Отбасылық тәрбиеде тұрмыс-салт әндерінің қолданылуы

0

Заманауи педагогика ғылымы халықтық тәжірибеде дәлелденгендей, ғасырлар бойы пісіп жетілген және де бұрынғы өткен ғұлама ойшыл даналарымыздың, өнер қайраткерлерінің еңбектерінде көрсетілгендей жеке тұлғаның дамуы  отбасылық тәрбиеде екені даусыз деп таниды.

С.Ұзақбаеваның сөзімен айтқанда: «Педагогика ғылымы халық мұрасын зерттеуге,  ұлттық өзіндік ерекшелікті сақтауға, ұмыт бола бастаған дәстүрлерді, тарихи әділдікті, мәдениетті, тіл мен дінді қалпына келтіріп, олардағы педагогикалық жағынан барлық  прогресшіл нәрсені анықтауға және осының негізінде ғылыми негізделген ұсыныстарды талдап, енгізуге тиіс» [1].

Отбасы халықтық педагогикада  ерекше орын алады,  солай болғандықтан ол дәстүрлі мәдениетте  отбасылық тәрбиенің орнын және оның мазмұнын айқындайтын табиғи орта ретінде  қарастырылады.

Отбасында ата-ананың балаға деген сүйіспеншілігі, олармен үнемі қарым-қатынаста болуы бала үшін  ауа мен күннің жарығынан кем емес. Баланың жан-жақты жарасымды жетілуі  отбасы тәрбиесінің қоғамдық тәрбиемен тығыз ұштасуының, өзара байланыста болуының нәтижесінде ғана жемісті болмақ. Жеке тұлғаның рухани адамгершілік эмоциялық негізін қалау — отбасы тәрбиесінің мақсаты мен мәні.

Халық музыкасы, оның ішінде тұрмыс-салттан туындаған әндер баланың бойында өз халқының  жетістіктері мен табыстарына  ұлттық мақтаныш сезімін оятуда, оның ішінде  дәстүрлі әнге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруда мол әсерін тигізеді және де ұрпақтан-ұрпаққа ауысып қазіргі күнге дейін жалғасын тауып отыр.

Қазақ халқы қашаннан әнге, өлең-жырға бай, яғни ән халық өмірінің ажырамас бөлігі болған. «Қазақта әнсіз өмір жоқ. «Тойбастар» айтқан жігіт, кешкі ауыл сыртында  алтыбақан тепкен қыз-бозбала, шілдехана күзеткен жас-кәрі, «жар-жар» айтқан екі топ, елінен еріксіз алысқа ұзатылып бара жатқан қыз, өлген жұбайын жоқтаған жесір түйеге мініп, әр үйдің сыртында қақсаған жарапазаншы, ақ киім киіп, өгізге мініп ауыл аралаған  дуана, «жынын» шақырып, зікір салған бақсы-бәрі де әндетеді. Бәрі де жай сөзбен айтқанда жетпейтін сезім тасқынын ән арқылы шығарады» [2].

Тұрмыс-салтқа байланысты туындаған  әндердің басым көпшілігінде  халықтың арман – тілегі, ой-пікірі, келешек ұрпаққа айтар өсиеті көрініс беріп отырады. Олар өлең – жыр түрінде шілдехана мен баланы бесікке салу, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндетке отырғызу немесе қыз ұзату, келін түсіру тойларында айтылады.

Адамзаттың өмір соқпағындағы іс-әрекеттері қаншалықты сан-салалы болса, тұрмыс-салт әндерінің мазмұны соншалықты ауқымды, кең де бай болып келеді. Олар бірде ана әлдиімен әлдилесе, бірде көбелек қуып, асыр салған жеткіншекпен жарысады, бірде қызу еңбек майданын жырлап, аңшының жүйрігімен жарысып, қыран бүркіт болып самғайды, бірде той-тойлап, қызық-думанға  кенелген дүйім жұртты көз алдыңа елестетеді [3. 28 б].

Қазақ халқының отбасылық  тәрбиеде қолданылатын тұрмыс-салт әндерін өзінің  мазмұнына  қарай мына төмендегіше топтастыруға болады:

  • бесік жыры;
  • тұсаукесер жыры;
  • балалар мен жастар әндері (бақташылық, төрт түлік мал туралы, диқан-егіншілік, аңшылық-саяткерлік, жұмысшы әндері);
  • ұлыс әндері (наурыз, айт);
  • үйлену әндері (сыңсу, беташар);
  • жаназалау әндері болып бөлінеді (жоқтау).

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» [4] — деп ұлы Абай атамыз тектен-тек жырламаған. Ана әлдиімен сіңген халық әндерінің асыл үлгілері әрбір жас ұрпақ үшін тәлім-тәрбиенің қайнар көзі емес пе. Халықтың ғасырлар бойы ауызша өнерінде ананың нәрестеге, атаның балаға, әженің немереге ең асыл дүниесіндей аманат қалдырған мол мұрасы бар. Оның айғағы – түн ұйқысын төрт бөлген ананың ыстық махаббатқа толы әлдиі.

Әлди-әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем!

Жылама, бөпем, жылама,

Жылама, әлди, жылама

Бесік жырларының ерекше мәнерлілігі нәрестенің психикасына оңтайлы әсер етіп, көңіл-күйін орнықтырып, нерв жүйесін тыныштандырады. Бесіктегі баланы уату игі тілектермен, оның болашағына деген жарқын үмітпен айтылады. Музыкалық әуен құрылымы қарапайым, жан тербетер мамыражай болып келеді [3. 29 б].

Осындай анасының сүйіспеншілікке толы, жанға жағымды нәзік әуеніне балқып бала күн санап өсе береді. Өсе келе бала сәби тәй-тәйлап жүре бастаған кезде ата-анасы бала тез жүріп кетсін деген ниетпен тұсау кесер тойын жасайды. Әдетте, қазақтар тұсауды ала жіппен, қылдан ескен шыжымнан немесе ішектен кескен. Баланың шешесі шаруаға икемді, елгезек, пысық әйелдердің біріне қайшымен жіпті ұстатып баласының тұсауын кесуді ұсынады. Тұсау кесуші әйел жүре бастаған баланың аяғына ала жіппен тұсау салып  былай әндетеді:

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз болам!

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін.

Тұрмыс-салт әндерінің  кең тараған түрінің бірі – балалар мен жастар әндері. Балалар әндері халықтың күнделікті өмір-тіршілігіне байланысты туындаған. Балалардың ойыны, ермегінің көбі түрлі жан-жануарлар мен құстардың әрекеттерін, құйқылжыта сайраған үнін тамашалап соларды өзінше  мәнерлеп қайталай жүріп әнге салуына ұласқан.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден мереленіп келе жатқан мейрамның бірі – Наурыз күні. Наурыз күнін жаңа жылдың басы – «Ұлыстың ұлы күні» — деп есептеп, зор қуанышпен қарсы алған. Ақ ниет, игі тілектерін  мынадай өлең жолдарымен білдіріскен:

Ұлыс бақты  болсын,

Төрт түлігі ақтық болсын!

Ұлыс береке берсін,

Пәле-жала жерге енсін!

Үйлену әндері – қазақ халқының отбасының тағдыры. Жас буынның  өсіп мұрат – мақсатына жету жолы, арман – қайғысы туралы әндер. Үйлену әндерінің халықтың тұрмыс – тіршілігін, әдет – ғұрпын, салт – санасын, ой-сезімі мен арман – ниетін білдіретін танымдық мәні зор алуан түрлері бізге келіп жеткен. Тұрмыс – салтқа байланысты бұл әндердің өзі жар – жар, сыңсыма, қоштасу, жұбату, беташар, тойбастар түрінде айтылады. Бүгінгі таңда беташар әнінің ең көп тараған өлең жолына тоқталайық:

Айт, келін-ау, айт, келін,

Атыңның басын тарт, келін.

Сауысқаннан сақ келін!

Жұмыртқадан ақ келін?

Мұның барлығы дерлік отбасылық тәрбиеде  жүзеге асырылады. Тұрмыс-салт әндері қазақ халқының бала тәрбиесіне үлкен маңыз берген.  Олар балалар мен жастардың ақыл-ойымен сезіміне әсер етіп, музыкалық-эстетикалық лаззат берген және танымдық, тәрбиелік маңызға ие болған. Балалардың  музыкалық тәжірибесі неғұрлым бай болған сайын, олардың дербес шығармашылық еңбегі жемісті бола түсетіні аян. Себебі, көркем әсерлермен шебер байытып отыру балалардың шығармашылық қабілеттерін, олардың әсерлілік құралдарын іздестірудегі белсенділігін дамытуға жәрдемдеседі.

 

Әдебиеттер

  1. С.Ұзақбаева «Тамыры терең тәрбие» Алматы, «Білім» баспасы 1995ж.
  2.   А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары» Алматы, «Өнер» баспасы 1975ж.
  3. Р.Дүйсембінова «Қазақтың әншілік өнері» Алматы, «Республикалық баспа кабинеті» 1998ж.
  4. А.Құнанбаев «Шығармалардың бір томдық толық жинағы» Алматы, 1961ж.
  5. Қ. Жарықбаев, С. Қалиев «Қазақ тәлім тәрбиесі» Алматы, «Санат» баспасы 1995ж.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ