Қазақстанның Оңтүстігінде мақта рыногының жағдайы және дамыту жолдары

0

Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасында агроөнеркәсіп кешенінің, оның өндірістік құрылымдарының орны ерекше маңызды. Жалпы өндірілетін өнімнің үштен бірін ауылшаруашылығы өнімдері құрайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы статистика агенттігінің  ақпараттары бойынша облыс халқының 64,1 % ауылдық жерлерде тұрады.

Ауылшаруашылығының негізгі таусылмас қоры болып саналатын өндірістік фактор — ауылшаруашылық мақсатында пайдаланатын жер көлемі 11,7 млн гектар, ауылшаруашылық алқаптары 10,3 млн га, соның ішінде егістік жер көлемі 875 мың га, шабындықтар 178,9 мың га, жайылымдар 9,1 млн га.[2]

Облыс Қазақстан республикасында суармалы жерде егістікпен айналысатын ірі  аймақтардың бірі. Барлық суармалы жердің көлемі жарты миллион гектарға жуық. Өсірілетін өнімнің   80% осы жерлерден алынады.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі (салыстырмалы бағамен есептегенде) 2000-2006 жылдары 2 есеге артқан.

млрд. теңге есебімен:

Негіз: Оңтүстік Қазақстан облысының статистика басқармасы, ауыл (село) дамуының монторингі, Шымкент, 2000 –2005 жж.

Сурет-1

Оңтүстік Қазақстан облысы республикада мақта өсірумен айналысатын жеке дара облыс. Бұл аймақта мақта өсіру мен суландырудың, игерудің бір ғасырдан астам тарихы бар. Мақта өсірудің ең алғашқы “кетпен” тәсілінен озық техникалық прогреске негізделген технологиясына дейін пайдаланып, бүкілодақтық агротәжірибе орталығына айналған өңір.

       Соңғы 15 жылда ауылшаруашылық дақылдарының  егістік көлемінің қысқартуы байқалса, оған керісінше мақта өсіру егістік көлемі өскен. 1991жылғы 116,0 мың га-дан 2005 жылы 204,0 мыңға жеткен яғни 175,8%: облыста 15 аудан, қалаларының 8 ауданында және 2 қаласында мақта өсіріледі.

            2003-2005 жылдары мақта өсірумен облыстың Арыс, Кентау, Түркістан қалалары, Бәйдібек, Қазығұрт, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Сарыағаш, Шардара аудандарындағы агроқұрылымдар айналысты.

            Соның ішінде Мақтаарал ауданындағы мақта егістігінің үлес салмағы 54,4%, Шардара 15,3% және Түркістан қаласы 9,9% құрайды.

Оңтүстік Қазақстан облысында шитті-мақтаның  жалпы өнімнің көрсеткіштері,                                                                    мың тонна

                                                              Сурет-2

Негіз: Оңтүстік Қазақстан облысының статистика басқармасы, ауыл (село) дамуының мониторингі, Шымкент, 2000-2006 жылдар.

Жоғарыдағы суретте көрсетілгендей, мақта-шикізатын өндіру 2001 жылдармен салыстырғанда 2005 жылы 48,5 мың тоннаға 111,6% артқан, мақта өндірісімен 38,9 мың ауылшаруашылық құрылымдары айналысады.  Мақта өндірісі өнеркәсіптің, соның ішінде мақта, тоқыма және тамақ өнеркәсіптерінің шикізат базасы болып, халық тұтынатын тауарлар өндірудеде маңызды орын алады.                                                                                             Мақта- жеңіл өнеркәсіпте, жіп иіру мен тоқыма саласы үшін өте бағалы шикізат ретінде де маңызды орын алатын техникалық дақыл.                           Мақтаны өсірудегі, баптаудағы негізгі мақсат — оның талшығын алу. Қазақстанның Оңтүстігінде ауылшаруашылығы дақылдарының ішінде мақтаның орны маңызды. Себебі  мұның талшығы басқа талшықты өсімдіктермен, яғни кенеппен салыстырғанда сапалы, жеңіл технологиямен ажыратылады. Кенеп өсіру көлемі бұрынғы ТМД елдерінде едәуір төмендеген болса, мақта өсіру көлемі бірқалыпты, ал Оңтүстік Қазақстан облысында жылдан жылға артып отыр.   Сонымен қатар мақта талшығы өзге химиялық жолмен алынатын жасанды талшықтармен салыстырғанда бәсекелестікке төтеп беріп өз орнын тұрақты түрде сақтап келеді. Оның негізгі басымдығы әмбебаптық кең тұтынушылық қасиеттерінде. Мақта талшығынан маталардың бірнеше түрлерін жасап шығаруға болады. Қазіргі кезде экономиканың көптеген салаларында мақта талшығынан тоқылған маталар мен заттар кең түрде пайдаланылады.                                                                 Мақта талшықтары өндірісте жүн және жібекпен аралас түрде де пайдалынылады.                                                                                                                      Мақтаның шиті де өте бағалы шикізат болып есептеледі. Шиттен талшығы ажыратылған соң оның бір бөлігі  егістік үшін тұқымдыққа алынып әзірленеді, басым бөлігі тауарлар алу үшін өңделеді, соның ішінде ең маңыздысы- мақта майы. Шиттен мақта майының шығымдылығы озық технологиялар бойынша 21-28% дейін, ал бізде қолданылып жүрген технологиялар  бойынша 14%-тен аспайды. Мақта майы азық-түлік тұтыну тауары болып табылады және техникалық мақсатта да қолданыс табады. Рафинацияланған (тазаланған) мақта майы азық-түлік дайындауда теңдесі жоқ, сондықтан азық-түлікті консервілеуде ұтымды қолданылады. Сонымен қатар маргарин жасау өндірісінде, жасанды құйрық май, сабынның бірнеше түрлерін шығаруда, техникалық май мен олифа өндірісінде де кең пайдаланылады. Мақта майынан глицерин, стеарин және басқада химиялық өнімдер  алуға болады.                                                                                                                    Майы сығып алынған шит қалдығы мал шаруашылығында қоректендіру элементтері мол жем болып табылады. Жалпы шитті-мақтаны терең өңдеу жолымен 250 артық түрлі өнеркәсіптік, ауылшаруашылық өнімдерін алуға болады.                                                                                             Оңтүстік Қазақстан облысында шитті-мақтаны бастапқы өңдеуші кәсіпорындар саны 22 олардың жобалық жалпы қуаты 750-770 мың тонна шитті –мақта өңдеуге есептелген.                                                                                        Соның ішінде 12 кәсіпорын негізгі мақта өсіруші –Мақтаарал ауданында басқалары Шымкент, Түркістан қалаларында, Шардара, Сарыағаш, Ордабасы және Отырар аудандарында орналасқан.                                      Орташа жылдық қуатын пайдалану деңгейі 40-45 тонна шитті мақтаны құрайды яғни кәсіпорындардың жылдық жүктемесі 60% ға тең.                                Мақта өсірудің негізгі мақсаты барынша сапалы талшық алу. Шитті –мақтаны бастапқы өңдеу үдерісінде джиндеу (талшықты шиттен ажырату) және грединг (сұрыптау және талшықты бағалау) технологиялары жүзеге асырылады.

Шитті –мақтадан алынатын өнімдер тепе-теңдігі, орташа шығымдары % есебімен

Негіздеме: Автордың зерттеулері нәтижесінде құрастырылған.

Сызба -1

Қазіргі кезде кәсіпорындар пайдаланып жатқан жабдықтар тозған, техникалық модернизациялауды қажет етеді, олардың басым көпшілігі 1970-80ж.ж құрылған. Өңдеу өнімділігі мен жылдамдығы төмен. Мақта талшығы өндірісінде грединг негізгі өнім сапасын бағалайтын үдеріс: талшықтың ұзыдығы, пысықтығы, тығыздығы, реңі, қысқа талшықтар мен ластықтың деңгейі, осы көрсеткіштерге сәйкес тиісінше рыноктағы бағасы анықталады.

            Сондықтан грединг үдерісіне мемлекеттік стандарттау әзірлеу жолымен мақта саласын дамытып әлем рыногындағы бәсекелестік қабілетін өсіру керек. Ол үшін қазіргі заманғы рыноктың талабын  қанағаттандыратын, талшықтың сапасын бағалау үшін жаңа аспап, жабдықтармен жарақталған зертханалар жүйесін құру керек.

            Қазақстанның әлем рыногындағы мақта талшығының көлемі бойынша үлесі 0,65-0,75% құрайды. Әлемдегі мақта талшығын тұтыну көлемін екі фактор анықтайды: әлем экономикасының және халықтың  санының өсімдері.

Мақта –талшығы облыстағы негізгі экспорттық өнім, оның жалпы экспорт көлеміндегі үлесі жылдан жылға артып барады, соңғы жылдары 45-49% жеткен. өңірдің экономикасы шитті мақтаны бастапқы өңдеп соңғы өнім алу арқылы, қосылған құн үлесін арттыру жолымен едәуір тиімділікке қол жеткізуі мүмкін.

Облыс экономикасы мақта-талшығын терең өңдеу, соңғы тұтыну өнімін алу жолымен тиімділікті арттыруға болады. Мысал ретінде төмендегі есептеулерді келтіреміз:

  • 330 тонна шитті мақтадан 100 тонна талшық алынады, оның бағасы 120 мың АҚШ доллары
  • 100 тонна мақта талшығынан 90 тонна кард жібі алынады, оның бағасы 211 мың АҚШ долларына тең, 1 тоннасының бағасы 2344 АҚШ долларына тең.
  • 90 тонна кард жібінен 600 мың шаршы метр мата тоқылады (1 погон метрі өлшемдері 1х1,4), оның бағасы 6340 мың АҚШ доллары болады. 1 тоннасының бағасы 634 АҚШ доллары, 1 шаршы метр 150 грамм кард жібі.
  • 600 мың шаршы метр матадан 170 мың дана тігін бұйымдары дайындалады, оның бағасы 952 мың АҚШ доллары, 1 тоннасының бағасы-9520 АҚШ доллар, қосылған құн коэффициенті-7,93; 1 тігін бұйымына шығын болатын мата –3,50 шаршы метр, салмағы –530 грамм. 1 тігін бұйымның құны –5,60 АҚШ доллары немесе 672 тенге.

Жай есептеулер 1 тонна мақта талшығының дайын бұйым түрінде құны 9520 АҚШ долларына тең екендігін көрсетеді яғни бастапқы құны 7,93 рет артқан.

      Мақта-тоқыма кластерінің негізін қалыптастыру мақсатында 2005-2006 жылдары “Оңтүстік” АӘА құрылып, оған 200 га жер бөлінді. Бұл аумақта 15 жіп иіру кәсіпорындары болады, 6000 жұмыс орны ашылады. Осы шараларға бюджеттен 820 млн. теңге бөлінген.                                                                     Аталған аймақта өндірілген тауарлар әлем рыногында ең жоғарғы бәсекелестік қабілетке ие болуы керек. Сондықтан қандай дайын өнімдерді өндіру керектігін зерттеп, сұранысқа ие тауарлар номенклатурасын анықтау қажет.

2000-2005 жылдары дамыған мемлекеттерде жан басыны мақта өнімдерін пайдалану 3,62 кг-ды құраған.[3] Осы норманы қолданып Қазақстан Республикасының ішкі рыногынының мақта талшығының көлемі болжаулары төмендегідей болып есептелген:(1-кесте)

1-кесте

Қазақстан Республикасының мақта талшығының ішкі рыноктағы сиымдылығының көлемі туралы болжаулар

Жыл

дар

Халықтың саны,

мың адам

Ішкі тұтыну көлемнің болжауы (жан басына орташа тұтыну нормасы, 3,62 кг), мың тонна Нақты талшық өндірісі, мың тонна Нақты экспорт

көлемі,

мың тонна

Ауытқулар, мың тонна

 

2001 14851,1 53,7 112,2 88,6 — 23,6
2002 14866,8 53,8 137,4 135,1 +2,3
2003 14951,2 54,1 132,6 129,6 +3,0
2004 15074,8 54,6 140,1 120,1 +20,0
2005 15219,3 55,1 143,1 139,1 +4,0

Негіз:ҚР статистика агентігінің мәліметтерінен  автор құрастырған.

Осы норманы негізге алып жасалған есептеулер ҚР-ның ішкі рыногының тұтыну сиымдылығының болжауын жасауға мүмкіндік береді, жоғарыдағы кестеде көрсетілгендей бұл көрсеткіш 53,7-55,1 мың тоннаны құраған яғни жалпы талшық өндірісінің 35,8-36,7% тең.

Болжаулар бойынша елімізде өндірілетін мақта талшығының бір жылдық тұрақты көлемі 140-150 мың тонна болса, оның экспорттық әлеуеті 95-100 мың тоннаға жетеді. Бұл өнім сыртқы саудаға терең өңделіп мақта иірім жібі, мақта матасы және киім-кешек, дайын тауар түрінде шығару кешеннің экономикалық тиімділігін 2-8,4 есеге арттырады.

1кг мақта талшығынан 5 шаршы метр ақжаймалық мата немесе 12 шаршы метр шыт, 20 шаршы метр бәтіс тоқып шығаруға болады. Жоғарыдағы қабылданған норма бойынша Қазақстан халқының жан басына тұтынатын мақта матасының болжам мөлшері: ақжаймалық -18,1 шаршы метр, шыт-43,4, бәтіс-72,4 шаршы метрге тең болады.

Ішкі рынокта тұтынылатын ақжаймалық шамамен -1000 млн шаршы метр, шыт-2400 млн, бәтіс-4000 шаршы метрге тең болады.

Қазақстан республикасында нақты өндірілген мақта маталары, арнайы маталардан басқа: 2002 жылы 14,2 млн шаршы метр, 2003ж-20,0 млн, 2004ж-16,4 млн, 2005ж-29,3 млн шаршы метрді құраған.[1]

2005 жылы мақта мата өндірісі ақжайманың ішкі рыноктағы тұтыну нормасының болжау көлемінің 2,9 % немесе шыттың 1,2 % және бәтістің 0,73% құраған. Рыноктың басқа сиымдылығы импорттың: соның ішінде Қытай тауарлары басым.

Қазақстан Республикасында тоқыма және тігін өнеркәсібі өнімдерінің құны 2001жылы-40344 млн тенге, 2002-39673, 2003-37839, 2004-38556, 2005-32454 млн. теңгені құраған. [1] Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің құнының соңғы бес жылда 20% төмендеген.

2-кесте

Мақта өнімдерінің рыноктағы сиымдылығы болжамдары

 

Өнім атаулары 2006 жыл Болжау кезеңдері
Орта мерзімді Ұзақ мерзімді
Шитті-мақта, мың тонна 456 472,5 487,5
Өңдеуден соңғы өнімдер:Мақта талшығы, мың тонна 158,1 170,1 175,5
Соның ішінде:Ішкі рынок: кластер фабрикалары; мың тонна 18,0 59,1 65,0
Сыртқы сауда: экспорт, мың тонна 100,1 111,0 110,5
Мақта шиті май үшін, мың тонна 253,0 255,0 261,0
Мақта шиті тұқымдық үшін, мың тонна 2,8 5,0 7,0

Негіз: Автор зеттеулері нәтижесінде құрастырылған.

Жоғарыдағы кестеде көрсетілгендей 2006 жылмен салыстырғанда шитті –мақта көлемі 106,9 %, мақта талшығы -110,0%, май үшін шит -103,2 және тұқымдық шит көлемі 2,5 есеге артады.

Баға белгілеу саясаты ішкі және сыртқы факторларға тікелей байланысты.

Ішкі факторларға агроқұрылымдар мен өңдеуші кәсіпорындардың маркетингтік стратегиясы және өндірістік шығындардың деңгейі жатады.

Сонымен қатар мемлекеттің ішкі тұтынушылары- кластерлік жүйедегі фабрикалармен интеграциялық өз-ара байланыс деңгейіне байланысты.

Сыртқы факторлар әлемдегі мақта рыногының жағдайына, бәсекелестікке өндіріс пен тұтыну көлемдері шешуші ролге ие. Осы  тұрғыдан  мемлекетіміздің  халқаралық  рыноктарда бәсекеге  қабілеттіген  БСҰ – ға кіру арқылы арттыру  керектігі атап көрсетілуде.

Осы стратегияға  байланысты әлемдегі ауыл шаруашылық  өнімдерінің соның ішінде  мақта рыногының жағдайы мен орнын  зерттеу  маңызды проблема.  Нарықтық қатынас  жағдайында мақта өндірісінің және  тұтыну көлемдерінің  егістік  жер көлеміне және баға белгілеуге  ықпалын айқындау өзекті мәселе болып қала береді.

Әлем   рыногында мақта өнімдерін тұтыну деңгейі 2004 -2005 жылдары  алдыңғы екі жылмен  салыстырғанда 10% артып, 23,4 млн. тоннаға жеткен, осыған байланысты әлем бойынша  келесі жылға  өтпелі мақта қоры 10,5 млн. тоннаға жетті.

Болжамдар бойынша болашақта аумақта мақта өсіру көлемі артады. Сондықтан инвестицияның өнімді терең өңдеуге бағыттау экономикалық-әлеуметтік жағынан тиімді. Оңтүстік аумақта мақтаны терең өңдеудің іс-шаралары басталып кетті. Шымкенттегі ЖШС “Южтекс”, “JNADA-Tectile”, “Меланж” АҚ, “Қазақ-Орыс альянсы”, тағы басқалар осы бағыттағы жобаларды іске асыруда. Біздің зерттеулеріміз бойынша терең өңдеу кәсіпорындарын қаладан мақта өндіретін Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш, Түркістан тағы басқа аудандарға, орналастырып, шикізат көздеріне жақындатуды жобалау.  Бұл аймақтың біраз артықшылықтары бар. Олар:

  • арзан шикізат көздеріне жақындығы;
  • арзан қуат тасымалы;
  • еңбек ресурстары жеткілікті мөлшерде болуы;

Тағы бір мәселе кластердің халықаралық үлгілерін терең үйрену, білікті мамандарды шоғырландырып, жаңа банктер қызметін үйымдастыру, консалтинг, бухгалтерлік қызметерді дамыту. Алматыда ұйымдастырылатын Өңірлік Қаржылық Орталық кластерлік қызмет жасайтын алғашқы ұйым болуы керек.

Қазақстан республикасында соңғы кезде бірқатар аса маңызды бағдарламалар қабылданып орындау үстінде, бұлардың қатарында индустриалды-инновациялық және көшбасшы ірі корпарациялар ұйымдастыру.  Терең өңдеу, кластерлер ұйымдастыру бағдарламасы да солардың қатарынан орын алып, оңтүстікте жаңа салалар, тоқыма және жеңіл өнеркәсібін өркендету мүмкіндіктерін жасайды. Мақташы шаруалар кластерге қатысып өз еңбегінің нәтижесін көреді, пайдалануға  қол жеткізеді, бұл өңірде экономикалық-әлеуметтік жедел дамудың жаңа кезеңі басталады.

Әдебиеттер

  1. Қазақстан республикасы статистикалық агенттігі., Қазақстанның қысқаша статистикалық жылнамасы., Алматы, 2006., 151 бет
  2. ОҚО статистика басқармасы. Оңтүстік Қазақстан облысының 2001-2006 ж.ж әлеуметтік-экономикалық дамуы, Шымкент, 2002-2007ж.ж.
  3. Панорама, 20 января 2006г.В процессе создания хлопкового кластера необходимо разрешать спорные вопросы и учесть интересы структур, задействованных на всех этапах производственного процесса.

Резюме

В статье приводятся  некоторые результаты исследования состояния хлопкового рынка на Юге Казахстана и пути его развития определены эффективность глубокой переработки хлопка и реализации хлопково-текстильной программы в регионе.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ