Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан тарихында сындарлы кезең болып табылады

0

«Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан тарихында сындарлы кезең болып табылады»         

Н.Ә.Назарбаев

Қазақ хандығы — қазақтардың XV және XIX ғасырлар аралығында қанат жайған, тәуелсіз ұлттық мемлекеті. Қазақ хандығы қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап, қорғап келген мемлекеттігінің нышаны. Ол ұлан – байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктуде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші роль атқарды.

Қазақ хандығының құрылу кезеңін баян еткен шығыс жылнамалырын талдап шыққан ресейлік зерттеуші Т. Сұлтанов Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханның бөлініп шығу жылын Һижраның 864/1459-60 жж. Деп көрсеткен болатын.

Керей хан (т.ж.б. – 1473) – Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тарихи тұлғаның бірі, алғашқы қазақ ханы. Ақ орда ханы Орыстың ұрпағы. Орыс ханнан Тоқтақия, одан Болат, одан Керей хан тараған «Тауарих – и гузида – йи нусратнаме» дерегі бойынша, Керей хан – Болаттың жалғыз баласы. Мұхаммед Хайдар дың «Тарихи – и Рашиди» атты еңбегінде Керей хан туысы Жәнібек ханмен бірге XV ғасырдың 50 – жылдарының аяғында Қазақ хандығының құрылуына қатысты оқиғаларда алғаш рет атала бастайды. Онда Керей ханмен Жәнібек ханның Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныстанғаны туйралы баяндалады. Бұл аймақ – сол жылдардағы Моғолстан билеушісі Есенбұға хан мен оның туған ағасы Жүніс хан иеліктерінің арасы болды. Керей хан мен Жәнібек хан қол астындағы ру – тайпалармен 1457 – 1459 жж. Шу өңіріне көшіп келген. Әбілқайыр ханга наразы сұлтандар, әмірлер, ру – тайпа басылары Керей хан мен Жәнібекке келіп қосылады. Аз уақыт ішінде Қазақ хандығындағы халықтың саны 200 мыңнан асып кетеді. Керей хан мен Жәнібек ханның арқасында Есенбұға хан ағасы Жүніске қарсы күресте сенімді, әрі мықты одақтас табады. Жүніс 1461-62 жылы Есенбұға хан қайтыс болғанға дейін Моғолстан тағына қарсы ешқандай әрекет жасай алмайды. 1461/62–1469 жылдары Моғолстан ханы Досмұхаммедтің мәнсіз, мағынасыз жүргізген саясаты салдарынан Керей хан Жүніске қолдау көрсете бастайды. Ақыры,1469 жылы Досмұхаммед хан қайтыс болғаннан кейін, Моғолстандағы билік басына еш қиындықсыз Жүніс хан келеді. Керей хан тұсында негізі қаланған Қазақ-Моғолстан қатынасы 16 ғасырдың 30-жылдарына дейін достық, бейбіт сипатта болады. Әбілхайыр хан Керей хан мен Жәнібек хан ықпалының күшейе бастағанынан қауіптеніп, оларды дер кезінде талқандау мақсатымен 1468/69 жылы жорық ұйымдастырады. Жорық кезінде Әбілхайыр хан ауырып, қайтыс болады да, әскері кейін оралады. Кешегі Әбілхайыр ханның қарсыластары – Ахмет пен Махмұт хандар, ноғай мырзалары Мұса мен Жаңбырлы, Сібір ханы Ибақ, шайбанилық Берке сұлтан және қазақ хандары Әбілхайыр ханның мұрагері Шайх Хайдар ханға қарсы шығады. “Тауарих-и гузида-йи нусратнаме” дерегінде қазақ хандары ретінде Керей хан мен Жәнібектің есімдері аталса, “Фатхнама”, “Шайбанинаме” деректерінде тек қана Жәнібек ханның есімі кездеседі. Дегенмен Керей хан есімі тарихи деректерде соңғы рет 1472 – 73 жылдары, Жүніс хан ордасына Бұрыш оғлан деген сұлтанның шабуыл жасауына байланысты аталады. Аңыз бойынша, Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген және Хан тауы етегінде жерленген.

Керей ханның қандай жағдайда, қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде нақты мәліметтер жоқ. Керей ханның үш баласы болды. Олар: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әлі. Олардың ішінде 30 жылдан астам Қазақ хандығын билеген Бұрындық ханнан соң тақ билігі түпкілікті түрде Жәнібек ханның ұрпақтарының қолына өтеді. Керей ханның қалған екі ұлы жөнінде деректер кездеспейді.

Жәнібек хан, Әбу Сайд (т.ж.б. – 1470) — Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы, Барақ ханның ұлы, Орыс ханның ұрпағы Барақ ханның кіші ұлы. Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаған. 1428 жылы әкесі Барақ хан (Ақ Орда ханы) өлген соң, Дешті Қыпшақтағы саяси билік Әбілқайыр ханға көшеді.

1457  жылдың  жаздың соңында Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін, Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен Моғолстанға көшеді.

Көшуге тарихи аңыз бойынша, Қобыланды батыр мен Ақжол би арасындағы дау-жанжал себеп болған.

Жазба деректер мәліметі бойынша, Керей мен Жәнібектің қалмақтарға қарсы әскер жию туралы Әбілқайыр ханның жарлығына құлақ аспауы және 1457 жылғы жеңілістен кейінгі қалыптасқан жағдай, яғни екі сұлтанға Әбілқайыр хан тарапынан қауіп-қатердің төнуі  Орыс хан ұрпақтарын өз ұлыстарымен бірге көшпелі өзбектер мемлекетінен кетуге мәжбүр етеді.

1457 жылы күз айының соңында көшіп келген екі сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойында қыстап шығады.

1541-1546 жылдары жазылған «Тарих-и Рашидиде» қазақ сұлтандарының билік ете бастауы 870 жылдан (1465-1466 ж) басталады делінеді. Керей хан қайтыс болғаннан кейін Жәнібек хандық билікке келеді. Бұрындық ханның билік құрған жылдарын есептемегенде, Қазақ хандығының билігі осы кезден бастап Жәнібек ханның ұрпақтарына толық көшеді. Қазақ тарихында Жәнібек хан  Қазақ хандығының құрылу үрдісіне толық қатынасып, басшылық еткен тарихи тұлға.

1469 жылға дейін Қазақ хандығының халқы Әбілқайыр ханның қарсыластары есебінен өсе түседі. 1463 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болған соң, көшпелі өзбектер мемлекетіне Сібірден  Ибақ хан, Алтын Ордадан  Ахмет хан, Ноғай ордасынан Мұса мен Жаңбыршы билер, Хорезмнен  Береке сұлтан, ал Қазақ хандығынан Жәнібек хан қарсы шығады.

1470 жылдың басында Шайх-Хайдар хан өлтірілген соң, көшпелі өзбектер мемлекеті толығымен күйреп, Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығының билігі орнайды.

Жәнібек хан XV ғасырдың 70 – жылдары ішінде қайтыс болған. Жәнібек хан тұсында Қазақ хандығы жеке ел болды. Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалды.  Олар: Иренші, Махмұт, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таныш, Әсік және Жадық. Бұлардың ішінде Қасым мен Әдіктің ХҮ ғасырдың соңы мен ХҮІ ғасырдың басында қазақ қоғамындағы рөлі өте зор болды. ХҮІ ғасырдың соңынан ХІХ ғасырға дейінгі барлық қазақ хандары Жәнібек ханның ұлы Жадық сұлтаннан тарайды

Мұаммед Хайдар Дулат (1499-1551) Қазақстан мен Орта Азия тарихнамасында, әсіресе, кейінгі орта ғасыр тарихында айтпай кетуге болмайтын бір тұлға Мұхаммед Хайдар Дулат немесе ежелгі кітаптарда көрсетілгендей, Мырза Мұхаммед Хайдар бен Мұхаммед Хұсайын Көреқан Дулат. Әдеби шығармаларыда Мырза Хайдар немесе Хайдар Мырза деп аталған.

Мұхаммед  Хайдар байырғы ақ сүйектер тұқымынан, дулат тайпасының әмірлерінен шыққан. Оның бабалары сол тұста Моғолстан аумағына кірген Оңтүстік – Шығыс Қазақтанның ұлыс бектері мен тархандары болған. Мұхаммед Хайдар өте қиын да қайшылықты уақытта өмір сүрді, шонжарлар тегінен шыққанынақарамай тағдыр оны онша еркелете қоймаған. Анасы Хуб Нигар ханым Моғолстан билеушісі Жүніс ханның қызы. Орта Азия тарихынан жақсы таныс қолбасшы және Әмір Саид хан, сондай – ақ Ұлы Моғолдар империясының негізін қалаушы Захир әд – Дин Мұхаммед Бабыр шешесі жағынан жақын нагашылары болып келеді. Осынау тынышсыз уақытта Мұхаммед Хайдардың әкесі әскербасы Хұсайын қаза табады да, тоғыз жасар баланы нағашысы Кабул билеушісі ақын Захир әд – Дин Бабырға жібереді. 1512 жылы ер жетіп қалған Мұхаммед Хайдар екінші нағашысы Сұлтан Саид ханға келіп, Қашқарда жұрт қатарлы жауынгерлік міндетін орындауға кіріседі. Екі жылдан кейін Жаркент қаласы үшін болған соғысқа қатысады. Сонымен қатар Тибет пен қырғыз жорықтарына қатысқан.

Ыдырапкеткен Әбілқайыр хандығы мұрагерлері  Сырдария бойындағы иеліктерді ғана сақтап қалуды көздеді . Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Темір әулеті мемлекетінің билігі әлсіреді. Сырдария бойындағы қалалардың Қазақ хандығы құрамына  алынуының  басты қарсыласы Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан болды (қазақтар оны Шайбақ хан деп атап кеткен). Қазақтардың бірігуіне байланысты қазақ әскери күштері, әрине, Шайбақ жасақтарынан басым түсті. Алайда, Сырдария қалаларына қайткенде де өз билігін жүргізуді амалдаған мазасыз Шайбақ бірде  Темір әулетінің, екіншісінде моғол хандарының немесе ноғай мырзаларының көмегіне сүйеніп жүреді. Сөйтіп, Қазақ хандығының кеңеюіне бірнеше көршілес мемлекеттер шек қоюға тырысқан. Әуелі  Еділдегі  Хажы – Тарханға қашқан Шайбаниді  Темір әулетінің  Түркістан уалайтындағы әкім көмек беруге иландырып, шықырып алады. Бірақ, қазақтар оны билікке маңайлатпай, 1470 жылы Керей хан Түркістанға әскерімен келеді. Жәнібек ханның ұлдары Махмұд бен Жиренше сұлтандар Созақ пен Сауранды алады. Бұқарға қашқан Шайбаниды «Дешті Қыпшақтың ханы» жариялаймын деп Ноғай Ордасының билеушісі Мұса мырза дәмелендіреді. Шайбани екі жылдан соң қайта оралып, Арқұқ пен Сығанақты алады. Қазақтар Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан басқарған біріккен «сансыз көп» күш жиып, Қаратаудағы Соғындық кезеңінде шайбанилерді тас- талқан қылып жеңеді. Сырдария бойындағы Сығанақ пен өзге қалалар қазақ хандарының басқаруында қалып, Шайбани Маңғыстауға қашады. Мемлекетаралық тартыстарға Моғол билеушілері де араласып, 1482-1485 жж. Жүніс хан Темір әулетінен Ташкент пен Сайрамды тартып алды. Мұхаммед Шайбани аз уақытқа Арқұқ пен Сығанақты басып алды, бірақ қазақ әскерінің қысымына шыдай алмай, жеңіліп, 1486 жылы Қаразымға (Хорезмге) кетті. 1490 ж. Моғол билеушісі Сұлтан Махмұд хан Темір әулетінен босатып алған Отырар қаласын беріп, Сыр бойындағы жағдайды қиындата түседі. Қазақтардың моғолдармен шайқасуына тура келді. Отырарға сүйеніп, Шайбани Йасы мен Сауранды алады. Бұл жолыда Шайбани өктемдігіне тойтарыс берілді. Бұрындық хан, Әдікпен Қасым сұлтандар басқарған қазақ әскерлері қала тұрғындарының көмегіне Сауранға кірді. Алайда, Отырарды алуға келген қазақ әскерлеріне қарсы Шайбани мен Моғол ханы күш біріктірді осыған байланысты, Бұрындық хан қала қоршауын тастап, Шайбанимен бітім жасады.

Осы күнге дейін «қазақ» терминінің шығу тегі туралы нақты түсіндірме жоқ. Ежелгі Алтай мен Сібір халықтарының тілдерінде «қазақ» термині – берік, мықты, алып дегенді білдіреді. Дешті Қыпшақта ІХ-Х ғасырларды «қазақ» сөзі азат, ерікті деген мағынада қолданған. Керей мен Жәнібек сұлтандар билік құрған қарай қазақ термині этнонимге, яғни халықтың атауына айналды. Есен Бұға қайтыс болғаннан кейін, Моғолстан хандығы бұрынғы күш қуатынан айрылып, оның көптеген тайпалары Қазақ хандығына қосылды.

Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын саяси және экономикалық тұрғыдан нығайта түсу қажеттігін түсінді. Сөйтіп қалалар қалпына келтіріліп, жаңа жайылымдар игеріліп, сауда саттық пен қол өнер дамып қазақтардың біртұтас аумағы құрылды.

Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқыныі тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол қлан-байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды. 2015 жылы Керей мен Жәнібек Қозыбасыға орналасып, Қазақтың туын көкке көтергеніне 550 жыл толып отыр.Олай болса, мереке баршамызға құтты болсын.  Ата-бабамыз қалдырған осындай кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болайық!. Қазіргі кезеңде тек бірлікпен болашаққа сенімді қадамдармен жүгіруіміз керек. Мың жаса тәуелсіз Қазақ Елі!!!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ