Кеңестік жүйе келеңсіздіктері

0

Қазақстанда тарих ғылымының Кеңестік дәуірде қалыптасып, дамуына өз еңбектерімен, зерттеулерімен елеулі үлес қосқан ғалымдардың үлкен шоғыры өсіп шықты. Олар Отан тарихы бойынша іргелі зерттеулер жүргізіп, республикамыздың ғылымы мен мәдениетінің өркендеуіне бар күш-жігерлерін жұмсады. Осыдан-ақ, қоғамның прогреске ұмтылған талпынысын шапшаңдатуға ықпал ететін, өздерінің көрегендігімен өмір сүріп отырған кезеңінің бет-бағдарын анықтайтын негізгі күш-зиялылар қауымы екендігін байқаймыз және де, зиялылар қауымының тарихын зерттеу, олардың ролі мен ғылымға қосқан үлесін зерделеу, кейінгі ұрпақ үшін маңызды міндет екендігін түсінеміз.

Сондықтан да болар, бүгінгі таңда Отандық тарих ғылымы еліміздің тәуелсіздігімен бірге келген терең де түбегейлі өзгерістер мен жаңаруларды басынан өткеруде. Оның ең басты көрінісі – тарих ғылымының бұрынғы кеңестік идеологиялық қыспақтан арылып, ғалымдарымыздың төл тарихты түбегейлі зерттеуге бет бұрғаны дер едік. Ұлттық тарих жалаң күйінде емес, тұтас ұлттық таным, төл рухани құндылықтар контексінде қарастырыла бастады. Бірақ бұдан, бүгінгі таңда тарих ғылымы өзінің міндеттерін тікелей орындай бастады, қоғам дамуының қажеттіліктеріне толық жауап беруде деген ұшқары ой тумаса керек.

Жалпы, тарих ғылымы-ұлттың, елдің тәуелсіздігінің тірегі. Өйткені, Отан тарихы – оның әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын негізгі фактор. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болмайтыны белгілі. Дегенмен, сол тарихтың ғылымға негізделіп, шынайы, түбегейлі, жан-жақты зерттелмеуі тарихи сананың, ұлттық рухтың әлсіреуіне әкелетініне, әсіресе, өткен жиырмасыншы ғасырдың ұрпақтары талай рет көз жеткізді. Ендеше, Отандық тарих ғылымының алдында тұрған өзекті мәселе – сол ғылымның теориялық және методологиялық ұстанымдарына сүйене отырып, іргелі зерттеулер жүргізу болып табылатындығы дер едік.

Кеңестік дауірде өмір сүрген тарихшылардың еңбектері «маркстік-лениндік» тұрғыда жазылған деген үкімді оңай шығара салуға дайын енжарлық пен салғырттықтың бұл мәселеге мойын бұрып, зерттеуге кедергі жасап отыр десек, асыра айтпағанымыз болар. Кеңестік дәуірде зиялылардың ролі жасанды түрде төмендетілді, кейінгі орынға ығыстырылып отырды. Көптеген талантты ғалымдар, өнер, мәдениет қайраткерлері репрессияға ұшырап, есімдері көпке дейін белгісіз болып келді. Қазақ ұлтының бетіне шыққан қаймағы-оқығандарын, зиялыларын, қаламгерлері мен санаткерлерін сылып алып тастап, бірнеше буынның төбесіне қорқыныш пен үрейді төндірді де тұрды. Бұл ұлт ой-санасының жетілуі мен дәстүр сабақтастығына орасан зиянын тигізді. Ұлт дамуының күретамыры рухани салада «ақтаңдақ» беттер көбейді. Осындай қиын да, күрделі проблемалардың қатарына жеке тұлғалардың, жеке тарихшылардың қоғамдық қызметтері мен ғылыми еңбектерін зерттеу жұмыстарының жатқызылуы да орынды. Өйткені, олардың саяси-әлеуметтік көзқарастарын, қоғамдық қызметін бағалауда, қазақ тарихындағы ролін анықтауда белгілі бір бағыт, табан тірер негіз бар. Бұл тұрғыда кешегі кеңестік империя кезінде жүргізілген бір жақты идеологияға қарамастан халқымыздың сол ғасырдың күрделі тарихын алғашқы күйінде жеткізуге тырысқан С.Асфендияров, М.Тынышбаев, Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан сияқты біртуар тарихшы ғалымдардың болғандығы елмерейін асқақтата түсері сөзсіз. Сондықтан да көзінің тірісінде Отандық тарихтың дамуына ерекше атсалысып, халқымыздың өткеніне, болашағына шыншыл баға беру жолында талай қиындықтарға ұшыраса да өмірлерінің соңына дейін адал қызмет еткен ірі тұлғалардың іс-әрекеті жас ұрпақтардың ой-санасынан берік орын алуы керек деп білеміз.

Тәуелсіздік, жалпы Тәуелсіз Қазақстан жайында сөз етер болсақ, алдымен КСРО-деп аталған алып айдаһарға ұқсас тоталитарлық империяның есімізге еріксіз оралатыны айдан анық. Тоталитаризмның еріксіз еске оралуы да түсінікті жәй. Себебі, аттай 70 жыл темірдей берік тар құрсауында бұғаулап ұстауы санаға салған сызат, жүрекке түскен үрей екендігі айтпасада белгілі. Сол бір сұрапыл кезеңдер Қазақ елі үшін ауырда азапты болғаны тарихи шындық. Бас көтеріп өз идеясын ашық айтқан анығында империяның саясатына қарсы тұрған қазақ зиялылары кезең-кезеңмен «халық жауы, ұлтшыл» — деген желеумен сотталып, жер аударылып, жазықсыз атылып кеткендігі бесенеден белгілі. Міне осындай үркітіп, қорқытып үрейін алып бірінде тырып еткізбей ұстау Қызыл империяның 70-жыл ұстанған үйреншікті саясатының көрінісі. Коммунистік партияның дүрілдеп тұрған тұсында одақтас республикалардың мәселесін тек Кремль ғана шешуге құқылы болатын. Қаншама қазақ шығармашылық зиялылары өздерінің құқығын қорғау да қорғансыз баланың күйін кешті. Біздің сөз етіп отырған мәселемізде шығармашылық зиялыларының кеңестік кезеңдегі түрлі құқықтарының қорғалмағандығы жайында. Ұлттың көзі мен құлағы боп саналған ұлт зиялылары өзге түгелі өз құқықтарын қорғауға келгенде әлсізде, қорғансыз болды. Соның бір айғағы «ғалым, жазушы, ақын, композитор, суретші т.б.»-болып елге кеңінен танылған талант иелерінің өз кезеңінде жазған еңбектерінің әділ бағасын ала-алмауы болатын. О.Сүлейменов, Е.Бекмаханов, М.Әуезов, М.Қозыбаев, І.Есенберлин және т.б. өз еңбек жолдарында көптеген социализмның қырағы саясатының құрбаны болды. Мәселен: сыншы, ғалым, жазушы Ы.Нұрғалиев сол кезеңді былайша еске алады. 1966 ж «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қилы заман» қандай туынды?» мақаласынан бастап үстімнен арыз жаңбырша жауды. Мұхаңның (М.Әуезовты айтып отыр. Автор С.Б) көп жыл бойы көмбеде беті жабулы жатқан шығармасына шырылдап ара түскен сол мақала көп жерде талқыланып ақыры «Қазақ әдебиетінен» Н.Ғабдуллин бас редакторлықтан, З.Серікқалиев бөлім меңгерушілігінен, ал мен Қазақстан жазушылар Одағындағы қызметінен қуылдым, «Трагедия табиғаты» атты кітабымда Шәкәрімнің «Еңілек-Кебек» поэмасын ауызға алғаным үшін… үш әріптің үйге келіп, кітаптарымды ақтарып тексергені де шын»/1/.

Міне осындай жарлық салдарынан Ы.Нұрғалиев докторлық диссертациясын 2 рет қорғауына тура келгенін біреу білсе  біреу білмес. Тіпті І.Есенберлиннің 1967 жылы жарық көрген «Қатерлі өткел»-деп аталатын романындағы Ақан есімді кейіпкердің Мағжан Жұмабай ұлының тікелей протатипі екенін тәуелсіздік алғаннан кейін ғана білгеніміз аян. Автор ол жайында былай дейді: «Романды жазған кезінде орыс ағайындардың өкшесі қисық десең, ұлт тәуелсіздігі десең, тұқымы тұздай құритын, қосақ арасында соңыңа күдік іліндіріп, жеккөрінішті  болып, әйкәпір аталып абыройыңнан айырыласың, шет жағасын көріп мойныммен көтерген адаммын ұлт жанды мінезіммен дүниеге келген тарихи шығармама сол кездегі орталық партия комитеті, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті қоян көрген бүркіттей шүйлікті. «Осы неге хандарды қаза береді»- деп су тиген қарақұртша жиырылды. Соңыма көлеңкеме сабылтып үндеместерін салып қойды» /2/.

Кейбір социализмнің «сүзгісінен» байқаусызда өтіп кеткен бұндай шығармалар үшін сол кездегі редакция басшылары айып арқалап, кінәлі болып жұмыстан қуылып бір  сәтте ай кәпір атанып шыға келуі оп оңай еді. Қазіргі ұрпақ қастерлейтін белгілі ғалымдар Қ.Жұмалиевтің, Ә.Марғұланның, М. Ғабдуллиннің «Қобыланды батыр» жырына берген объективті бағалары үшін жазықсыз айыпталғанын да осының бір айғағы еді /3/.  Бұларды білу бізге өткендегі қателерімізді қайталамау үшін де қажет емес пе?

1968 ж Ставрополь кітап баспасынан Ф.Б.Садықовтың «Единство народа и противоречения социализма» атты көлемді монографиясы жарық көрді. Ол кітапта совет қоғамының ішкі және сыртқы қайшылықтары жан-жақты қарастырылып талданған. Осындай шындықтың бетін ашқан үшін жаңағы монография кітап сөрелерінен алынып тираж жойылды. Ал, кітап авторы қызметінен алынды, партиядан қуылды. Дәл осындай жағдай да О.Сүлейменовтың «АЗиЯ», М.Қозыбаев пен З.А.Голиковтың «Золотой фонд партий. Из опыта кадр политики КПСС» О.Исмағұловтың қазақ этносына арналған кітаптары пышаққа түсті /4/.

 Бұл кітаптардың жазығы неде еді ?- дегенге келер болсақ қалыптасқан жүйеленген пікірлерге тосын ой қозғағаны болатын. Осындай қуғын, жала жабудың астарында қазақты тұншықтыру жымысқы саясаттың ұшы көрінеді. Алайда социализм өз білгенін қанша жүзеге асырып, тырысып баққанымен, қазақ халқының бір тұтас ел екенін мойындамауға амалы қалмады. Кеңестік кезеңінде жариялықты аңсаған қазақ зиялылары Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өздері аңсаған жариялыққа қолдары жетті. Сөйтіп социализм салған қыл бұрау қазақты мәңгі бұғаулап ұстай алмады.

Дегенмен, сол кездегі  кеңестік саясаттың шеңберінен шығып кетпей, Қазақстандағы саяси, әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалдың бет-әлпетін көбінесе жалаң деректерді сәтті пайдалану арқылы көрсетуге тырысқан ғалымдарымыздың зерттеу еңбектері бүгінгі тәуелсіз заманда да өз мән-мазмұнын жоғалтпайтындығына сенімдіміз.

Қоғам қайраткерлері мен зиялылардың басты мақсаттары өз туған халқының өткен тарихын кейінгі ұрпаққа сол алғашқы қалпында еш бұрмалаусыз көрсету болып табылған ғалымдарымыз болған тарихи оқиғаларды архив құжаттары, нақты деректер арқылы жеткізуді мұрат етіп алған. Соның натижесінде көбінесе Қазақстан туралы сан-саналы құжаттар жинағын даярлап, цифрлар мен деректер арқылы әркезде қазақ халқына қатысты жүргізілген саясаттың оң, терісін бағалауды оқырманның өз үлесіне қалдырып отырған.

Мұның өзі, сол кездегі кеңестік бір жақты идеологияның қитұрқы бағыт-бағдарын көрсетудің ең бір ұрымтал тұсы болатын. Осындай бағыттары үшін олар талай рет сыналып, қуғындауға  да ұшырып отырған. Екінші жағынан зиялы қауым өздері өмір сүріп, қызмет атқарып отырған қоғамға, Кеңес мемлекетінің жүргізіп отырған саясатын қолдап, мақұлдауға тиіс болған. Олардың көптеген еңбектерінен біз осы жайды аңғарамыз. Қалай болғанда да зерттеуші ғалымдар сол кездегі тарихи, саяси, әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалды көрсете отырып, соның негізінде Қазақстанның да өзіндік даму жолын айқындап беруге қол жеткізген.

Әрине, кеңес өкіметі кезіндегі жазылған еңбектер бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға  қатысы ерекше. Өйткені, ғасырлар бойы әуелі патшалы Ресейдің, одан соң Кеңестік Ресейдің боданы болып келген Қазақстан саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алғанда орыстарға барлық жағынан да тәуелді болып келді. Шындық тұрғысынан алғанда тәуелсіздік бастамасы Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған жылдардан бастау алған болатын. Қазақстанның автономия, одан соң тең дәрежелі республика атануы сол жиырмасыншы жылдардан, яғни Ресейде Қазан төңкерісі жеңіп, шетаймақтарда да Кеңес өкіметінің орнаған кезінен басталған болатын.

Кейінгі жас ұрпақ, біздер үшін қазақ халқына тәуелсіздік әкелген жаңа-ХХ1 ғасырда өткен тарихымызды түгендеп, ой елегінен өткізіп рухани байлықтарымызбен қатар, сол байлықтарды жасап, зерттеп құнды-құнды еңбектер жазып қана қоймай, халқының жарқын болашағы үшін қызмет істеген біртуар азаматтардың, қоғам қайраткерлері мен зиялылардың есімдерін сол алғашқы қалпында  туған халқына қайтару бүгінгі таңда атқарылуға тиісті кезек күттірмейтін мемлекеттік деңгейдегі басты міндеттердің бірі деп білеміз.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Прасат 1993ж №2 «Қазақ энциклапедия керек пе?» Ы.Нұрғалиев
  2. Парасат 1995ж №1 «Біз білмейтін Есенберлин» Д.Досжанов 13 бет
  3. Қазақстан коммунисі» 1991ж №3 « Зиялы қауым неге қуғындалды»

    О. Таласов.

  1. Ақиқат 1992ж №5 « Таңдауға ерік бар ма» Т. Кішібеков. 33б

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ