Саяси реформалаудың қазақстандық стратегиялық бағдарламалары: бағыттары мен мазмұны

0

Қазақстан егеменді мемлекет болып қалыптасуында бірнеше саяси жүйені реформалау   кезеңдерінен өтті. Саяси жүйені реформалау нәтижесі көп жағдайда  мемлекеттің стратегиялық бағытының  дұрыстығы мен көлеміне тәуелді болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның саяси даму стратегиясын даярлау мен жүзеге асырудағы жауапты да қажырлы еңбектің арқасында елімізде демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлемге ашық мемлекет құрылды. Қоғамды пәрмендi саяси реформаның арқасында жаңа саяси институттар: парламент, саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар, Ассамблеялар дүниеге келiп, 1993 және 1995 жылдары республиканың конституциялары қабылданды, көптеген елдер 1992 жылдан берi БҰҰ деңгейiндегi мемлекетiмiздi мойындап, өз елшiлiктерiн аша бастады. Сол сияқты бiздiң мемлекетiмiздiң елшiлiктерi, өкiлдiлiктерi көптеген елдерде ашылып, нағыз тәуелсiз мемлекеттердiң толық атрибуттарын, қасиеттерiн иемденді.

Белгілісі, ұзақ мерзімге белгіленген саяси жаңғыртудағы стратегиялық міндеттерді шешуде кедергілер мен қиыншылықтар да кездесті. Дегенмен, Президент Н.Ә. Назарбаевтың ұстанған саяси стратегиялық бағытының тиімділігі нәтижесінде Қазақстанның саяси жүйесі даму жолына түсіп, халықаралық қауымдастықтың оң бағасына ие болды. Бұл жөнінде Н.Ә. Назарбаев «Мемлекетіміз бен қоғамымызды құрудың дұрыс стратегиясын таңдап алудың өміршең мәні бар. Екшеле талданып жасалған стратегиялық жоспар назарды жинақтайды, тәртіпке жұмылдырады және жәрдемдеседі» [1], – деп атап көрсеткен болатын.

Еліміздегі саяси даму стратегиясының негізгі бағыттары «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу және даму стратегиясы» (1992 ж.), «Қазақстан- 2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» стратегиялық бағдарламасы (1997 ж.), «Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» (2010 ж.), «Қазақстан- 2050. Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»   (2012 ж.) сияқты бағдарламаларда айқындалған. Сонымен бірге, еліміздің саяси даму бағыттары ҚР Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған жолдауларында және Қазақстан халқы Ассамблеясының отырыстарында сөйлеген сөздерінде жан-жақты талданып, одан әрі дамыту жолдары ұсынылып отырылады. Президенттің «Ғасырлар тоғысында» (1996 ж.), «Тарих толқынында» (1997 ж.), «Сындарлы он жыл» (2002 ж.), «Тәуелсіздік белестері» (2003 ж.),  «Қазақстан жолы» (2007 ж.) атты кітаптары еліміздегі саяси жаңғыртудың ауқымы мен бағытын ұғынуға, сондай-ақ мемлекеттік саясат пен еліміз дамуының стратегиялық жоспарындағы негізгі басымдылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Қоғамдық-саяси тұрақтылық уақыт бойынша тұрақты және өзгеріссіз болмайды. Бұл объективті және субъективті факторлар ықпал ететін қолдан жасалған процесс. Қазақстанның 20 жылдан аса әлеуметтік күйзеліссіз және этноконфессиялық шиеленіссіз болуы – бұл сөзсіз ел Президенті Н.Ә. Назарбаев пен оның командасының зор еңбегінің, өздерінің саяси шешімдерінде саясатта маңызы зор саяси көрегендік қабілеттеріне  ғана емес,  сондай-ақ саяси жаңғыртудың болжамдық нұсқаларын құрастыру мен жағымды және жағымсыз сәттерді қатал есептеуге негізделген салауатты прагматизмге де сүйенулері болып табылады.

Н.Ә. Назарбаевтың:  «Айқын мақсатсыз адам да, билік жүргізуші құрылым да, қоғам да өмір сүре алмайды. Саналы мұратсыз, асқақ армансыз өмір сүретін адамдар ұсақ, тоғышарлық мүдде, жеке бастың бір сәттік материалдық пайдасын ойлау стихиясы сөзсіз арбап алады. Сөйтіп, соның салдарынан қоғамдық азғындау басталады. Бүгінде біздің қоғамымыздың бағытын көруге, оқиғаны болжап білуге, түпкі мақсатқа қол жеткізуге әркімнің сенімді болуына мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын да нақты тұжырымдамасы, міне сондықтан да қажет» [2], –  деген сөзі бұл істің қаншалықты жауапты және аса күрделі екендігін көрсетеді.

Н.Ә. Назарбаев елімізде алдымен экономика содан соң саясат деген принципті ұстану міндетін ұсынды, дегенмен, қоғам өмірінің барлық саласында жүргізілетін реформалар тиімділігі саяси тұрақтылық пен демократиялық қағидалардың қоғам өмірінің барлық саласы мен саяси санаға саяси құндылық ретінде енуіне тәуелді. Сонымен бірге, экономикалық табыстар, қазақстандық әрбір отбасының әл-ауқатының артуы, өмір сүру стандарттарының өсуі де саяси дамудың жаңа кезеңіне қадам басуын талап етеді.  Қазақстанда саяси тұрақтылықтың сақталынуы, бұл мемлекеттіміздің даму кезеңдерінде саяси реформаларға басымдық мән беруінің нәтижесі деп санаймыз. Бұл туралы Н.Ә. Назарбаев саяси жаңғыртудың қазақстандық жолы мына қағидатты ұстанды: «Халықтың көпшілігі қолдаған қазақстандық жол – сызбаны көз жұма көшіре салу емес, өзіндік жолды іздеуге ұмтылу. Мұнда біз басшылыққа алатын басты қағида – қан мен хаосқа толы демократия бізге керек емес. Біздің демократиямыздың негізі – саяси, әлеуметтік және халықаралық тұрақтылық» [3]  – деп жазады.

Егеменденудiң қазақстандық нұсқасының негiзгi ерекшелiгi – бейбiтшiлiк және эволюциялық жолды таңдауы, бұл жалпыадамзаттық тұрғыдан алғанда үлкен жетiстiк болатын. Өйткенi адам құрбандылығын арқалаған тарихи өзгерiстер руханилық, әдiлеттiлiк әлемiнен алыс жатқан iс-әрекеттер болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еліміз егемендікке ие болған бойда «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты концептуалды еңбегі жарық көрді. Саяси жаңғыртудың стратегиялық жоспары мен тактикалық әрекеттері белгіленген осы, алғашқы стратегиялық бағдарламада саяси сала бойынша мынадай басым мақсаттарды шешу міндеттері ұсынылды:

  • жас тәуелсіз мемлекеттің күшті президенттік республиканы қалыптастыру бағыты бойынша дамуы, прези­дент­тік билікке кезек күттірмейтін мәселелерді ше­шу үшін топтасуға және ырымшыл-жарты­кештердің ақыл-кеңестері мен ізденулеріне көңіл бөлмей, қысқа мерзімде алғашқы кезектегі реформаларды жүргізуге мүмкіндік беру;
  • демократиялық қайта құруды тереңдететін және көпұлтты қоғамды біріктіретін, жаңа саяси жетекшілер мен қызметкерлерді ұсынатын көппартиялық жүйені құру;
  • негізгі саяси мақсат тиімді экономикалық реформалар үшін қажетті тұрақтылықты қалыптастыру;
  • Қазақстанның егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери-саяси және экономикалық теңгерімнің көп жақтылығы мен әртүрлілігін геосаяси өзін-өзі анықтау үшін сақтау;
  • адам құқығы мен демократиялық бостандықты сақтау негізінде Қазақстанның әлемдік аренадағы саяси салмағын арттыру. Жаңа дүниеге келген егемендi ел үшiн тұрғындарды барынша бiрiктiре түсу, әрбiр азаматының құқығы мен еркiндiгiн қорғауға бет бұру – маңызы үлкен саяси басымдылыққа айнала бастады;
  • Қазақстанның қолайлы геосаяси жағдайын әлемдік шаруашылық байланыстарға кіру технологиясына пайдалану.

Сонымен бірге, стратегия негізінде тәуелсіз Қазақстан тарихын­дағы тұңғыш рет қарулы күштер, дипло­матиялық және кедендік қызметтер секілді мемлекеттік институттар қалыптастырылды. Мемлекеттік шекараны айқындап, нығайту жөнінде шаралар қабылданды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 1996 жылы елдегі реформа туралы  «Қазақстан  тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде орнықты, бейнелеп айтқанда,  дүниежүзінің саяси картасынан өз орнын тапты. Мемлекеттілікті нығайту мен күшейту мәселелерін шеше отырып, ұлтаралық келісімге, саяси тұрақтылыққа, демократиялық үрдістердің дамуына, жаңа саяси инстиуттардың қалыптасуына ерекше маңыз бердік және береміз. Елімізде азаматтық құқықтар мен адам бостандығына басымдылық берілген» [4]   – деп жазған болатын.

«Қазақстан-2030» Президенттік стратегиясы  ұлттық бірлік пен әлеуметтік әділеттілік орнаған,  халқының экономикалық әл-ауқаты жетілген, тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнатудың теориялық-әдіснамалық базасын және оған жетудiң жолдары мен әдiстерiн айқындаған құжат. «Қазақстан-2030» стратегиясының жеті ұзақмерзімді басымдылықтары: ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның бірігуі; экономикалық даму; денсаулық пен білім беру және барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы; экономикалық ресурстар; инфрақұрылымның дамуы; кәсіби үкіметтің қалыптасуы жүзеге асырылды.

«Қазақстан-2030» стратегиясы еліміздің саяси жүйесінің дамуына, саяси жүйенiң өзгерушi әлеуметтiк жағдайға икемдi бейiмделу қабiлетiнiң жетілуіне және талап-қолдау мен саяси шешiм-әрекет арасында керi байланыстың тиiмдi механизмiнiң қалыптасуына алып келді. Еліміздегі саяси дамудың мақсаты саяси институттар және ашық түрдегi саяси жүйе арқылы бiрте-бiрте күрделенiп келе жатқан экономикалық және әлеуметтiк мәселелердi шешу болып табылады.

2007 жылы 16-мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының «Қазақстанды демократияландырудың жаңа кезеңі – еркін демократиялық қоғамның жеделдетілген дамуы» атты бірлескен  мәжілісінде Президент Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік басқару органдары мен қоғамдық ұйымдар назарын қазақстандық қоғамды әрі қарай  саяси дамыту мен жаңғырту міндеттеріне аударды. Стратегиялық маңызды «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы негізінде мемлекетіміздің басқару жүйесін президенттік-парламенттік модельге  алып келетін  жеті бағыт айқындалды. Олар, төмендегілер:

  1. Билік өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін қайта бөлу. Президент құзырында болып келген Үкіметті, Конституциялық сотты, Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыру Парламентке берілді.
  2. Саяси партиялардың рөлін нығайту. Бұл саяси партиялардың негізгі қызметті билікті иеленуге, жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
  3. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту. Мәслихаттардың өкілеттік мерзімін бес жыл деп белгілеу жергілікті органдардағы биліктің тұрақтылығын қалыптастырады. Сонымен бірге, мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру рәсімін жеңілдетілді.
  4. Сот жүйесін жетілдіру, мұнда судья қызметіне үміткерлерді іріктеу міндеті Жоғары сот құзырына беріледі. Бұл соттардың біршама тәуелсіздігі мен дербестігін қамтамасыз етеді.
  5. Ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету және Қазақстан халқы Ассамблеясын нығайту этносаралық тұрақтылықтың сақталуына, қазақстандық патриотизмнің тамыр жаюына, халықтың этникалық қайта түлеуіне алып келеді. Бұл басқа ұлт өкілдерінің билік жүйесіне сенімін күшейтеді, астарлы түрде жүріп отыратын этникалық бәсекелестік құбылысын жалпыұлттық бірлікке қарай жетелейді.
  6. Азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамыту. Саяси даму, демократияландыру мен азаматтық қоғамды дамытпайынша жүзеге аспайды.
  7. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайту. Елімізде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдіктерді ұлғайту туралы ұсыныс жасалды. Халықтың қоғамдық өміріндегі рөлін көтеру қажеттілігі де айтылды [5].

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекетіміздің экономикалық, әлеуметтік-саяси дамуының жеті жаңа саяси бағытын белгілеп берді:  жаңа бағыттың экономикалық саясаты; кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау;  әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері;  білім мен кәсіби машық;  мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту; дәйекті де болжамды сыртқы саясат; жаңа қазақстандық патриотизм.

Бұл жаңа саяси бағыттар ішіндегі  мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту бағыты мемлекеттің қоғамға қызмет етуі мен  саяси қатынастарды жетілдірудің мына міндеттерін белгіледі: мемлекеттік жоспарлау және болжау жүйесін жетілдіру; басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізу; кәсіпқой мемлекеттік аппарат  қалыптастыру; мемлекеттік аппарат пен бизнес-қауымдастықтың жаңа өзара іс-қимыл жүйесін құру;  мемлекеттің тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануы;  мемлекет пен қоғамның жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуы;  құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыру [6]. Бұл міндеттер мемлекеттік ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға, мемлекеттің қоғамға қызмет ету жүйесін жетілдіруге, мемлекеттің кәсібилігін нығайтуға және саяси жүйенің дамуына мүмкіндік жасауы тиіс. Еліміздегі дамудың эволюциялық жолына бағытталынған мемлекеттік даму стратегиялары кешендік және жүйелілік сипатқа ие.

Резюме

В статье рассмотрены содержание и направления стратегических программ, которые определяют цель политических реформ в стране.

Summary

The content and directions of the strategic programs, which defines the purpose of the political reforms, taking place in Kazakhstan, are considered in the article.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030. Барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы. Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. Алматы: Білім, 1997. — 256 б.
  2. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан жолы. Астана, 2007.- 372 б.
  3. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. Алматы: Өнер, 1996. -178 б.
  4. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан жолы. Астана, 2007.- 372 б.
  5. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы // Егемен Қазақстан, 2007 жыл, 16-мамыр.
  6. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2012 жыл.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ