М.Әуезов – қазақтың әдеби тілін жетілдірген сөз зергері

0

Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздік туын тіккеніне де 17 жыл болды. Қазір еліміз әлемнің аузымен құс тістеген тәкаппар елдерімен тең түсіп тұрған таңда рухани мәдениетімізді асқақтатып , әлемдік деңгейге көтерген өнер саңлақтарының болуы еліміз үшін үлкен абырой. Әрбір халық  еліне еңбек еткен перзенттерін қашан да жоғары бағалап, мақтаныш етеді. Міне, осындай абзал жанды жомарт табиғат бізге сыйға берген. Ол халқымыздың жоғары мәдениетін дамытып,әлемге қазақ деген халықты танытқан өнер иесі – Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Ол жомарт табиғаттың жарық дүниеген тым сирек, сараң сыйлайтын дархан дарын иесі . Өзгелерден озық, оқшау тұратын , есімі ел аузында аңызға айналған Мұхтар аға  туған халқының мерейі мен мақтанышы.

            Мұхтар Әуезов -әлем әдебиетіндегі жарық жұлдыздардың бірі. Ол ұлы суреткер, драматург, публицист, зертеуші –ғалым, абзал ұстаз . Алып  ағаның  артына қалдырған ізі, құнды мұралары әдебиетімізді байытып, әлемдік деңгейге көтереді.

            Қандай да болсын көрнекті, даңқты суреткердің дарын – қуатын , шеберлігін бүкіл жұртшылық қауымына мейілінше мол танытқан, түріне мазмұны сай  кемел, бірегей туындылары болады. Суреткердің сол туындысы оның парасатын, көркемдік мұратын, білімін, шеберлік дәрежесін көрсететін айна тәрізді. Менің басты мақсатым  рухани мәдениетімідің дамуына үлкен үлес қосқан абзал ағамыз – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің (“Абай жолы” роман –эпопеясы бойынша)  — қазақтың әдеби тілін байытқан , жетілдірген сөз зергері екенің бір қырынан танытуға бағытталған.

            Заманымыздың заңғар жаушысы, ғұлама ғалымы көркем сөздің киелі иесі М.Әуезов қандай ғылыми тақырыпқа қалам тартса да, жазушылық шеберлікпен толғады. Ол – қазақтың әдебиет тілі Абайдан басталады. Ал әдебиет тілі, халықтың әдебиетке түсіп қалыптанған тілі. Әдебиеттенген тіл де халықтың тілі. Бұлай болғанда, әдеби тіл бір дәуірдің бір-ас жазушысымен бірге туып қана қоймайды… Осы жайды ойласақ, Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды- қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы, шеберкөркем өлең үлгілеріндегі тілдерід ұмытуға бола ма ? Оларда немесе ХҮІІІ ғасырда көпке жайылған жырлар тудырған Бұхарда, ХІХ ғасыр басында асыл — әсем бай тілмен халықтық асқақ, ескен жырлар тудырған Махамбетте қазақтың әдебиеттік тілінің өрнектері жоқ деуге бола ма ?.[6]..- деп әдеби тілдің  негізі әріде жатқандығын асқан білгірлікпен дәлелдеді.

            “Абай жолынсыз” қазақ әдебиетін , халқымыздың рухани – көркемдік әлемін көзге елестету тіпті мүмкін емес. Расында да, бір кезде Т.Ахтанов шабыттана айтқандай , “Абай жолы” халқымыздың өз көкірегіне ғасырлап жинаған інжу- маржанын кенет дархан таланттың жомарт қолымен уыс  — уыс шашып жібергендей өркөкірек өркениет дүниесі аузын ашып, таңдайын қаққан таңғажайып оқиға болды.Ол туралы камерун жазушысы Бенжамин Матип былай деп ой толғайды:

  • Мен қазақтар жайлы бұрын ешнәрсе естіп – білген емес едім. Ал қазір мен оларды білемін, тіпті, өте жақсы білемін, өйткені жуырда ағылшын тілінде М.Әуезовтің керемет кітабын оқыдым. Мен тамаша адам – қазақ халқының ақыны Абаймен таныстым, оның сүйген қыздары Тоғжанмен, Әйгеріммен, оның абзал достарымен таныстым. Мен оларды жақы көрдім, бейне ұзақ жылдар бірге тұрып, қайғы –қуанышын бірге бөліскен адамдай жақсы көрдім. Солармен бірге тіпті Сіздің дархан даланың тұнық ауасымен тыныстаған секілдімін. Шынында да, қазақ дегеніңіз ғаламат сұлу халық екен ғой! [5, 21б]

Ал Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ұлы жазушыға, оның шығармасына мынадай деп пікір айтқан .

“Осы шығарманы қолыңа алған сайын , оның әрбір жолын оқыған сайын  көкірегіңе өз елің үшін, өз халқың үшін мақтаны сезімі оянады. Мұхтардың кемеңгерлігіне де, көрегендігіне де тәнті боласың, өзіміздің алуан қырлы төлтума мәдениетімізді әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігіне балап, “жоқ, менің халқым ешкімнен де кем емес , менің халқым ұлы халық ”деген жүрекжарды сөзіне тебіренесің. Ұлы ақын жайлы эпопеяның өн бойына өрілген ұлағат қазақтың мынау зеңгір аспан астында өмір сүріп жатқан еш пендеден кем емес екенің шүбәсіз иландырады. Сөйтіп, өткенімізге мұқият зер сала қарауға ұмсындырады, тындырған ісіңді ұлы бабаларымыз ісінің таразысына тартуға ұмтылдырады. өз затыңды , туа бітті табиғатыңды пайымдатпай қоймайды. Ендеше, Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі, Абай жолы – біздің әдеби шығармаларымыздың шынары демегенде не дейсіз ”

            Халқымыздың қастерлі мұрасына айналған еліміздің тарихын, рухани – эстетикалық әлемін, ұлттық табиғаты мен әрі поэтикалық , әрі философиялық танымын кемел бейнелеген атақты “Абай жолы” роман – эпопеясы әлем әдебиетіндегі санаулы асқарларының бірі.

            Жиырмасыншы ғасыр әдебиетінің небір сүлейлерінің ол туралы тамсана , табына тіл қататаныны сондықтан.

             “Абай жолы” эпопеясы – қазақ әдебиеті қайраткерлерінің алға шақыратын , болашағына бағыт сілтейтін жарық жұлдызы !. Сөздің сиқырын меңгерем деген, көркем шығарманың қасиетін қолмен ұстағандай терең ұғынғысы келген шеберлік шыңдаймын деген дарынды жас қауым үшін ғажайып әдеби үлгі, әдеби мектеп. Әрине , ешбір озық туынды дайын үлгіге қарап дүниеге келмейді. Жаңа заманның классикалық туындысы өз тұсындағы  тарихи- философиялық толғаныстарын кемел бейнелегенде ғана өз биігінен көріне алады. Бұл – айтуға оңай болғанымен нардың нары, суреткердің суреткері ғана жүзеге асыра алатын аса күрделі  абыройлы шаруа.

Кезінде А.С.Пушкин поэзиясы славян тілді әдебиетке қалай әсер етсе, М.Әуезов шығармалары түркі тілдес әдебиеттерге дәл солай әсер етті деуге толық негіз бар. Өйткені күллі әлем оқырманы тек қазақ халқы емес, көшпелі түркі жұртының өткені туралы ең алғашқы кең ауқымдағы мағлұматты “Абай жолынан” алды.

            Ұлы жазушымыз М.Әуезовтің шығармаларындағы тіл шеберлігі , сөз қолданыс үлгілері  — тың дүние, игерілуге тиіс ұланғайыр байлық.

            М.Әуезовтің ұлылығы сол, ол қазақтың әдеби тілінің , көркем сөз үлгісінің барлық қадір –қасиетін , байлығын өз шығармаларында жандандырып қолдана білген және сол қазынаға жаңадан сөз үлгілерін қосқан.

                        Алып суреткердің сөз мәдениеті дегенде оның да Абай сияқты үш рухани бұлақтан :қазақтың шешендік өнерінен , шығыс пен батыстың әдебиетінен нәр алғанын атап өткеніміз жөн. Осы үш бұлақтан сусындаған қаламгер өзінің әлемге әйгілі “Абай жолы” роман – эпопеясында шешендік сөз үлгілерін, шығыс пен батыс жазушыларына тән сөз оралымдары мен баламаларды өте шебер қолдана білген. Оның кейіпкерлерінің бәрі дерлік тілге шешен, ділмәр, озық ойлы жандар. Мәселен, Құнанбайдың баласы Абайға айтқан сөзіне назар аударайық.

            “Орайы келгенде айтармын деп жүр едім. Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда !”- деді.

            Абай :

  • Айтыңыз, әке ! – деп Құнанбайдың жүзіне тура қарады да, тосып қалды.
  • Ең әуелі арзан мен қымбатттың нарқын айырмайсың, білмейсің. Көп күлкіге , болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші , дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Ішіңдегі жатқан сыр ұшығы жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басыңа ел үйірілмейді. Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін , мұсылман жат санайтынын ескермейсің! – деді. (Абай жолы )

Міне , Құнанбайдың аузына осындай терең ойлы сөздерді салып отырған М.Әуезов. Мұндай шешендік үлгідегі сөздер кітапта толып жатыр.

            Қаламгер халық аузынан шығып, ауыз әдебиетінде жалғасын тапқан даналық сөздерді “Абай жолы” роман  — эпопеясында мейлінше кеңінен қоланды. Бұл кездейсоқ емес. Тегінде, халықты , оның озық өкілдерін сөйлетуге шебер М.Әуезов бұл шығармасында драмаларындағы шешендік дәстүрді асқан тапқырлықпен жалғастырған.

            Сөзді,  сөйлеуді шешен құру шығармада түрліше тәсілдер арқылы жүзеге асады. Өмірдегіні өз күйінде көрсету, көрсетіп қана қоймай, оны басқа біреу байқай бермейтін қырынан сезіндіру М.Әуезов тәсіліне тән құбылыс. Жазушы сөйлеміне назар аударайық:

“Жүрістің ертелік мазасыздығына қарамай ,күн райының мұндай ,сұрқай көңілсіздігіне қарамай , ортадағы жастар тобы үнемі дабырлап сөйлесіп, әзілдесіп, күлісіп келе жатыр”

            Осы сөйлемде бәрі бар . Шешендік сөйлеу де, жалпы жайды , адамдардың көңіл –күйін ауа – райының қабағымен астастырып беру де , оқиғаны бірыңғай мүшелер арқылы тәптіштеп толыққанды етіп баяндау да, ең аяғы болашаққа деген сенім де бар.

            М. Әуезов жалпы диалог құруға шебер. Оның диалогтарындағы қуатты сөз түйіні, халықтық сөз өнерінің асыл маржаны ауыз әдебиетіндегідей, көбінесе  синтаксистік параллелдіктер арқылы, теңеу, әртүрлі символдар арқылы , риторикалық сұрақ  пен лексикалық қайталаулар арқылы құйылып жатады.

             Төмендегі диалогтердегі ауыз, ой, айту, жазу, сөз байлау, ән, тіл, діл, жүрек, саз, сезім, емеурін сөздерін бір – біріне синоним ретінде және қарсы қойып пайдалану арқылы сөйлемдер өткір, шешен құрылуымен бірге , мағына, мазмұн байлығына да ие болған.

            “- Сенің аузыңдағы сөзді мен айтқам жоқ. Өзімнің ойымдағы байлауымды айттым. Сенің жазатыныңда менің айтатыным не ?” Өзім айттым , өзім жазам !

  • Сен тілмен айтсаң , мен ділмен, жүрекпен айттым!

Сол Абай ағамның ғашықтық өлеңін өлі аруақтарға бағыштап жатқан жерден –ақ , сазым мен сезімім соларда екенін таныттым! Тәңірі – ай , біз ақын емеспіз бе ? Үнемі сөзбен ұғындырып беру керек пе , емеурін де жетпей ме ?… (7-9 бет)

            Сонымен қатар М.Әуезов “Абай жолы” арқылы Еуропа , орыс жазушыларына тән қою , сөлді, айшықты , анық, жанды баламаларды  қазақ прозасында алғаш рет табиғи сіңістіріп, тіліміздің өз заңдылығына айналдырып жіберді. Жазушының тіл оралымы  тосын, көзге қиындау көрінетіні көркем әдебиет  оқуға дағдыланбаған адамға кей ретте ауырлау тиетіні осындай сонылығына байланысты. Орыс классиктері шығармаларында кездесетін көп сын есімді тіркестің қазақша баламасы М.Әуезовтің құдіретті  қаламы арқасында төл туындыдай болып кеткен. “Абай жолында” кездесетін осындай баламаларды Р.Бердібай өзінің “Тарихи роман (А.1997ж) ” деген кітабында атап өткен. Олар : тартымды салқындық, аз күлімсіреп, қатты жиіркенішті, саналы оты бар, сұм салқын , жұмбақ ауыр сезімдерін, күн райы өзгеше бұзылып, тобықты ішіндегі ойындардың енді басқа бір белге шығатын кезі жетті, тартымды сабыр, ауыр күдік, мол сезім, жоқтықтың барлыққа жіберген келгіні, жастығына зорлық еткендей, әсем қызылы бар, тұтас қызыл,  намыскер жүректің ызалы толқыны, ауыр мұқтаждық тұтқындары, ауыр арман, жат ажар, алыс биік сықылды қатқыл, суық ызғары сезілетін Құнанбай. (3,88,89 б) тәрізді сөз тіркестері мен сөйлемдер. Бұл сияқты оралымдар мен сөйлемдер қазір қазақ әдебиетінде кездесе береді.  Бірақ , “Абай жолы” жазылған кезде бөтен жаңалық еді. М.Әуезов өзінің тәжірибесі ,  стилі арқылы бүкіл бір халықтың үлкенді – кішілі қаламгерлеріне осы бағытта үлгі болды.

            Жазушы әдеби қаһарманы – Абайдың шығыс классиктерін оқып, ғибраттанып , еліктеп өлең жазған кездерін көрсеткенде де, дін адамдарының сөдерін келтіргенде де шығыс тектес термин мен ұғымды мол пайдаланған. Ол “Абай жолының” соңғы кітабында Семейдегі оба ауруының зардабын бейнелеген кезде молда, сопылардың лексиконын өте тиімді келтіреді. Осы арқылы ол қазақ тілі мен шығыс тілдерінің ежелден ауыс – түйісі көп болғанын аңғарта түседі.

            Шығармада : халфе, мәзін, қари, махалла, жаназа, мешіт, медресе, садақа, шүбаһа, фалекет, диуана , хатым, шағир, ғариб, ахлақ, хаста, фидия, мұтла, лазым, шариғат, күпір, нәмәрт, астағфиралла, хазірет , намаз , сүре, мақам, калан, унзира, кәләм – шариф, хұтпа, ишан, ястау, имим , такбир – таһлил, мінәжат, ғибадат, ясин, әпәнді, халас, мінбер, бадбахт, харакат , мұтасиб, дәрхәл, бәддұға секілді діни ұғымдар кездеседі. [3,89б ] бұл сөздер диалог үстінде діндарлар ортасын суреттеу үшін қолданылып, көп ретте шығыстық бейнелеу жүйесі қазақ ұғымына үйлесімді болып кірігеді.

            Жазушы сөз қолдануға , талғауға өте ұқыпты қараған. Өз оқырманын жалықтырып жібермеуді ойлаған. Осы ретте сөйлемдердің бірыңғай етістікпен аяқталуын өзгертіп, жаңалық енгізген.    Көп ізденудің нәтижесінде сөйлем аяғында келетін сөздердің бірнеше формасын тауып қолданған. Қаламгердің, әсіресе , көп қолданған формасы есімшенің өткен шақ түрі. “Тайдың асулық қияңқылығы сондайлық екен, біресе шапшып, мөңкіп, біресе шыңғыра тулап кетіп масақбайды да екі рет жыққан. Бірақ, өзге асаудан көрмеген ызаны көріп, екі жығылып алған Масақбай ақ тайға қатты ызаланып алған. Құлақтан басып , бұғалықпен буындырып екі езуін шұрайлап, тайды өлердей жазалап еді. Үстіне үлкен жабу салып , оны басқұрмен шандып – шандып қарғып мініп алған. Басқа көзден төпелеп , шапқылатып қан сорпа ғып кеп бағана желі басына байлап тастамақ болған. ” (Абай жолы 192,196 б)

            М.Әуезов салған осы дәстүр қазақ әдебиетіне сіңіп, әрбір суреткер шығармасынан орын алды.

            Қаламгердің сөйлем аяқталымына енгізген сонылығы тек біз атап көрсеткен есімшелік түрмен ғана шектелмейді. Тұңғыш рет “Абай” романында негізделініп, кейіннен қазақ әдебиетінде көркемдік стиль заңдылығына айналып кеткен басқа да нысандардың бір екенін Р.Бердібай аталмыш кітабында айтып өткен. Олар : сөйлем аяғын “дай, дей, тай, тей” секілді жұрнақтарға бітіру. “Асаумен алысқан арпалысты жаны сүйгендей . бұл кездегі Оспанның балалық жындылығы , ұрда  — жықтығы біржолата жоғалғандай ” сияқты сөйлемдер қазақ әдебиетіне жақсы жарасып кеткен. Сөйлем аяғын “сияқты, сияқтанды ” деген сөздермен көмкеру “Абай” романында жиі қолданылған еді. Мәселен, “қорқыныштан титтей елес жоқ.  Қайта “тулай түс” деп қызықққан сияқтанады. Бұлар М.Әуезовтің нағыз реалистік стиль, қарасөзбен жазу кестесін қалыпастыру жолында көп жағдайда тыңнан жол салғандығын сипаттайды. Мұндай ізденістер жазушының ана тілі табиғатын меңгеріп қана қоймай , батыс пен шығыс әдебиеттерінің бай тәжірибесін еркін игергендігін аңғартады.

            Қазақ әдеби тілінің қазынасын көптеген жаңаша ұғым, бейнелі сөздермен , тіркестермен байытуда М.Әуезовтей үлкен еңбек сіңірген жазушыны табу қиын. Оның қазақ, Еуропа, шығыс мәдениетіне мейлінше жетіктігі тілімізге күрделі , соны оралымдар , кестелер әкелгені осындай әмбебап білімдарлығына байланысты.

            М.Әуезовтің тілі аса құнарлы, бояуы қанық , мағынасы бай , салмағы ауыр, құрамы күрделі нәрлі де нәзік. Оның лексикалық қоры орасан мол. Сол мол қазынаны көркем шығармада қолдануға келгенде ол теңдесі жоқ шебер, асқан зергер. “Абай жолы” роман – эпопеясындағы мақал – мәтелдер, қанатты сөздер, астарлы сөздер бәрі де көркемдік шеберлікпен қолданылған. Жазушы өзінің бай тілін сараң қолданады, үнемдеп қажетіне ғана жұмсайды. Онда орынсыз лепіру , сезімсіз шарықтау , әдемі, әсем тіл үшін әдейі тырысушылық жоқ. Оның бай тілі картина жасауға , образ, характер жасау үшін қызмет етеді.

 Қаламгерді қазақтың жазба әдеби тілін жасаушылардың бірі ғана емес , бірегейі деп білеміз. Оның қаламынан қазақтың сөз байлығы , сөйлеу дәстүрі өзгеше құлпырып, гүлденіп, түрленіп шығатын. Ол қаншама сөзді тірілтуші , көп сөздерді жаңадан жасаушы немесе өңдеуші ұста еді. М.Әуезов шығармалары халқымыздың көркемдеп ойлау мәдениетін шыңға көтерді. Оның сөз қолданыстары қазақтың қаламгер  қауымының үлкенді –кішілі барша өкілін тегіс ықпал жасады деуге болады. Оны қазақ тілінің суреттеу мүмкіншілігін арттырған, тілімізді жетілдіріп, жаңа сапаларға ие еткен орасан озық санаткер санаймыз.

“Адамзаттың ғасырлар бойы арман еткен ұлы мұраттарын халыққа жеткізіп айта білген, дарыта білген қаламгерді замана жыршысы, ақиқаттың ақыны, көреген кемеңгер деу лайық   ”

            Жоғарыда айтылған жайдың барлығы М.Әуезов шеберлігінің бір қыры ғана. Қаламгер шеберлігі сан иірімдерден тұрады. Сол иірімдерді зерттеп тауысу мүмкін емес. “Абай жолын” қолға алып қайта оқыған сайын суреткер шеберлігінің жаңа қырын кезіктіреміз. Ол қазақ сөзін биік шыңға көтеріп, қадір – қасиетін арттырған сөз зергері.

            Осының бәрін негізге алып, Әуезовті нағыз сөз сиқыршысы деуге болады. Осылардың үстіне оның қалам ұстағандардың бәрін тамсандыра, табынтып ессіз еліктетіп әкететін күрделі көркем стилін, эпикалық кең құлашын, өзі қалыптастырып, шартарапқа өнеге ғып таратып кеткен тарихи романдар циклінің өзгеше болмыс – бітімін қоссақ, бұлардың бәрін Әуезов туындыларындағы мазмұн  тереңдігі мен пішін сұлулығына, көлемі  мен тереңі көз жеткісіз білім, парасат, мәдениет байлығына ұштастыра пайымдасақ, оның туған әдебиетіміздің эстетикалық тұрғысын, таным мен тәрбие тарапындағы тұғырын қаншалық биікке көтеріп кеткенін жете ұғып, ұлылық үлгілерінің байыбына бара түсер едік. Мұншалық бай творчестволық тәжірибені біріміз емес, бәріміз зерттеп, жабыла үйренуге міндеттіміз. Сонда ғана біз әдебиетімізді Әуезов көтеріп беріп кеткен шынайы өнердің шырқау биігінде ұстап тұра аламыз.

            Бұл – бәрімізге бірдей ортақ парыз.

Қазақтың тілін кемсітіп , өзінше менсінбей сөлейтін кейбір оқыған надандарға М.Әуезов — әліге  дейін ашылмаған Америка. Егер Әуезов өзінен бұрынғы әдебиетке місе тұтпай қараған болса , онда туған өнерін жаңа биікке көтерудің орнына өзі де құрдымға құлаған болар еді. Барды бағалай білетін байыптылық қана оны асқар таудың басына алып шықты.

Халқымыз – бүгінде өз жерінің қожасы , өз тағдырының иесі. Қайдан үлгі аламыз , кімнен нені үйренеміз десек те, ешкім қолымызды қақпайды. Бірақ, соның бәрі де өз бейнемізді, ұлттық рухани ұстындарымыз бен құндылықтарымызды сақтап, дамытумен ұштасқанда ғана нәтижелі, мағыналы болмақ. Әуезовтің бізге қалдырған ұлағатының бірі – осы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әуезов М “Абай жолы ”
  2. Әуезов М “Абай жолы” Алматы 1997ж 1.том
  3. Бердібай Р “Тарихи роман ”Алматы “Санат” 1997 – 336 бет
  4. М.Әуезов – ХХ ғасырдың ұлы жазушысы және гуманисі Алматы “Ғылым”1997
  5. З.Қабдолов Сөз өнер.-«Санат», 2007ж.-360 б
  6. М.Әуезов. Шығармалар,12 том, Алматы 1969,

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ