ПРОФЕССОР Р.П. ОКАТОВТЫҢ ӨМІРЛІК ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖОЛЫ

0

Окатов Рафаил Петрович 1937 жылы 15 қарашада Архангель облысының Исакогор ауданында дүниеге келген. 1946 жылы Вологодск облысының Бабушкино аулындағы мектепке барады. Кейін Окатовтар Қарағанды қаласына көшіп барады да, 1957 жылы сонда №73 орта мектепті бітіреді. Сол жылы ол Қарағанды тау-кен институтына «Маркшейдерлік іс» мамандығы бойынша оқуға түседі, алайда кейін  мамандықты Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына (ҚазПТИ) ауыстырғандықтан, Рафаил Петрович институтты 1962 жылы Алматы қаласында аяқтайды. Институтты тәмамдағаннан кейін ол  «Қарағанды көмір» комбинатының №35 шахтасында кен мастері болып, сосын учаскелік маркшейдер болып жұмыс істейді. 1974 жылдан бастап Қарағанды политехникалық институтында (ҚарПТИ) аға оқытушы болып, ал 1975 жылдан бастап доцент болып қызмет етеді. 1985 жылы карьер қиябетінің беріктігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөнінде докторлық диссертациясын қорғайды да, 1987 жылдан бастап кафедра профессоры лауазымына ие болды. 1990 жылдан бастап 1998 жылға дейін маркшейдерлік іс және геодезия кафедрасын басқарады.

Рафаил Петрович жоғары білікті инженер кадрларын даярлау жөнінде зор мақсатты жұмыстар жүргізді. Кафедра меңгерушісі болып істей жүріп, оқу, материалдық және ғылыми базаларды нығайтуда, оқытушылар біліктілігін арттыруда, оқу процесін жетілдіруде көп жұмыстар атқарды. Ол осы күнге дейін «Тау-кен ісі» мамандығының «Маркшейдерлік іс» бағытындағы студенттер оқитын «Тау-кен геометриясы» пәні бойынша ҚР БҒМ деген грифы бар оқу құралдары мен оқулықтардың, оқу-әдістемелік нұсқаулардың авторы.

Рафаил Петрович ашық қазба жұмыстарының маркшейдерия және геомеханика саласындағы физика-механикалық қасиеттерді, тау-кен массивінің жарықшақтығы мен құрылымын зерттеу саласындағы ірі ғалым болды. Ол ашық өндіру геомеханикасы бойынша 3 монография мен 150-ден астам ғылыми мақала жариялады [1, 74-б.].

Оның ғылыми дайындамалары мен Қазақстанның ірі-ірі карьерлеріндегі (Николаев, Қоңырат, Ақши Спасск, Нұрқазған, Златоус-Беловский, Саяқ, Дон, Қарағайлы, Оңтүстік Топар, Шұбаркөл, Қу Шоқы, Молодежный, Шығанақ, Қаражыра және т.б.) қиябеттері мен беткейлерінің беріктігін қамтамасыз ету бойынша көп жылдық жұмыс тәжірибесі тау-кен ісі тәжірибесіне тұрақты беткейлердің, олардың көлбеуінің максимум мүмкін болатын тік бұрышындағы беріктігін қамтамасыз ету бойынша прогрессивтік әдістерді жасап, енгізуге мүмкіндік берді.Оның тұрақты қиябеттердің жарықшақтық массивтерінде параметрлерді негіздеу, контурлық таспаларды өңдеу кезінде бұрғылап-жару жұмыстарын басқару және жобалық контурда кертпешті жайпақтау жөнінде жасаған әдістерін жүзеге асыру пайдалы қазбалардың кен орындарына ашық қазба жүргізу кезіндегі жұмыс тиімділігі мен қауіпсіздігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді [2, 21-б.].

1980 жылдан бастап ол Скальный массивтер механикасы жөніндегі халықаралық қоғамның мүшесі болды.

Ғылымдағы жетістіктері мен карьер қиябеттерінің беріктігін басқару саласында жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоғары тиімділігі үшін Р.П. Окатов 1988 жылы ҚазКСР және КСРО ВДНХ көрмелерінде 1-ші және 2-шідәрежелі дипломдармен және күміс медальмен марапатталды. 1989 жылы ғылым мен техника саласында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты болды, «Еңбек ардагері» құрмет медалін иеленді.

Р.П. Окатов қызмет ету процесінде әріптестері мен студенттерге қоятын талапты әрдайым олардың тұрмысына, демалуына, оқуына күнделікті зейін қоюмен бірге алып жүрді.

Рафаил Петрович кеңінен ойлауға және табиғатта болып жатқан, өзі көрген геомеханикалық құбылыстарды ғылыми негіздеуге бейімі бар, жан-жақты адам болған. Бұл оның жасаған карьер қиябетінің беріктігінің есептік сұлбасынан айқын көрінеді, олар ғалымның монографиялары мен бірқатар ғылыми мақалаларында келтірілген. Бұл ретте оның «Карьерлердегі көшкіндермен күрес» монографиясын атап кеткен жөн, осы кітаптың шығуымен Рафаил Петровичті қалыптасқан тау-кен геометрі деп атауға болады [3, 113-б.]. Кейін «Жер қойнауының геометриясы» курсына арналған «Тау-кен геометриясы» атты мазмұны бірегей оқулығы шығады. Рафаил Петрович Окатов жер қойнауларын зерделеуде зор үлес қосқан ұлы ғалым-маркшейдер П.К. Соболевскийдің мұрасын жалғастырушы болып табылады.

 Ол «Тау-кен геометрия» және «Геодезия» мамандықтары бойынша кез келген дәрісті көзді жұмып қойып оқитындығын жиі айтатын, ал оның тригонометриялық функциялардың толық бұрыш мәндерін жатқа білуі жан-жағындағы адамдарды таң қалдыратын.

Р.П. Окатов тамаша адам ғана емес, керемет оқытушы да болды. Оның тәрбиеленушілері оны өздеріне әрқашан адамгершілікпен әрі түсіністікпен қарағанын зор құрметпен және ризашылықпен еске алады. Әрине, ол өте талапшыл болды және жауапсыз студенттерді ұнатпайтын, бірақ олармен де ортақ тіл табыса білетін де, нәтижесінде олардың көбі тамаша маман болып шықты.

1999 жылы Рафаил Петрович кафедра профессоры болды. Ғалым сүйікті ісін тастамай, кафедраның білгір түлектерін тәрбиелеуді, жастарға өз тәжірибесін жеткізуді жалғастырып келеді, сондай-ақ кафедраның жаңа меңгерушісі Ф.К. Низаметдиновке көмектеседі. Ол кафедраның дамуында жаңа кезең енді басталған қиын кездердегі Рафаил Петровичтің кеңестері мен қолдау сөздерін есіне жиі алады.

Рафаил Петрович Окатовтың бүкіл өмірлік жолы – бұл күнделікті еңбек, адамға көмектесуге деген талпыныс, ғылыми-зерттеушілік шығармашылық. Әр адам өзінің сүйген ісімен айналысуды, өз үлесін қалдыруды және өз ісінің жалғастырушыларын қалдыруды армандайды. Рафаил Петрович өз ісінің маманы болды, ол ҚарМТУ «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасының қалыптасуы мен дамуына ат салысты, керемет ғалым атанды, таң қалуға тұрарлық өмір сүрді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ