ҰЛЫ ӘБІЛҚАЙЫР ЖӘНЕ АБЫЛАЙ ХАНДАР – МӘМЛЕГЕРЛЕР, ҚОЛБАСШЫЛАР, БИЛЕУШІЛЕР ЖӘНЕ САЯСАТКЕРЛЕР

0

Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алуы дамуын жалғастырып келе жатқан процестердің тұтас бір қатарына бастау берді. Олар мемлекеттің және халық өмірінің түрлі жақтарын қозғайды. Қазақстан мәдениеті жаңа заман дәуірінде алдыңғы ұрпақтың дәстүрлерді одан әрі сақтауымен және дамытуымен, тарих пен мәдениеттің жаңа ескерткіштерін ашумен, мавзолейлерді, ескі мешіттерді, көне қалаларды бұзылмайтын ету, қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды жандандырумен, жаңа тарихи-мәдени мұрағат-қорықтары негізінде жасаумен сипатталады. Қазақстан Республикасының «тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы», «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы», «Мәдениет туралы» заңдары қабылданып, іске асырылуда [1].

Қазақстан Республикасының Президентінің 2004 жылы 13 қаңтарда №1277 Қаулысымен Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі әзірлеген «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаның мақсаты – рухани және білім беру саласын дамыту, еліміздің мәдени мұрасының сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету. Бағдарлама міндеттері: еліміздің маңызды тарихи-мәдени және сәулеттік ескерткіштерін жаңғырту; мәдени мұраны зерделеудің тұтас жүйесін жасау, оның ішінде жаңа заманғы ұлттық мәдениетті, фольклорды, дәстүрлер мен салттарды жаңғырту; ұлттық әдебиеттің көп ғасырлық тәжірибесін және жазба әдебиетін толық көркем және ғылыми серияларын құрастыру арқылы жалпылау; мемлекеттік тілде әлемдік ғылыми ойлардың, мәдениет пен әдебиеттің үздік жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің толыққұнды қорын жасау; еліміздің қорларында, мұрағаттарында және қоймаларында жатқан көрнекті ауызша кәсіби дәстүрлі орындаушы-музыканттардың фоножазбаларын жаңа заманғы аудиотасымалдағыштарға жаңғырту және тасымалдау болып табылады [2].

Бүгінгі күні біздің мемлекетіміздің басымдықтарының бірі мәдениетті қолдау болып табылады, себебі мәдениет – бұл моральдық-адамгершілік құндылықтары, адамды әлеуметтендіру, оны азаматтық міндеттерге қатыстыру жүйесінде негізгі элемент.

«Бірде-бір дәуірді, оның ұлы адамдары туралы түсінік алмастан дұрыс түсіну мүмкін емес, — дейді, біздің мемлекетіміздің басшысы Н.А. Назарбаев. Немесе адамзат тағдыры арасынан тарих барысын көріп қана қоймай, оған жанымызбен енеміз» [3].

Ірі тарихи тұлғалардың тағдыры олардың өмірлерінің хронологиялық шеңберімен тұйықталмайды және болашақ ұрпаққа адамгершілік өсиетін қалдырады.

Әбілқайыр хан 1693 жылы Түркістан қаласында туған. Ол — Әз Жәнібектің бесінші ұрпағы. Шыңғыс ханнан бастап тарататын болса ол хан әулетінің он сегізінші ұрпағы. Әз Жәнібектен тоғыз ұл тарайды, солардың бірі – Өсеке сұлтан одан Бөлекей ноян, одан Ырыс сұлтан, одан Хожа сұлтан, одан Абдолла сұлтан туған, Әбілқайыр осы Абдолла сұлтанның баласы. 1710 жылы Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түмен басы болып атақты Бөгенбай батыр тағайындалды. 18 ғасыр қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды, жоңғарлар тарапынан болатын шабуылдар халықты көп күйзеліске ұшыратты. Әбілқайыр бұл сұрапыл соғыста жанкештілік танытты. Ол бабаларының иелігінде болған Сайрам, Түркістан және Ташкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті. Бұл қалалар жоңғарлардың қоршауында қалған кезде, тең емес ұрыста анасы мен әйелі тұтқынға түскен соң, Әбілқайыр хан шегінуге мәжбүр болды. 1718 жылы Аякөзде Әбілқайыр мен Қайып 30 мыңдық әскері жоңғарлармен қанды шайқас жүргізді.

Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. 1726 жылы үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады [4, 140-б.].

Әскербасы Әбілқайыр халық жасақтарында қыруар істер атқарды, соғысу қабілетін жоғары деңгейге көтерді және қарулы күштерде адамгершілік рух пен патриотизмді марапаттап отырды. 1728 жылы қазақ әскері жеңіске қол жеткізді. Бұл шайқастар, Ұлытау тауларында, Қарасиыр жері мен Бұланты өзенінің бойында болды, мұнда қазақтар қонтайшының ұлы басқаратын экспедициялық корпусты талқандады. Бұл жеңістен кейін халық көкейінде жеңіске қол жеткізуге болады деген сенім ұялады. Басқыншыларға қарсы халық жұмыла көтерілді [5, 179-б.].

Алайда бұл жеңілістен кейін де жау әлі күшті күйінде қалды. Жағдайға қанық Әбілқайыр жаңа шабуыл бастады. 1730 жылы көктемде Балқаштың оңтүстік шығысындағы Итішпес елді мекенінде Әбілқайыр бастаған қазақ әскері жауларды тағы талқандады. Жоңғарларға қарсы жүз жылдық соғыста қазақ халқы өзгерісті кезеңге аяқ басты, жеңіске бір табан жақындағандай болды.

1731 жылы Ресей сыртқы істер министрлігінің М. Тевкелев бастаған елшілігі Ырғыз өзенінің бойындағы Майтөбе деген жерде отырған Әбілқайырдың ордасына келіп, қазақ ұлысын Ресей құрамына алу туралы келіссөз жүргізді. Әбілқайыр 1731 жылы 10 қазанда Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді. Бұл антты 1738, 1740, 1742 жж. қайталады. Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, орыс қарамағындағы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының қазақ жеріне шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғарлар басып алған жерлер мен қалаларды қайтып алуды көздеді. Осылай өзінің беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды жүзеге асырмақ болды. Сөйтіп, ол жеке мүддесімен қатар халықты апаттан сақтауды да ойлады [4, 141-б.].

Қазақ мемлекеттілігінің дана саясатын беріктендіруді Абылай хан жүргізді (1711 — 1781 жж.). Абылай хан – осы дәуірдің саяси жарқын тұлғаларының бірі. Қазақ мемлекеттілігінің өркендеуі және сыртқы қауіппен күрестегі жетістіктер соның есімімен байланысты. Абылай хан (сондай-ақ Абылай, Әбілмансұр) атақты хандардың бірі, Көркем Уәли сұлтанның ұлы, қанішер Абылай ханның немересі, Барак ханның ұрпағы (9-буында). Шын аты – Әбілмансұр. Абылай деп өзінің әскери ұраны «Абылай» бойынша, шексіз батылдығы мен ұрыстағы тегеурінділігі үшін «Қанішер Абылай» атанған атасы қанішер Абылай ханның құрметіне аталған.

Абылай 13 жасында Жоңғария ханы Цеван Рабданның шапқыншылығы кезінде әкесінен айрылады. Орта жүз Самарқандқа қоныс аударуға мәжбүр болады. Жас кезінде-ақ Абылай дана атанған және ең шытырман жағдайлардан құтылып шығатын керемет қабілеті үшін «Аруақ» деген атақ алған.

1739 жылы, Симеке хан қайтыс болғаннан кейін келесі хан — Әбілмәмбет, оның әскери басшысы Абылай болады. Басқару жылдары – 1771-1781 жж. Абылай соңғы қазақ ханы болды, оның беделі қазақ жерінің барлық түкпірінде толассыз болды. Өзінің дипломатиялық қызметінде бір мақсатты – ежелгі аумақтарды қазақ руларының иелігіне қайтаруды көздеді.

Абылай хан халық есінде тәуелсіз қазақ мемлекеттілігінің символы ретінде қалды, ол қазақтардың басқарушысы ретінде бөтен жердің монархы болып тағайындалған жоқ, құрылтайда өз дәрежесінде – халық жиналысында сайланды, онда қазақ қоғамының барлық сословиесі көрінді.

Жас кезінде Абылай ақылды деп аталды және ең қиын жағдайлардан шығып кетудегі керемет қабілеті үшін  «Аруақ» деген атаққа ие болды.

18 ғасырдың 30-шы жылдарының аяғында Абылай есімі бізге белгілі құжаттарда Әбілмәмбет ханмен қатар аталады. Орыс тарихшысы А.Левшин: «1739 жылы Орта жүзде Сәмеке (Орта жүздің батысындағы аз санды руларды биледі) ханның орнына хан сайлаудан бұрын Әбілмәмбет пен Абылай екеуі бірдей хандық билік жүргізген» — деп жазды [6, 18-б.].

1738-1741 жылдары Абылай хан бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншыларына бірнеше мәрте соққы берді. 1742 жылы Абылай хан тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түсті. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ қоғамында абыржушылық туғызып, оны босатып алу үлкен саяси мәселеге айналды. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Төле би мен Әбілқайыр хан Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатып алуда ара түсуге өтініш жасады. Бұл деректің шындық екенін осы кезеңде Орынбор генерал-губернаторы И.Неплюев пен Әбілқайырдың өзара жазысқан хаттары да дәлелдей түседі. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастаған 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы қыркүйектің 5-інде Абылайды тұтқыннан шығарып алды. Бұл жөнінде И.Неплюевтің Сыртқы істер алқасына жазған хатында қазақтар мен қалмақтар бітімге келіп, бірігіп кете ме деген қауіп те білдірді.

Абылай билігінің күшейе түсуінің жаңа кезеңі 1744 жылы Әбілмәмбеттің Түркістанға көшіп кетуі уақытына саяды.

Саяси ахуал тұрақталған шақта Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан басқалармен де ымырасыз күрес жүргізді. 1754-1755 және 1764 жылдары қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарда шауып, Жауғаш, Көкжал Барақ және Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті Абылай 1755-1765 жылдары Қырғыз ұлысына жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздардың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын анықтайды.

Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765-1767 жылдары Абылай қолының Қоқан билеушісі Ерденбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды.

        Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 жылы қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты.

Абылай өмір жолын ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қыз қалды. Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ