Педагогтың тұлғалық сапасы және оның оқушылармен психологиялық қарым-қатынасындағы ерекшеліктері.

0

Қоғамдағы жетістіктердің негізгі күші – Адам, оның білімі, шеберлігі, еңбектегі табандылығы, ойлауы мен адамгершілік қасиеттері. Оқу білім мен тәрбиенің қай түрі болмасын адамның психологиялық мүмкіндіктерімен сәйкес ұйымдастырылса ғана жақсы нәтиже берері анық.

Мен адамның жан дүниесімен сырласып, оның психологиясын зерттеп жүрген маман ретінде, психологиялық көмектің, дұрыс қарым-қатынастың әрбір тұлға үшін аса қажет екенін байқаймын, психологиялық ағарту жан жүйесіндегі қиындықтан шығару жолын табу, тұлғаның өзіндік ерекшелігін танып – білу мен дамыту және өз мүмкіндігін пайдалы істерде қолдана білуге жағдай жасау мәселесі.

Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы өте күрделі және нәзік процесс. Көптеген зерттеулер ұдайы  қарым-қатынас саласында жұмыс істейтін адамның табысы 80 пайызға оның коммуникативті компетенттілігіне тәуелді болатындығын көрсетеді.

Адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде әр ісін ойланып істейтін адамдармен емес, өздерінің әрбір қадамын мақтан тұтып, кеуде көтеретін, сезімге берілгіш адамдармен байланыссаңыз, мұндай адамдарға сын айту- адамның кеудесінен жұдырығыңмен ұрғанмен бірдей, сын айту- кей жағдайларда- адам өліміне апарып соқтыруы да мүмкін. Кейбіреулер өз атына айтылған өткір сыннан кейін өз іс-әрекетінен бас тартса, ал кейбіреулер өзіне-өзі қол жұмсаған. Франциядағы американ елшісі адамдармен қарым-қатынас жасауда үлкен табысқа қол жеткізген. Оның сыры неде? « Мен еш адам туралы жаман әңгіме айтпаймын, ал осы адамдардың әрқайсысы туралы білетін барлық жақсы әңгімелерімді ылғи да айта жүрем» дейді ол. Біреуге сын  айтып, кінә тағу кез-келген ақылсыздау адамның да қолынан келеді, қазір көптеген ақымақ адамдар солай жасап та жүр. Бірақ адамдардың басындағы жағдайға түсіністікпен қарау үшін адам бойында мықты мінез бен өзін-өзі басқара алу қасиеттері болуы шарт. « Ұлы адамның ұлылығы оның қарапайым адамдармен қарым-қатынасынан байқалады». Адамдарды кінәлаудың орнына, оларға түсіністікпен қарауға тырысып, сын айтудан гөрі пайдалы және қызықтырақ, адам бойында айналаңдағыларға деген аяушылық сезімін оятуға көмектеседі. Барлығын түсіне білу- барлығын кешіру деген сөз. « Алла тағаланың өзі адам баласын өмірінің соңғы күніне дейін айыптай алмайды»-деген, ал неге біз сынап, айыптауымыз керек?. Біз балаларымыздың, достарымыздың жай-күйін қолдаймыз, ал олардың өзін-өзі сыйлауына өте сирек мән береміз. Біз оларға тамақты күш-қуат алу үшін ішкіземіз, бірақ біз оларға жылы сөздер айтып, рухани күш-қуат беруге сараңбыз.

Педагогикалық қарым-қатынас барлық білім беру жүйелеріне қатысты мекемелерде болатын қарым-қатынастың ерекше түрі. Білім берудің қай сатысында болмасын оқытушы студентпен, студент оқытушымен тікелей және кері қарым-қатынаста болады. Өйткені оқыту мен білім беру үрдісінде оқытушы  үйретуші, бағыттаушы, басқарушы, тәрбиелеуші, т.б. рөлді атқарса, студент — білімді алушы, қабылдаушы, іс-әрекетке араласушы болып қарым-қатынасқа түседі. Сондықтан да, педагогикалық қарым-қатынастың негізгі құралы – сөз. Студенттермен жұмыс істейтін оқытушылар вербальді (сөз) және вербальді емес (ым не ишара) қарым-қатынастың түрін пайдаланады. Қарым-қатынастың қай түрі болмасын, ол мұғалімнің шеберлігіне, тәжірибесіне байланысты. Психологтар педагогикалық қарым-қатынастың нәтижесі — мұғалімнің баланы біліп тануына және әр баламен диалогқа түсуіне байланысты деген. Әрине, қанша тәжірибелі ұстаз болса да, студенттермен қарым-қатынас жасау, әр студентті білу, оларды тану, әр студентті іс-әрекетке тарту, оларды сөйлеттіру педагогтарға оңай жұмыс емес. Студенттердің қалаған адамы (идеялы), үлгі беруде жағымды әсер ететін адамы болуы керек. Студенттің жеке басын тәрбиелеуде және қорғауда өзара әрекеттестік қатынасты жете ұғыну үшін, біздің психикалық өмірімізде екі маңызды құбылысты білуіміз қажет. Бұл – Рефлекция және эмпатия. Эмпатия — өзгелер қайғыға ұшырағанда солардың ауыр халінің, эмоционалды жағдайының өз басына түскендей күй кешуі. Рефлекция – бұл басқа адамдардың сізді қалай қабылдауы. Рефлекция  мен  эмпатияның төмен деңгейде болуы – мұғалім мен студент қарым-қатынасының болмауы себебінен туады. Қазіргі ұстаз үшін ерекше маңызды мәселе, оның кәсіби сапасы  яғни еңбексүйгіштік, жұмысқа қабілеттілік, тәртіптілік, мақсат қоя білушілік, жетістіктерге жете алу жолдарын таңдау, ұйымдастырушылық, табандылық, өз еңбегінің сапасын жоғарылатып отыруға ұмтылу, әділеттілік жатады. Мұғалім талап қойғыш болуы керек. Оның талап етуі міндетті түрде түсінікті, орынды, сыпайы болуды қажет етеді. Мұғалімнің студенттерден өзі игермеген қасиеттерді, білімдерді талап етуіне болмайды.

Педагогикалық қарым-қатынас дегеніміз не? Зейін аударудың, көңіл бөлудің негізі неде? Сіз аудиторияға кірген кезде студенттер қажетті түрде өзінің барлық тұрпатымен сізге назар аударуы керек. Бұл бағыттағы сіздің бірінші қадамыңыз- топтың қызығушылығын туғызу. Бұл психологияда (самопрезентация) өзін-өзі жарнамалау деп аталады. Көбінесе осы қатынаста тамаша әдіс-тәсілдер қолданылмай қалады. Сабақтың конспектісі, көрнекі құралдарының бәрі бар және жақсы, мұғалімнің өзі материалды жоғары деңгейде меңгерген, ал сабақ қызық емес. Себебі неде? Нақты айтқанда, жеке адам мен жеке тұлғаның байланысы болмауынан. Міне, сондықтан топпен қарым-қатынас жасауда топтың және жеке студенттің психологиялық жағдайын есепке алу керек. Өз мақсатына жете алмаған сабақтың бірнеше себептері болуы мүмкін:

  1. Мұғалім оқушылардың психикалық жағдайына бара-бар келмейтін хабарларды беруі.
  2. Мұғалім студенттермен қарым-қатынастың қажетті деңгейін ұйымдастыра алмауы.
  3. Мұғалім өзара әрекеттестік оқу үрдісінде студенттерге психологиялық әсер етуді, педагогикалық қарым-қатынастың маңызды қызметі ретінде алып қарамауы.

Тәжірибеге және өзіміз жүргізген психологиялық зерттеулерімізге сүйенсек, жалпы студенттермен қарым-қатынасқа түсіп жүрген оқытушыларды екі топқа ( студенттермен қарым-қатынас жасауы оңай және студенттермен қарым-қатынасы қиын) бөлуге болады. Студенттермен қарым-қатынас жасауы оңай болу себебі:

  • өз тобындағы әр баланың психологиясын өте жақсы білуі;
  • баланың ішкі жан дүниесін оятатындай жылы сөздер айтуында;
  • мұғалімнің этикасы мен психологиясының дұрыс қалыптасуында;
  • мұғалім сөзінің тәртіптілігінде, жүйелілігінде, анықтығында, нақтылығында;
  • оқу-тәрбие үрдісінде мұғалімнің бірнеше қарым-қатынастың түрлерін пайдалана білуінде.

Студенттермен қарым-қатынас жасауы қиын болу себебі:

  • авторитарлық стильді пайдалануында;
  • балаларға салқындық танытуы;
  • балаларға әлеуметтік жағынан бөлуі;
  • балалардың іс-әрекетін, ойын, сөзін әділ бағаламауы;
  • бала бойынан үнемі кемшіліктер іздеуі, оны жариялауы дер едім. Оқушылармен дұрыс қарым-қатынас жасауда кедергі келтіретін қиындықтардың пайда болуының өзіндік себептері бар:

Біріншіден, қазіргі балалардың көпшілігі акселераттар. Психикасы тез дамыған балалар сұрақ қойғыш, тез қозғалғыш, бәрін білгісі келіп қарым-қатынасқа тез түсіп отырады. Мұндай топтың балаларын кейбір мұғалімдер тежейтіні жасырын емес. Мәселен, «Тыныш отыр», « Немене бәрін білесің бе?», « Сен қашаннан бері білетін болдың?», «Әуелі өзіңді түзетіп ал, сосын айтарсың»,т.б. педагогикаға жатпайтын сөздер айтылады.

Екіншіден, оқу үрдісінде кейбір мұғалімдер тек өздері сөйлеуді ұнататындығы жасырын емес. Өйткені, уақытты пайдаланам деп тек мұғалім өзі сөйлеп, баланың айтатын сөзіне кедергі келтіріп оның ойымен, пікірімен санаспайды.

Үшіншіден, студенттердің іс-әрекеттерін әділ бағаламау жиі кездесетін құбылыс. Осының негізінде қарым-қатынас барысында мұғалім мен студент арасында дау-жанжал болып жатады.

Қарым-қатынас барысында кездесетін осы және өзге де қиындықтарды жоюдың бірден-бір жолы:

  • студенттердің өзіне тән психикалық ерекшеліктерін ескеру;
  • мұғалім өзінің көңіл-күйінің болмауын қадағалау;
  • қарым-қатынаста педагогикаға жат сөздер айтпау;
  • бұйрық емес, өтініш деңгейінде қарым-қатынас жасау;
  • қарым-қатынаста дау-жанжалға жол бермеу;
  • сөйлескенде жеке студенттің пікірін сыйлау;
  • қиын, қыңыр, қырсық студенттермен тіл табысу.

Оның бірден-бір жолы психологиялық ойындар, тренингтер т.б:

  • қарым-қатынаста мұғалім студентке, студент мұғалімге сену;
  • қарым-қатынас сезімдік, танымдық, іскерлік болу;
  • жеке тұлғаның маңызды сапасы — әзілдей білу.

Студенттермен байланысқа түскен кезде «жоғарыдан — төмен» қатынас құруға болмайды. Топтың психологиялық атмосферасын жете ұғынуға ұмтылу, ол үшін студенттерді бақылай білу, көзқарасынан, ым-ишара, көңіл-күйінен түсіну, өзіңізге студент көзімен қарауға тырысу. Мұғалім студенттердің қатарында емес, жоғарыда емес, олардың арасынан табыла білуі және бірге болуы керек.

Әрине, педагогикалық қарым-қатынас мәселесі қанша зерттелсе де, ол оқу-тәрбие үрдісінде өзекті мәселелердің бірі. Өйткені оқу-тәрбие үрдісінің сапасы педагогикалық қарым-қатынастың дұрыс ұйымдастырылып, жүргізілуіне байланысты болады.

Әдебиеттер:

  1. Журнал. Мектептегі психология. №6
  2. Журнал. Мектептегі психология. №5,4
  3. Жақсылыққа апарар жол қайда. Д. Карнеги «Білім» 2002ж
  4. Қарым-қатынас психологиясы. С.Елеусізова.
  5. Ортақтасу психологиясы. А. М.Құдиярова.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ