С. Мұқанов поэмаларындағы кезеңдік оқиға, алып құрылыс тақырыбы

0

Қазақ еліндегі реформа дегеннен шығады, 1931 жылы 1 қаңтарда Турксиб темір жолы пайдалануға берілді. Қазақстан жеріндегі Турксиб темір жолы Кеңес еліндегі алып құрылыс болумен    қатар,       көптеген       ақын — жазушыларға       шығармашылық    қозғау      салды.  І.Жансүгіровтің «Отарба», А. Тоқмағамбетовтың   «Турксиб    түйіскенде»,   Ғ. Ормановтың   «Шеңбер», Ә. Тәжібаевтың «Қарсы алғанда», «Жаңа жол бойында», «Жуытпа», «Темір жол» тағы басқа өлең — поэмалары осы құрылыстың маңыз -мақсатын, қасиеті мен қиындықтарын жан-жақты көрсетуге арналады. Дәуір құрылысы дерлік алып құрылыстың іске қосылуына орай Сәбит Мұқанұлы «Жүйткі, қара айғырым» аталатын поэмасын жазды.

     Қазақ даласына жаңалық келді. Ол – темір жол. Жаңалықты адамның қабылдауы қызық. Алдымен тосырқайды, сосын таңырқайды. Ақырында сол ұлт, халық өмірінде бар, қолданылатын құбылыспен салыстырып, баламалап қабылдайды.

     Бейнелеу өнерінің классигі Әбілхан Қастеевтің «Турксиб» аталатын картинасы бар. Поезд өтіп барады. Аттылысы – ат үстінде, жаяуы – жаяу таңырқасып қарап тұр. Енді бір аттылар жарысып бара ма, қуып бара ма, әйтеуір атын борбайлатып шауып барады.

     «Желмен жарысқан…» – десіп аңызға айналдыратын қылқұйрық – қазақы танымға ең жақын тұрған жануар. Не жүйрікті сонымен салыстырып қабылдайсың, сонымен салыстырып жұртқа танытасың. Бірі – әдебиет классигі, бірі – бейнелеу өнері классигі – екеуі де Турксибті, дұрысы поезды жүйрік атпен баламалап бейнелеп, салыстыра суреттеп, параллелдеп — пропорциялап көрсетіп отыр.

                                      Сүлдері құрып,

                                                        суалып

                                      Жағы, түсі қуарып,

                                      Сиықсыз түгін шаң басып,

                                      Басына туып қара күн

                                      Тұрған кезде,

                                                        Турксиб

                                      Жүректен қалай қан лықсып

                                      Әл берсе талған денеге,

                                      Нақ сондай қан –

                                                        жан берді.

                                      Тірілді,

                                               тұрды дала,

                                                                  Құм!   [1, 174-175 бб.]

деп жырлайды Сәбит ақын Түркістан-Сібір жолының қосылып  қазақ даласына қан бергендей, жан бітірген сипатын. Қазақ даласын өлі денеге теңеп, темір жолға телміртіп қойғаны болмаса, Турксибтің елдің  экономикасын көтеруге, әл-ауқатын молайтуда ролі үлкенін ешкім жоққа шығара алмас.

         Түрксіб темір жолы  кезінде Қазақстандық  қана құбылыс болмаған, ол – бүкіл одақтық мән -маңызы   зор    «ғасыр құрылысы»    аталған, кезіндегі КСРО деңгейіндегі құбылыс болған.

М. Тынышбаев, Т. Рысқұлов, М. Шатов есімдері осы  «Түрксібке» байланысты көтерілетін сәттері бар. Кезінде «Түрксібті» қазақ ақындары ғана емес, Одақ ақындары арнайы ат сабылтып келіп, зерттеп, шығармаларына арқау еткен. Қазақ әдебиетінің досы, Санкт — Петерборлық ақын Вс. Рождественский: «Видел первый товарный состав, прошедший вдоль казахстанских предгорий по рельсам только что построенного Турксиба. Но главным во всех этих незабываемых впечатлениях были люди, с их новым отношением к труду, к братскому многонацианальному внем содружества» [2, с. 47], – деп жазды.

          Түрксіб темір жолының түйісуі салтанатты түрде ашылып, оған түрлі республикалардан ақындар шақырылған. Олар қазақ жеріндегі жаңалықты – ғасыр жаңалығы ретінде жырлаған. Соның бірі – Всеволод Рождественский.

     «Хош келдің» сөзін осылай төндіре айтқан ақын сол кездегі Паровозды жүйрік жануар күйінде елестетті.

                            Қажымас қара айғырым.

                            Ұрпағын мол жайғырым!

                            Терісі темір,

                                               сүйегі

                            Болат,

                                      шегі сым,

                                               демі

                            От

                            Айғырымның барында,

                            Кімнен кем менің байлығым!..

                            Айғырымның қасында

                            Шәуілдеген күшіктің

                            Үргеніндей көремін,

                            Ертегі ғып сөйлейтін

                            Арыстанның айбынын [1, 176 б.].

«Қара айғырым» деп отырған қара паровоз көк тепловозға, тіпті электровозға айналған бүгінгі күні бұл шумақты тапқырлық ретінде мақтап ала жөнелгелі отырған жоқпыз. Мақтай қалғанда да жиырмасыншы-отызыншы жылдар поэзиясы табысы ретінде қарармыз. Өлеңдегі ұлттық танымды оятқалы отырмыз.

       «Қобыланды батыр» жырындағы «Тайбурылдың шабысын алға тартып жіберіп, «Қара айғырды» одан да жүйрік етіп сипаттайды да ел игіліне қызмет ет – деп аяқтайды. Поэма аяғында «31 декабрь 1930» — деген белгі тұр. Демек, «Жүйткі, қара айғырым» бір күндік ақындық шабыттың жемісі!

       Паравозды – қара айғыр, яки тұлпар бейнесінде образдап, баламалап беру – кешегі көшпелі тұрмыстан кеңестік қоғамға келген қазақ ақыны үшін тіпті де ерсі емес. Қайта сол кезең үшін табылған балама дер едік.  Паравозды – поэзия тілінде  бұхара халыққа қалай  түсіндірсін. Ал, сондай сәтте «Жүйткі, қара айғырым!» – десе бұхара  халық, қалың оқырман көз алдына жүйтки  шауып бара жатқан қара айғыр елестеп қоя бермей ме?! Ақын дүниетанымы, қоғамның сол кезеңдегі өріс-өркені, сұранысын еске алғанда «Паровоз – қара айғыр» дәл  табылған  баламалы образ.

       Осы орайда  бір жайды  айта кетелік.  Саха елінің  классигі , ақын Платон Алексеевич  Ойунский (1893-1939) да кезінде  поезды ат бейнесінде  елестете жырлағаны еске түседі. Түбі бір түріктің бір  жұрағаты   «Железный конь» [3, сс. 73-74]  атап бейнеленуіне қарағанда  қылқұйрық жануар  олардың тұрмыс-тіршілігінде үлкен роль  атқарған секілді. Өмір, таным ұқсастығынан «ұқсас» шығарма туған. Сәбиттің қара  айғыры  тау-тасты  талқандап алға кетіп барады, Платонның «Темір аты» түн қараңғылығын қақ жарып болашаққа  ағып кете барады.

     Фольклорлық әсірелеу, ұлғайтулар арқылы жырланған шығарма оқиғасы – шынайы өмір. Тек жырланары  адам емес, қара темір,  алайда ол адам ақыл- ойының жемісі.

     Шығармашылық  тарихына қарап отырсақ, Қазақ елінде  жүріп жатқан бірде-бір  реформа, жаңалық атаулы Сәбең назарынан  тыс қалмағандай. Түрксибтің поэзияға айналып жырлануынан біз осыны көреміз. Қазақстан ғана емес, кешегі СССР-дегі көрнекті оқиғаны да қалт жібермей қадағалап, жырға  айналдырып отырған секілді. «Ақ аю» поэмасы соның көрінісі.

      Осы орайда    отызыншы жылдары   қалыптасу үстіндегі  СССР-дегі болған бір жайды  еске алуға  тура келеді. Ұлт республикалары бір Одаққа бірікті. Енді жабыла жаңа қоғам құрып жатыр.  Осындайда   Одақтас республикалардың  бірінде болып жатқан жаңалықты екіншісі біліп отыруға тиіс. Тіпті, бір-біріне қол ұшын  беріп отыру да тұрақты үрдіс. Курск  ГЭС-і   Түркімен Қарақұмы, қазақтың Түрксібі, тіпті 30-шы жылдардағы Беломорканалдан 80-ші  жылдардағы БАМ-ға дейін «Бүкілодақтық екпінді құрылыс» аталып, оған «туысқан республикалардан» жұмысшы, құрылысшылар  жіберілу – дәстүрге айналған.

Жұмыс күші өз алдына сондай екпінді   құрылыстарды  сылтау етіп, Орталықтан әдебиет    және  өнер  саңлақтарынан   арнайы      бригада  жасақтап   жіберу үрдісі де болған.  Н.С. Тихонов, В. Луговскойдың  Түркменстанға  әдеби сапармен барып,  шығарма   жазып  қайтуы, Л.Соболев бастаған В.А. Рождественский, П. Лукницский, В.Шкловскийдің Қазақстанға келіп, өнімді істерді көздерімен  көріп қайтуы (біз кейбірін  ғана  еске алып отырмыз), көркем шығарма, қатардағы  очерк жазушылық – сондай дәстүрден туған.

1934 жылы С. Сейфулиннің В. Иванов, В. Шкловскийді ұлт республикасы адамдарын нақұрыс  кейіпте көрсетеді деп сынауы осыған байланысты болатын (ССР Жазушылар Одағының 1934 жылғы 1-сьезі. Жинақ).

Әр  республикадағы екпінді  құрылысты жырлау әрі міндет, әрі ақындық тапсырма ретінде орындалып жататын. Демян Бедныйдың «Шайтан арба»  өлеңі – Түрксіб  тарихынан  туғанын   айтсақ    [4, с. 189],

В. Шкловскийдің  өндірісті Қазақстанды көрсету үшін «Вольфрам»  жайлы (Қазақстан жайлы) деректі кинофильм сценарийін жазғанын [5, 18-20 бб.],  В.А.  Рождественскийдің Абай өлеңдерін аударуға ден қоюы [6, 95 б.], В.Ивановтың Қазақстан өмірінен көрнекті шығарма  жоспарлағанын айтсақ та біраз  жайға қанығамыз.

Демек,  Челюскин  жорығынан  Сәбит Мұқанұлының «Ақ аю» поэмасын жазуы, Асқар Тоқмағамбетовтің «Уборщица» поэмасын  жазуы – ол кезде осындай үрдістен туған, табиғи жағдай болатын. Бұл – қазақ ақындарының бүкілодақтық өмір құбылыстарына араласуы.

Әрине, Д. Бедный секілді орыс ақындары да бұл тақырыпта өлең жазып жатты. Д.Бедныйдың «Всепобеждающее геройство» [6, с. 189] өлеңі «Правда» газетінде 1934 жылы 18 июньде (№166) жарияланған екен. Өлең жай патетикалық сарында жазылған шағын ғана поэтикалық туынды.

   Д. Бедный (Ефим Алексеевич Придворов) өлеңі 43 жолдан тұратын қарапайым өлең. Сәбит Мұқановтың “Ақ аю” поэмасымен салыстыруға тіпті де келмейді.

       «Ақ аю» — Қазақстан Үкіметі 1935 жылы жариялаған конкурста екінші бәйгені жеңіп алған поэма.

Отызыншы жылдары  Сәбит Мұқановтың прозаға  ойыса еңбектеніп жүрген кезі. Бұл — өлең сөзді  біржолата жиып тастады деген сөз емес. Бұрынғыдай замана үніне  ұдайы құлақ тосып,  күнбе – күндік өзгерісті күнбе – күн өлеңге айналдырып отыруды қойып, өмір  өзгерістеріне сабырлы мінез, байсалды көзбен қарады деген сөз. Өмір  құбылыстары ақындық жүрегін ерекше тербеген сәттері ғана поэзияға отырды. Ал, қалған уақытта негізінен прозалық туындылар жазумен айналысты. «Адасқандар», «Жұмбақ жалау», «Есіл», «Теміртас» романдары жазылып жатты. «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті (Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі) 1932 ж. жазылып жатты. Драматургиямен айналыса бастады.

Міне, осындай шығармашылық жағдайда жазылған «Жүйткі, қара  айғырым», «Ақ аю» — сол  кезең үшін де, Сәбит Мұқанов үшін де ірі  кезеңдік оқиға, алып құрылыс, табиғатты игеруге талап, ғажап құбылыс болып көрінген. Содан,  қолына  ақын болып қалам алған. Алдымен Түрксіб тақырыбын  қозғап, содан «Ақ аюға» түскен  С. Мұқанов.

Челюскиншілердің мұзды мұхитқа жорығы – кезінде адамзат ерлігінің бірі саналғаны рас.

Мәңгі мұзды игерудің  басы  болып көрінген. Тусыраған тыңды, кісі аяғы бармаған БАМ-ды жасау, екпінді коммунистік құрылыстар жариялау —  коммунистік қоғам дамуындағы бір көпшіл жұмыс тәсілі, істі ілгері бастыру дағдысы болатын. Бәлкім В.И. Лениннен қалған үрдіс, лениндік сенбіліктен қалған  із болуы керек. Бір республикадағы табыс 15 одақтас   республика табысы  саналып жататын уақыт. Сондықтан Челюскиншілердің Мұзды мұхитқа жорығын поэзия тілінде «айдаладағы» қазақ  ақынының жырлауы ерсі емес, тек көңілдегідей көркем етіп шығара  алмағаны болмаса.

      Мұзды  мұхит  тақырыбы  қазақ   ақыны    үшін  тосын  тақырып.   Отызыншы жылдары   В. Ивановтың  қазақ өмірінен жазған әңгімесін «қазақ табиғатын білмей жазған» – деп  Сәкен Сейфуллин қатты сынаған. Бұдан шығатын қорытынды – шығарма ұлттық болуы керек! Ұлт өмірі, негізінен, сол ұлт жазушысына   танық.   Өзіне таныс емес өңір, өзге ұлт тақырыбына     өзге ұлт жазушысы  шығарма жазғанда жете зерттеп барып жазбаса қиын.  Шынайы өмірді қамтыған шыншыл шығарма шықпай қалуы мүмкін.

     Сәбит Мұқанұлының жас шағынан қадірлеп, көп үйренген ақыны – Сұлтанмахмұт Торайғырұлы. Бірде әрі, бірде  бері, бірде артық, бірде кем бағалауына қарамастан Сұлтанмахмұт  –  Сәбиттің іштей үйрене өскен ақыны.  С. Торайғырұлы –  кедейлер жыршысы.  Тақырыпты ірі алып, характерлерді ірі тұлғалайтын,      әлеуметті ойды өте  қуатты  айтатын  Сұлтанмахмұт С. Мұқанұлының кедей-батырақтар өмірінен жазған шығармаларына да ерекше ықпал еткенін аңғаруға болар еді. Сол секілді «Ақ аю» поэмасының «Айтыс» аталатын бесінші тарауы  да Сұлтанмахмұттың «Айтыс», қала ақыны мен дала ақынының айтысқан» поэмасын еске түсіреді. Тараудың тұлғасы, ой айту мәнері, әлеуметтік сарыны екі поэмада өзара ұқсас түсіп жатады. Әрине Сұлтанмахмұттай ұлы ақынды Сәбиттей жас ақын  қайталады деуден аулақпыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1   Мұқанов С. Таңдамалы шығармалар. Он алты томдық. Он екінші том.

      Поэмалар.– Алматы: Жазушы, 1977. – 391 б.

2  Бес арыс: Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. Құрастырған   Д.Әшмаханов.- Алматы: Жалын, 1992. – 264-359 б.

3   Елеукенов Ш. Әдебиет және ұлт тағдыры. Алматы: Жалын, 1997. –

368 б.

4   Кәкішұлы Т. Сайыс. Алматы: Қазақпарат, 2001. —  360 б.

5 Кәкішұлы С. Сәкен аялаған арулар. Эссе мен толғамдар. Алматы: Атамұра,  2003.  – 312 б.

6 Блок А. Собрание сочинений в восьми томах. Т.8.  М.:  Художественная литература, 1982. – С. 770

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ