Бейнелеу өнерін педагогикалық-психологиялық тұрғыда оқыту маңызы

0

Бiлiм беру тармағындағы әлемдiк бiлiм кеңiстiгiне толығымен кiрiгу үшiн үлкен мiндеттердi шешу қажеттiгiн ескерудi алға тартады. Соңғы нәтижеге бағытталған орта бiлiмдi дамытудың негiзгi мақсаты, мiндеттерi мен бағыттарында үздiксiз бiлiм беру жүйесiнiң қортынды нәтижесi болып табылатын өзектi үш iргелi бiлiм беру мақсатын белгiлейдi: бiрiншiден, дүние­танымдылық, екiншiден, шығармашылық, үшiншiден, құзыреттілік көзқарастар. Осы аталған үш іргелі білім беру мәселелері бейнелеу өнерінде орын алады. Ал бейнелеу өнерін педагогикалық-психологиялық тұрғыда оқыту айырықша нәтижесін береді. Сондықтан да бейнелеу өнерін оқытуда педагогикалық-психологиялық тұрғыда негіздеу қажеттілігі анықталуда.

         Бейнелеу өнерінің өзекті тамыры халық шығармашылығында жатыр. Ерте кезде қол өнер кәсiпшiлiгiнде шеберлiк өнерi шеберден оқушыға, көбiнесе күнделiктi тiршiлiктегi iс-әрекеттер арқылы әкеден балаға тiкелей ауысып отырған. Демек халық педагогикасы арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өнерді одан әрі жалғау үшін оқушыларды психологиялық тұрғыда бейімдеу қажеттілігі туындайды. Бейнелеу өнерін психологиялық тұрғыда оқыту алдымен адамның психологиялық сезім мүшелерімен байланысты болады. Олар: сезім, қиял, елестету, қабылдау, түйсік, ес, есіту сияқты т.б. көптеген психикалық құбылыстарын жетілдіру тікелей бейнелеу өнерінің негізінде жүзеге асыруға болады.

         Қазақстан Республикасының жалпы бiлiм беретiн мектептерi тұжырым­дама­сында: «Жалпы бiлiм беретiн мектептiң мақсаты – жас ұрпақты ұлттық игiлiктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып, тәрбиелеу және әрбiр шәкiрттi тұлға деп санау, оның жан-жақты дамуына мүмкiншiлiк жасау» – деп көрсеткен [1].

         Көркемдiк талғамның жетiлуiне, әсемдiктi түсiнiп, қабылдауға және оны өз қолымен жасай бiлуге үйреткен тәлiмдiк тағылымдар адамзат тарихының барлық кезеңiнде маңызды мәнге ие болып келген. Демек бейнелеу өнерін педагогикалық-психологиялық тұрғыда оқытудың маңыздылығын айқындау қажеттілігі туындайды. Бейнелеу өнері де үлкен шығармашылық ғылым саласы болып табылады. Ой, қиял, ес, елестету, сезіну сияқты психологиялық процестер бейнелеу өнерімен тікелей байланысты. Өйткені, кез-келген суретші қиялы арқылы ойында жүрген дүниелерді бейнелеп өмірге әкеледі немесе өмірде көрген оқиғасын елестету арқылы туындыларын жазады.  Осы психологиялық процес арқылы дүниеге алуан түрлі шығармалар мен туындылар келеді. Сол туындылар арқылы яғни  шығармаларды көру арқылы адамның ойлау, қиялдау, сезіну, сүйсіну, түстерді ажрату сияқты көптеген психикалық процестерін дамытады.

         Әдебиеттерді зерделеу мен анализ жасау арқылы отандық ғылымда теориялық және практикалық деңгейде адамдардың бейнелеу қабілеттілік­терінің дамуын жас ерекшеліктеріне байланысты ерте жастан қолға алу мәселелері психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау тауып біртіндеп өз шешімін тауып келе жатқандығына көз жеткіздік.

         Бейнелеу өнері сабағында оқушылардың сурет салмай шулағанын тәртіпке келтіру үшін, екі бағасын қойып тәртіпке шақыруы, не болмаса сабақтан шығарып жіберу сияқты тосыннан ойлап табылған әдістер педагогикалық жүйеге қарсы әдістер, сондықтан онын, басқаша тиімді жолдарын қарастырған дұрыс. Өйткені, бала психологиясы өте тез қабылдағыш болып келеді. Оқушыны түзеймін деп одан әрі сабаққа деген ынтасын жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан да оқушылармен қалай қарым-қатынаста болудың психологиялық, педагогикалық шарттарын пән мұғалімі міндетті түрде жетік меңгерген болуы шарт.

         Сурет, кескiндеме, графика өнерiнен эстетикалық ләззат алған Қазыбек бек өзi сурет сала алмаса да көргенiне риза болып былай деп жазады: «Екi жылдың iшiнде сәулет өнерiнен де, әуез өнерiнен де ұстаз жалдап оқыдым… Мен тек Рафайiл, Тидзиан, Леонардо да Винчи, Микеланджело Симони сияқты кереметтердiң өнерiне сүйсiнумен ғана шектелдiм» [2] — деп өзінің ойын осылайша тұжырымдайды. Біз сол Батыс Европаның бейнелеу өнерінің атақты суретшілерімен қоса Қазақ халқының суретшілері Ә. Қастее, Қ. Телжанов, А. Ғалымбаева, Г. Исмайлова сынды т.б. көптеген суретшілердің туындыларымен таныстыра отырып оқушыларды қазақы бейнелеу өнерінің шығармаларымен таныстырып, талдап өтуіміз қажет.

         Бейнелеу өнерінің аса маңызды міндеті мен шынайы мүмкіндігі адамға болмыс философиясын түсінуге, табиғаттағы әлеуеттер қалай жүзеге асырылатынын, қандай жетіспеушіліктер мен қарама-қайшылықтар біздің алға қарай қозғалуымызға кедергі болатындығын ұғынуға көмектесуде. Бұл үшін адамның көркемдік талғамы мен эстетикалық тәрбиесін қалыптасуы қажетігі туындайды.

         Кеңес психологиясында біз адамның эмоциялары мен сезімдерін төменгі және жоғарғы деп бөлуді кездестіреміз, Төменгілеріне ағзаңың сыртқы әсерлерді бейнелеу кезіндегі физикалық жағдайынан туындайтын эмоциялар мен сезімдер жатады. Жоғары эмоциялар мен сезімдер — адамның қоғамға және жеке адамдарға, өзінің тәртібіне, өнер туындыларына және шынайлықтың эстетикалық қасиеттеріне қатынасын бейнелейтін біздің рухани өміріміздің құбылыстары. Оларға интеллектуалды, саяси, адамгершілік және эстетикалық эмоциялар мен сезімдер жатады. Біздің пікірімізше, эстетикалық сезім мәселесі екі өзара байланысқан аспектіге ие. Бір жағынан, эстетикалық сезім шынайылықты бейнелеудің өзіндік ерекше нысаны болып табылады. Мұндай жағдайда адамның рухани субъективтілігі мен эстетикалық сезімдер тудыратын қоғамдық шынайылықтың ерекшеліктерінің өзара байланысы туралы мәселе туындайды.

         Ю.А. Полуяновтың тұжырымдамасында бүгiнгi күнгi бейнелеу өнерiн оқытуды үш бағытқа бөледi. Автор бiрiншi, жеңiлдетiлген дәстүрлi кәсiби бiлiм­ге арналған бағыт – оқушының сурет салуға деген қызығушылығын жоюға және нәтиженiң күрт төмендеуiне алып келедi. Екiншi, бейнелеу өнерiнiң студиялар мен үйiрмелерi жағдайындағы және шығармашылық өзiн-өзi көрсет­уiн дамытуға арналған бағыт та мектеп практикасында керi нәтиже берiп, оқушыларды оқытатын орындар болмағандықтан, шығармашылық жетiстiктер­дің жойылуына алып келеді. Үшiншi бағыт өнер шығармаларын түсiндiрудi мақсат етiп қояды. Бұл бағыт бiлiмнiң жүйелiлiгiн қамтамасыз етедi, бiрақ, оның негiзiнде жататын классификациялау әдiсi оқыту психологиясына сай келмейдi, себебi, терминдердi есте сақтаудың қиындығы шамадан тыс асып кетедi де, оқушыда өнерге деген парасаттылық қатынас қалыптастырады [3].

         Қашан да бейнелеу өнерін педагогикалық-психологиялық тұрғыда оқыту өзінің нәтижесін беріп келген. Бірінші кезекте бейнелеу өнері барлығымызға белгілі педагогика саласымен тығыз байлынысты болып келеді. Бейнелеу өнерін оқыту мәселелері педагогика ғылымында қарастырылады. Бейнелеу өнерін оқытуда да өзіндік принциптер мен категориялар бар. Оқытудың принциптері әр уақытта жемісті жетістігін берген. Бейнелеу өнерін оқытуда да өз нәтижесін берерін ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеп анықтау жүргізілгенде көз жеткізуге болады. Ал, психология ғылымымен байланысын алатын болсақ онда психология ғылымының адам бойындағы қасиеттермен тікелей байланысты болмақ. Біз бейнелеу өнерін оқытуда оқушылардың елестету қабілеттері арқылы суреттер салғызу, және сол суреттерін талдату арқылы олардың сөйлеу қабілеттерін де дамытуға қол жеткізуімізге болады. Ғылыми еңбектерге талдау жасағанымызда әрбір бейнелеу өнері сабақтары педагогикалық-психологиялық тұрғыда өтпейді. Демек әр уақытта бейнелеу өнерін оқытуда педагогикалық бағыт бірінші кезекте тұрса, екінші психологиялық бағыт тұрады. Педагогиканың оқыту заңдылықтарын ескере отырып және оның принциптерінің негізінде жүйелеу тиіс.

         Бейнелеу өнері  психология саласында тиімді қолданыс тауып жатыр. Қазiргi кездерi сурет салғызу арқылы ауыруды емдеу, психотерапиялық  әдiстердiң бiр түрi ретiнде пайдаланылып келеді. Адамның мінезінде қандай психологиялық ауытқулар бар екенін анықтау үшін де, сурет салғызу арқылы зерттеу жұмыстары кейінгі кезде көптеп жүргізілуде. Бейнелеу өнерін меңгеру, әрбiр оқушының сурет салудағы біліктілігін дамытып қоймай, адамның рухани және ұлттық сана-сезімін қалыптастырады, жалпы  егемен еліміздің өркендеп дамуына  зор әсерін тигiзедi.

         Бұл көрсетiлген педагогикалық және психологиялық негiздер адамзаттың бүкiл тарихи дамуын, мәдениетiнiң өсу деңгейiн көрсететiн бейнелеу өнерiнiң қосымша пән ретiнде емес басқа пәндер қатарында, өз дәрежесiнде жүзеге асырылуына негiз бола алады. Сондай-ақ, олардың оқушыларды бейнелеу өнерiне баулу мiндетiн өз деңгейiнде атқарылуына септiгiн тигiзерi анық. Айтылған мәселелердің бәрі біздің бейнелеу өнері бойынша жасаған оқу бағдарламаларында, оқулықтарда, оқу әдістемелік кешендерде, білім стандарт­ын­да өз көрінісін тапты және бейнелеу өнері сабақтарындағы оқу тәрбие үрдісін жетілдірудің алдын алары сөзсіз.

         Қорыта келе, бейнелеу өнерін педагогикалық-психологиялық  тұрғыда оқыту өзінің маңыздылығымен айқындалатындығына көз жеткіздік. Өйткені бейнелеу өнері педагогикалық критерилерсіз, категорияларсыз, заңдылықтарынсыз өтілмейді. Ал психологиялық негіздер бейнелеу өнерінде кеңінен қолданылатындығына көз жеткіздік. Демек бейнелеу өнерін педагогикалық-психологиялық тұрғында оқыту қажеттігі және оның маңыздылығы айқын көрінеді.

Резюме

            В статье разработан научный анализ об особенностях и возможностях обучения изобразительному искусству с психолого-педагогической точки зрения, раскрывая сущность и их значения.

      Summary

            In the article developed a scientific analysis about peculiarities and possibilities of visual arts education with psychological and educational point of view, revealing the essence and their values.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Калыбекова А. Теоретические и прикладные основы народной педагогики казахов. – Алматы: Баур,2006. – 328с.
  2. Бартольд В. Китаби Коркуд. – Спб, 1890. -51 c.
  3. Полуянов Ю.А. Изобразительное искусство: содержание, методика и организация занятий в начальной школе.  — М. Воронеж: Модэк, 1999. -480 с.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ