С.С. КВОН – ҒАЛЫМ, ПЕДАГОГ, ШАХТАЛАРДЫ ЖОБАЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ҒЫЛЫМИ МЕКТЕПТІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

0

Сергей Сын-Гувич Квон 1923 ж. 17 тамызда Қарағандыдан мыңдаған километр жердегі Ресей Федерациясы Приморье өлкесі Посьет ауылында шаруа отбасында туған. Корейлерді әділетсіздікпен өз елдеріне жаппай қайтару нәтижесінде ол және оның отбасы Қазақстанға келеді. Соғыс басталып, тым жас Сергей Квонды еңбек әскеріне алып кетеді. Ол орманды сұлатудың не екенін көзбен көріп, бір тілім қара нанның нағыз құнын білді. Бірақ жарқын жандар жас жігіттің қабілетін, оның оқуға деген талпынысын байқап, оның Мәскеуге институтқа баруына көмектесті. Сергей Квон тау-кен саласын таңдап алды. Бес жыл бойы ол тау-кен пәндерін қызығушылықпен меңгерді. Оның ғылымға деген сүйіспеншілігі, жаңалыққа ұмтылысы осы жерде оянды.

Мәскеу тау-кен институтын аяқтағаннан кейін 1948 ж. бастап Квон С.С. Қарағанды көмір бассейніне жіберілді, онда бассейн шахталары мен көмір тресінде түрлі инженер-техникалық лауазымдарда жұмыс атқарды.

1957 ж. Квон С.С. Қарағанды тау-кен техникумына оқытушылық жұмысқа, кейінірек политехникалық институтына «Пайдалы қазбалардың кен орындарын қазу» кафедрасына ауысады. Ол мұнда ғалым ретінде, шахта алаптарын ашу және дайындау жөніндегі маман ретінде қалыптасты.

1960 жылы оны өзінің көмір шахталарын жобалау мәселелері бойынша болашақ идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін іссапарға – «Қарағандыгипрошахт» институтына іссапарға жібереді. Мұнда ол жаңа типті, көмір өндіру және қайта өңдеу жөніндегі процестердің жоғары механикаландырылған және автоматтандырылған шахта жобасымен жұмыс істейді. Жоба сол кездің ең прогресті техникалық және технологиялық шешімдерін өзіне сіңірді. С.С. Квон жобада оларға жаңадан ұсынған, тілігі бар және лаваның артына қазба жасалған қатпарларды қысқа тазартым забойларымен алу технологиясын пайдаланды. Қысқа лавалармен алу үшін бірегей тазарту техникасы ұсынылды. Бұл – жобалаушы-инженер С.С. Квонның көптеген ойлары мен идеяларының бірі.

1965 ж. С.С. Квон кандидаттық диссертациясын қорғайды да, 1967 ж. Қарағанды политехникалық институтына ғылыми-педагогикалық жұмысына қайта оралады.

1971 ж. А.А. Скочинский атындағы Тау-кен ісі институтында (Мәскеу қаласы) Квон С.С. докторлық диссертациясын қорғайды. 1973 жылы оған профессор ғылыми атағы берілді.

Оның іргелі ғылыми еңбектері, ТМД елдеріндегі мамандар арасында кеңінен танымал болған ҚР ҒА академигі Ә.С.Сағыновпен және ҚР ҒА корреспондент-мүшесі К.Н.Әділовпен бірлесіп жазған «Көмір шахталарының технологиялық сұлбаларын талдау және оңтайландыру әдістері» және «Көмір шахталарының технологиялық сұлбаларын оңтайландыру» монографиялары жобалаушылар, аспиранттар мен тау-кен инженерлері үшін құнды құрал болды, жаңа математикалық әдістерді көмір шахталарында тау-кен өндірісін жобалау және жоспарлау кезінде технологиялық мәселелерді шешуде қолдануға ықпал етті.

Соңғы жылдары ол П.П. Нефедовпен, Н.А. Дриждпен, Г.М. Презентпен және М.А. Перзадаевпен бірге авторлықта Қарағанды бассейні үшін екі өзекті тақырыпта екі кітап дайындады: «Қарағанды бассейнінің көмір саласын сақтау және дамыту мәселелері» және «Қарағанды бассейнінің күрделі және кондицияға сәйкес емес қаттарын қазу технологиясы».

С.С. Квон КСРО Химия өнеркәсібі министрлігінің, ҚазақКСР ЖОО министрлігінің, «Қарағанды көмір» ӨБ салалық зертханаларының ұйымдастырушысы және ғылыми жетекшісі болды. С.С. Квонның ғылыми жұмыстары пайдалы қазбалардың қатпарлық кен орындарын жер асты өндірудің негізгі мәселелеріне – шахта алаптарын ашу және дайындау тәсілдерін көмір шахталарының технологиялық сұлбасын талдау және синтез әдісімен жетілдіруге; олардың параметрлерін оңтайландыруға және көмір шахталарын жобалауға; тазарту жұмыстарын механикалаудың технологиялық сұлбасы мен құралдарын жетілдіруге және тау-кен жыныстарын физика-химиялық беріктендіруге, қазылған кеңістіктерді толтырмалауға; Қарағанды бассейнінің шахта қорын қайта құрылымдау мен диверсификациялауға; тау-кен кәсіпорындарын жобалаудың автоматтандырылған жүйелеріне арналған.

Осы зерттеулер тау-кен ғылымына айтарлықтай үлес қосты және жобалаудың, аршудың, сондай-ақ шахта алаптарын жаңа прогресті бағыттармен дайындаудың ғылыми негіздерін байытты.

Квон С.С. алғашқы «Қарағанды бассейнін 1965-1985 жылдар кезеңінде игеру мен дамытудың іс жүзіндегі шахта қорын қайта конструкциялаудың кешендік жобаларының» авторы болды. Осы жобалар жоғарғы бағаға ие болып, оны КСРО Мемлекеттік жоспарындағы отын өнеркәсібі жөніндегі Мемлекеттік комитет Қарағанды бассейнінің одан әрі дамуының негізгі техникалық бағыты ретінде бекітті. «Кешенді жоспарлардың …» негізгі шешімін жүзеге асыру Қарағанды бассейнін тиімді игеруде және шахталардың жоғарғы техника-экономикалық көрсеткіштеріне қол жеткізуде үлкен рөл атқарды. Бұрынғы «Қарағанды көмір» ӨБ тапсырмасы бойынша соның жетекшілігімен «Қарағанды бассейнінің 2005 ж. кезеңіне дейін кешенді және оңтайлы дамуының ғылыми-техникалық негіздері» жұмысы орындалды.

Өндіріс концентрациясында, «шахта-лава» принципін жүзеге асыру, шахта алаптарын аршу және дайындау тәсілдері, өндіру жүйелерін жетілдіру, Қарағанды бассейнінде қазып алу учаскесінің жүгін ұлғайту табыстарына қол жеткізуде С.С.Квонның ғылыми зерттеулері, практикалық дайындамалары мен ұсыныстары айтарлықтай рөл атқарды. Ол 200-ден астам ғылыми мақала, 17 монография жариялады, өнертабысқа 65 авторлық куәлік алды. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін профессор Квон С.С. тау-кен бейінді мамандарды даярлауда кеңінен пайдаланды.

С.С. Квон жастармен, студенттермен, аспиранттармен, олардың бастамаларын шектеместен, шығармашылық ізденісте жаңа идеяларын, бағыттарын қолдай отырып, көп жұмыс жасады. Ол Абайдың «Ғылымды анасы туған ұлын сүйгеніндей сүю керек, сонда ғылым да саған жауап береді» деген сөздерін студенттердің есіне жиі салатын».

Оның тау-кен өндірісінің жоғары білікті ғалымдары мен мамандарын даярлауда еңбектері зор. Олардың ішінде Дрижд Н.А., Презент Г.М., Перзадаев М.А және т.б. сияқты белгілі ғалымдар және ірі мамандар мен басшылар бар. Оның жетекшілігімен 30 диссертация, оның ішінде 8 докторлық жұмыс дайындалып, қорғалды. Оның шәкірттері Қазақстанда ғана емес, көптеген ТМД елдерінде, Германияда, Израильде, АҚШ-та жұмыс істейді.

Сергей Сын-Гувич Квон – ғалым-азамат. Ол әрқашан бассейннің өзекті міндеттерін шешу үшін өзінің мәселе түсінігін, өзінің ғылыми-техникалық тәсілдері мен ұсыныстарын ынтыға, сендіре қорғайтын. Соңғы жылдары өндірудің төмендеуі мен бірқатар шахталардың жабылуына байланысты бассейнде болып жатқан бұзылу процестері оның жанына бататын. Бұл түсінікті де. Оның көз алдында көмір аймағы қарқынды дамыды және ол сырттан бақылаушы емес, ең белсенді құрылысшы, осы қамтушы, жасампаз процестің көшбасшысы болды. Азаматтық сана-сезімі мол Сергей Сын-Гувич облыстық баспасөз арқылы жалғыз өзі қауымдастыққа, облыс пен республика ағаларына бассейн тағдырын айтып дабыл көтерді. Ол кәсіби ғалым ретінде дағдарыс жағдайынан минимум шығындармен шығуға, бассейннің одан әрі құлдырауына жол бермеуге көмектесетін нақты шешімдерді ұсынды[1, 2-б.].

С.С.Квон Қазақстаннан тыс алыс жерлерде өзінің еңбектерімен белгілі. Ол докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғау жөніндегі бірқатар диссертациялық Кеңестердің мүшесі болды (Мәскеу қаласы, МРТУ Новосибирск қаласы МРТУ, КСРО ҒА ТІИ СО), Ресей мен Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің тау-кен білімі бойынша оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі, «ЖОО хабарлары» журналы редакция алқасының мүшесі (Екатеринбург қаласы),Қарағанды қаласы ВГСЧ жанындағы оқыс жағдайлар жөніндегі сараптама комиссиясының мүшесі болды [2, 3-б.].

Сергей Сын-Гувич оқытушылық іске көп көңіл бөлетін. Ол: «Студенттерді жақсы көру керек, олар – еліміздің болашағы, ғылымның болашағы. Оқытушының міндеті – студентті ойлауға, білім іздеуге үйрету». Оның дәрістері әрдайым жоғары кәсібилікпен, ғылыми таныммен, лекторлық және педагогтық шеберлікпен ерекшеленетін. Орасан зор ғылыми және өндірістік тәжірибесіне қарамастан, ол әр дәріске ерекше тиянақты дайындалатын, сол мәселеге қатысты барлық соңғы нәтижелерді ескере отырып, жаңа нәрсе қосуға тырысатын. Профессор С.С. Квоннан білім алу бақытына ие болған студенттер оның жоғары біліктілігін, кәсіби деңгейін, педагог пен ұстаз ретіндегі жарқын бейнелі дарынынерекше атап көрсетеді.

Егер оның азаматтық қасиеті туралы айтсақ, онда қайырымдылығы, қарапайымдылығы, адамға көмектесуге дайындығы ең алдымен тұратын еді.

Сергей Сын-Гувич отбасылық өмірде де бақытты болды. Өзінің жұбайы Елена Павловнамен бейбітшілік пен келісімде шамамен жарты ғасыр өмір сүрді. Олардың балалары әке жолын қуды: қыздары — Светлана Сергеевна Қарағанды мемлекеттік техникалық уииверситетінің«Металлургия, материалтану және нано-технологиялар» кафедрасының доценті, ал үлкен ұлдары — Станислав СергеевичКемерово қаласында (Ресей) тұрады және сонда Кемерово техникалық университетінде жұмыс істейді.

Сергей Сын-Гувич өмрде өте қарапайым адам болған. Ол ешқашан атақ-даңққа, жоғары лауазымдарға, қоғамдық мойындау мен марапаттауларға талпынған емес. Оның қызметі, оның жұмысы – қоғам алдындағы міндетін орындау сипатының көрінісі.

С.С. Квонның еңбегі жоғары бағаланды: «Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері, ғылым бойынша ЖОО министрлігі Сыйлығының лауреаты; басқа да үкіметтік және салалық марапаттары оның тау-кен ғылымы мен білімін дамытуға қосқан үлесін көрсетеді. Оның есімі университеттің Құрмет кітабына енді.

Ол елінің патриоты болды, халқының тарихын, дәстүрлерін, корейлердің ғана емес, тіпті қазақтардың да шығу тегін жақсы білді. Ол жастарды жақсы көрді, оларға білім беруге дайын тұрды, талап қоя білді. Студенттердің оның жетекшілігімен орындаған курстық жұмыстары, оқу бітіру жұмыстары ерекше сапасымен, практикалық және ғылыми құндылығымен, дұрыстығымен ерекшеленетін.

Көрнекті ғалым, әрі педагог Квон Сергей Сын-Гувичтің өмірі мен қызметі студент жастардың еліктеуіне тамаша үлгі.

2008 жылы 2-ші ғимараттың 3-ші қабатына, ПҚКҚ кафедрасы орналасқан жерге мемориалдық тақта орнатылды.

Рене Декарттың мына сөзін С.С. Квонға толығымен қатысты деп айтуға болады: «…Ғылымға қызмет ету – адам ақылының ең риясыз, ең адамгершілікті және ғажап көрінісі. Өз өмірін ғылымға арнаған адамдар өз ұрпағының жадында мәңгі қалуы тиіс…» [3, 15-б.].

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ