Базар Оңдасұлы (1839-1911)

0

Жоспары:

1.Өмірі туралы мәлімет.

2.Толғау-термелерінің тақырыптық- идеялық мазмұны.

3.Дастандарындағы фольклорлық сипаттар.

  Қызылорда облысының Қазалыға қарасты Көшербай болысы, 6-аулында туып өскен. Базардың өлеңін жинаушылардың бірі Әлқуат Қайнарбаевтың деректеріне қарағанда ақын 1839 жылы туып, 1911 жылы өлген (бейіті Қызылқұмның Жалпақтау деген жерінде). Шыққан тегі кедей. Тек 16 жасынан бастап өнер жолына түскен. Базардың ұрпағы Өзбекстанның Бұхара облысы, Тамды ауылы, Қосбармақ деген жерінде тұрады. Базар өз бетімен оқып, сауатын ашқан. Ер жеткен шағында діни кітаптарды, қолына түскен шығыс әдебиет үлгілерін бас алмай оқып жүрген. Өзі – белгілі суырып салма ақын. Базар өлеңдері кеңес дәуірінде ғана жинала бастады.

 Ә. Диваев, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан ақын өнеріне алғаш назар аударып, жазып алушылар болды. 1925 жылы Ташкент қаласында басылған «Терме» атты жинақта жыраудың бір топ өлеңдері тұңғыш рет басылып шықты. Кейін 1931 жылы С. Сейфуллин оның заман туралы толғауларын (көлемі 200 жолға жуық) «Қазақ әдебиетінің ескі нұсқалары» жинағына енгізді.

            Базар өлеңдерінің бір қатары «XVIII-XIX ғасырлар ақындары шығармалары» (1962) мен «Үш ғасыр жырлайды» (1965), «Бес ғасыр жырлайды» (1989) жинақтарына да енді. Ақынның тұңғыш шығармалар жинағы 1986 жылы жарық көрді.

            Базардың аты қазақтың көп жеріне таныс. Арқа мен Сыр бойында оның сөздерін білетіндер көптеп кездеседі. Мысалы: Жұмақымет, Сүйкімбай сияқты жыраулар Базар жырларын жақсы жырлайды.

            Базардың өлеңдері алуан салалы. Ақын өзінің жеке басына байланысты мәселелерден бастап, ел жайын, батырларын, өткен кеткенін, жақсы жаманын, жастар жайын кең толғайды. Солардың ішінде «Халық үшін туған қайратты ер», «Жігіттік», «Жиырма бес», «Назекеңе», «Ғашық жарым», «Дүние», т.б. өлеңдерінің мәні ерекше.

            Ерлік дәстүрді жоғары ұстап халық қамы үшін жауға қарсы тайсалмай шабатын батырды ол ерекше ардақтайды.

Жігіт жауға шаппай ма,                                   Халық үшін туған қайратты ер

Толғаулы найза, бір атпен.                             Айырмайды жақынын,

Күдері баулы көк шыбық,                               Бірдей көріп жырақпен

Сыпырма қылыш қынаппен.

            Базар адамның қуатты шақтарын қартайған күндеріне қарама-қарсы қойып, жастарға ақыл айтады. Ақыл мен қуатты ұштастырып, өркенді іс қыла білуге үндейді. Ақын атаулы соқпай кеткен атақты «Жиырма бес» туралы Базар да өзінше толғанады:

Екі ауыздың арасын

Қиқулатқан жиырма бес,

Бұғалықсыз асауды

Құр-құрлатқан жиырма бес…

Базардың кейбір арнаулары өзінің жеке адамдарға деген көңіл-күйін танытады. «Сүйген жарыма», «Назарға» атты толғаулары – осындай өлеңдер.

            Жыраудың өлеңдері суретті. Ер азаматтың жолдасы болған атты бейнеленген мына бір өлеңі оған айқын мысал бола алады:

Жал, құйрығы өрілген,

Өлшеммен от-су берілген.

Бастырық жабу, жемменен,

Байлауда тұрып семірген,

Шын жарауы түскенде,

Жабуын алсақ жануар

Сілкініп дүр-дүр керілген.

Ұлы дүбір болғанда.

            Базар өлеңдеріндегі негізгі пікір – жоғары адамгершілікті уағыздау. Ол адам мен атқа тән әділ, адамгершілік іс қыла білуге үндейді. Адамның артықшылығы сол адамгершілігімен, кең пейілді қарасқыштығымен өлшенуге тиіс. «Әр нәрсенің нарқы бар» өлеңінде ақын бұл пікірлерін ашық баяндайды.

Мырза менен сараңды                                         Ғалым менен наданды –

Өлшестіріп қарасаң,                                            Салыстырсаң білерсің,

Ылди мен зәулім асқардай.                               Дария шіреп тасқандай.

            Ақын өлеңінде метафоралар да көп кездеседі. Ауыстыруларды ақын, әсіресе, өзі туралы айтқан өлеңдерінде көбірек қолданады. Мысалы мұны «Өлеңнің аққан көзі едім» өлеңінен айқын аңғаруға болады.

Қайыңның қатты безі едім,

Өлеңнің аққан көзі едім.

Сөйлер сөзге келгенде

Шебердің құрған тезі едім.

            Базар – негізінен жыраулар дәстүрін берік ұстаған төкпе ақын. Оның поэзиясына жыраулық сарын – тән құбылыс.

            Ақын өлеңіне бейнелілік пен суреттілік тән. Ол неше бір поэтикалық тілдерді (әсірелеу, теңеу, эпитет, метафораларды) қолданады. Адам тұлғасын, сырт пішін кескін-келбетін суреттеуде болсын, ақындық шабыт, әсем тіл айшықтары белес береді. Мысалы, қыс қысымынан құтылып, жадырап жаз шыққан шақты былай суреттейді:

Жоғарыдан төменге

Жүйесін тауып су ағар.

Жағытұрым болғанда,

Жердің бетін су алар,

Жадырап күн, көк шығып,

Жан-жануар қуанар.

            Базар өзіне дейінгі өз кезінде жасаған қазақ ақындарын жақсы білген. Оның ішінде Шернияз, Шыман, Өтеген сияқты Ақтөбе ақындарын, Қарадос, Өске сияқты Қостанай ақындарын, Сералы, Садыр, Орынбайлардай Арқаның атақты ақындарын өз елінің өлеңдеріне қосып отырады.

Мысалы:

Шайыр өлмес дер едім,                                       Сералы, Садыр, Орынбай,

Сайраған қызыл тіл берген.                                Ақкетенің ішінде,

Алжаспай сөзді ағызып,                                      Шернияз, Шыман, Өтеген,

Есебін тауып үлгірген.                                        Солардан да өткен сұм дүние, —

Қарадос, Өске, Бұдабай,

деуі бұған дәлел бола алады.

            Жыраудың өлеңдерінде Дулат, Шортанбай ақындар сарыны, тіпті кейде Махамбет сарыны да байқалып қалады.

            Базар – сөз жоқ, өз кезінің белді ақыны, дәуірінің әлеуметтік мәселелеріне үн қоса білген, кең тынысты жырау.

 

Әдебиеттер

1.°óåçîâ Ì.Î.  °äåáèåò òàðèõû  (1927) æî¹àð¹û îºó –     îðûíäàðûíû» ñòóäåíòòåðiíå àðíàë¹àí.  — À. 1991.

2.ƽìàëèåâ ². XVIII – XIX ¹. ºàçຠ¸äåáèåòi.  — À. 1907.

3.²î»ûðàòáàåâ °. ²àçຠ¸äåáåèåòiíi» òàðèõû.  — À. 1994.

4.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ.  XIX ¹àñûð ¸äåáèåòi. — À.  1992.

5.Ѿéiíø¸ëèåâ Õ.  ²àçຠ¸äåáèåòiíi» òàðèõû. — À. 1997.

6.Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. –А.,1989.

  1. Айтыс.3-томдық.-А.,1965-1991.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ