Алқапты егіске дайындауда дөңестету технологиясының топырақтың ылғалдығына әсері

0

Ашық сұр топырақ жағдайында, мақта қозасын дөңестерде өсіру технологиясын қолданып, мақта қозасының өнімділігін арттыру қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Өнімділікті және мақта өнімінің бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату үшін тиімділігі жоғары технологияларды жасап өндіріске ендірілуі тиіс және сонымен қатар қоза баптаудың агротехнологиялық әдістерін жетілдіру қажет.

Ал осы бағытта, топырақ ылғалдығы өсімдікке қажетті факторлардың бірі болып табылады. Бұл ережеде әртүрлі топырақтарға қатысты ылғал реттеу тиімді агротехниканы жасап шығарудың негізі ретінде қызмет етеді. Сондықтан топырақтың ылғалдығын анықтау кеңінен тараған топырақтық талдау болып табылады.

Топырақтағы ылғалдың мөлшеріне барлық тең жағдайларда оның құрылымдық ахуалы, топырақтық түзілу тығыздығы, пайда болып келе жатқан түтікшелердің үзілуі есебінен ылғалдың булануына тосқауыл болатын топырақтың ең жоғарғы беткі қабатының жұмсақ жағдайы елеулі дәрежеде ықпал етеді.

Түрлі технологияларда егіске дайындалған топырақтың ылғалдығын анықтау бойынша тәжірибелер «Қазақтың мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» эксперименталдық алқабының 37-суартпасының 4-ші картасында жүргізілді. Ұсақ мөлдекті стационарлы тәжірибе қойылған.

Мақтамен жүргізілетін зерттеулер далалық тәжірибелер әдістемесі бойынша жүргізілді (Бүкілодақтық МҒЗИ, 1981, А.Имамалиев).

Есептер, әрбір нұсқада, есептік қатарларда жүргізілді. Әрбір мөлдектер сегіз қатардан, әрбір мөлдек ортасында төрт есептік қатар белгіленді.

Тәжірибеде келесі зерттеулер мен бақылаулар бірге жүргізілді:

Топырақтың ылғалдығы бұрғының көмегімен таразылау әдісімен анықталды. Топырақ телімінің 60 см тереңдікке дейінгі үш деңгейінен алынды.  Мақтаны суаруда мынадай үш кезең есепке алынды: бірінші — өскіндер шыққаннан гүлдеуге дейін, вегетациялық салмақтың орташа өсу кезеңінде жақсы дамыған тамыр жүйесі түзілуі керек; екінші – гүлдеу, өнімдердің пайда болуы, бұл кезеңде өнімнің түзілуіне көп көлемде су және қоректік заттар керек және үшінші кезең — өнімнің пісіп жетілуі, бұл кезеңде ылғалдың шектен тыс болуы қозаның өскін бұтақтарының дамуын күшейтіп, пісіп жетілу мерзімін кешеуілдетуі мүмкін.

Егістен алдын, суарудан алдын және мақтаның вегетациясының соңында топырақ ылғалдығын анықтау арқылы, біз топырақты егіске әртүрлі технологияларда дайындаудың ылғалдылыққа әсерін бақыладық.

Біріншіден, зерттеу жүргізілген екі жыл бойына тегіс алқапта да және дөңестетілген алқапта да, егістен алдыңғы топырақ ылғалдығы ауа райы жағдайына және әсіресе көктемде түскен ылғалдың көлеміне байланысты болды.

Сондай ақ, екіншіден ылғалдылықтың топырақты егіске дайындау технологиясына байланысты өзгеру заңдылығы байқалды.

Топырақтағы ылғалдың мөлшері 60 см тереңдікке дейін әрбір 20 см сайын анықталды (кесте).

 Кесте 1 — Тегіс және дөңес алқаптардың топырақ қабаттарындағы ылғалдылық, (%)

Нұсқалар Топырақ қабаттары, см
0-20 20-40 40-60
Мақтаны егуден алдын
40 см тереңдікте қосқабатты жер жырту + біріңғай тегіс алқапқа тұқым себу 14,8 19,2 21,4
20 см тереңдікке кәдуілгі жер жырту + дөңестетілген алқапқа тұқым себу 13,7 18,6 21,3
30 см тереңдікте қосқабатты жер жырту + дөңестетілген алқапқа тұқым себу 13,5 18,4 21,1
40 см тереңдікте қосқабатты жер жырту + дөңестетілген алқапқа тұқым себу 13,3 18,3 21,1
Суарудан кейін
40 см тереңдікте қосқабатты жер жырту + біріңғай тегіс алқапқа тұқым себу 15,1 20,6 22,4
20 см тереңдікке кәдуілгі жер жырту + дөңестетілген алқапқа тұқым себу 15,9 20,3 21,9
30 см тереңдікте қосқабатты жер жырту + дөңестетілген алқапқа тұқым себу 15,2 20,5 22,2
40 см тереңдікте қосқабатты жер жырту + дөңестетілген алқапқа тұқым себу 15,8 20,7 22,5
Вегетация соңында
40 см тереңдікте қосқабатты жер жырту + біріңғай тегіс алқапқа тұқым себу 11,5 15,2 17,3
20 см тереңдікке кәдуілгі жер жырту + дөңестетілген алқапқа тұқым себу 11,7 15,9 17,9
30 см тереңдікте қосқабатты жер жырту + дөңестетілген алқапқа тұқым себу 11,1 15,4 17,5
40 см тереңдікте қосқабатты жер жырту + дөңестетілген алқапқа тұқым себу 11,8 15,7 17,4

Әрбір 20 см қабат бойынша 60 см тереңдікке дейін жүргізілген тәжірибе нұсқаларының кескіні 1-2-ші кестеде келтірілген мәліметтер бойынша тұқымды себуден алдын топырақтың жоғарғы қабатындағы (0-20) немесе біріңғай тегіс алқаптың тұқымды егу аймағындағы ылғалдылығы топырақтың құрғақ салмағының 14,8%, ал дөңестелген алқаптарда 13,3-13,7% немесе 1,1-1,5%-ға төмен болды. Бұл дөңестелген алқаптар бойынша тұқымды ертерек себуге мүмкіндік берді. Топырақтың 20-40 см қабатында дөңестелген алқап пен біріңғай тегістелген алқаптар арасындағы айырмашылық 0,6-0,9%, ал 40-60 см қабатта 0,1-0,3% болды.

Тұқым себуге дейін жүргізілген талдаудың қорытындысы бойынша, негізінен топырақтың біріңғай тегіс алқап нұсқасындағы  0-20 см қабатында біршама жоғары ылғалдылық байқалды. Дөңестетілген алқаптың 0-20 см қабатындағы ылғалдылықтың азаюы жаңбыр кезінде дөңестерден судың төмен қарай ағып кетуінің есебінен және оның топырақтың төменгі қабаттарына сіңуінің есебінен байқалды.

Мақтаны суарудан кейін және қозаның вегетациясының соңында жүргізілген зерттеулер топырақ ылғалдылығының бір деңгейде екендігін, егістен алдын топырақ өңдеу технологиясына байланысты, бұл зерттеу жүргізілген кезеңдерде елеулі айырмашылық байқалмағандығын көрсетті.

Жалпы, дөңесті егістерде мақта тұқымын ертерек себуге және оның ертерек өсіп шығуына қолайлы жағдай туындады. Сонымен бірге егер де, біріңғай тегіс алқапқа қарағанда дөңестердің беткі қабатының қызуын ескерсек, мұнда топырақ жылдамырақ қызады да, тиімді температураның көп мөлшерінің жинақталуы анықталды.

Қазақстанның оңтүстігінің суармалы жерлерінде, әсіресе ақшыл – сұр топырақ жағдайында, жыртылатын қабаттың қызуы, көктемде жаңбырдың жиі болуы мен температураның төмен болуынан жеткіліксіз болады. Дөңестетілген алқаптарға тұқым себудің техеологиясы, топырақтың тығыздығы мәселесінің шешілуімен бірге, оның температурасының көтерілуіне септігін тигізеді. Қозаны дөңестетілген алқаптарда күтіп-баптау кезінде, олардың дөңестетілген беткі қабатының есебінен сәулелену алаңы арта түседі, демек күн энергиясын сіңірудің жиілігі де арта түседі.

Дөңестерді жасау топырақтың шектен тыс ылғалдануын болдырмайды. Ылғалдың артық мөлшері жаңбыр жауған кезеңде жүйек ұлтанына ағып түседі де топыраққа сіңе отырып онда ылғалдың қорын қалыптастырады. Міне осылайша, дөңестерде ылғалдың табиғи қайта бөлінісі жүріп жатады, ал дөңестердің шектен тыс ылғалданып кетуінің болмауы, алқаптың қыздырылатын үлкен беткі қабаты топырақ температурасының көтерілуіне септігін тигізеді – бұл әсіресе мақтаны егу кезеңінде және оның біріңғай толыққанды өскіндерін алу кезінде өте маңызды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ