Дипломатияның туу, қалыптасу және даму кезеңдерi

0

Араға сан ғасыр салып, құдай басқа түсiрген талай сыннан, жарым-жартылай қырылса да, аман шыққан Қазақ елi өз егемендiгiн айдай әлемге жария еткен соң, басқа мемлекеттермен тең дәрежеде сөйлесу, барыс-келiс жасау мүмкiндiгiн алды. Бұйырып тұрған тәуелсiздiкке мәңгi ие болуына, сол тәуелсiздiктi баянды етуге түрлi елдердегi елшiлермен қатар журналистер де атсалысуда.

Шет мемлекеттердегi дипломатиялық қызметтiң қыры мен сыры туралы қызғылықты әңгiме шерту, екi ел арасына ортақ мәмiлелiк құжаттармен, ресми iс-қағаздармен таныстыру – сол журналистердiң үлесiндегi мiндет болса керек.

Сондықтан да бүгiнде Сыртқы iстер министрлiгiнiң түрлi қызметтерiне етене араласып, әртүрлi мемлекеттердегi Қазақстан елшiлiктерiнде атташелiк қызмет атқарып жүрген қазақ журналистерiнiң iс-тәжiрибесiн оқып, үйрету жоғары курс студенттерi үшiн маңызды тәжiрибе болмақ.

Дипломатия негiздерiн журналистика бөлiмдерiнде оқытудағы мақсат – болашақ журналистердiң дипломатиялық қызмет түрлерiмен, хат-хабарларымен, iс-қағаздарымен жақынырақ танысуына, қазақ дипломатиясының тарихымен, сондай-ақ салыстыру үшiн алдыңғы қатарлы француз, герман, ватикан, ағылшын, орыс дипломатиясының тәжiрибелерiнен кеңiрек хабардар болуға, қазақ елшiлерiнiң, елшiлiктегi баспасөз атташелерiнiң iс-тәжiрибелерiн оқып, үйренуге негiз қалау.

Елшiлiкте қызмет iстеу бүгiнгi күннiң ғана жұмысы емес. Қазақстан тәуелсiздiгi мызғымайтын болса, бiздiң шет елдердегi өкiлдiктерiмiз де мызғымай, ел мүддесi үшiн қызмет етедi. Қазақстанның басқа елдермен қарым-қатынасын жүргiзiп, басқа елдер алдындағы еңсесiн көтерiп, көк байрақты желбiретiп тұратын елшiлiктерге алдағы уақытта елшiлер, кеңесшiлер, журналистер керек болады. Ертеңгi күндi бүгiннен ойлауымыз керек. Ертең бiзден жан-жақты қалыптасқан, iшкi және сыртқы заңдардан хабардар, дипломатиялық даярлықтан өткен ортан қолдай елшiлер, баспасөз аттташелерi шықсын десек, бүгiнгi жастарды соған даярлауымыз керек. Құжаттармен қалай жұмыс iстеу керек, кеңсе мәдениетiн қалай бойға дарыту керек, дипломат ретiнде жеке басты қалай алып жүру керек – осының барлығы курста сөз болатын жайттар.

Дипломатиялық қызмет негiздерi тек журналистика бөлiмiнде ғана емес, жоғары оқу орындарының халықаралық қатынас, құқықтану, экономика, т.б. мамандықтары бойынша оқу бағдарламаларында да кеңiнен оқытылады. Қазақ елiнiң дипломаттарын әзiрлейтiн Сыртқы iстер министрлiгi жанында арнаулы оқу орны – Дипломатиялық академия бар. Академияға мемлекеттiк тапсырыс бойынша жоғары бiлiмi бар, жоғары мектеп бағдарламасы көлемiнде шет тiлiн бiлетiн 40 жасқа дейiнгi және кемiнде 2 жыл дипломатиялық немесе мемлекеттiк қызмет стажы бар, тиiстi мемлекеттiк органдардың жолдамаларымен барған азаматтар қабылданады.

Мәмiлетану (дипломатия) – кенже дами бастаған жас ғылым болғандықтан, дәрiс барысында ең алдымен шетел және орыс дипломат-ғалымдарының еңбектерiне /1-9/, iс-тәжiрибелерiне сүйенуге тура келедi.

Қазақстан тәуелсiздiкке қол жеткiзгенге дейiн екi жарым ғасырдан аса уақыт бойы Ресей құрамында отарда болды. Бұл кезеңдегi Ресей тарихы – бiздiң де тарихымыз. Сондықтан да Ресейдiң (бұрыңғы Кеңес Одағының) дипломатия ғылымындағы жетiстiктерiн төл жетiстiгiмiз деп қабылдаудың еш сөкеттiгi жоқ деп ойлаймыз.

Осы тұрғыда қазақ дипломатиясының туу, қалыптасу, даму ерекшелiктерiн сөз ете отырып, оның күнделiктi мерзiмдi баспасөзде жарық көрiп жатқан мақалалар, хабарлар, сұхбаттар шеңберiндегi көрiнiс табу мүмкiндiктерiн теориялық және практикалық сабақтарда талдап, таразылау алда тұрған мiндет болмақ.

Шетел және орыс ғалымдарының еңбектерiмен қоса қазақ елшiлерiнiң жазбалары да /10-12/ методологиялық негiз ретiнде пайдаланылды. Сол арқылы қазақ дипломатиясының тарихи жағдайлары, сипатты ерекшелiктерi, мәселенiң бүгiнгi заманға сай қойылысы нақты ескерiлiп отырды.

Сонымен, дипломатия (мәмiлетану) деген не?

²Дипломатия (франц. Diplomatie) – белгiлi бiр мемлекеттiң сыртқы саясат саласындағы мақсаттары мен мiндеттерiн орындауға, құқықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған сол мемлекет пен мемлекет басшыларының және арнаулы сыртқы iстер ұйымдарының халықаралық қатынастағы саяси әрекетi² делiнген Қазақ Кеңес Энциклопедиясында /13/.

Дипломатия – мемлекеттiң сыртқы саясатын жүргiзу тәсiлi, яғни, ол әскери емес тәжiрибелiк iс-шаралардың жиынтығы, белгiлi бiр мәселелердi шешуге арналған қабылдаулар мен әдiстер; шет елдегi мемлекет және үкiмет басшыларының, сыртқы iстер министрлерiнiң, сыртқы iстер ведомстволарының, дипломатиялық өкiлдiктердiң ресми қызметi; мемлекеттiң сыртқы саяси мәселелерiн және мақсаттарын жүзеге асырушы халықаралық конференциялардағы делегациялар, сонымен қатар мемлекеттiң шет елдегi азаматтарының және мекемелерiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау қызметi.

Дипломатия ұғымын халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, тереңдету, халықаралық қақтығыстарды болдырмау, реттеу мақсатында жүргiзiлетiн келiссөздер өнерiмен де байланыстырады.

Ең кең тараған дипломатиялық тәсiлдер мыналар: жоғарғы және жоғарғы деңгейдегi ресми келiссөздер; дипломатиялық конгресстер, конференциялар, кеңестер, кездесулер; екiжақты және көпжақты халықаралық келiсiмдердi және дипломатиялық құжаттарды бекiту; халықаралық ұйымдардың жұмыстарына қатысу; мемлекеттiң шет елдегi өкiлдiгiнiң жұмысын жүргiзу; дипломатиялық хат алысу; дипломатиялық құжаттарды әзiрлеу; т.б.

Яғни, былайша айтқанда, ол:

  • мемлекеттiң сыртқы саясатын жүзеге асыру құралы;
  • әскери емес практикалық iс-шаралар тәсiлдерi мен әдiстерiнiң жиынтығы;
  • мемлекет және үкiмет басшыларының ресми қызметi;
  • мемлекеттiң сыртқы саясатының мақсаттары мен мiндеттерiн жүзеге асыру, мемлекеттiң, оның шетелдегi мекемелерi мен азаматтарының құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi, халықаралық жанжалдарды болдырмау немесе реттеу, халықаралық ынтымақтастықты өрiстету және тереңдету мақсатындағы қызметтер жиынтығы.

Сонымен қатар, дипломатияға:

  • аса жоғары және жоғары деңгейдегi ресми және өзге де сапарлар мен келiссөздер жүргiзу;
  • дипломатиялық конгресстер, мәслихаттар, мәжiлiстер және кездесулер өткiзу;
  • қостараптық және көптараптық халықаралық шарттарды әзiрлеу және жасасу мiндеттерi де кiредi.

Мемлекеттiң дипломатиялық қызметiн тiкелей үкiмет (Министрлер Кабинетi) басқарса, қызметтi сыртқы iстер ведомосты (Сыртқы iстер министрлiгi) жүзеге асырады.

Ал дипломат (мәмiлегер) – белгiлi бiр мемлекеттiң басқа бiр мемлекеттермен ресми iс-қатынастарын iске асырып отыратын қажеттi арнаулы даярлығы бар қызметкер.

Дипломат өзiне жүктелген мемлекеттiк қызметтi дипломатиялық өкiл ретiнде шетелдегi елшiлiкте немесе өз елiндегi сыртқы iстер жөнiндегi мекемелерде атқарады.

Елдердiң бiр-бiрiн тануы, түсiнуi, ұғынысуы, сыйлауы елшi алмасқан соң басталмақ.

Елшi – сыртқы қатынас органдарының дипломатиялық қызметкерлерiне берiлетiн жоғарғы дипломатиялық дәреже. Оның толық ресми атауы – Төтенше және Өкiлеттi Елшi.

Елшi атауы 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында бекiтiлген.

1815 жылғы Веналық регламент өзге сыныпты дипломатиялық өкiлдiктерден елшiнiң өкiлдеушi сипат ерекшелiгiн мойындады. Ал қазiргi халықаралық құқық дипломатиялық өкiлдiктердiң басшылары мен өзге де сыныпты дипломатиялық өкiлдiктердi басқаратын елшiлердiң арасында құқықтық айырмашылықты мойындамайды.

²Елшi – екi ел арасындағы көпiр десек, артық теңеу емес, — дейдi белгiлi дипломат Сағынбек Тұрсынов. — Өйткенi екi елдiң қарым-қатынасы осы елшiлiк арқылы өтедi. Елшi өз мiндетiн мүлтiксiз орындауы үшiн екi елдегi жағдайға жетiк болғаны абзал. Талап осындай. Сондықтан, жатпай-тұрмай iздену, оқу, көру, тiлдесу, түртiп алу сияқты зерделiк қабiлет керек² /11, 207-б./.

Қайсыбiр елшiнiң де алдында Қазақ жерiнiң тұтастығы мен тыныштығын сақтау мiндетi тұр. Қазiргi заман бiлек күшi мен найза ұшынан шығып кеткен. Әлемде ²әлдi² немесе ²әлсiз² деп бөлмейтiн демократиялық қарым-қатынас орнығып келедi. Демек, бiз жерiмiздiң тұтастығын дипломатиямен қорғауға тиiстiмiз, әрi қорғай аламыз.

Буынын ендi бекiтiп жатқан Қазақстан үшiн жау iздеуге болмайды. Қазiр алыс пен жақыннан дос жинап, тiрек табатын уақыт. Кеңестер Одағының шекарасын қа¿арлы қарулары ұстап тұра алмады. Оның аùы сабағынан қорытынды шығарып, ендi елдiктi бекем етудi, шекараны мызғымас етудi қарудың емес, саясаттың көмегiмен жүргiзу жөн. Қазақ жастарына дипломатия негiздерiн оқыту сол үшiн де керек.

Атташе (франц. Attache – бекiтiлген) – дипломатиялық қызметкердiң қызметi немесе дәрежесi, дипломатиялық өкiлдiктегi (елшiлiк пен миссиялардағы) кiшi қызмет орны. Халықаралық дипломатиялық тәжiрибеде атташенiң келесi санаттары бар: әскеи, әскери-теңiз, әскери-әуе атташесi, арнайы атташе (өнеркәсiпке, ауылшаруашылығына, еңбекке, қаржыға, саудаға, мәдениетке, техникаға, ғылымға, т.б. байланысты), дипломатиялық атташе, құрметтi атташе, баспа мәселесiнiң атташесi. Елшiлiктегi арнаулы баспасөз атташелерi өзiнiң мамандығы бойынша елшiнiң кеңесшiсi және шетел мемлекеттерiндегi өз бұқаралық ақпарат құралдарының ресми өкiлi болып табылады. Ол дипломатиялық өкiлдiкте баспасөз және ақпарат мәселесiн бақылайды.

Атташенiң барлық санаттары дипломатиялық корпус мүшелерiнiң құрамына кiредi және дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдаланады.

Баспасөз атташесi мен кеңесшiден жергiлiктi баспасөздiң не жазатынын, олардың бағыт-бағдары, Қазақстан тақырыбын қалай меңгергенiн тұрақты қадағалап отыру талап етiледi. Өйткенi сол мемлекеттердегi тұрғындар Қазақстанды алдымен осы баспасөз, теледидар, радио  арқылы таниды. Және сол баспасөздегi деректерге сенедi. Мұндай жағдайда Қазақстан мемлекетiне деген оңды көзқарас өзгерiп жүрмес үшiн баспасөз өкiлдерiмен жақсы байланыс қажет. Сосын сол мемлекеттiң iшкi саяси өмiрiнiң тамырын басу үшiн осындағы жергiлiктi газеттермен күнделiктi танысып отыру керек. Осы жүктiң бәрi баспасөз атташесiне жүктеледi.

Шет елдердiң беделдi орталықтары, банкiлерi, түрлi мемлекеттiк немесе қоғамдық ұйымдары, баспасөзi басқа елдердегi экономикалық iлгерiлеу мен кейiндеудi дер кезiнде бағалайды. Соған орай үкiмет тарапынан тиiстi шаралар қабылдайды.

Дипломатияның баспасөзбен байланысы не дегенде, мiне, осы тұрғыда талдап-таразылаған жөн. Себебi журналистиканың өзiндiк құқықтары да халықаралық қатынас пен халықаралық құқықтың еншiлес салаларының бiрi болып табылады.

Шет мемлекеттер Қазақстанның қандай ел екенiн сондағы елшiлiк жұмыстары арқылы таниды. Сол үшiн де елшiлiктiң Қазақстанды толық танытып тұруын қамтамасыз ету керек. Алыс-берiс пен барыс-келiс заманында Қазақстан кәсiпорындарының және жекелеген адамдарының мүдделерiн қорғау – елшiлiктiң мiндетi.

Қазақстанда болған саяси оқиғалар шетелдерде тиiстi жаңғырық туғызады. Осы орайда елшiлiк түсiнiк беруi мүмкiн. Елшiден ресми орындар неге олай болды, ал неге былай болмады деп сұрауы ғажап емес. Мұндай жағдайда өкiлеттi елшiлер өз елiндегi мемлекеттiк көзқарасты айтады. Одан тануға, оны жоққа шығаруға болмайды. Елшiнiң көзқарасы өз мемлекетi басшысының көзқарасымен үндес, орайлас болуы – басты талап. Саясатта елшiнiң “менi” айтылмайды, мемлекет басшысының “менi” ғана айтылады. Сондықтан Төтенше және Өкiлеттi Елшiлер өз Президентiнiң командасында болып қана қоймай, оның көзқарастарын қорғайтын, түсiндiре алатын деңгейде болғаны жөн. Елшi мен Елбасының саясаттағы көзқарастары алшақтамайды. Ондай алшақтыққа жол берiлсе, Президент Төтенше және Өкiлеттi Елшiнi айырбастайды, ол елдiң беделiн ойлағандық болып табылады. Президентi бiр бөлек, елшiсi бiр бөлек сөйлеген елдiң сыртқы саясатында абырой болмайды.

Дипломатияның алғашқы белгiлерi сонау құлиеленушiлiк қоғамда, б.д.д. 2 мың жыл бұрын ежелгi Қытайда, Үндiстанда, Египетте, Урарту мемлекетiнде пайда бола бастаған.

Ежелгi Шығыс тарихында бiздiң қызығушылығымызды тудыратын түрлi құжаттар – дипломатиялық хаттар, келiсiмдер мен ежелгi шығыс хандықтарымен арадағы қатынастарды айғақтайтын халықаралық актiлер сақталған. Б.д.д. III мыңжылдықтың өзiнде египет патшалары көршiлес елдермен дипломатиялық қатынас орнатуға ұмтылған. Египеттiктер Қызыл теңiздiң оң жағалауындағы Пунт елiне елшiлiк экспедициялар ұйымдастырған. Қазiр балшықтағы жазбалар арқылы осы сапарлардың кейбiр деректерi нақты белгiлi болуда. Ассирия патшасы Ашурбанипалдың да (б.д.д. 668-626 жж.) елшiлiк саясаткерлiгi Вавилон жазбалары арқылы бiзге жетiп отыр.

Сонымен қатар ежелгi Үндiстандағы (б.д.д. I мыңжылдық) Ману заңдары философиялық маңыздылығымен ерекшеленедi. Онда елшiлердi таңдауда мемлекет басшысына қажеттi бiрқатар өсиет-ережелер айтылған.

Дипломатия ертедегi Грецияның (б.д.д. ХII-VIII мыңжылдық) провинцияларынан шет елдерге жiберiлетiн ресми адамдардың уәкiлдiгiн көрсететiн сенiм грамотасы — ²diplome² деген бүктемелi тақтайшаның атынан шыққан. Ал Батыс Еуропадағы мемлекеттiң сыртқы саясат саласындағы дипломатиялық әрекеттерi ХV-ХVII ғасырларда пайда болды.

Дипломатия тарихының құлиеленушiлiк дәуiрде басталғанын айғақтайтын тағы бiр дерек бар. Бразилия дипломаты Лисбоа өзiнiң елшiлiк жазбаларында былай деп жазады: ²В самых диких землях уже можно видеть зародыш дипломатии в войне, который приближается к врагу… Когда два племени устали воевать, одно из них отправляет эмиссаров, чтобы предложить условия перемирия, их узнают по трубке мира, их почитают, им дают приют в течения всего времени, пока они остаются в лагере врага².

Ал қазақ дипломатиясының тарихы әрiден, хандық дәуiрден басталады. Ол жөнiнде алдағы тақырыптарда кеңiрек тоқталатын боламыз.

Кеңестер одағы тұсында Сыртқы iстер министрлiгiнiң орталық аппаратында 26 қазақ елшiлерi тұрақты жұмыс iстедi. Олар қатарында бiз Нәзiр Төреқұловтың, Төлеген Тәжiбаевтың, Мәлiк Фазыловтың, Сабыр Шәрiповтың, Михаил Есеналиевтiң, т.б. дипломаттарымыздың есiмдерiн мақтанышпен айта аламыз.

Бүгiнде Қазақстан Республикасы дүниежүзiнiң 100-ден астам мемлекеттерiмен дипломатиялық қатынас орнатты. 30-дан астам елдерде өз елшiлiктерiн, өкiлдiктерiн ашты. Ал Қазақстанда 50-ге жуық елдердiң елшiлiктерi мен өкiлдiктерi жұмыс iстейдi.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ