БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ ЖЕТІСТІКТЕГІ СПОРТ

0

Тәуелсіздігіміздің таңы атқан жиырма жылдан бергі уақыт ішінде біздің елімізде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту жолында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшы­лығымен қыруар жұмыстар атқарылды. Елбасы спортқа зор көңіл бөліп, бұл саланы әрдайым мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Н.Ә. Назарбаев 2020 жылға дейінгі дамудың стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде қазақстандықтардың денсаулығын нығайтуды міндеттеген болатын [1].

Мемлекет басшысы 2010 жылдың 12 наурызында облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерімен өткізген Қазақстанды 2014 жылға дейін индустриялық-инновациялық тұрғыдан қарыштай дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері жөніндегі мәжілісте бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыстарды ширатуды тапсырды. Сондай-ақ спорт нысандарының тиімсіз пайдаланылу жағдайын сынға алды. «Шағын спорт кешенін ашуын ашады да, оларда, бірақ, не ешқандай құрал-жабдық жоқ, не оған ешкім қарамайды. Онда келгендер бар нәрсені қиратып, алаңдарында қаңғыбас иттер сайран салып жүреді. Бар нәрсені игілікке пайдалануға болады ғой», – деп орынды ескертті Елбасы. «Алматы мен Астананың аулаларында спорт алаңқайлары бар. Соны әр аудан, әр ауылда да жасауға болады», – деді Н.Ә. Назарбаев.

Былтырғы жылы спорттың материалдық-техникалық базасын ны­ғайту, спортшыларды дайындау сапасын арттыру және бұқаралық спортты дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл шаралардың барлығы Қазақстан спортының әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көтеруге және еліміздегі бұқаралық спортты ілгері жылжытуға бағытталды.

Еліміздегі спорттық инфрақұрылымды дамытуға «Жол картасы» бағдарламасы игі ықпалын тигізді. Осы бағдарламаның аясында былтыр жоспарланған 56 спорт нысанының орнына үнемделген қаражат есебінен 12 облыста 64 нысан жөнделді. Бүгінде елімізде 31 мыңға жуық спорт нысаны бар. Дене шынықтырумен, спортпен тұрақты шұғылданатын қазақстандықтардың қатары 380 мың адамға көбейіп, олардың жалпы саны 2 миллион 900 мың адамға жетті. Бұл – ел халқының 17,7 пайызы деген сөз. Былтыр барлығы 17 мыңнан астам спорттық-бұқаралық шаралар өткізілсе, соның жартысынан астамы ауылдық жерлерде ұйымдастырылды [2, 15-17 б.].

Қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ат спорты, тағы да басқа ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша ден қойылуда. Ұлттық спорт түрлері бойынша былтырғы жылы 80 жарыс өткізілді. Соның ішінде, әсіресе, тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионатын, жасөспірімдердің бірінші ауыл спорты ойындарын, қазақ күресінен әлем және Азия чемпионаттарын, Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі жолындағы ІV халықтық спорт ойындарын атап өткеніміз орынды. Спортпен жүйелі айналысатын мүгедектер саны 13 мың адамға жетті.

2010 жылы бірқатар жаңа спорттық ұйымдар ашылды. Атап айтсақ, Оңтүстік Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Нысана көздеу бойынша олимпиадалық даярлау республикалық орталығының тұсауы кесілді. Ал Алматы облысында Балалар мен жасөспірімдердің ат спорты түрлері бойынша республикалық спорт мектебі ашылды. Жалпы, қазір елімізде барлығы 423 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 8 республикалық және 17 өңірлік олимпиадалық ізбасарлар даярлау орталығы жұмыс істеуде.

Айта кету керек, VІІ Қысқы Азия ойындарына арнайы салынған нысандар еліміздің спорттық инфрақұрылымын едәуір нығайтты. 1972 жылы «Медеу» спорт кешені салынғаннан кейінгі аралықта Қазақ жеріне бұйыра қоймаған бірегей спорт нысандары,  әлемдік деңгейдегі жарыстар өткізуге болатын ғажайып ғимараттар тұрғызылды. Енді қысқы негізгі олимпиадалық спорт түрлері бойынша Қазақстанның өз спорттық базасы бар. Осы нысандарда әлемдік жарыстарға дайындалып, жаттығу жиындарын өткізуге әбден болады.

Қазақстан спортының тарихы көрсетіп отырғандай, елімізде жақсы жабдықталған спорт ғимараттарының болуы спорттың дамуына игі ықпалын тигізіп, халықаралық спорттық ареналарда ірі жетістіктерге қол жеткізуімізге дәнекер болады [3, 50-52 б.]. Айталық, бір ғана «Медеу» кешенінде коньки спортының өзінен жалпы саны 130 әлемдік рекорд жа­салыпты. VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізуге Астанада арнайы салынған «Алау» коньки стадионында болса, міне, Азия құрлығының 9 рекорды жасалып үлгерді. Азиада нысандары үздік технологиялар пайдаланылып, заманауи талаптарға лайықталып салынған. Шымбұлаққа дейін тартылған бірегей аспалы жол аталмыш кешенді тау шаңғысы курорты ретінде дамытуға септігін тигізері сөзсіз.

VІІ Қысқы Азия ойындарын өткізу шеңберінде барлығы 10 спорт нысаны жаңадан салынып немесе тұтастай қайта жаңғыртылды. Айталық, Алматыдағы «Медеу» мен «Шымбұлақ» кешендері, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы түгелімен қайта жаңғыртылып, велотрек, «Алау» коньки стадионы, Алматы облысында шаңғы және биатлон кешені, Алматы қаласында трамплин кешені жаңадан салынды.

Бүгінгі қазақстандық қоғамда бұқаралық спортты дамыту – төтенше маңызға ие көкейкесті мәселе. Елдегі бала туу көрсеткіштерінің төмендігі, жүрек-қан тамырлары ауруларынан, нашақорлық пен алкоголизмнен зардап шегушілер мен өлім-жітімнің артуы, физикалық һәм ақыл-ой тұрғысынан дамудың тежелуі, айналып келгенде, ұлт қауіпсіздігіне, халықтың санасы мен парасатының өсуіне, рухани дамуына қауіп төндіретін факторлар. Осының бәрі жиналып келіп Қазақ елінің экономикалық өрлеуіне, саяси тұрақтылығына, халықаралық беделінің артуына да залалын тигізбей қоймайды. Сондықтан, саламатты өмір салтын мемлекеттік саясаттың бір бағыты ретінде жаппай насихаттау алға қойған стратегиялық мақсаттарымызға жету жолындағы басым бағыттардың бірі саналуы тиіс.

Қазір халықтың басым бөлігі спортпен шұғылдануға немқұрайды қарайтыны жасырын емес. Денсаулыққа аса зиянды шылым мен ішімдіктен құтыла алмай жүрген, арықтаймын деп неше түрлі дәрісымақты пайдаланатын адамдар бар. Соның бәрінен арылу үшін дене шынықтыру, спорт және туризм арқылы саламатты өмір салтына бет бұру – өмірдің өзі алдымызға көлденең тартып отырған көкейкесті мәселе.

Қазақстандағы бұқаралық спорт – әркімнің жеке басына тәуелді іс. Бүгінгі халық теннис кортына, бассейнге, фитнес залдарына барғысы келеді. Бірақ оны екінің бірінің қалтасы көтермейді. Десек те, аталмыш нысандарда денсаулықтан бұрын жан рахаты көзделетіні жасырын емес. Ал біздің мамандар халықты спорттың мейлінше қолжетімді түрлеріне тартуы тиіс. Мәселен, таңертеңгілік жүгіріп немесе ауладағы алаңқайда доп қуса, несі бар?!. Бұқаралық футболға ешқандай шығынның да керегі шамалы. Ең бастысы – ниет пен көңіл болса болғаны [4, 35-37 б.].

Кәсіби футболшыларды мамандандырылған мектептер даярлайды. Біз, бірақ, мұнымен шектелмейміз деп отырған жоқпыз. Қазір спорт үйір­мелері мен секцияларын көбейту бойынша жалпы білім беру мектептерімен жұмыстар жүріп жатыр.

Елбасы Туризм және спорт министрлігі мен барлық деңгейдегі әкімдерге елімізде бұқаралық спорт пен дене шынықтыру ісін дамытуға бағытталған ортақ шараларды белгілеу туралы нақты тапсырма берді. Және ұлт денсаулығының келешегі үшін, үлкен спортта үміт артатын бола­шағымыз үшін біз бұл міндеттерді бірлесе атқаруымыз керек.

Иә, мемлекетіміз өзінің алдына дене шынықтыру мен спортты дамыту туралы тұтас міндет қойып отыр. Алғашқы мемлекеттік бағдарлама 2001 – 2005 жылдар аралығын қамтыса, екінші бағдарлама 2007 – 2011 жылдар аралығына арналды.

Екінші бағдарлама бойынша елімізде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, дарынды балаларға арналған өңірлік спорт мектеп-интернаттары, олимпиадалық ізбасарлар даярлау орталықтары көбейіп, жекелеген спорт түрлері бойынша республикалық, өңірлік мамандандырылған спорт орталықтары құрылды.

Қазіргі уақытта бұқаралық спортты дамытуға ден қойылып, серпін беріліп отыр. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны 423-ке жетіп, оларда 234 мыңнан астам жеткіншек тәрбиеленуде. Бұған қоса, республиканың спортта дарынды балаларға арналған 15 мектеп-интернаты 4 мыңнан астам шәкірт баулып отыр. Мемлекет басшысы 2020 жылы бұқаралық спортпен шұғылданушы халықтың санын 30 пайызға дейін жеткізу туралы міндет қойды. Ал бұл – болашақ дені сау ұрпақтың, яғни еліміздің стратегиялық дамуының қамы.

Спортшыларымыздың әлемдік деңгейдегі беделді жарыстарда қол жеткізген жетістіктері спортшыларды даярлаудағы қазіргі жүйеміз ықпалды да тиімді екенін аңғартады. Жоғары жетістіктер спортындағы рекордтар, халықаралық, ұлттық және басқа да ресми спорттық бәсекелердегі жеңістер бұқаралық спорттың дамуына моральдық тұрғыдан игі ықпалын тигізеді.

Бұқаралық спорт дегеніміздің өзі – спортпен жүйелі шұғылданатын адамдар мен спорт түрлерінің дамуы. Экономикалық тұрғыдан дамыған елдер бұл көрсеткішті 30 және одан да көп пайызға жеткізуге ұмтылуда. Саламатты өмір салтын насихаттап, халықты спортқа тарту аса маңызды. Мұның адамның бойына күш-қуат құйып, рухани болмысын жаңғыртатын бірден-бір амал екені даусыз [5, 26 б.].

Қазір бізде, Қазақстанның барлық өңірлерін қосқанда, жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық шаралар өткізіледі. Бірақ, бұл – аз, жер-жерде: ауылдарда, үлкенді-кішілі қалаларда, сондай-ақ, кәсіпорындар мен ұйым-мекемелерде тың бастамаларға жол ашу қажет. Жарыстар, спартакиадалар мен универсиадалар, басқа да спорттық бәсекелерді бір мезгілдік шара күйінде қалдырмай, жүйелі, тұрақты, жыл сайын өтетін дәстүрге айналдырғанымыз абзал. Және мұны әркім өзінен, өз шаңырағынан бастауы керек. Спортты дамыту үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі механизмін іске қосып, қаржылы кәсіпорындарды спорт нысандарын салуға, спорт саласын қаржыландыруға тарту қажет.

Спорттың дамуы, оның ішінде маңызды спорттық жетістіктер мем­лекеттің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне де байланысты. Мемлекет спорт саласына тиісті деңгейде қолдау көрсетсе, спортшылар да тиісті дәрежеде дайындалып, соның арқасында жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізе алады.

Және керісінше, спорттың даму деңгейі мен халықтың дене шынықтыруға деген немқұрайлылығы экономикалық өрлеуге кері ықпалын тигізуі мүмкін. Әрине, мейлінше дені сау, даярлығы жан-жақты халық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да барынша үлес қосады. Сондықтан, бұқаралық спорт бүгінгі Қазақстан қоғамын алға жетелеу және ұлттық стратегиялық мүдделерге жету үшін ауадай қажет.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ