  оқу материалын өмірмен байланыстыра алуға үйретеді.

 Биология пәнінің бағдарламасы  бойынша күз  және көктем  мезгілдерінде оқу танымжорықтарын өткізу керек.  Өсімдіктану курсы бойынша –төрт рет, ал жануартану  курсы бойынша  — бір рет  жүргізіледі.

            Танымжорықтың ұйымдастыру  жұмысы деген- мұғалім  оқушыларға  танымжорықтың тақырыбы мен жоспарын  айтады, сыныпты 6-7 оқушыдан бірнеше  топтарға бөледі, топ басшысын тағайындайды, керекті заттардың тізімін, уақытын, жиналу орнын, қандай  киім және қалай  киіну керектігін т.б айтады [3, 17-б.].

 Танымжорықтың жақсы өтуі  оның ұйымдастырылуымен  байланысты, оны келесі жоспар арқылы  жүргізуге болады:

            А) әңгімелесу  (табиғатта әңгімені  мұғалім жүргізеді, өнеркәсіпте – сол жердегі әкімшілік) ;

Б) танымжорықтың бағдарламасы бойынша тапсырмаларды орындау.

В) қорытынды жасау.

Оқушылар танымжорықтан кейін әрқайсысы берілген тапсырма бойынша  мұғалімге  жазбаша  есеп береді. Есеп ішінде танымжорық тақырыбын, мақсатын, тақырыптың маңызын ашып көрсетеді.

 Кез –келген танымжорық секілді оқу танымжорығы  да мынадай  бірнеше кезеңнен тұрады.

  • Дайындық;
  • Жүргізу;
  • Қорытынды.

 Танымжорықтарды биологияны оқыту  процесінде енгізуді жүздеген жылдар бойы мұғалімдер өздерінің мақсаттары ретінде қарастырып келді.  Нәтижесінде, танымжорықтарды пайдалану мұғалімдерге білімді игеруге таптырмас  дидактикалық құралға айналды. Танымжорықтар аса мол танымдық және тәрбиелік мәнге ие. Олар оқушылардың білімдерін кеңейтеді және тереңдетеді.

            Орта мектептің жаратылыстану пәндері бойынша өткізілетін танымжорықтар оқушылардың танымын, ойлау қабілеттерін дамытуға арналған.  Танымжорық барысында оқушылардың тірі  және өлі табиғат туралы, жылдың әр түрлі мезгілдеріндегі адамдардың  еңбектері туралы  жергілікті  жерде өсетін  өсімдіктер туралы, үй және жабайы  жануарлар туралы  бастапқы мәліметтерді  және табиғаттағы  маусымдық құбылыстарды бақылауды ұйымдастыру қарастырылады.

            Танымжорықты ұйымдастырудың негізгі міндеттері:

  • Қоршаған әлемде іс жүзінде бағдарлауға арналған қажетті  икемділіктер мен дағдыларды қалыптастыру;
  • Әлеуметтік дағдылар мен құзыреттілікті дамыту және қалыптастыру;
  • Табиғаттағы зерттеу мүмкіндігін тудыру және табиғатқа деген жауапты қатынасты қалыптастыру.

Мұғалім жоспарлаудан бастап, танымжорықтың түрі мен әдісін  өз бетімен таңдайды. Бұл жағдайда ол келесі дидактикалық қағидаларды пайдаланады:

  • Баланың жан-жақты білімі және  оған тиімді  де, арнайы көмек көрсету;
  • Педагогикалық тәсілдерді оқушылардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктеріне  және қоршаған  орта жағдайына  қарай бейімдеу;
  • Әдістердің, дидактикалық құралдардың, жұмыс  қарқынының даралығы;
  • Оқытылатын материалдардың қолжетімділігі;
  • Қиындықтың біртіндеп өсуі;
  • Үйрену–оқу үдерісіндегі баланың белсенді және саналы түрде қатысуы;
  • Көрнекілік пен мысалдардың жан –жақтылығы;
  • Интегралды әсер ету (ішкі және пәнаралық байланыстар, мамандардың өзара бірлесе іс-әрекет жасауы);

Тұрақты жетістіктерді және оларды пайдалана  білуді  қалыптастыратын материалды қисынды  орналастыру, алынған  білім мен дағдыларды  үнемі бекітіп отыру және оларды  күнделікті  өмірде қолдану.

Танымжорықтарда оқушылар үшін сыныптан тыс  жұмыстар  мен сыныптан тыс сабақтарда  керек  болатын материалдар (табиғи нысандар  олардың  сипаттамалары, жүргізілген  бақылаулардың нәтижелері, суреттері мен сызбалар) жинауға болады.

 Сонымен қатар, танымжорықтарда  оқушылар табиғатты қорғау әрекеттерінің кейбір тәсілдерімен танысады: өсімдік  қауымдастықтарын ластану факторынан қорғау  мақсатында аумақты тиімді жоспарландырады. Танымжорықты оқытудың басқа формаларының жүйесімен тығыз байланыста ұқыпты  ұйымдастыру танымжорықтың мағынасын  кеңейте түседі. Себебі, танымжорықта қол жеткізілген  білімдер мен тәжірибелер келесі  сабақтар мен тақырыптарда қолданылуы мүмкін.

Танымжорықтар табиғатпен тығыз  қарым –қатынас  жасауда, оның құбылыстарын тану оқушыларда нақты  білімдер мен тәжірибелер  қалыптастырып қана қоймайды, үлкен тәрбиелік мәнге  де ие.

            Биологиялық танымжорықтарда  мүмкіндігінше оқушыларға жеткілікті  табиғи ресурстарды қорғау  бойынша  практикалық жұмыстарға  тартып  отыру  олардың  іскерліктерін  арттырады.  Мысалы: мектеп маңындағы  аумақты көгалдандыру, өсімдіктерді  күтіп баптау, ауланы  тазалау  т.б.

            Танымжорықтың табиғаттың   тұтастығын, оның күрделі   құбылыс- тарын зерттеудегі маңызы үлкен. Экология мәселелерін зерттеу оқушыларды эстетикалық тұрғыдан тәрбиелеуде  басым рольге ие. Табиғатқа  кешенді танымжорыққа шыққанда,  мұғалім оқушылардың назарын  ландшафттың әдемілігіне, жекелеген  өсімдіктер мен гүлдердің  сұлулығына, табиғаттағы  тепе-теңдікке  аударады. Эстетикалық тәрбиеленуі сезімдердің, көзқарастардың, ойланудың  және табиғатта бақылау тәжірибесінің қалыптасуы-осы  мүмкіндіктердің  барлығы  танымжорықты  жүргізу  кезінде пайдаланады [4, 278-б.].

            Танымжорықтар оқушылар ұжымын мектептен  тыс жағдайда  және өзара  таным іс-әрекетінде тәрбиелейтінін де атап  өту маңызды.     Танымжорық  сабақтарында мұғалім  оқушыларға  оның тақырыбы мен мақсатын  алдын ала түсіндіреді. Соның негізінде  оқушылар  нақтылы заттарды байқап, оларға бақылау  жасайды. Оқытуды  танымжорық жолымен ұйымдастырудың үш түрі бар:

            Біріншісі – кіріспе танымжорық деп аталады. Ол сабақта күрделі тарау, тақырыптарды  өтер алдында ұйымдастырылады. Танымжорықтың бұл түрін бастауыш және орта сыныптарда  алдын  ала өткізсе, олар үшін сабақ өте қызықты жағдайда болады.

            Екіншісі – ілеспелі танымжорық деп аталады. Ол  бір тақырыпқа арналып, сабақ барысында  оның орта шенінде немесе өн бойында жүргізілуі мүмкін.

            Үшіншісі – қорытынды танымжорық. Ол күрделі тарау немесе  тақырыпты өтіп  болғаннан кейін оқушылардың  сабақтар жүйесінде алған теориялық білімдерін пысықтау, бекіту мақсатын көздейді.

            Танымжорық сабағының нәтижелі өтуі негізінен мұғалімнің алдын–ала дайындық  жұмыстары мен өткізу орнын дұрыс таңдай білуге байланысты болмақ. Мұғалім  танымжорық болатын нысананы алдын  ала барып, содан кейін оқушыларға  оның мақсатын түсіндіреді. Мақсатына қарай оның  жоспары жасалады. Жоспарда негізінен мына мәселелер қарастырылады:

1)Танымжорық барысы, негізгі кезеңдері, басталу  және аяқталу уақыты;

2) Маршруты, қамтитын нысана;

3) Танымжорыққа қажетті құрал –жабдықтар;

4) Танымжорық барысында байқау нысаналары  мен оларды  пайдалану  құралдары;

5) Жеке және  топ болып атқаратын жұмыстардың түрлері;

6)Танымжорық қорытысына сай оқушылардың тапсырмалары т.б.

             Танымжорық  соңында оқушылар жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігіне үлкен  өзгерістер  болады;  тірі табиғат  пен өлі табиғаттың  арасында өзара  байланыс  бар; күз түскеннен кейін күн салқындап, шөп солып  құрап,  жапырақтар сарғайып түседі;  құстар жылы  жаққа ұшып кетеді  деген қорытынды жасайды. Қайтар жолда  жергілікті тұрғындардың бақшаларынан көкөністі қалай жинап жатқанын бақылауға болады. Танымжорықтарда  жинаған материалды  бұтақ, қабық  ағаш жапырақтарын сыныпқа әкеліп, сабақтан кейін  олардан  жинақтарды  жинап әр түрлі заттар  жасауда да маңызды.

            Танымжорықтың маңызы – жануарлар мен өсімдіктерде  болатын өзгерістер жайында оқушылардың нақтылы   түсініктерін  қалыптастырады, қыстап қалатын  құстарға қамқорлық жасауға  тәрбиелейді,  айналасындағы әсемдікті  көре  білуге үйретеді. Табиғатқа шығару алдын –ала  оқушыларға жолда жүру ережелерін сақтау қажеттілігі және транспорттарда көшеде өздерін дұрыс ұстау тәртібі  ескертіледі. Оқушылар ағаш отырғызу тек жаз бен күзде ғана емес, қыста да  жүріп жатқанын байқайды [5. 89-б.].

            Қорыта айтқанда, танымжорық оқушылардың біліктілігін ғана арттырып қана қоймай, жан–жақты сана–сезімінің дамуына септігін тигізетін оқытудың маңызды бір әдісі болып табылады. Танымжорық  әлеуметтік психологиялық – педагогикалық  тәрбие береді.

            Биологиядан жүргізілетін сыныптан тыс  ақпараттық  жұмыстар оқушылардың ықыласы  мен қабілеттілігін арттырып қана қоймай, мектептегі оқу –тәрбие жұмысын  жоғары деңгейге көтеруге көмектеседі. Ең бастысы оқушылардың   өздігінен істейтін жұмыстарға, пәнге деген қызығушылығы мен жауапкершілігі артып, алған білімдерін біріне-бірі  үйрететін  дәрежеде болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ