Шәкәрім Құдайбердіұлының (1858-1931) шығармашылық өмірбаяны.

0
  1. Сабақтың жоспары:

 Абайдың тікелей тәрбиесінде болуы.

  1. Шәкәрімнің білімдарлығы.
  2. Тәлім алған рухани бастаулары.
  3. Шәкәрімнің ойшылдығы.

  1. Теориялық мәліметтер      

Шәкәрім шығармашылығы – қазақ әдебиетінде Абайдан кейінгі ірі құбылыс. Ол – Абайдың жақын інісі болуымен қатар, тікелей Абай мектебінен өткен нағыз шәкірті. Шығыс, Батыс классиктерінің шығармашылығын жете танып, мұсылмандық ілім-білімді де еркін меңгерген.

            Ұзақ жылдар бойы солақай саясат кесірінен ескерусіз қалып, әдебиет тарихына енбеді. Шәкәрім — әдебиеттің көптеген жанрларында туындылар жасаған қаламгер. Шығармашылығының басты тақырыптары сол кездегі қазақ қоғамының бар саласын қамтыған. Ол әсіресе, Абай үлгісін шашуда елеулі еңбек етті. Сондықтан Абай дәстүріндегі көркемдігі жоғары, мазмұн, түр жағынан сонылығы басым, үлкен қоғамдық-әлеуметтік мәні бар лирикалар туғызды. Абай ұстанған ағартушылық, гуманистік көзқарасты қатты қолдады.

            Алғашқы жинағы «Қазақ айнасындағы» (1912) өлеңдері қамтитын тақырыптардың бастысы – адам тағдыры, адам өмірінің мәні, адамгершілік тәрізді философиялық ой-таным. Жанға, тәнге, көңілге, өлім мен өмірге байланысты өлеңдер («Өзіме», «Өмір», «Талап пен ақыл», «Адамшылық», «Адам немене», «Көңіл», «Тәңірі мен жан», т.б.) Шәкәрім поэзиясының негізгі желісі. Өлеңдерінде ой тереңдігі мен ақындық танымның кеңдігі («Өлген көңіл-ындынсыз өмір», «Тіршілік, жан туралы», «Жан менен дене, һәм көңіл») көзге айқын шалынады.

            Ш. Құдайбердиев 1858 жылы 11 шілдеде Шыңғыс тау бөктерінде, қазіргі Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Абай ауданында дүниеге келген. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді – Күңке дейтін бәйбішесінен туған жалғыз ұлы. Құдайбердінің Дәметкен (Төлебике) дейтін бәйбішесінен Омар, Мұртаза, Шаһмаржан, Шәкәрім туған. Ол – Абайдың немере інісі.

            Шәкәрім бес жасында ауыл молдасынан хат таниды. Әкесі Құдайберді 1866 жылы отыз жеті жасында дүниеден өтіп, Шәкәрім жеті жасында жетім қалады. Бұған оның мына өлең жолдары куә.

Бесімде оқу білсін деп,

Ата-анам берді сабаққа.

Жеті жаста жетім боп,

Түскендей болдым абаққа.

Қазақ халқының бай әдеби мұрасына қоса, өзге жұрттың да әдебиетін жетік білген Шәкәрім көп тілді (араб, парсы, түрік, шағатай, орыс) меңгерген. Шәкәрімнің азамат ретінде қалыптасуында, Абай тәрбиесінің өзіндік орны бар. Оның өз заманының білімді де, парасатты азаматы дәрежесіне көтерілуіне Абай ерекше әсер еткен. Бұл туралы жоғарғы еңбегінде Шәкәрімнің өзі былай дейді: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза – қазақ ішінде Абай деп атайды – сол мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағылым алып, әр  түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Алай болмағанда данішман, хаким, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті».

1904 жылы ұлы ұстазы Абайдың дүниеден өтуі Шәкәрім санасына, оның өмірге деген көзқарасына, шығармашылық болмысына ерекше өзгерістер әкеледі.

Ағасы Абайға берген уәдесінің үдесінен шығу ниетімен 1905-06 жылы қажыға барып қайтады. Сапардағы уақытының көбін Стамбул, Бағдат, Мысыр кітапханаларындағы ғылыми мұраларды оқуға, тарих тереңіне үңілуге пайдаланған. Үлкен баласы Ахаттың естелігі бойынша ол Стамбул кітапханасында он үш күн отырады.

Шәкәрім ел ортасының дау-дамайынан, айтыс-тартыстарынан, қаскөйлік пиғылдарынан түңіліп, ең алғаш рет 1909-10 жылдары оңаша елсізге кетіп, кітап оқу, жазумен шұғылданған. Шыңғыстағы Шақпақ тауының етегінде, өзі «Саят қора» деп атаған жерде еркін өмір сүріп, серуен құрып, шығармашылықпен айналысып, өзімен-өзі болады.

Шәкәрім 1917 жылғы ақпан төңкерісін қуанышпен қарсы алады. «Бостандық таңы атты», «Бостандықтың туы жарқырап» деген өлеңдер жазады. Осы кезде «Алаш» партиясы құрылып, қазақ зиялылары Шәкәрім сияқты халық алдында беделді ақсақалды өз ортасына шақырады. Шәкәрім алашшылдар съезінің құрметті ақсақалы болады. Қазақ зиялыларының ақылшысына, кеңесшісіне айналады.

1917-25 жылдары аралығында Шәкәрім өмірге қайта оралғандай болады, ел ішіндегі игі өзгерістерді құптайды, газет-журналдар бетінде замана ағымына үн қосқан өлеңдер бастырады. Алайда оның тыныштық жағдайда өмір сүріп, шығармашылықпен алаңсыз шұғылдануына ойы таяз әсіре белсенділер мүмкіндік бермейді. Жетпіс екі жасқа қараған шағында Шәкәрім тағы да Шыңғыс тауына кетіп қалып, жалғыз тұрады. Сондықтан да жергілікті ГПУ-дың бастығы Шәкәрімге сенбейді, оның елсізде жалғыз жүруі сезікті ойға от береді. Өздері бандалар деп бағамдаған адамдарды ұстауға келе жатқан ГПУ бастығына аң аулап жүрген Шәкәрім кездеседі. Олар ақ-қарасын айырып жатпай, Шәкәрімді атып тастайды. Міне осылай 1931 жылы 20-қазанда ұлы ақын қайғылы қазаға ұшырайды.

  1. Бақылау сұрақтары:

  1. Абай ауылында туып, Абай тәрбиесінде болуы.
  2. Шәкәрімнің азамат, ақын ретінде қалыптасуына ұлы ақынның тигізген әсері.
  3. Абай негізін қалаған реалистік әдебиет дәстүрін жалғастырғандығы.
  4. Өз бетімен білім жинау жолдары.
  5. Әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілдерімен шығармашылық байланыста болуы.

  1. Студенттің үй тапсырмасы

 

  1. Шәкәрім — репрессиялық жылдардың құрбаны.
  2. Шәкәрімнің туған  елімен қайта табысуы.
  3. Шәкәрімнің өмір жолы.
  4. Ақынның шығармашылық жолы.
  5. Абайдың көрнекті ақын шәкірті.

  1. Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы

  1. Шәкәрімнің өмір жолы, шығармашылық жолы, әдеби ортасы туралы талдау      жүргізу

                — конспект жазу.

  1. СӨЖ тақырыбына сәйкес жазылған

                — баяндама;

                -реферат;

                — тестілік сауалнама.

  1. Әдебиеттер тізімі

  1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – А., 1995
  2. Мұхаметханов Қ. Абайдың ақын-шәкірттері – А., 1991
  3. Бекмырзақызы С. Мұхтартануға кіріспе – Ш.,2000
  4. Әуезов М. Абай мектебінің ақындары. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. -А., «Ғылым» 1998
  5. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. Абай дәстүрі және Шәкәрім. -А., «Қазақ университеті», 1992
  6. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары. -А., «Жазушы», 1998
  7. Әкімов Т. Даналық мәйегі. -А., «Ана тілі», 1995
  8. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. Оқу құралы. -А., «Санат»,1977

9.Мұхаметханов Қ. Абай төңірегіндегі ақындар. Ф.ғ.к. ғылыми дәреже алу үшін ізденіп жазылған диссертация. -А., 1959

  1. Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев. -А., 1990

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ