Мақта-тоқыма кластерінің бәсекелестіктегі артықшылықтары.

0

Қазақстан Республикасы экономикасын дамытудың индустриялды-инновациялық стратегиясы 2010-2014ж.ж еңбек өнімділігін 2 ал 2020 жылға қарай 4 есе арттыру мақсатын алға қойған. Сонымен қатар экономиканы  диверсификациялау, өнімдерді өңдеу саласын  дамытудың өзектілігі атап өтілген.[1] Осы орайда жоғарғы еңбек  өнімділігіне қол жеткізуді  мақсат еткен елдер бәсекелестікке қабілетті болу үшін аумағындағы, құрамындағы компаниялардың өнімділігін жоғарылату басты мәселе.

Батыстың белгілі ғалым-экономистерінің ой-пікірі бойынша елдің өмір сүру деңгейінің стандарты әдетте экономикадағы өнімділік деңгейімен анықталатыны белгілі. Себебі бұл көрсеткіш адам ресурстарының, капитал мен елдің табиғи ресурстарының бірлігіне өндірілген тауарлар мен  қызметтердің құнымен өлшенеді. М.Портердің пікірі бойынша, өнімділіктің негізі өзара байланыстағы екі сфераға, яғни елдегі бәсекелестікке қабілеттіліктің, жергілікті және шетел компанияларының іс-әрекет нәтижесінің деңгейіне, сондай ақ компания жұмыс жасайтын микро деңгейдегі кәсіпкерлік ортаның сапасына байланысты болады. Бәсекелестікте артықшылықтар қалыптастыру үшін мемлекеттің қолдауымен кәсіпкерлікті кластерлік бағытта дамыту тиімді нәтижелер берген. Оның нақты дәлелі әлемдегі дамыған және дамушы елдердегі кластерлік бастамалар санының артуы. Бұл аталған тәсілдің тиімділігі мен болашақта өміршендігін көрсетеді [2].

Еліміздің экономикасын диверсификациялау үшін өнеркәсіп, аграрлық салаларда кластерлер ұйымдастырудың объективті қажеттілігі бар. Кластерлер бұл — өндіруші, жеткізіп беруші және қызмет көрсетуші компаниялардың, ғылыми-зерттеу мекемелерінің және үкімет органдарының агломерациясы. Сонымен қатар өңірдің, аумақтың  мамандандырылу деңгейінің көрсеткіші.

Кластерлер бәсекелестікте төмендегі бағыттарда артықшылықтар береді:

1) саланың  немесе фирмалардың өнімділігін арттырады:

— бәсекелестік кластердің  ішінде тиімді мамандандыру мүмкіндігін береді;

— көлем бойынша үнемдеу мүмкіндігін толық пайдалануға жол ашады (шикізатты бірлесіп сатып алу, бірлесіп маркетингтік зерттеулер және қызметтер жүргізу);

— жоғары технологияларға, тұрақты жеткізіп берушілерге, кәсіби деңгейі жоғары жұмысшылар мен мамандарға, ақпараттарға, бизнес қызметтеріне қол жеткізеді;

— кластерлік даму кәсіби, қаржылық және логистикалық қызметтердің  инфрақұрылымын  жетілдіреді;

2) инновациялық өсу және өндірісті диверсификациялау мүмкіндігін жасайды:

— инновациялық әлеуеттер жаңа ресурстармен тиімді ынтымақтасудың арналарын қалыптастырады;

— жоғарғы технологиялық бағыт-бағдарларға алдын ала болжаулар жасалады және анықтайды;

— өндірісті диверсификациялауға бұрын болмаған кәсіптерді әртүрлі жағдайда  жаңғыртуға қолайлы орта туғызады;

— технологиялық тізбектегі компаниялар тәуекелдікті бөлісу үшін қолайлы жағдай жасалады;

3)  кәсіпкерліктің жаңа түрлерін ұйымдастыруға қызығушылық туғызады, жеңілдетеді, инновацияны қолдануды және бар кластерді дамытады:

— кластердің ішкі арналық байланыстары бірін-бірі толықтырушы тәжірибесін жинақтауға, технологияларды ендіруге, субсидияларды тиімді пайдалануға ықпал етеді;

— компаниялар тәжірибесін жинақтап іске қосып пайдалану арқылы бәсекелестікке қабілеттілігі төмен жеке компаниялар қатыса алмайтын ірі кәсіпкерлікке қатысуға мүмкіндік береді;

— жаңа өсіп шыққан компанияларға қолдау көрсету мүмкіндігі қалыптасады;

— кластердің ішкі құрылымына жетілдірілген ақпарат арнасы жасалады;

— жаңа ой-пікірлер орталығы құрылып кәсіпкерлікті дамытудың әлеуетін жоғарылатады, әлеуметтік және басқа байланыстар нығаяды.

 Еліміздің оңтүстігінде мақта — тоқыма кластері  -– бір шикізат   яғни шитті мақтаға негізделген өнім трансформациясы (технологиялық тізбек, дайын өнім және сату) үдерісінің тізбегіндегі өзара экономикалық — өндірістік байланыстардың бір өңірде шоғырланған компаниялар тобы.

    Оңтүстік Қазақстан облысында шитті мақтаны бастапқы өңдеу кәсіпорындары  талшық, терең өңдеу фабрикалары яғни иірім жібі, сұрып мата, дайын бұйымдар шығару өндірістік базасы бар, олардың артықшылығы арзан шикізат көзіне жақын, арзан қуат тасымалы, еңбек ресурстарының жеткілікті болуы. Өңірде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) ұйымдастырылып 200 га жер бөлінген. Бұл аумақта кластерлер жүйесінде 15 мақтаны терең өңдеу кәсіпорындарын ұйымдастыру бағдарламасы қабылданған, 6000 жұмыс орны ашылады, осы шараларға 820 млн. теңге бөлінген.

2009-2010 жылдары бұрыннан жұмыстарын бастаған «Қазақ-орыс альянсы», «Меланж», «Ақ жіп» фабрикаларының қатарына жаңадан қосылған  «Oxy Textile», «Хлопкопром-целлюлоза» ЖШС және «Ютекс — KZ» АҚ фабрикалары өндірістік қуатын нығайтып келеді. Осы аймақта инфрақұрылымды дамыту үшін бюджет есебінен 2005-2009 ж.ж. 7886 млн. теңге инвестиция бағытталған [3].

Соңғы жылдары елімізде мақта-тоқыма, тігін өнеркәсібінің даму тенденциясы байқалды (кесте 1)

Кесте 1  Тоқыма және тігін өнеркәсібінің көрсеткіштері (2002-2008 ж.ж.)

Бұйымдар

атауы

Жылдар 2002 ж 2008 ж салыстырғанда өсім %
2002 2003 2004 2005 2006 2007 2008
Мақта талшығы,

мың тонна

137,4 132,0 140,0 156,3  

139,4

 

110,5

 

138,4

 

100,7

Бөлшек сауда үшін  иірім жібі, тонна 2452 3759  

4219

8717  

13224

 

11578

 

12590

 

513,6

Маталар,млн.ш/м 19,2 25,6  

20,3

35,5  

56,5

 

43,3

 

42,0

 

218,8

Мақта, маталары

арнайы маталардан басқа, млн. ш/м

14,2 20,0 16,4 20,4  

47,6

 

42,4

 

40,5

 

285,2

*- ҚР  статистика  агенттігі  мәліметтері

Жоғарыда кесте 1 көрсетілгендей мақта маталар өндірісі 2,9 есе артқан, бұл көрсеткіш мақта өнімдерінің рыноктық сыйымдылығының  5,6% құрайды. Қазіргі кезде мақта өнімдерінің сыйымдылығы 590,6 млн. шаршы метр, жалпы ақшалай құны 145,6 млрд. теңгеге тең.

Мақта-тоқыма кластерінің негізгі мақсаты терең өңдеу технологиялық тізбегінде (өндіріс-өңдеу-өткізу) қосылған құн мөлшерін арттыру. Мақта маталарынан дайын киім-кешек, үй-жиһаздары, тағы басқа қосылған құны жоғары бұйымдар мен тауарларды өндіру және сатудан алынатын табыс бастапқы шикізат сатумен салыстырғанда бірнеше еселеп артады.

Төменде 2 —  кестеде келтірілген мәліметтер бастапқы шикізат шитті-мақтаны қаншалықты терең өңдеуге қол жеткізілсе, соншалықты өндірілген өнім құнына қосылған құнның мөлшері арта түсетіндігін көрсетеді.

Кесте 2 — Мақта-тоқыма кластерінде қосылған құн өсімі

Технологиялық тізбекте өндірілетін өнімдер Көлемі 1 тоннасының бағасы, мың теңге Қосылған құн өсімі, есе
Шитті – мақта, тонна   330,0 60,0
Талшық, тонна  100,0 177,5 1,15
Шит, тонна  181,0 30,0
Иірім жіп, тонна  90,0 346,9 1,95
Мақта мата, мың ш/м  600,0 1042,5 5,87
Дайын бұйым, мың дана  170,0 1409,0 7,93

Жоғарыдағы 2-кестеде келтірілген мәліметтер, шитті мақтаны терең өңдеу технологиялық үдерісінде қосылған құн мөлшерін есептеуде 3 тонна шитті мақтадан 1 тонна талшық өндірілетіндігі, олардың баламасы тиісінше 3:1 қатынасына тең. Сондықтан есептеуге қолайлы болу үшін есептеудің бастапқы көрсеткіші ретінде 330 тонна шитті мақта, одан өндірілетін мақта талшығы — 100 тонна (шығымы 33,0%), шит — 181тонна (шығымы 55,0%) қабылданған. Әрі қарай терең өңдеу тізбегінде өндірілетін тауарлар мен бұйымдар: иірім жіп, мата, дайын бұйымдардың рыноктық шығындары, сату бағалары қолданылып қосылған құн коэффициенттері анықталған. Бір дайын тігін бұйымына шығын болатын мата -3,5 шаршы метр, салмағы -500 грамм, 1 тігін бұйымының құны -5,60 Ақш доллары немесе 672 теңге.

Сурет — 1 қосылған құн өсімі келтірілген. Бұл көрсеткіш бастапқы қайта өңдеуде, яғни талшық өндірісінде 1,15 болса технологиялық тізбектің соңында дайын бұйым өндірісінде 7,93 дейін артқан.

Сурет -1 Қосылған құн өсімі

Мақта-тоқыма кластерінің негізгі мақсаты еліміздің ішкі рыногын мақтадан дайындалған тауарлар мен бұйымдармен толықтырып, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыру. Ол үшін өнімдер мен бұйымдардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру, интеграциялық байланыстарды және мемлекеттік реттеуді жетілдіру маңызды проблема. Мақта өсіретін және өңдейтін дамыған елдер тәжірибесі терең өңдеу тізбегін ұзартуда инновацияны қолданып саланың экономикадағы үлесін арттырып келеді.

Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының мәліметтері бойынша Алмания, Франция, Ақш-та тоқыма өнеркәсібінің үлесі ЖІӨ — нің   8-9%  құрайды, Түркия мен Қытайда бұл көрсеткіш 12% жеткен.

Ал, Үндістанда 14% артып мемлекеттік бюджеттің бестен бірін қалыптастырады, рыноктың 75-80% өз өнімдерімен толтыруға қол жеткізген.

Елімізде кластерді дамыту жалпы экономиканың өрлеуіне, оның ЖІӨ үлесін арттыруда әлі пайдаланылмай жатқан өндірістік технологиялық  мүмкіндіктерді толық іске қосады. Кластер Қазақстанның БСҰ-на кіру үрдісіне, Кеден Одағы, ЕуроАЗЭК кеңістігінде бәсекелестікке қабілеттілігін жоғарылатуға ықпалы болады. Сонымен қатар 2010-2014 ж.ж үдемелі индустриялды-инновациялық даму стратегиясын орындаудың басты жолы. Осы бағытта мемлекет тікелей және жанама әдістермен тауар өндірушілерді, өңдеушілерді қолдау көзделген.

Саланың бәсекелестікте артықшылыққа ие болуына немесе сапалы халықаралық стандарттарға сәйкес өнім өндіру үшін шикізаттың, озық технологияның, еңбек ресурстарының сапалық денгейінің және бастамашы  кәсіпорынның рөлі манызды. Сол сияқты негізгі көрсеткіштердің бірі экспорттық әлеуеті және әлемдік, аумақтық, жергілікті рыноктардағы сұраныстың көлемі болып табылады.

Кластерлік топқа кірген компаниялар жеке іс-әрекет жасайтындармен салыстырғанда экономикалық тиімділігі, еңбек өнімділігі және бәсекелестікке қабілеттілігі жоғары екендігін дамыған шетелдер тәжірибесі дәлелдеп отыр.

Кластерді бағалауда жеке қатынасушы кәсіпорынның немесе ұйымның тиімділігі емес, олардың топтық бірлігінің экономикалық тиімділігімен бағаланады. Кластерлерге отандық экономиканың көмірсутегі салаларынан басқа тармақтарынан белгілі бір нормативтерге негізделген көрсеткіштер жүйесін ендіру қажеттілігі бар.

Бұл көрсеткіштер жаңадан құрылған өндіріс қуатын, жалпы қосылған құн мөлшерін, ІЖӨ  үлесін сипаттауы маңызды.

   Мақта-тоқыма кластері жүйесінде қатынасушылардың өзара қарым-қатынастарын реттеуде, олардың ортақ мүдделігін қамтамасыз ету яғни жеке және корпоративті мақсаттарды үйлестіру, тауар өндіру түрлерін, ресурстық, бағалық және басқада қатынастарды, олардың мөлшерін анықтап келісіп алу үшін төмендегі механизмдерді пайдаланған дұрыс:

  • айырбас — бөлу қатынастарының нормативтері;
  • кластердің ішкі өңдірістерінде пайдаланылатын және сатылатын дайын өнімдердің бағаларын;
  • технологиялық тізбектердің әрбір жеке кезеңдерінің пайдалылық денгейінің нормаларын;
  • орталықтандырылған қор құру тәртібін;
  • өнімнің сапасын арттыратын материалдық қызығушылық механизмін(аралық, дайын тауар);
  • өзара есеп айырысу шарттары мен тәртібін.

Кластердің құрамындағы әрбір компанияның ішкі экономикалық және олардың өзара экономикалық қатынасының ең манызды бөлігі, бұл бөлу қарым — қатынас механизмі. Бұл механизм тізбектің кезеңдерінде аралық өнімдерді және қызметтерді айырбастауда, сыртқы рынокқа дайын өнімді сатудан түскен табысты бөлуде қолданылады.

   Ең бастысы бөлу механизмінің нәтижесі барлық қатынасушылардың қызығушылық тепе — тендігін қамтамасыз етіп, өзіне ғана емес басқа әріптестерге жұмыс істеуге дағдыландыратын болуы керек.

    Осылай етіп әрбір қатынасушының экономикалық қызығушылығын қорғайтын экономикалық механизм ендіру, жалпы өнімнің көлемін және оның бәсекелестікке қабілеттілігін арттырады.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ