ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ РӘМІЗДЕРІ

0

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері 1992 жылдың 4 маусымында бекітілді, яғни биыл еліміз рәміздердің салтанатты Жиырма жылдығын атап өтеді.

Мемлекеттік рәміз – бұл еліміздің бұрынғысы мен бүгінгісі. Олар Қазақстан Республикасының өзіндік даму жолы мен өзге елдерден ерекшелігін бейнелейді, ал мазмұны мен мәні адамгершілік, ынтымақ, бірлік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды ту етеді [1].

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Рәмiздiк тұрғыдан Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбаның негiзi – шаңырақ. Ол – елтаңбаның жүрегi. Шаңырақ – мемлекеттiң түп-негiзi – отбасының бейнесi. Шаңырақ – Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi.

Түндік – таза көк аспанын бейнелейді. Үш-санды айқыш-ұйқыш келген күлдреуіштер қазақтың үш жүздін бірлігі бекемдігін көрсетеді. Шаңырақтан шыққан уықтар күн арайларын еске салады.

Бес бұрышты жұлдыз елтаңбаның тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар.

Тұлпар – дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар – қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi.

Төменде таспа белдігінде ірі әріппен «ҚАЗАҚСТАН» деген жазуы бар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасының көшiрме бейнесi, көлемiне қарамастан, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Резиденциясында сақтаулы тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы эталонының түрлi-түстi немесе ақ-қара бейнесiне дәлме-дәл сәйкес келуге тиiс.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ  «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының негізіне шаңырақ алынған. Ол елтаңбаның жүрегі іспеттес.

Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы отбасы ошағын бейнелейді. Қанатты тұлпар мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі. Қанатты тұлпар болашаққа үміт артар жас ұрпақтың арманы, самғау биігі[2].

Елтаңба төбесінде бес бұрышты жұлдыз бар. Әр адамның өмірінде жол көрсетер өз жұлдызы болады. Мемлекеттің де осындай жұлдызы болуы керек. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары сәулетшілер Шота Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2

Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. «Флаг» термині «vlag» деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.

Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.

Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді[3].

Геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты бейнелейді. Сондықтан еліміздің туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген. Қазақстанның мемлекеттік атрибутикасында күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды.

Қыран (бүркіт) бейнесі – көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында ерте кезден бері қолданылып келе жатқан басты геральдикалық атрибуттардың бірі. Бұл бейне әдетте биліктің, қырағылық пен мәрттіктің символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді[3].

Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өрнектер – оның маңызды элементі. Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны 

Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады[3].

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.

Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР әнұранының музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұранының музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты[2].

Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік әнұран жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұранын бекітті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы!

Ежелден ер деген,

Даңкымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің – Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай.

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің – Қазақстаным!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ