Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлау заңнаманың сақталуына қатысты БАҚ сұрақтары

0

2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлау науқанын жария ету барысында, сондай-ақ сайлау алдындағы үгітті жүргізу кезеңінде сайлау туралы заңнаманың сақталуына қатысты БАҚ сұрақтарының

ТІЗБЕСІ

  1. Бір БАҚ басқа кандидаттардың аталған БАҚ-қа жүгінбеуіне байланысты, тек бір ғана кандидатты қолдап үгіттік материалдарды тарату фактісі заңнаманы бұзушылық болып табыла ма?

Жоқ, егер БАҚ эфирді және баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді белгіленген уақытта жарияласа, заң бұзушылық болып табылмайды. Яғни, барлық кандидаттарға аталған БАҚ-қа жүгінуге мүмкіндік беріліп, тең шарттар қамтамасыз етілген. Егер басқа кандидаттар ұсынылған мүмкіндікті пайдаланбаса – бұл олардың құқығы.

 

  1. Сайлау туралы заңның 28-бабы 3-тармағының алтыншы бөлігіне сәйкес кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеген сөздерiне сөйлеп болғаннан кейін iле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады.Баспа басылымында кандидаттың сөзін және мысалы, оған сарапшылардың берген түсініктерін жариялау бұзушылық болып есептеледі ме?

Аталған норма баспа басылымының сол нөмірінде түсініктемелерді  жариялауға болмайтынын нақты айқындайды.

 

  1. Кандидаттардың сайлау алдындағы штабының, сенім білдірген адамдарының қызметі туралы теледидарда жаңалықтар сюжеттерін немесе баспа басылымдарында ақпараттық материалдарды тарату үгіттік қызмет болып табыла ма? Кандидат үшін дауыс беруге тікелей шақыруды (жақтастарының митингісінің кадрын плакаттармен қоса) дыбыстандырған, сипаттаған немесе көрсеткен жағдайда ше? Аталған сюжеттерді кандидаттың сайлау алдындағы қорынан төлеу қажет пе?

Жаңалықтар сюжеттері үгіт қызметі болып табылмайды, осыған байланысты оларға ақы төлеу талап етілмейді. Жаңалықтар сюжеттерін дайындаған кезде кандидаттар қызметін тең дәрежеде жариялау жөніндегі талап сақталуы тиіс.

 

  1. Интернет желісінде таратылатын үгіттік материалдардың қайсы (суреттер, дыбыс-, бейнероликтер және т.б.) таратуға тыйым салынған анонимдік үгіттік материалдар болып табылады?

Авторлығын анықтау мүмкін болмаса, барлық үгіттік материалдар анонимдік болып табылады. Анонимдік материалдарды таратқаны үшін ҚР ӘҚК  113-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік белгіленген.

 

  1. Сайлау күні және оның қарсаңындағы күні интернет-ресурстардан үгіттік материалдарды оқшаулау немесе алып тастау қажеттігі бар ма?

Дауыс беру болатын күні және оның қарсаңындағы күні одан бұрын орналастырылған барлық материалдар өз орнында қала береді. Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың негізгі беттеріне шығаруға, сондай-ақ жаңа үгіттік материалдарды орналастыруға болмайды.

 

  1. Сайлау күні және оның қарсаңындағы күні қоғамдық-саяси интернет-ресурстардың түсіндірмелер лентасында кандидатты жақтап немесе қарсы түсіндірмелердің берілуі заңнаманы бұзушылық болып санала ма?

Оларда сайлау алдындағы үгіттің белгілері болса, бұзушылық болып саналады. Дауыс беру күні және оның қарсаңындағы күні редакция сайлау туралы заңның үгітке тыйым салу туралы талабының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.

 

  1. Сайлау туралы заңның 27-бабы 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (оған) демеу көрсететін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.Шетелдік сарапшылардың сайлау алдындағы процеске, кандидаттардың бағдарламаларына немесе кандидаттардың өздеріне баға беретін сұхбаттарын жариялау заңнаманы бұзушылық болып есептеле ме?

Иә, егер сарапшылардың пікірлерінде сайлау алдындағы үгіттің белгілері болса, солай есептеледі.

 

  1. Сайлау туралы заңның 28-бабы 9-тармағының бірінші бөлігінде көзделген талаптар (қоғамдық пікірге сұрау салуға қойылатын талаптар) Интернет желісінде жүргізілетін онлайн-дауыс беруге қатысты қолданыла ма?

Иә, қолданылады. Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау caлу нәтижелерін жариялаған кезде интернет-ресурстар, бұқаралық ақпарат құралдары сияқты сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні жариялауға жол берілмейдi.

Сайлау күнi дауыс берілетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады (28-б. 9-т.).

 

  1. Шақырылған қонақтың әуелде сайлау тақырыбын  қозғамайтын бағдарламаларда/мақалаларда кандидаттардың бірінің пайдасына білдірген жеке пікірін (негізінен, сұхбат пішініндегі) орналастыру қалай бағаланады?

Егер онда үгіт белгілері болмаса, ол жариялана алады.

 

  1. Интернет арқылы сайлау алдындағы үгіттің тәртібі мен шарттарын қандай заңнамалық нормалар реттейді?

Сайлау туралы заңның 27-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына  сәйкес сайлау алдындағы үгіт бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырыла алады.

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабы 4-тармақшасына сәйкес интернет-ресурс БАҚ болып табылады.

Осыған байланысты Сайлау туралы Конституциялық заңның ережелері интернет-ресурсқа қатысты қолданылады және интернет-ресурста үгіттік материалдарды орналастыру мониторингі баспа басылымдары сияқты жүзеге асырылады.

 

  1. Сайлау туралы заңның 28-бабының 5-тармағына сәйкес барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олардың басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Бұл баспа БАҚ-тарына (газеттер мен журналдар) қатысты ма әлде бұл жерде тек үнпарақтар, буклеттер және сол сияқты баспа өнімдері туралы сөз болып отыр ма?

Иә, қатысты. Баспа БАҚ-тарындағы үгіттік материалдарда аталған материалдарды шығарған ұйым, олардың басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуы қажет.

 

  1. Электрондық БАҚ-тардың ақпараттық-талдау сюжеттерінде және газеттердің бетіндегі жарияланымдарда ҚР іс басындағы Президентінің қызметі оның сайлау алдындағы үгітпен байланыспаған дағдылы жұмыс кестесінің шеңберінде жария етіледі. Президенттікке басқа кандидаттардың сайлау алдындағы үгітпен байланыспайтын қызметін БАҚ-та жария ету кезінде барлық кандидаттар үшін тепе-теңдік балансы ескерілуі тиіс пе?

Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетінен орын, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей таратуға міндетті (27-б. 7-т.).

Сайлау алдындағы науқанға қатысы жоқ қызметті БАҚ-та жария ету кезінде аталған талап міндетті емес.

 

  1. Кандидаттың, егер олар редакцияның бастамасы бойынша шақырылған болса, телебағдарламаларға, мысалы, таңғы бағдарлама, ойын-сауық бағдарламары және т.б. қатысуы сайлау қорынан өтелуі керек пе?

Кандидатқа сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда олардың осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келiсiмi болуға тиiс. Жазбаша келiсiмi жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады (28-б. 7-т.).

Бұл жағдайда редакцияның іс-қимылы кандидаттың сайлау қорының қаражатынан төленуге тиіс қызмет ретінде танылады.

Кандидат пен редакция арасында шарт жасалуы тиіс, ал кандидаттың келісімін қосымша алу қажет емес.

 

  1. Кандидаттың бейнесін қолдану үшін оның электораттық науқанды жүргізуге сенімхат берілген сенім білдірген адамынан рұқсат алу жеткілікті ме немесе кандидаттың өзінің рұқсаты керек емес пе?

Сайлау туралы заңның 27-бабының 10-тармағы қандай да бiр адамның бейнесiн — оның жазбаша келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің жазбаша келiсімінсiз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тыйым салады.

Сайлау туралы заңның 27-бабының 10-тармағы мен Қазақстан Республикасы Азамататтық кодексінің 145-бабының талаптарын басшылыққа алу қажет.

 

  1. Шетелдік БАҚ, оның ішінде ресейлік, Қазақстанда өтетін электораттық процестерді белсенді жария етеді. Олар спутниктік және кабельдік желілер арқылы ҚР аумағында көрсетіледі. Бұл сайлау алдындағы процестерге шетелдік тұлғалардың қатысуы бөлігінде сайлау заңнамасын бұзушылық болып табыла ма?

Шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткiзуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады (27-б. 1-т.).

Осылайша,  шетелдік БАҚ-тың сайлауға қатысты материалдарды жария етуі кандидатты ұсынуға және сайлауға, сайлауда нақты нәтижеге жетуіне кедергі және/немесе жағдай жасамаса, мұндай қызметке тыйым салынбайды.

 

  1. Кандидаттардың өзінің сайлау алдындағы бағдарламаларын радиода және теледидарда баяндауға мемлекет ақша бөледі. Аталған хабарлардың пішімі сайлау алдындағы бағдарламаны дыбысбейне түрінде баяндауға ғана бағытталуы керек пе әлде сайлау алдындағы бағдарламаны шығармашылық түсіндіруге рұқсат етіле ме?

Сайлау алдындағы бағдарлама қандай пішімде немесе түрде баяндалатыны маңызды емес.

Бастысы, 29-бап талабының сақталуы — Сайлау алдындағы бағдарламада Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құру идеялары уағыздалмауға тиiс.

 

  1. Кандидаттардың өтінімі мен коммерциялық бөлімнің ілеспе құжаттарынсыз олардың сайлау алдындағы тұғырнамасын жария етуге бола ма?

  Сайлау туралы заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға шарттық негiзде эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бередi.  Телеарнамен шарт жасалмағандықтан, кандидаттардың үгітін олардың өтініштері мен коммерциялық бөлімнің ілеспе құжаттарынсыз көрсетуге негіз жоқ деп санаймыз.

 

  1. Мемлекет әрбір кандидатқа тең дәрежеде 15 минуттық эфир уақытына кепілдік береді. БАҚ ҚР ОСК-мен шарт жасауы керек пе және осы көлемге роликтер немесе жаңалықтардағы сюжеттер кіре ме немесе бұл материалдарды ұсынудың басқа нысандары бола ма?

Сайлау туралы заңның 28-бабының 3-тармағында әрбір кандидаттың телевизиядан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына қаражат берілуі көзделген.

Кандидат өзі БАҚ-ты таңдап, онымен келіседі. Шарт БАҚ пен ҚР ОСК арасында жасалады. Ақысын Ортсайлауком төлейді. Жаңалықтарда шығатынның барлығы аталған баптың қолданылу аясына жатпайды.

 

  1. БАҚ шығарылымында кандидаттарды атап өту тәртібі қандай болуы керек – оқиғалардың хронологиясы бойынша, әліпби тәртібімен, көпшілікке ортақтығы бойынша немесе басқа нұсқалары бар ма?

Сайлау туралы заңның 27-бабына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетінен орын, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей таратуға міндетті. Кандидаттарды жаңалықтарда атап өту тәртібін заңнама реттемейді. Оқиғаларды хронологиялық тәртіппен жария етілуі тиіс деп пайымдаймыз. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттардың сөз сөйлеу кезектілігі (үгіт материалы) жазбаша өтініштердің түсу тәртібімен немесе өтініштер бір мезгілде түскен жағдайда жеребе бойынша белгіленеді.

 

  1. Кандидаттар штабтарының белсенділігі әр түрлі және ақпараттық себептің саны да әр түрлі. Мұндай жағдайда тепе-тең жария етуді қалай қамтамасыз етуге болады?

БАҚ-та сайлау штабтарының қызметін ақпараттық материалдар шеңберінде жария ету, шынымен, көбінесе штабтар ұйымдастырған ақпараттық себептерге тәуелді. Бірақ, егер кандидаттар штабтарының әрқайсысы белсенділік көрсетіп жатса, онда олар тең көлемде жария етілуі қажет.

Сайлау штабтары ұйымдастыратын үгіттік іс-шараларға қатысты, мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актiлерiне сәйкес белгілi бiр кандидатты жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi.

Сайлау туралы заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.

Кандидаттардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткiзуiнiң тең жағдайына кепiлдiк беріледi.

Осыған байланысты, кандидаттың сайлау штабы үгіт жүргізудің тәсілдері мен әдістерін өзі таңдауға құқылы. Реттеуге, тіпті міндеттеуге Ортсайлаукомның құқығы жоқ.

 

  1. БАҚ қашан, кімге және қандай мерзімдерде эфирге қол жеткізу бойынша есеп береді?

Есептер берілмейді.

 

  1. Кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамдарының бір материалда сөз сөйлеуіне рұқсат етіле ме?

Рұқсат етіледі.

 

  1. Қарапайым азаматтардың кандидатты қолдап сөз сөйлеуіне жол беріле ме?

Сайлау туралы заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бірлестіктер қаржыландыруды талап етпейтін сайлау алдындағы үгітті жүргізуге құқылы (28-бап. 1-т.). Осыған байланысты, жария ету, сұрау кезінде, жаңалықтар шығарылымдарында және с.с жол беріледі деп есептейміз.

Қолдап арнайы сөз сөйлеу – үгіттеу әзірленетін болса, онда тек кандидаттың жазбаша рұқсатымен және сайлау қорының қаражатына ғана дайындалады.

 

  1. Кандидаттардың дауыс беруге тікелей үгіт жүргізбей, бірақ дауыс беруге меңзейтін акциялары үгіт болып есептеле ме (Мысалы: кандидаттардың бірінің ағаш отырғызуы немесе балалар үйіне баруы)?

Сайлау туралы заңның 27-бабы 1-бабына сәйкес сайлау алдындағы үгіт  — бұл сайлаушылардың кандидатты жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткі болу мақсатындағы қызмет.

Аталған талаптарға сүйенсек, кандидаттардың жария акцияларға  қатысуы, онда дауыс беруге шақыру қамтылмағанына қарамастан, үгіт болып табылады.

 

  1. Эфирде әлеуметтік сауалдар мен телекомпанияның электораттың артықшылықтары бойынша жеке блиц-сауалдарын, сондай-ақ сарапшылық болжамдарды орналастыру мүмкін бе?

Сайлаумен байланысты қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргізген ұйымды, оны жүргізуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесінің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.

Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді дауыс берілетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні жариялауға жол берілмейді.

Сайлау күні дауыс берілетін үй-жайда немесе дауыс беру пунктінде қоғамдық пікірге сұрау салуға тыйым салынады.

 

  1. Кандидаттардың басқа кандидаттардың атына сын айтуына жол беріле ме?

Жол беріледі. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; өтiнiш келiп түскеннен кейін баспа басылымының таяудағы нөмірінде сол бетте, сондай көлемде және сол қаріппен немесе теледидар не радио хабарларында жиырма төрт сағат iшiнде сондай уақытта аталған адамдарға ар-намысын, қадiр-қасиетін және iскерлiк беделін қорғауы үшiн терiске шығаруды тегiн жариялауына мүмкiндiк беруге мiндеттi екенін естен шығармау керек.

 

  1. Байқаушылардың бәрін де эфирге беру қажет пе?

Бұл – редакцияның құқығы.

 

  1. ОСК-ге келіп түсуі мүмкін кандидаттардың шағымдары немесе өтініштері қалайша жария етілуі мүмкін?

Орталық сайлау комиссиясының жұмысы туралы барлық жаңалықтар сияқты.

 

  1. Егер кандидаттардан өңірлерде түсіруге көп өтінім түсіп жатса, БАҚ редакциясы оларды ішінара жария ете ала ма?

Жария ету тең болуы тиіс. Кандидаттар ішінара жария етілетін болса,   Сайлау туралы Конституциялық заңның БАҚ-тың кандидаттар туралы ақпаратты баспа бетінің, эфир уақытының бірдей көлемінде тарату бөлігіндегі  талабы бұзылатын болады.

 

  1. Кандидат туралы айта отырып, бейнематериал арқылы тек оқиғаны ғана емес, оның көшеде ресімделген үгіт материалдарын да көрсетуге бола ма?

Жаңалық сюжеттерінде көрсетуге жол беріледі.

 

  1. Әлеуметтік желілер (Facebook, Twitter, Вконтакте, Одноклассники және т.б.) және мобильдік қосымшалар(WhatsApp, Viber, Skype, Instagram, Telegram және т.б.) бұқаралық ақпарат құралдарына жата ма?

Иә, жатады, өйткені олар Интернет арқылы жұмыс жасайды («Ақпараттандыру туралы» Заңның 1-б. 20) т.), демек, интернет-ресурстар болып табылады. Өз кезегінде, интернет-ресурс бұқаралық ақпарат құралына теңдестірілген ( «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР заңының 1-б. 4) т.).

 

  1. Сайттағы материал қалай көрінуі тиіс: МӘТІН мен БЕЙНЕ бір толыққанды материал болып табыла ма немесе бәрі жеке есептеле ме? Негізгі сұрақ – сайтта кандидаттар туралы бейнесюжеттерді орналастыру қажет пе әлде бейнесіз мәтіндермен ғана шектелген жөн бе?

Сайттың өзінің редакциясы орналастыратын мәтін мен бейне жеке-жеке есептеледі. Кандидаттарға баспа алаңының, эфир уақытының тең көлемде берілуіне мониторинг жүргізу кезінде блоггерлердің түсіндірмелері есепке алынбайды.

 

  1. Ақысы төленген материалдар – кандидаттардың бағдарламалары сайтқа салынуы тиіс пе? Егер тиіс болса, онда қандай өлшемдер бойынша салынады?

Негізгі талап – БАҚ шартты негізде тіркелген кандидаттарға эфир уақытын, баспа алаңын береді. Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақытын, баспа алаңын беру туралы шарттың талаптары кандидатқа артықшылықтар туғызбауы тиіс.

 

  1. Газет үгіт науқаны барысында таралымын ұлғайтуы мүмкін бе?

БАҚ-тың басты міндеті – кандидаттың БАҚ-қа беретін үгіт материалдарының ақысы төленген болуы тиіс. Екінші міндеті — егер бір кандидат үшін  белгілі бір таралым белгіленген болса, онда басқа кандидат үшін дәл сондай таралым болуы тиіс екеніне негізделген. Яғни таралым бірінші кандидат үшін де және екінші кандидат үшін де бірдей болуы тиіс. Бұл — міндетті. Әрине, газеттерге деген қызығушылық сайлау науқаны уақытында көрінеді. Олар таралымын  ұлғайтуы мүмкін, егер ол ұлғайтылса, онда барлық кандидаттар үшін ұлғайтылады.

 

  1. Кандидаттың атынан оның сенім білдірген адамдары мақалалар жариялай ала ма?

Иә, басты міндеті – барлық мақалалардың ақысы төленген болуы керек. Егер тіпті сенім білдірілген адам болмаса да, басқа адам сол кандидатқа үгіт материалымен сөз сөйлейтін болса – бұл оның кандидатқа қызмет көрсетіп  отырғанын білдіреді және ол одан жазбаша рұқсат алуы тиіс әрі аталған үгіт материалы сайлау қорынан төленуі тиіс.

 

  1. Үгіт материалдарын жариялауға кандидаттардың тең құқығын қалай қамтамасыз етуге болады?

Үгіт материалдарын жариялауға кандидаттардың тең құқығы, егер бір кандидат немесе оның сенім білдірген адамы газетке жүгінген болса, онда оған да басқаларға арналған жағдайлар берілуге тиістігімен қамтамасыз етіледі.

Кандидаттардың әрқайсысына бюджет қаражатынан 15 минуттық сөз сөйлеуге, екі мақалаға және с. с. бюджет қаражатынан бірдей ақша бөлінеді, бұл жерде сұрақ туындамайды, олардың барлығы тең жағдайда болады. Алайда, кандидаттардың әрқайсысында өз сайлау қоры, яғни қосымша эфир уақыты үшін немесе қосымша баспа алаңы үшін ақша енгізу мүмкіндігі болатын шығар, сірә. БАҚ үшін қанша материал болатыны маңызды емес, бастысы, олардың барлығы сайлау қорының қаражатынан төленген болуы тиіс.

 

  1. Сұрақ тең қолжетімділік пен мүмкін артықшылықтар туралы. Мысалы, бір кандидатты газеттің бірінші бетінде, ал екіншісін соңғы бетте басып шығарса немесе біреуі туралы ақпарат жаңалықтар шығарылымында берілсе, ал екіншісі туралы телеарнаның түнгі шығарылымында көрсетілсе. Бұл тең талаптардың бұзылуы ма?

Жоқ, бұзушылық болмайды. Материалдар баспаға және эфирге келіп түсуіне қарай немесе оқиғалар хронологиясы бойынша берілуі тиіс. Бұл ретте Президенттікке кандидаттарды тең көлемде жария ету талабы сақталуы тиіс.

 

  1. 27-баптың 6-тармағына сәйкес кандидаттар не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистер мен БАҚ-тың лауазымды адамдарының сайлауды жария етуге құқығы жоқ. Осыған байланысты журналистер көпшілік назарындағы тұлға бола тұрып, кандидаттардың сайлау штабтарына шақырылуы мүмкін, сонымен қатар олар телеарналарда бағдарламаларды да жүргізеді. Сайлау науқаны мәселелеріне еш қатысы жоқ бұл бағдарламалар жасырын насихат деп танылмай ма?

Егер журналист не лауазымды тұлға кандидаттың сенім білдірген адамы болса, онда заң  оған сайлауды жария етуге тыйым салады. Егер де олар қандай да бір сайлауға қатысы жоқ басқа бағдарламаларды жүргізетін болса, онда бұл —  олардың кәсіби міндеті. Жалғыз шарт – бұл бағдарламаларда оның кандидаттың сенім білдірген адамы екендігін ескертпеу.

Мемлекеттік қызметшілерге, лауазымды тұлғаларға үгіт жүргізуге тыйым салынады. Олар үгіт жұмысына қатысатын болса, еңбек демалысын алуы керек.

 

  1. Кандидатқа эфир уақытын БАҚ қалай беруі тиіс – алдын ала жазылған материалды шығара ма әлде тікелей эфир арқылы ма? Мәселе алдын ала жазбада ҚР Конституциясын бұзатын ақпараттың шығуының алдын алу болса, тікелей эфирде оның мүмкін еместігіне байланысты туындап отыр. Бұл жағдайда БАҚ жауапкершілік көтере ме?

Сайлау туралы заңда БАҚ кандидатпен эфир уақытын немесе баспа алаңын беруге шарт жасайтыны туралы айтылған. Шартта оның алдын ала жазылған материал немесе тікелей эфир болатыны белгіленеді. Егер кандидат тікелей эфирге шығаруды талап етсе, ал БАҚ келіспесе, бұл БАҚ-тың құқығы. Тікелей эфирде сөз сөйлеу кезінде кандидат өзінің сөйлеген сөздері үшін өзі жауапты. Егер көрсетілім кезінде бағдарламаның тікелей эфирінде жүргізуші болса және кандидаттың заңды бұзғанын көріп тұрса, онда жүргізуші ескерту жасап немесе эфирді үзіп тастай алады. Бұл заңды негіздерде  болады.

 

  1. Кандидат эфир уақытының берілгені үшін шарт бойынша өз сайлау қорынан ақы төлейді және бұл материалды ақысы төленгеннен соң ғана БАҚ эфирге шығаруы тиіс қой?

БАҚ пен кандидат арасында эфир уақытын немесе баспа алаңын беруге шарт жасалады, онда төлемақы сомасы, эфир уақытын немесе баспа алаңын беру шарттары көрсетіледі. Шарт жасалғаннан кейін ғана кандидаттың телеарнада немесе баспа басылымында сөз сөйлеуіне жол беріледі.

 

  1. Жүргізілетін мониторинг шеңберінде телебағдарламалардың қайталануы жеке үгіт материалы ретінде есепке алына ма?

Телебағдарламалардың қайталануы дербес материал ретінде есепке алынады, себебі қайталаудың мәні – оны басқа адамдардың қарауында, яғни, тиісінше телебағдарламаның қайталануын жаңа материал ретінде қарау қажет.

 

  1. Интернет-ресурстарда жеке аккаунттары бар журналистер бар және олар редакциялардың қызметкерлері бола тұра, жұмыстан тыс уақытта немесе тіпті жұмыста өздерінің аккаунттарын жүргізеді және кандидат туралы жалған ақпарат таратуы мүмкін. Бұл жағдайда осы адаммен қатар оның жұмыс берушісі жауапкершілік көтере ме?

Кандидат туралы жалған ақпарат таратуға болмайтыны туралы талап барлығына қатысты. Егер журналист мұндай бұзушылыққа жол берсе, онда ол өз сөзі үшін жауапкершілік көтереді. Бұл жерде оның жұмыс берушісінің жауапкершілігі туралы мәселе қозғалмайды. Мәселе оны пайдалана отырып, сол жалған ақпарат таратылған ресурсқа қатысты қойылуы мүмкін.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ