Махаббат күші

0

«Махаббатсыз дүние бос…»

Абай.

Сабақтың мақсаты: Өзін-өзі тану және өзін-өзі талдау дағдыларын дамыту. Әр адамның сүю сезімінің қайталанбастығын көрсету. Студенттердің тұлғааралық қатынастар психологиясы жөніндегі білімдерін көкейкесті ету.

Әдістері мен формалары: дәріс-әңгімелесу, талқылау, «даналық сабақтары», бейне материалдарды көрсету, ойындар мен жаттығулар, медитация, өзін-өзі талдау.

Материалдар: хрестоматия, студент дәптері, аудио және бейнематериалдар, қағаз, маркерлер.

Сәлемдесу рәсімі. Шаттық шеңбері.

Жаттығу «Алға адым»

Нұсқау: Оқытушы екі студентті тақтаға шақырып, бір-бірінен әр жақтан бетпе-бет тұруды ұсынады. Содан кейін олар бір-біріне қарай қадам жасап, әлдебір жақсы сөздерді айтуы тиіс. Студенттер бір-біріне жақындағанша адымдай береді.

Махаббат – тіршілігіміздің басы мен аяғы.

Махаббатсыз өмір жоқ.

Сондықтан махаббат ол дана адам бас иетін дүние.

                                                                                                 Конфуций

«Қадалған көз тартарлық,

Жігер отын жанар ғып.

Эвереске шыққандардың тізімі

Саусақпенен санарлық.

Махаббат та шың сияқты:

Күн жақындап қасына,

Бұлт қонатын тасына,

Қыран тектес жандар ғана шыға алады басына».

М.Шаханов 

Ия, егер біз махаббатты Эверест шыңына теңесек, әлемдік деңгейде күні бүгінге дейін ол биіккекөтерілген адамдар некен-саяқ. Біреулер ғаламат шыңның етегіне барып құлайды. Ортасына дейін, тіпті, одан да ары жылжитындар бар. Бірақ, адам баласы үшін сол таңғажайып шыңға шығуды мақсат тұтудың, солай қарай бет бұрудың өзі үлкен жетістік. Енді, біреулер үйленуді, ұрпақ өсіруді, өмір жолында бірлесіп қимылдауды махаббатқа балап жатады. Дұрыс. Әйтсе де, бұл махаббаттың жеке-жеке бөлшектері ғана.

Махаббат – адам жүрегін нұрлы қуанышқа бөлеп, рухына қанат бітіретін ең күшті, ең тұрақты, ең асқақ сүйіспеншілік сезімі, «сол себептен» емес, «ештеңеге қарамай» сүйетін іңкәрлік. Махаббат – өмірдің мәні, жұпар шашқан гүлі, тамылжыған ән-жыры. Даналар: «Сүйіп көрмеген – өмір сүріп көрмеген», –  десе, осы заманның ақын – философы:

«Ғашықтықпен өткен күндер ғана – өмір

Ал қалғаны –жай күндер», – деп нақтылай түседі. Рас, ақын айтқандай, «махаббаттың » нақты формуласы жоқ, бірақ оның іздері арғы – бергі өмірде, адамдар зердесінде құс жолындай сайрап жатыр… Бұдан талай ғасыр бұрын «ай мен күндей» жас

аруға құлай ғашық болған бұла жігіт:

«Ерлер мінер сұр қасқа,

Шаба алмаса, ұр басқа.

Батырлық, байлық кімде жоқ,

Ғашықтық жолы бір басқа», – деп, аптабы аспандағы құс қанатын қарыған қырық күншілік шөлін, ұры – қары, қарақшылар торыған қатерлі жолын қаперіне алмастан, жер түбіндегі қыз еліне жапа-жалғыз аттанып кете барады.  Махаббаттың жанында атақ–даңқ пен батырлық, байлықтың өзін кәдеге алғысыз санаған қазақтың сүйіспеншілік этикасы неткен асқақ әрі сәулетті десеңізші! Ғашық бекзадаға солай дегізіп, қауіп–қатерге де қаратпай, айдап әкетіп бара жатқан құдіреттің аты – махаббат емес пе!?

Бұдан да ертеде алыстан келе жатқан керуеннің басшысы араб елі патшасының құзырына тағзым етуге кіргенде: жолда ғашықтық дертінен құса болып, сахарада жалғыз жүрген ақын жігітті көргендерін әңгімелеп береді. Патша есіл жасты есінен тандырған қыз әлемде жоқ сұлу шығар деп ойлап, көруге құмартыпты.Сарайына алдыртып, қараса: әлгісі қоңыртөбел ғана көркі бар тәмпіштеу бойжеткен екен. Осыған өле ғашық болып жүрген шайырдың да есі жоқ екен–ау деп, патша жігітті де шақыртып: – Жер бетінде теңдесі жоқ деген сұлуың осы ма! – дейді кейіспен. Сонда шайыр жігіт:

– Тақсыр, сіз ол қызға менің көзіммен қараңыз! – депті қызбаланып.

Бір жұрттың бетке ұстар шайырына қоңыртөбел ғана көркі бар қызды ғажайып ару ғып көрсетіп, естен тандыра іңкәр еткен керемет те – сол махаббат.

Барлық адам баласына тән әрі мыңдаған жылдар бойы өзінің мәні мен сәнін сақтап келе жатқан адам жанының осынау тамаша қасиеті жайында көне Шығыстың тағылым кітаптарының бірі – «Шабдал бұтақтарында»: «Адам қалауының үш қайнары бар, олар: жан, сана және тән»,

«Жан қалауынан – достық,

Сана қалауынан – сыйлау,

Тән қалауынан құмарлық туады.

Осы үшеуінің қосылуынан махаббат пайда болады»,

– деп, жақсы айтылған.

Әне, сол қадым заманнан ерекше әспеттеліп келе жатқан махаббатты – адам өмірінің ұлы жарастығы, адам жанының гүлдеп, шешек атуы; сүйіспеншілік жанарымен қарағанда ғана ашылатын әлемнің керемет сұлу суреті, өмірдің ыстық демі, ардақтылығы десек керек. Махаббатпен адамның күллі тіршілігі байланысты. Ол – адамның ішкі әлеміндегі рухани сезімдерінің көрінісі ретіндегі жай күйі.Барлық әдемі, сүйкімді, шарапатты, ұлы істерге, ерліктерге адамды сүйіспеншілік сезімдері жігерлендіріп, дем беріп отырады. Адам біреуді сүйгендіктен яки біреудің өзін сүйетінін сезгендіктен немесе біреудің сүйіспеншілігінен үміттенгендіктен, оның бойын күш – жігер кернеп, биік мақсаттарға ұмтылады, асқан қажырмен және өнерпаздықпен жайшылықта қолдан келмейтін үлкен істер тындырады.Әйтпесе, яғни, сүйіспеншілік жоқ жерде, өмір мәнінен, бар әдемі бояуынан айырылып, көңілсіз, жансыз сұрқайлыққа айналады. Демек, махаббат – өзің үшін ғана емес, екінші адам үшін өмір сүре білу, сол екінші адамның қайғысына да, қуанышына да ортақ болу, айналаға соның көзімен қарау, сол арқылы тіршіліктің қадір – қасиетін танып, оны ардақтау деген сөз.

Дәріс-әңгімелесу.

 Оқытушы. Бір кездері Жер шарында тұлғасы көз тартарлық, ақылды да талантты адамдардың мекендегені туралы аңыз бар. Әр ағзаның екі жынысы болған. Бір күні олар көкіректеніп, өздерін құдайдан артық санай бастайды. Сонда құдай оларға қаһарланып, Жерге әр адамды екіге әйел затына және ер адамға бөліп тастайтын найзағай жібереді. Кейін барлық жарты бөлшектер араласып кетеді. Сол кезден бастап олардың әрқайсысы Жер шарын аралап, өздерінің екінші жартысын іздеуде. Егер екі жарты бір бүтін болса, олар нағыз бақытқа ие болып,  махаббатқа кенеледі. Біз де қазіргі заманның адамдары екінші жартымыз туралы мәңгі сағынышта ғұмыр кешудеміз, дискотекаға, мектепке, достарымызға қонаққа барсақ та бізді: «Мүмкін дәл бүгін мен Оны кездестірермін?-деген бір ғана сұрақ мазалайды

Стефани Ортиг –  Сиракуза Университетінде және Өнер мен Ғылым Колледжінде іс-әрекет ететін психология және  неврология профессоры. профессор Ортиг құрған топ жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша адам ғашық болғанда оның миының 12 бөлігінің бір уақытта қатар жұмыс жасап, эйфория күйін тудыратын химиялық заттардың  (допамин, окситоцин, адреналин және вазопрессин) өндірілуіне ықпал ететіндігін анықтаған. Махаббат сезімі ойша қиялдау, теңеу және бейнелік көріністер сияқты күрделі танымдық қызметтерге солайша ықпал етеді.  Сондай-ақ, зерттеушілер ғашық болу үшін бес секундтың өзі де жеткілікті екендігін анықтаған. Жаңа ақпараттар: «Адам қалай ғашық болады: жүрегімен бе?, әлде миымен бе?»-деген  сұрақтың туындауына себепші болуда. Ортиг ол сұрақтың әрқашанда жай сұрақ болмағандығын айтады. «Мен ми деп айтар едім, алайда, жүрек те сол күйге тығыз байланысты, өйткені махаббатың күрделі ұғымы мидан жүрекке және керісінше бағытта да жүретін жоғары көтерілуші әрі төмен түсетін үдерістері арқылы қалыптасады. Мысалы, мидың кейбір бөлшектерінің белсендірілуі жүрекке жетер әсерді тудыруы мүмкін».  Талдау махаббатың әрқилы көріністеріне жауап беретін мидың басқа да бөлшектерін айғақтауда. Мысалы, ана мен баланың арасындағы шартсыз махаббат мидың орта бөлігін қамтып, оның жалпы және әртекті бөліктеріне байланысты болады. Құмар махаббат дененің бейнесі сияқты анағұрлым жоғары танымдық қызметтерге ие болған мидың танымдық ассоциативті бөліктеріне байланысты.  Махаббат біздің қозғаушы күшіміз әрі тағдырымызды анықтаушы ғажайып болып табылады. Ол тұтқиылдан пайда болып, қисынсыз әрі көзге көрінбейді. Аталмыш сезімнің табиғатын зерттейтін ғылым ғашықтарды баурайтын ғажайып өзгерістерді анықтайды: махаббат мидың қорқыныш сезімдеріне, жағымсыз эмоцияларға, сынға жауап беретін бөліктерін басып, адамның негізгі қажеттіліктеріне жауап беретін және ләззат алу қызметіне жауап беретін аймақтарына ықпал ететіндігін анықтайды. Антропологтар, биохимиктер, философтар және діндарлар махаббаттың табиғаты туралы күтпеген болжамдарды айтуда. Дегенмен, олардың барлығы әйел мен еркектің бір-біріне қатысты басынан кешірген сезімдерінің астарында анағұрлым жоғары, ақылға сыймайтын, түсініксіз  дүниенің тұрғандығын мойындайды. Ғашық болғандардың барлығы ақылды және ақылсыз, жас және кәрі, бай және суретші де бірдей сезімдерді кешіреді. Өтірік, адалдық, қызғаныш, шаттық, сатқындық – ешкім өзінің махаббатының хикаясының қандай болатынын, қалай аяқталатынын алдын ала болжай алмайды. Бірақ барлығы ол барда барлығы – уақыттың, ақшаның, беделдің, міндеттердің екінші жоспарда қалатынын жақсы біледі. Дәрігерлер махаббатты психиканың компульсивті, аддиктивті, бізді сүйіспеншілігіміздің затына өктемдікпен тартатын  бұзылыстарының бірі деп тұжырымдайды. Ол жалпы нашақорлыққа тең, атап айтқанда кокаинды тәеулсіздік іспеттес. Философтар оны өзіңіз ғашық болмайынша түсінуге болмас, ақыл мен жанның ерекше күйі деп айтады.  Карл Густав Юнг: «Ол ессіздік емес. Осы тұста «ақыл» сөзін қолданудың өзі орынды ма дер едім? Ол ұшы қиыры жоқ жарық та қараңғылық та болып табылады. Ондай құпиялы қуаттан ешкім қашып құтыла алмайды». Ғалымдар махаббаттың: жыныстық әуестік, қиялшыл махаббат және үйірсектік сияқты негізгі үш түрін көрсетеді. Бірақ дәл қиялшыл махаббат жайында ғасырлар бойы жазушылар мен ақындар жырлауда, дәл соған музыканың және көркем өнердің  сансыз төл тұмалары арналуда. Әрі тек махаббатпен ғана қоштасу сондай қиын. Дәл сол лабораториялық зерттеу жұмыстары махаббат айырылған адамдардың 100 пайызының қуатты, тіптен шыдатпайтын ауырсыну сезімін кешіргендерін көрсетуде. Бірақ кейбір адамдар ол күйді салыстырмалы түрде қысқа мерзімде жеңе алса, басқалары жылдарға, онжылдықтар тіптен өмірлерінің ақырына дейін қиналып өтеді. Дегенмен адамдардың көпшілігі махаббаты мүлде кешірмегеннен гөрі одан айрылғаннын артық екендігін қалайды.

Даналық сабақтары. Шағын топтармен жұмыс.

  • Кез- келген махаббат өз бетінше шынайы да керемет, тек ол адамның миында емес жүрегінде болса болғаны. (В Белинский)
  • Махаббат — құштарлықтардың ішіндегі ең қуаттысы, өйткені ол бір уақытта адамның миын, жүрегін және тәнін жаулайды. (Ф.Вольтер)
  • Біз барлық қуаныштардың бастауына айналғымыз келеді, ал егер ол мүмкін болмаса, ғашық болған адамымыздың барлық бақытсыздықтарын кешіруді қалаймыз.( Ж.Лабрюйер)
  • Еркіндік дегеніміз жауапкершілік, сол себепті көпшілігі одан үрейленеді.( Б. Шоу)
  • Періштелер оны аспандағы ғанибет десе, шайтандар – жаһаннамның азабы десе, адамдар – адамдар-махаббат деп біледі.(Г.Гейне)
  • Сүйікті болу бай болудан артық, өйткені сүйікті болу – бақытты болу деген сөз. К.Тилье
  • Махаббат жалғыз да, ал оның жалған түрі сан мыңдап саналады. Ф.Ларошфуко
  • Махаббат деген –қажеттілік пен сезімнің ұласуы. О. Бальзак

Оқытушы. Адами қасиеттер мен көріністердің қатарында махаббат ең ұлы да ең тартымды құпия сезім болып табылады. Ондай сиқырлы сезімнің  жұмбағы әлі көп жылдар бойы әр жастағы, ұлты, әлеуметтік тұрғылары әртекті адамдарды толғандыратын болар.

Астарлы әңгіме «Бізге өмір сыйлағандар туралы»

Бозбала өзге ұлттың қызына ғашық болады. Оған үйленуге бел буады. Бойжеткен болса: «Мен саған тұрмысқа шығамын, бірақ алдымен сен мен үшін жүз істі атқарып шық,-деп айтады. Жігіт қыздың еркеліктерін орындай бастайды. Алғашында ол жігітті бірде-бір тірегі жоқ жартасқа шығуға, кейін сол жартастан секіруге мәжбүрлейді. Жігіт секіріп, аяғын сындырып алады. Онда қыз жігітке жүріп, ақсамай жүр деп бұйырады. Одан да басқа қолдарын су қылмай  көлді жүзіп өту; асау атты тоқтатып, тізерлету; қыздың кеудесіндегі алманы бөлу тапсырмалары беріледі. Жігіт тоқсан тоғыз істі орындап шығады. Біреу ғана қалады. Содан қыз: «Енді анаңды және әкеңді, өз тіліңді ұмыт», — деп айтады. Жігіт көп ойланбастан атқа мініп, атын қамшылап, мәңгілікке ғайып болады.

Студенттерге талқылауға ұсынылатын сұрақтар:

  • Бозбаланың орнында болсаңыз сіз қайтер едіңіз?
  • Сүйікті адамды таңдауда қалауларыңыз қандай?

Жаттығу «Арманыңдағы адамның келбеті»

Нұсқау: Өмірді бірге кешіруге даяр адамды елестетіңіз. Таңдаған адамыңыздың мінез бітістері мен рухани қасиеттерін тізіп шығыңыздар.

Студенттерге талқылауға ұсынылатын сұрақтар:

  • Сіздің таңдауыңыз қандай негізде жүзеге асырылды?

Коллаж «Махаббатың қуаты». Шағын топтармен жұмыс.

Мақсаты: махаббат сезіміне оңтайлы қатынасты қалыптастыру. Сезімдік тәжірибенің және эмоциялы күйзелістердің негізінде үйлесімді күйін дамыту.

Материалдар: (ватман, бояулар,  бояу жаққыштар, журналдар, желім, қайшылар, түрлі-түсті қағаздар).

Студенттерге талқылауға ұсынылатын сұрақтар:

  • Орындаған жұмыстарыңыздың негізгі идеясы қандай деп ойлайсыздар?
  • Шығармашылық жобаны орындауда қандай күйзелістерді кешірдіңіздер?
  • Коллажға барлық эмоциялы түйсіктеріңізді ақпарат түрінде толықтай жеткізе алдыңыздар ма?

Оқытушы. Кейбір адамдар  махаббаттан үрейленеді. Олар ғажайып өзара қатынастардан гөрі жалғыз болғанды қалайды. Олар өздері мен әлемнің арасында қабырға орнатып алады. Олардың қорқынышы өздерінің жұбын тауып, шынайы бақытты адам болуға кедергі келтіреді. Өзіде сүюге және сүйкті болуға мүмкіндік беріп, қорқынышыңа қарсы тұруға батылдық таныту қажет.

Релаксация «Ғашықтардың айналы биі»

Нұсқау: студенттер жұптарға бөлінеді. Кез келген әуенді қоюға болады. Жұптардағы адамның бірі айна болып, екіншісінің биін барынша анық қайталауға тырысады. Кейіп жұптар орындарын алмастырады.

Жаттығу «Махаббаттың заңдары»

Нұсқау:  Махаббатың күшіне сенбейтін, қатты қиналып, көңілдері қалғандарға 10 ұсыныс құрастырыңыздар.

Медитация «Мен махаббат жолдаймын»

Нәтижесі. Сабақты қорытындылау. 

Оқытушы. Ғалымдардың айтуынша махаббат сезімінің жыныстық әуестік, рухани тартылыс пен үйірсектік сияқты үш «кезеңі» болады. Құштарлық серіктесімізден ең алдымен жыныстық ләззатты алғымыз келгенде бастапқы кезеңде орын алады. Біздің гормондарымыз солай жұмыс жасайды. Біз әуестігіміздің нысанына біршама үйренгенде де мидың ләззат алу аймағындағы қан ағысы жоғары дәрежеде болады.  Бұл кезеңде адам айқын эмоцияларын танытуға аса бейім болмағанымен, сүйіктісімен бірге өзін аса үлесімді сезінеді. Ары қарай адам жақынына терең үйірсектікті сезінетін үшінші «сүйіспеншілік кезең» орын алады. Адам екінші жартысының тұрақты жанында болуын сезінеді. Дәл осы күй отбасын құруға ұласатын ұзақ мерзімді әйел мен еркек арасындағы махаббат қарым-қатынасының негізі болып табылады. Біз ашуды, жеккөруді немесе уайымды таңдағанымыздай махаббатты да таңдай аламыз. Егер адамның жүрегінде махаббат сезімі ұяламай, ол адамдардан шет жүру, жалғыз қалу, кінә сезімімен тығыз байланысты қорқынышта ғұмыр кешеді. Егер адам мааббатты таңдаса – мааббаттын табады. Ол жаңа қатынастарды қалыптастыруға дайын болып, көңілі қалмай, жаны қуаныш пен шаттыққа бөленеді.

Қоштасу рәсімі. Шеңбер құрып жаныңдағы адамға махаббат сезімін білдіру. «Мен сені жақсы көремін өйткені сен…»

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ