Ел болам десең, бесігіңді түзе

0

Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлтымыз қашан да баласының рухани жағынан бай болуына көп көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен бастап, оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақыл-ойының жетілуіне баса назар аударғандығы белгілі. Халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген нақыл бар. Кішкентай бала бойында адалдық, әділдік, мейірімділік, адамгершілік сияқты бар ізгі қасиеттерді сіңіруде халықтық педагогиканың маңызы зор. Үнемі әдептілік тәрбиесін беру арқылу баланы жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге баулуды да кішкене кезінен бастаған дұрыс.

Халықтық педагогикадан нәр алаған баланы ата-баба өсиеттерін сіңіріп, салт-дәстүрлерді біліп, ел қамын ойлайтын, тілін, дінін құрметтейтін, өз ұлты мен ұлты мен қатар өзгелерді сыйлай алатындай етіп шығару ата-ананың басты мақсаты болуға тиіс. Қазіргі қоғамның алдында тұрған мәселенің бірі – бүгінгі жас жеткіншектің бойына бәсекеге қабілетті құндылықты қалыптастырып, дамытуға айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл құндылықтардың бастау көзі тек халықтық тәрбие беру  тәсілдерінде екені рас. Ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан  мол мұраларымыздың құндылығына ешкім дау айта алмасы анық. Адам баласы қоғамда адалдығымен, қайырымдылығымен ардақталады. Мінез-құлқының тәрбиесімен  бірге білімді ұштастыра алғанда елге пайдалы азаматтардың қатары көбейеді. Қазіргі заманы адамын өзгерткен мына қоғамда кешегі кемеңгерліктің куәсі болған ата-әже  тағалымын бойына сіңірген ұрпақ-ты қаншалықты дәрежеде көреміз? Ұлтымыздың туын желбіретер ұлағатты ұлдарымыз бен қылықты қыздарымыз бар ма?! Міне, осы сұрақ маңызды! Көпке топырақ шашпағанымен, бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні  де ақиқат емес пе?

Ата-анасынаң адал терімен тапқан-таянғанын  пайдасыз дүниеге шашып, зиянын тартатын ұл-қыздарға қарап қатты қынжыласың. Әсіресе, егемен елдің ер-теңін дүниге әкелетін нәзік жандыларға тіптен жарасымсыз! Қыз абыройы – болашақ отбасының, босағаның беріктігіне қатысты  мәселе. Кешегі даналарымыз «қызды қырық үйден тый, қала берсе қара күңнен тый» деп бекер айтпаған. Батысқа еліктеп ашық-шашық киінуі, қақаған қыста жан емес сән қымбаттырақ болған аруларымыздың өз болашағына балта щабуының бастауы осыдан басталары сөзсіз. Ертеде жесір қалған әйел шашын жайса, қазіргі кезде қазақтың екі қызының бірі мұны қалыпты жағдайға айналдырған. Ал, кіндік ашу тіптен болмаған. Кіндігі тұрмақ, аяғы ашық қыздары иба мен инабатты киіммен бірге сіңірген. Өткенге үңілсек, қазақ жігіттері қолына найза алып, ұлтарақтай жер үшін жауға шапқан. Бүгінгілердің бәрі бірдей болмаса да, арасында батысқа еліктеп жүргендері аз емес. Бүгінгі таңда ер мен әйелді ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Құлақтарында сырға, қолдарында сақина. Қазақ тарихында болмаған бұл көрініске қарап ішің ашиды. Хәкім Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», — деген екен. Шындығында, жастардың тағылым-тәрбиесіне әсер еткен не болды деген сұраққа Абай атамыздың асыл сөзінің аясында бірге жауап іздейікші.

Тәрбие – халықтың ғасырлар бойы іріктеп, жинақтап алған озық тәжірибесін, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын жас ұрпақтың бойына сіңіру, соған сай мінез-құлық қалыптастыру.

Ұлы ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен. Ата-бабамыз қалыптастырған қалыпта тәрбиесі түзу болып бой көтерсек, дауға да, жауға да берілмейтін ұрпақ боларымыз анық!

Сандуғаш ҚУАНЫШБАЙҚЫЗЫ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ