Ауыл шаруашылық кәсіпорындардағы негізгі қорларды пайдалану және оның экономикалық тиімділігін арттыру жолдары.

0

Әрқандай қоғамда қоғамдық өндіріс өзінің негізгі бағытына және өндіру ерекшеліктеріне қарай бірнеше салаларға бөлінеді. Соның ішінде – қоғам мүшелерінің экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруда шешуші салалардың бірі болып — ауыл шаруашылық өндірісі есептелінеді.

            Ауыл шаруашылығы – бұл экономиканың жетекші негізгі буыны болып, еліміздің экономикалық әлеуеттілігінің дамуына, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық тұрмыс дәрежесінің өсуіне тікелей ықпал жасайтын қоғамдық өндірістің жетекші саласы болып табылады.  Сондықтан да қазіргі кезеңде еліміздің аграрлық саясатындағы басты мәселе — ауыл шаруашылық өндірістің материалдық техникалық базасын нығайту, қазіргі заманғы жаңа техникамен және технологиялық әдіспен жабдықталған ауыл шаруашылық кәсіпорындарын қалыптастыру негізгі бағдарлама болып табылады.

            Қазақстан экономикасында ауыл шаруашылығын өркендету деңгейі қазақстандықтардың қоғамдық саяси және экономикалық тұрақтылықтың негізгі факторы болып саналады. Сондықтан да аталған іс-шаралар қазіргі таңда ауыл шаруашылығының экономикалық жағдайларын жетілдіру, өндіріске инвестицияларды тарту, өндірісті кешенді түрде механикаландыру және олардың экономикалық тиімділігін арттыру жолымен іске асады.

            Әрқандай өндіріс өзінің қандай формада болғанына қарамастан  негізгі екі фактордан қалыптасады: ол объективтік және субъективтік факторлардың яғни заттық және өзіндік факторларын  жиынтығы. Біріншісі — өндіріс құрал-жабдықтары болса, екіншісі — жұмыс күші болып саналады. Екі фактордың бірігуі нәтижесінде қоғамның өндіргіш күштері қалыптасады.

Өндірістік құрал-жабдықтар өндірістің заттай факторы бола тұрып, ол өз кезегінде еңбек заттарына және еңбек құралдарына бөлінеді және олар меншіктің объектісі болып есептелінеді. Сондықтан нарықтық экономикада өндірістік құрал-жабдықтар экономикалық категория ретінде өндірістік қорлар немесе өндірістік капитал рөлінде қызмет атқарады. Өндірістік қорлар қоғамдық өндіріс факторы бола тұрып, оның элементтері материалдық өндіріс процесінде әртүрлі рөлдерді атқаруына және айналыс процесіндегі сипатына қарай негізгі және айналмалы қорлар болып екіге бөлінеді.

Негізгі қорлар дегеніміз бұл – қоғамдық өндірісте ұзақ жылдар бойы бірнеше рет қолданылып пайдаланылатын, өзінің құнын дайын өнімге біртіндеп, бөліп өткізетін негізгі құралдарға айтылады. Айналмалы қорлар дегеніміз — бұл өндіріс процесінде бір рет қолданылып, өзінің құнын дайын жаңа өнімге толығымен өткізетін еңбек заттарына айтылады. Негізгі қорлар өндіріс процесіндегі рөлі мен мағынасына қарай өндірістік және өндірістік емес негізгі қорлар болып бөлінеді. Негізгі өндірістік қорлар бұл тікелей материалдық өндіріс процесінде негізгі еңбек құралы ретінде қолданылады және еңбек процесінің негізі болып есептелінеді. Бұған ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, табыстау құрылғылары, көлік құралдары, құрал-сайман, өндірістік және шаруашылық инвентарлар, жұмысшы және өнім беретін өсімтал малдар, көпжылдық егістер және негізгі қорлардың басқа түрлері кіреді.  2001-2007 жылдар аралығындағы яғни 7 жылда Қазақстан республикасы ауылшаруашылық өндірісін дамыту үшін 26,5 мың ауыл шаруашылық техникаларының негізгі түрлерін, оның ішінде алыс және жақын мемлекеттердің жоғары өнімді, қуатты техникаларын сатып алды. Ол тек 2005-2006 жылдары 67,5 млрд теңге жұмсалған болса, 2007 жылы еліміз ауыл шаруашылығының өркентеуіне 107,2 млрд теңге жұмсады, осының нәтижесінде 2001 жылымен салыстырғанда ауыл шаруашылығын қуаттылық көрсеткіші 2007 жылы  19,5 пайызға  артуға мүмкіндік туғызды. Соның ішінде Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі ауыл шаруашылық өндірісі үшін  4,7 млрд. теңге қаржы жұмсады. Соның нәтижесінде жүздеген шағын және орта ауыл шаруашылық кәсіпорындар пайда болып, ондағы негізгі қорлардың мөлшері 2001 жылы 4,18 млрд теңгеден 2007 жылы 9,5 млрд. теңге жетті, яғни 7 жыл ішінде негізгі қорлардың көлемі шамамен 2,0 есеге өсті. Жүз гектер егістік жерге байланысты негізгі қорлармен жабдықтау дәрежесі аталған кезең ішінде 674,4 мың теңгеден 1172,1 теңгеге көбейді, яғни 1,7 есе өскенін байқаймыз. Сондықтан негізгі қорлардың экономикалық тиімділігін арттыру ауыл шаруашылық кәсіпорынның экономикалық әлеуетінің көтерілуіне және тартылған инвестициялардың тиімділігін асыруда негізгі фактор болып есептелінеді. Негізгі қорларды пайдаланудың экономикалық тиімділігін арттыру мәселелерімен XX ғасырдың 70-80 жылдары көптеген экономист-ғалымдар айналысып келген. Әсіресе, Г.П.Раскин, Л.Н. Синева, Е.А. Иванов, А.М. Бочко, А.Б. Булатов, В. И. Обухоский т.б. ғалымдардың еңбектері ауыл шаруашылық кәсіпорындарындағы негізі қорлардың сипаты мен олардың экономикалық тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған. Ал мақта шаруашылығымен айналысатын аймақтарда негізгі қорлардың тиімділігін арттыру мәселесі мен А.С. Цамутали, К.И. Лапкин, Ф.К. Каюмов, В.И. Платонов, В.В. Ким тағы басқа ғалымдар көбірек айналысқан.

Ал тікелей Оңтүстік Қазақстан өңірінде орналасқан ауыл шаруашылық кәсіпорындарында  негізгі қорларды пайдаланудың экономикалық  тиімділігін арттыру мәселесі әлі толық өз шешімін тапқан жоқ. Осыған байланысты осы өңірдегі пайдаланылып жатқан негізгі өндірістік қорларды пайдаланудың экономикалық тиімділігіне әсер ететін факторларды анықтау және талдау негізгі мақсат болып табылады. Негізгі қорларды пайдаланудың  экономикалық тиімдігін анықтауда синтетикалық экономикалық көрсеткіштер пайдаланылады. Оларға мыналар жатады.

  1. Жалпы өндірілген өнім мөлшерінің негізгі өндіріс қорлардың көлеміне қатысы арқылы.
  2. Жалпы табыстың негізгі өндірістік қорлардың мөлшеріне қатысы арқылы.
  3. Пайдалылық (рентабельділік) дәрежесі арқылы.

Ауыл шаруашылығындағы негізгі өндірістік қорларды пайдаланудың экономикалық тиімділігіне кәсіпорындардағы негізгі қорларыменен жабдықталу дәрежесіне байланыстылығы №1 кесте арқылы анықталынады.

Кесте №1

Оңтүстік Қазақстан өңірі 2001-2007 жылдар ауыл шаруашылық кәсіпорындардағы негізгі қорлармен жабдықтау және оның экономикалық тиімділігінің динамикасы 1)

Экономикалық көрсеткіштер өлшем бірлігі 2001

жылы

2003

жылы

2005

жылы

2007

жылы

2007ж-2001ж салыс

тырғанда

1 Негізгі өндірістік қорлар млн. тнг 4818,2 7042,2 8275,7 9517,2 197,5%
2 Негізгі қор. жабдық.  100 га мың. тнг 674,1 950,6 1057,2 1172,1 173,9%
3 Жалпы өнім млн. тнг 55424,7 87696,9 106114,0 113762,9 205,2%
4 Егістік көлем мың. га 714,8 740,8 782,8 812,0 113,6%
5 Жалпы өнім 1 га ег. жерден мың тнг 78,9 118,4 135,6 140,1 177,6%
6 Шитті мақта егіс көлемі мың. га 184,5 199,4 252,1 206,2 114,4%
7 Шитті мақта өнімі мың. тн 416,5 402,2 480,2 441,0 106,0%
8 Қор қайтарымдылығы теңге 11,50 12,45 12,82 11,95 103,9%
9 Тиімділік деңгейі % 3,1 15,0 9,3 9,7% 3 есе

1) Оңтүстік облысының 2001-2007 жылдардағы ауыл шаруашылық  статистика мәліметтері негізінде есептелінді.

Өндірістік қорлармен жабдықтау  нәтижесінде еңбекті техникамен құралдануына ғылыми техникалық прогрестің нәтижелерін пайдалануға жағдай жасайды. Ал бұл процесс ауыл шаруашылық өндіріс күштердің дамуына, оның материалдық-техникалық базасының нығаюына себепші болады, нәтижеде жұмысшылардың еңбегі өнімді болып, өндірістік қатынастардың жетілуіне негіз болады. №1 кестеде берілген мәліметтерге негізделіп талдау жасасақ, 2001-2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан өңірінде ауыл шаруашылық кәсіпорындарына негізгі қорлардың көлемі 4818,2 млн теңгеден 9117,2 млн теңгеге көбейді, яғни шамамен екі есе өскен. Бұл аралықта жалпы өнім мөлшері 55424,7 млн теңгеден 113763,0 млн теңгеге көтерілді, яғни екі еседен көбірек өсті. Егістік көлемі аталған жылдары 714,8 млн гектардан 812,0 мың гектарға көбейді, ал оның ішінде шитті мақта егістік көлемі 184,5 мың гектардан 206,1 мың гектарға артты, яғни аталған бес жыл ішінде 13,6 % көбейді. Негізгі өндіріс қорларымен жабдықтау дәрежесі 100 га егістік көлемге байланысты есептесек аталған кезеңде 674,1 теңгеден 1172,1 мың теңгеге көбейген, яғни 173,9 % өскен.

Ал қорлардың қайтарылым дәрежесі 11 теңге 50 тиыннан 11 теңге 95 тиынға көбейген, яғни 3,9 % артты. Ал жалпы өнімнің егілген егістік көлеміне байланысты есептесек гектарына 78,9 мың теңгеден  140,1 мың теңгеге көтерілді, яғни 1,8 есе көбейген. Бұл кезеңдерде ауыл шаруашылық кәсіпорындарда экономикалық тиімділік дәрежесі  3,1 пайыздан  9,7 пайызға артты.

            Негізгі өндірістік қорларды пайдаланудың  экономикалық тиімділігін арттырудың тағы бір факторы — ауыл шаруашылық кәсіпорындардағы негізгі қорлардың құрылымы саналады. Өйткені, өндіріс процесінде еңбек құралдарының барлығы да өндірістің нәтижесіне тең дәрежеде ықпал ете бермейді. Сондықтан негізгі қорлардың белсенді элементтері өндіріс процесінде төмендегідей белгілермен ерекшеленеді.

  1. Оның көмегімен адам тікелей еңбек заттарына әсер етеді және белгілі бір мақсатпен қызметті іске асыра алады.
  2. Еңбек өнімділігінің өсуіне ықпал жасайды.
  3. Еңбек процесінің нәтижесі көбінесе негізгі қордың құрылымындағы техникалық құралдардың жабдықтау дәрежесіне тікелей байланысты болады.

Осы ерекшеліктерге байланысты негізгі қорлардың құрамындағы машиналар мен жабдықтардың және көлік құралдарының үлесі өнім өндірудің көлеміне және еңбек өніміділігінің артуына тікелей әсер етеді. Талдау жасалып жатқан  2001-2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан өңірінің ауыл шаруашылық кәсіпорындарында негізгі қорлардың белсенді элементтері: техникалық құралдар (машиналар мен жабдықтар және көлік құралдары) негізгі қордың құрылымында (кесте №2) 21 пайыздан 27,5 пайызға артқан, соның нәтижесінде бұл жылдары қорлардың қайтарылым дәрежесі 2001жылмен салыстырғанда 50 тиынға көбейген.

Кесте №2

Ауыл шаруашылығындағы кәсіпорындардағы 2001-2007 жылдардағы негізгі өндірістік қорларының құрылымы. 1)

Негізгі қорлардың құрылымы 2001 2003 2005 2007 2005-2001 салыс
млн. тнг. жиын % млн. тнг. жиын % млн. тнг. жиын % млн. тнг. жиын %
  Негізгі өндірістік қорлар 4818,2 100,0 7042,2 100,0 8275,7 100,0 9517,2 100,0 197,5%
1 Соның ішінде:ғимараттар 934,7 19,4 1287,8 18,3 1009,2 12,2 1056,4 11,1  
2 Құрылыстар 2177,8 45,2 3351,2

 

43,6 4385,5 53,0 4853,8 51,0  
3
Машиналар мен жабдық
819,2 17,0 1437,5 20,4 1607,7 19,4 1979,8 20,8 3,8 %
4 Табыстау құрылғылары 48,2 1,0 64,0 0,8 264,7 3,2 295,0 3,1  
5
Көлік құралдары
192,7 4,0 282,1 4,0 462,9 5,6 637,6 6,7 2,7%
6 Құрал сайман, өнд. инен 154,2 3,2 98,1 1,4 66,2 0,8 104,7 1,1  
7 Жұм. және өнім өс. мал 221,6 4,6 247,8 3,5 265,5 3,2 295,0 3,1  
8 Көпжылдық егістер 144,5 3,0 165,0 2,3 138,1 1,7 199,8 2,1  
9 Негізгі қор басқа түрлері 125,3 2,6 92,9 1,4 75,9 0,9 95,1 1,0  
  • Оңтүстік облысының 2001-2007 жылдардағы ауыл шаруашылық статистика мәліметтері негізінде есептелінді.

Ал кәсіпорындардың табыстары 45,0 млн теңгеден 68,6 млн-ға көтерілген. Кіріспен шыққан шаруашылықтардың жалпы саны 367 –ден 539-ға көбейіп, оның үлесі Оңтүстік Қазақстан өңірінде 38,6 пайыздан 50,9 пайызға көбейген.

Соныменен, қорыта айтқанда, талдау нәтижесінде ауыл шаруашылық кәсіпорындардағы негізгі қорлардың экономикалық тиімділігін арттыруына ықпал ететін факторлар: біріншіден, кәсіпорынның негізгі өндірістік қорларды жабдықтау дәрежесіне екіншіден, кәсіпорындардағы негізгі өндірістік қорлардың құрылымдағы белсенді (техникалық) элементтердің үлес дәрежесіне байланысты екендігі анықталды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Н. Ә. Назарбаев. “Қазақстан-2030” (стратегиялық жоспар). Астана. 1997ж.
  2. Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың бас мақсаты. Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. Астана. 2008ж. 6 ақпан.
  3. М. Г. Вайнер. Основные производственные фонды и эффективность их использования в сельском хозяйястве. М-1990г.
  4. С. Әкімбеков. “Экономикалық теория” Астана 2002ж
  5. Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл, орман және балық шаруашылығы. (статистикалық жинақ) Шымкент. 2005ж.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ