Қазақ хандығы қалай құрылды?

0

Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты ең маңызды дәйекті деректі біз Мырза Мұхаммед Хайдар Дуғлаттың «Тарих- и Рашиди» еңбегінен аламыз. XVI ғасырдағы белгілі тарихшы Мырза Мұхаммед Хайдар Дуғлаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасы XIV-XVI ғасырлардың басында Қазақстан аумағы мен көрші аумақтарда өмір сүрген ірі мемлекеттердің бірі Моғолстан тарихына арналған. Бұл еңбек — Қазақ хандығының тарихын зерттеу үшін де аса маңызды бастапқы деректеме. Онда тоқсан жыл ішіндегі қазақ хандарының тарихы қысқа, дәйекті түрде баяндалған.

«Тарих-и Рашиди» — XIV ғасырдың екін­ші жартысы — XVI ғасырдың басындағы Моғолстанның және XVI ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы Қашғарияның Шағатай ұрпағынан шыққан хандарының тарихы жөніндегі ғана емес, сонымен қатар дуғлаттардан шыққан атақты адамдардың Шығыс Түркістан бөлігіндегі (Маңлай Сүбе) билік ету тарихы жөніндегі де негізгі түпнұсқа деректеме. Бұл шығармада соңғы орта ғасырларда Жетісуды, шығыс Дешті Қыпшақты, Тянь-Шань аймағын, Шығыс Түркістанды мекендеген моғолдардың, басқа да тайпалар мен халықтардың, атап айтқанда, қырғыздардың, ұйғырлардың, өзбектердің, ойраттардың және басқалардың тари­хы жөнінде құнды мәліметтер бар. Онда алғаш рет тарихнамада қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің көшіп кетуі туралы хабарланады. Соны­мен қатар бұл еңбекте Жетісу мен Шығыс Дешті-Қыпшақта болған оқиғалар, Моғолстанның құлауы, феодалдық соғыстар, қазақтар, қырғыздар және өзбектердің сыртқы жауға қарсы күресте өзара одақтасуы туралы дәйектер бар. (Қараңыз: Қазақтар. Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық. -Алматы: Қазақстан даму институты, 1998. — Т.2.-б.63).

Соңғы орта ғасырлар кезіндегі Қазақстан та­рихын зерттеу ісі Ресейде XIX ғасырдың екін­ші жартысынан бастап қолға алынды. Мықты орыс ориенталисі В.В.Вельяминов-Зернов өзінің «Касимов патшалары мен ханзадалары туралы зерттеу» деген төрт томдық тарихи еңбегінде алғаш рет XV-XVI ғасырлардағы Қазақстан та­рихына назар аударды. (Қараңыз: Вельями­нов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. 2-бөлім. -СПб.,1864. Тру­ды Вост.Отд.Имп. Русского археолог. Об-ва.- Т.X). Ғалым еңбегінің екінші бөлімінде қазақ хандығының тарихын рет-ретімен баяндап, бұл мемлекеттің құрылуы туралы пікір айтқан, оны Керей және Жәнібек хандардың Жетісуға көшіп кетуімен байланыстырып, қазақ хандарының ноғай, моғол билеушілерімен сыртқы саяси бай­ланыстарын көрсеткен.

Қазақ мемлекеті тарихының аса маңызды мәселелерінің бірі оның құрылған уақыты ту­ралы мәселе болып табылады және оның пайда болуының нақты уақыты жөнінде ғана емес, сонымен қатар оның бастапқыдағы аумағы, этникалық негізі, беріктік дәрежесі, мықтылығы, оның бір мемлекет немесе бытыраңқы бірнеше иелік болған-болмағаны жайында да сөз болды. Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуы мен даму ба­рысы халықтың этникалық топтасуымен тығыз байланысты екендігін ескеру қажет болды.

С.К.Ибрагимов дербес қазақ мемлекетінің құрылу мерзімін XVI ғасырдың 30-40 жылдары­на жатқызды, ал Жәнібек, Бұрындық хандардың, Жәнібектің ұлдары Махмұд, Еренші есімдері­мен байланысты XV-XVI ғасырдың басындағы қазақ ұлыстарын жеке феодалдық иеліктер деп анықтады. (Қараңыз: Ибрагимов С.К. К исто­рии Казахстана в XVв //Вопросы филологии и истории стран советского и зарубежного Востока.-М., 1961.172-180 бб).

Б.А.Ахмедов Қазақ хандығы XV ғасырдың 80-90 жылдарында, Шығыс Дешті Қыпшақ халқының бөліну және осы аймақтағы «көшпелі өзбектердің» бір бөлігінің Мауараннахрға көшіп кету процестері барған сайын нақты айқындалған кезде құрылды деп санады. (Қараңыз: Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков- М., 1965. 150-151бб).

Т.И.Сұлтанов Қазақ хандығы құрылуын неғұрлым ертерек кезге XV ғасырдың 70-жылдарының басына жатқызады. Бұл мәселеге өзінің бірнеше еңбегін арнаған ол 1470/1471 жылдарға (хижра бойынша 875 жылға) тоқталып, бұл оқиғаны Шығыс Дешті Қыпшақтағы жағдаймен байланыстырды. Автор Әбілқайыр хан өлгеннен кейін Қазақстанның далалық бөлігінде, «Өзбек ұлысында» әулеттердің ауысуына баса назар аударады: билік басына Шайбанилер әулетінің орнына Тоқа-Темір ұрпақтарынан шыққан қазақ хандарының әулеті келіп, Қазақ хандығы құрылған. (Қараңыз: Султанов Т.И. История Казахского ханства. -Алматы, 2003.-стр. 30- 38).

Т.И.Сұлтанов Қазақ хандығын біртұтас мемле­кет деп жазады, ол «Қазақ хандығының тарихы аяқталды. Қазақ хандықтарының тарихы бастал­ды» деген XVII ғасырдың аяғы үшін маңызды қорытындысы бар әйгілі сөздерді жазған.

XV ғасырдың 20-шы жылдарының аяғында Қазақстанның орталық және солтүстік-батыс аудандарының территориясында бірнеше тәуелсіз иеліктер пайда болды. Арал теңізінен солтүстікке қарай Шайбани әулеті Жұмадық- ханның ұлысы, бұдан батысқа таман-Ғазиби ие­ленген Ноғай (Маңғыт) ұлысы болды. Шайбани әулеті Мұстапа-хан Атбасарда, маңғыт Кепек мен Адаб-бек бүркіт Тура өңірінде билік жүргізді. То­былда Шайбани әулеті Махмұд Қожа-хан иелігі орналасты. (Қараңыз: Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков-М., 1965. 42-44 бб).

Биліктегі ақсүйектердің қиян-кескі өзара тартыстары көшпелі халықтың жағдайына ауыр тиді. Осындай жағдайда Жошы әулеті Шайбанның ұрпағы, Дәулет-Шайх-оғланның баласы Әбілқайыр билікке келді. Ол тез ара­да Орталық және Солтүстік Қазақстандағы көптеген тайпалардың үстем тобының қолдауына ие болды. 1428 жылы Тура өңірінде (Батыс Сібір) Әбілқайыр хан болып жарияланды. Әбілқайыр ханның қырық жылғы басқарғанына қарамастан мемлекеттің ішкі саяси жағдайы берік болма­ды. 1446 жылы Әбілқайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау баурайындағы бірқатар қалаларды: Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алды. Сығанақ хандықтың астанасына ай­налды.

Шыңғыс ұрпағының өзара тартысы Әбілқайыр хандығын әлсіретті, ал оның өз қарсыластарын аяусыз басып-жаншуы мен езгіні күшейтуі хан билігін нығайта алмады. Әбілқайыр хандығынан хиджраның 864 жылы (1459-1460 жж) Ұрыс ханның шөбересі және Ақ орданың билеушісі Барақ ханның баласы Жәнібек пен оның туысқаны Керей көшпелі және жартылай көшпелі халықтың өздеріне тәуелді тайпалар топтарын біріктіріп, Оңтүстік-Батыс Жетісу территориясына, Моғолстанға көшіп кетті.

Мырза Мұхаммед Хайдар Дуғлат бұл туралы «Тарих-и Рашиди» еңбегінде былай деп баяндайды: «Әбілқайыр хан Дешті Қыпшаққа түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы әулетінен шыққан сұлтандар оны орнынан тайдырмақ болды. Жәнібек-хан мен Ке­рей-хан аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға келді. Сол уақытта Моғолстан хандығын билеп отырған Есен- Бұға хан оларды құрметпен қарсы алып, оларға Шу мен Қозыбас өңірін берді, бұл жер – Моғолстанның батыс жақ шеті». (Қараңыз: Дулати М.Х.Тарих-и Рашиди.-Алматы, 2003).

XV ғасырда Моғолстан жеріне Талас пен Шу аралығына созылған кең жазықтық пен солтүстік-шығысында Ертіс пен Емелді, солтүстігінде шекарасы Көкше теңіз (XVIII ғасырдан бастап Балқаш көлі деп өзгертілген), арқылы Әбілқайыр хандығымен шектессе, оңтүстігінде Моғолстан құрамына Қашғария кірді. «Моғолстан» — деген сөз парсы атауы, «моголдар елі» деген түсінік береді. Орта Азияда «монғол» сөзі осылай «н» әрпін алып тастап жазылатын және айтыла­тын болған. Сонда Орта Азияда ол заманда монғолдарды «моғол» деп атап, осыдан келіп ел аты Моғолстан болып аталған. Моғолдар деп бұрыңғы Шағатай ұлысының шығыс бөлігінде көшіп-қонған көшпенді халықты атаған. Ол жыл­дары моғолдардың жоғарғы билеушісі Есен-Бұға хан болды.

Махмуд ибн Уәли де қазақ билеушілерінің ауа көшуінің лажсыздан болғандығын атап көрсетеді. «Жошы ханның баласы Тоқай-Темір-ханның кей­бір ұрпақтары, мысалы, Керей-хан мен Жәнібек хан мойын ұсыну мен бағыну шеңберінен шықты да, ата-бабасынан мұра болып қалған елден бас тартып, отанын тастап кетуді артық көрді…» Өздерінің Әбілқайырға бағынудан бас тартуы себебін олар мұрагерлік дәстүрлер бұзылды, Ақ Орда хандарының ұрпақтарымыз, біздің билік жүргізетін хақымыз бар деген дәлел келтірді.

Қазақ халқы бұқарасының бүкіл он жыл бойына — XV ғасырлардың 50-ші жылдарының соңынан 60-шы жылдардың аяғына дейін Жетісуға жылжуы бұл әдеттегі ауа көшу болған жоқ; өздерінің жақын тәуелділерімен феодал шонжарлар ғана емес сонымен бірге мың- мыңдаған қарапайым халық, малшылар мен егін­шілер де көшті. Мұнда жылжыған қазақтарды тоқтатуға Моғолстан әміршісі Есенбұғаның шын мәнінде нақты күші жоқ еді. Қазақ хан­дары Жәнібек пен Керей Есен-Бұға мен оның інісі Жүніс арасындағы таққа талас күресін өз мақсаттарына пайдалана білді. Моғолстан ханы Есен-Бұға өз кезегінде өзінің қарсылас інісі Жүністі қолдап отырған Әбілқайыр хан мен Темір әулетіне қарсы күресінде Моғолстанның батыс шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ұмтылып, қазақ билеушілері мен одақ жасауға мүдделі болды. Есен-Бұға хан сондай- ақ XV ғасырдың 20-шы жылдарында-ақ Жеті­су мен басқа да аудандарын мазалай бастаған ойраттардың шабуылдарына тойтарыс беру үшін қазақтарды нақты әскери күш ретінде пайдаланбақ болды. Махмуд ибн Уәли Жәнібек пен Керейдің қазақтары Моғолстанның шет аймақтарында ойраттармен шайқасты деп хабар­лайды. (Қараңыз: Қазақ ССР тарихы (көне за­маннан бүгінге дейін).-Т.2.-Алматы, 1979).

Есен-Бұға 1462 жылы қайтыс болған соң, Ташкентте отырған інісі Жүніс Моғолстандағы билікті басып алуға сәтсіз әрекет жасады. Тартыс бұрыңғыдан бетер күшейді. Моғолстанда шын мәнінде ешкім билемеген кезең басталды. Бұрыңғысынша Моғолстанды ойраттардың (қалмақтардың) қысым жасауы әлсіретті. 1467-1468 жылдар шамасында оның территориясына Амасанчи тайшасының үш жүз мыңдық ұлысы жақындап келді. Моғол билеушілерінің оңтүстік Сырдария өңірінің қалаларын жаулап алу әрекеті саяси жағдайды өзгерте алмады, олардың Жетісудағы билігі барған сайын әлсіреді. Осы тарихи сәтті жібер­меген Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын құрды. Керей хан (туған жылы белгісіз, XV ғасырдың 70-жылдарының басында қайтыс болған) — қазақ хандығының негізін қалаған ханның бірі. «Таурих-и гузида-йи Нусратнама» (1268-1270) еңбегінің авторы айтып өткеніндей, Керей хан — Орыс хан немересі Болат ханның ұлы. Керей хан есімі тарихи деректерде соңғы рет 1472-1473 жылдары Моғол ханы Жүністің ордасына Бұрыш оғлан сұлтан шабуыл жасаған кезде айтылады. Керей хан 1472-1473 жылдардағы оқиғалардан кейін қайтыс болған деп есептеледі. (Қараңыз: Қазақтар. Көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық. -Алматы: Қазақстан даму институты, 1998. — Т.2.-б.61-62). Жәнібек Әбусағит (туған жылы мен өлген жылы белгісіз) — қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің не­гізін қалаушы, Барақ ханның ұлы, Орыс ханның шөбересі еді.

Қазақ хандығы бір күнде құрылған жоқ. Әбілқайыр ханнан іргесін бөлек салған Керей хан мен Жәнібекке алғаш соңдарынан ерген халықпен хиджраның 864 жылы (1459- 1460) Моғолстанға қоныс аударды. Осы жыл­дан бастап, олардың соңына ілескен халық көші күн санап толастамады. Әбілқайыр хан қол астынан қашқан ел Жетісудың ба­тысын қоныстанған Керей мен Жәнібек ауылына қарай ат басын бұрды. Бұл жайлы Мұхаммед Хайдар былай дейді: «Әбілқайыр ұлысында алауыздық пайда болды. Әркім мүмкіндіктеріне қарай қауіпсіз һәм дұрыс өмір сүруі үшін Керей хан мен Жәнібек хан­ды паналады. Олар осылай күшін нығайтты. Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп жырылып қалып, біраз уақыт тарығып әрі сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды. (Қараңыз: Дулати М.Х.Тарих-и Рашиди.-Алматы, 2003). М.Х. Дуғлатидің «Та­рихи Рашиди» еңбегінде қазақтар атауы әуелде «өзбек-қазақ», кейін «қазақ» ретінде Жетісуға көшкен, Жәнібек пен Керей бастаған саяси топ­тарды білдіру үшін қолданылған.

XV ғасырлардың 60-шы жылдарының екін­ші жартысында Шу мен Талас өзендерінің аңғарында Қазақ хандығының пайда болуы әбден заңды еді.

Мұхаммед Хайдар хандықтың құрылуын хижраның 870 жылына (1465-1466 жж) жатқызды. Бұл мерзімнің шындыққа сәйкес келетіні айқын, өйткені Моғолстанда қалыптасқан саяси жағдай қазақ хандары билігінің нығаюына және дербес саяси бірлестіктің құрылуына көмектесті. Халықтың құралуы-ұзақ процесс, оның түпкілікті құралу мерзімін белгілі бір нақты уақыт кезеңімен дәл байланыстыру қиын. Де­генмен тарихи, археологиялық-этнографиялық, антропологиялық және лингвистикалық деректемелер жиынтығы қазақ халқының құрылу процесі XIV-XV ғасырларда негізінен аяқталды деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

Қазақ хандығының пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Түркістанның кең- байтақ аумағындағы әлеуметтік-экономикалық процестердің заңды қорытындысы болды.

2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толмақ. Бұл оқиғаның саяси және қоғамдық маңызы сол, 1465-66 жылдары ір­гесін көтерген қазақ хандығы Орта Азиядағы бірінші ұлттық мемлекет, оның ең басты маңызы бұл хандықты құрған ұлт — қазақ халқы бүгінде өміршеңдігімен көрініп отырған жұрт. Қазақ халқы хандықты құрып қана қойған жоқ, оны ғасырлар өте әлем халқы таныған мықты елдер қатарына қосуға бүгінгі таңда еңбек етуде.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ