Ежелгі түркі халықтарының жазба мәдениеті

0

Кешегі тар таптық көзқарас,  коммунистік  идеология  үстемдік құрған кеңестік дәуірде  қазақ  халқын,  сонымен бірге туысқан қырғыз,  түркімен, қарақалпақ, өзбек т.б. түркі тектес  халықтарды  1917  жылғы  қазан төңкерісіне дейін  өз тарихында толыққанды  мемлекет болмаған, тек малдың соңынан көшіп-қонып жүрген,  дәстүрсіз,  тамырсыз, қу тақырда жаралған  етіп көрсетуге  көрсетуге тырысқаны белгілі.  Осылайша, «басы барды  идіріп, тізесі барды  бүктіріп»  құдіретті мемлекеттер  құрған,  қалалық мәдениеті гүлденген, б.з.б. Ү ғасырдан  бастау  алатын жазба мәдениеті  дамыған түркі халықтарының  бай тарихы мен төл  мәдениеті  толық,  дұрыс  оқытылмай,  жас ұрпақтың бойына сіңірілмей келеді. Ұзақ уақыт бойы еліміздің  жазба мәдениеті  тарихы  тереңнен тарқатылмай,  қазақтар  үш – ақ әліпбид: араб, латын, және  кирилицаны  білетін секілді  ұғым қалыптастырылғанды. Бүгіндері түркі тілдес  халықтардың жазба мәдениеті тарихы ерте замандардан  бастау алатындығы айқындалып,  бабаларымыз бір емес, бірнеше әліпбиді меңгеріп,  оны өздерінің  әкімшілік,  дипломатиялық,   діни және жеке бас қажеттіліктерін  өтеу үшін пайдаланып келгендері  белгілі болды.

Түркі тілдері тарихындағы  ең алғашқы  жазу сыртқы нұсқасына  қарай  «руникалық» немесе табылған жеріне  қарай «Орхон-Енисей жазуы» деп аталатын жазу. Бұдан өзге көне түрік тайпалары соғды, ұйғыр, манихей, брахми, эстрангело, тохар  жазуларын  да  білген.

Руна бұл дыбыстық жазу, оның курсиві жоқ, жеке  таңбалар  бір-бірімен байланыспай жазылады. Фонетикалық жағынан  алғанда  руна жазуы түркі тайпаларының  тіліне   барынша бейімделген,   әрі оның дыбыстық ерекшелігін дәл  бере алады. Руна әліпбиінде,  аймақтық және хронологиялық  нұсқаларын ескере алғанда,  40-тан аса  таңба бар. Оқылуы  оңнан солға қарай.

Түркі  руна жазуының  таралу аймағы – Сібірдегі Енисей, Лена өзендері  аңғарлары, Монғолиядағы Орхон, Онгин, Селенга өзендерінің  алқабы, Орта Азия мен  Қазақстандағы  Талас пен Сыр бойы, Ертіс пен Іле  қойнауы. Руна тектес жазуы  бар ескерткіштер  хазар мемлекетінің территориясы Еділ, Дон  өзендері  бойы және  Солтүстік  Кавказдан да  табылған.  Алайда  руна  жазуының бұл  батыстық  нұсқасы ірі  текстердің  табылмауынан сыры ашылмай, құпия  күйінде  қалып келеді.

Руникалық жазу ескерткіштерінің  таралу аумағының көлемі көне  түріктердің  сауаттылығы жайынан сөз  қозғауға  мүмкіндік  береді. Зерттеушілер руникалық  ескерткіштердің  графикалық қорларына  шолу  жасай  отырып, көне түріктер мекендеген аймақтарда  жазу-сызу  қолданылған (Д.Д.Васильев), Орхон-енисейлік  түріктердің арасында сауаттылық кең жайылған (В.В.Бартольд), және еш бір «қоңғабыс,  кезбе сауаттылардың»  көмегінсіз жергілікті  тұрғындар өздері жазған  (С.Е.Малов), сондай-ақ  руникалық  эпиграфиялар тек  ақсүйектерге ғана емес,  қалың оқырманға арналған (С.В.Киселев),  тіпті  күнделі  тұрмыстық бұйымдардың өзінде  жазудың болуы  тұрғындардың жоғары сауаттылығын айқындйды (А.Н.Бернштам)  және көне  түріктерде қоғамдық  пікір  өмір сүргендігін паш етеді  (Л.Н.Гумилев)  деген  тұжырымға келіп отыр.  Бұл ойды сол  дәуірдегі  құжаттық  материалдарда  дәлелдей түседі.  Мысалы,   ҮІ ғ.  өмір сүрген  византиялық  тарихшы  Менандр  император  Юстиниан  ІІ-ге  түрік елшілігін  басқарып келген соғдылық  Манах  өз қоғамының атынан скиф жазуымен  жазылған  жолдау хат  тапсырғанын баяндаса, ал ҮІІ ғ.  Басында  тағы бір византиялық  автор феофилакт  Симокатта  император Маврикийге үзінді  келтірді.  Қытай жылнамаларыныда түріктердің  кісі,  жылқы және өзге де мал есебін алғанда  алғаш тақтайларға жазып отырғандығы  айтылады.  Жазудың, жазба мәдениетінің көне  түріктерге  дейін де  болғандығын б.з.д.  176 ж. Ғұндардың билеушісі  Мөденің Қытай еліне   хат жолдағаны  жайлы  мәлімдейтін  құжаттар және  «Есік» қорғанынан табылған  күміс  тостағандағы  жазу да көрсетіліп  отыр.  Б.з.д   Ү ғ.  жазылған  сақ  дәуірінен қалған күміс  тостағандағы жазба  мұра  төңірегінде  көп  талас-тартыс  жүргені  рас. Дегенмен, осы сақ  жазуының негізінде, әрі оның көне түрік  руникалық  таңбаларына  ұқсастығына қарап, белгілі  түріктанушы ғалым  А.Аманжолов мынадай  қорытынды жасады:

1.Түркі тілдес тайпалар бұдан  2500 жыл бұрын  әліпбиі  бар жазуды білген және  кеңінен  пайдаланылған:

  1. Көне түрік руникалық жазуы арғы ата-бабаларымыздың 1500 жыл  бойы, яғни б.з.б. Ү ғ. Бастап б.з. Х ғ. дейін қолданылған  төл  жазуы.

Сөйтіп, көне түрік  тайпаларында  әліпбиі бар жазу  тек Ү ғ. пайда  болды  деген  жылдар бойы  қалыптастырылған болжам  ескіріп қалды.

Көне түріктер руна жазуын  құлыптастарға, тұрмыстық  заттарға,  үй қабырғаларына  өз ойларын  жазғанда, сондай-ақ  қолжазбалар, хаттар әзірлеуде қолданылған.

Атақты «Күлтеін» (732ж.),  «Білге қаған» (735ж.) және «Тоныкөк» (716) жылдары тасқа  қашалып жазылған руникалық   ескерткіштер  ішіндегі ең  көлемдісі, әрі көне түріктердің  өздері   туралы  өздері  жазған  аса құнды,  бірегей  жәдігерліктер болып  табылады  Сыртқы пішіні пирамида секілді  Күлтегін ескерткішінің  биіктігі  3,15 м, ені 1,24м,  қалыңдығы 0,41м.  Күлтегін ескерткішінің негізгі  бетінде  40 жол жазу бар,  ол ескерткіштің сол жақ бетіндегі  13 жол  жазудың жалғасы болып есептеледі.  Туркологиялық әдебиеттерде ескерткіштегі  40 жол жазу үлкен жазу деп,  ал 13 жол жазу — кіші жазу деп аталады.   Кіші жазу үлкен жазу дың кіріспесі  іспетті. Күлтегін жырында түрік халқының  ата-бабалары туралы, елге  ерен   істерімен   белгілі болған, Елтеріс, Қапаған, Білге қағандар, және қолбасшы Күлтегін  жайлы,  түріктердің жорықтары туралы айтылады.. Жыр автор — Йолығ Тегін жырының басты идеясы  етіп халық бірлігін алған.  Ел бірлігі арқасында бастыларды  еңкейтіп,  тізелілерді бүктіргендіктерін жазған. Бүгінгі ұрпаққа  үлкен өнеге боларлық  бұл тарихи жәдігерлік,  өкінішке орай 1961ж. үстіне жай  түсіп,  күл-талқан болған.  Бұл күндері Күлтегін ескерткішінің  тек орны ғана сақталған.

Білге қағанға қойылған тас ескерткіштің  ұзындығы  3м 45см, ені 1м 74см  және қалыңдығы  72см. Сырт бейнесі, көркемдік нақышы  жағынан да, мазмұны жағынан да  Білге қаған және Күлтегін  ескерткіштері  бір-бірі мен ұқсас,  текст мазмұны  бір-бірін  қайталайды.  Тоныкөк ескерткіші   екі бағана  тасқа  бөлініп жазылған.  Біреуінің биіктігі  1м 70 см, оған  1—36 жол, екіншісінің биіктігі  1м 60 см, мұнда жырдың  жалғасы, яғни  37-62 жолдар орналасқан.

Жыр авторы  Тоныкөктің өзі деген болжам бар. Бұл жерде  түрік халықтарының табғыштарға  бағынышты болып қалуы,  кейін бас біріктіріп  жауға қарсы тұруы, сол кезде  қаған сайлауда, жауды жеңуде  Тоныкөктің ақыл- кеңесі,  ерлік істері зор болғандығы  баяндалады. Мұндада ел бірлігі, сол елдің басын қосып,  ынтымаққа жеткізуге  ақылгой Тоныкөк секілді қариялардың, ел басшыларының  үлкен рол атқарғандығы  дәріптелді.

Руна жазуы ескерткіштерін алғаш рет  1721-1722 ж.ж. Сібірден Д.Г.Мессершмидт және  Ф.И.Страленберг экспедициясы тапты. Орыс  ғалымы  Н.Я.Ядринцев 1889ж. Солтүстік моңғолия  жерінен, Орхон өзені  бойынан Білге қаған мен  Күлтегінге арналған  ескерткіштерді, ағайынды Д.А.және Е.А.Клеменцтер 1897ж. Селенга өзені бойынан Шығыс түрік қағанатының  қағандары  Елтеріске, Білгеге кеңесші  болған, данагөй қария Тоныкөктің  құрметіне қойылған  ескерткішті табады.

Руна жазуы әліпбидің  сырын 1893ж. дат  ғалымы, Коненгаген университетінің   салыстырмалы  тіл  білімі  кафедрасының  профессоры  Вильгельм Томсен (1842-1927) ашқан еді. Осы В.Томсен  құпиясын  ашқан әліпбиді   пайдалана  тоырып, В.В.Радлов (1837-1918) Орхон  ескерткіштері  мазмұнының 1894жылы  орыс тілінде  жарияланды, ал Томсеннің  өзі  жасаған аударма  неміс тілінде  1895 ж. жарыққа шығады.

Содан бері  көне түрік  руна  ескерткіштерінің   әр қырынан зерттеу жұмысы үздіксізжүргізіп келді.

Руна жазуының  ҮІІ-ІХ ғ.ғ.  қағазға жазылған нұсқаларын  Шығыс Түркістаннан ХХғ. Бас кезінде ұйымдастырылған  археологиялық экспедициялар тапты. Көне түріктер  тіліндегі  қолжазбалар мен жеке басылымдардың  неміс зерттеушілері  А.Грюнведель мен  А.Лекок тапқан үлкен жинағы  Берлинде, Неміс ғалым академиясында, В.В.Радлов, С.Е.Малов, А.А.Дьяков,  Д.А.Клеменц т.б. жинаған олжалар  Петербордағы  азиаттық  музейде, сэр А.Стейн  тапқан қолжазбалар  Лондонда, Британ музейінде,  П.Пельо  жиналыстырған қолжазбалар  Париж  ұлттық кітапханасында,  бірнеше жақсы сақталған парақтар  Стокгольм  этнографиялық  музейінде  және Анкарадағы   этнографиялық музейде,   жапон ғалымы  С.Отани  басқарған  экспедиция  олжалары  Киотода  сақтаулы тұр.

Шетелдерде сақтаулы тұрған  бұл қолжазбалар  мен  фрагменттердің  көп бөлігін буддистіу  «Алтын жарық»,  «Дишаствустик», «Куаншиим Пусар»  секілді шығармалар,  сонымен  бірге   манихейліу,  христиандық  дінін уағыздайтын   текстер және ұйғыр мемлекетінің  құжаттары құрайды.  Діни тақырыптарға арналған   аталмыш қолжазбалардан  сол кездегі мәдениет   және тарих туралы  (әсіресе ұйғыр мемлекетінің)  бағалы мәлімет алуға болады.

Көне түріктер  күнделікті  тұрмыста өз жазбаларын  қағазға да  жазып отырған.Зерттеушілер қағаз жасап шығаруда  көне түріктердің  батыс, я  шығыс  үлгісі бойынша  өз өндірісі  болғандығын,  қағаз  көбіне  тұт ағашынан, сондай-ақ сорадан, мақтадан,  күріш сабағынан да  алынғандығын жазды.  Қытай шеберлері ҮІІІ ғ. Самарқанда қағаз  өндірісінің  негізін салды. Осы  жерден қағаз өндірісінің негізін салды. Осы жерден  қағаз өндіру   тәсілі Жібек жолы арқылы  батысқа  тарап, онда жазу  үшін  қолданылып  келген  пергамент пен  папирусты  ығыстырып  шығарған. Ал Қытайдың  өзінде және  Шығыс Түркістан  жерінде  қағаз өндіру  б.з.д. ІҮ бастаған.

Жеке қағаздарды  кітапша етіп тігудің  әр түрлі жолдары болған. Ирандық-Сириялық  үлгімен  жасалған  кітапша дәптерлер  немесе  көне үнді кітаптары   үлгісіндегі  пальма, қайың  қабықтарынан  құралған  кітап (потхи), қытай үлгісіндегі  шиыршық-кітап  (қағаздың  шығырға  оралуы  арқылы жасалды),  төртінші кітап-бүктірме (гормошка). Қағазды  кеңірдектеп  бүктемелеу  жолымен әзірленді.

Кітап жасау ісі Шығыста ерте кезден басталған.  Түркістан б.з.д.ІІ-Іғ.ғ. өзінде-ақ  кітап   шығаратын маңызды  орталыққа  айналып үлгерген.  Көне түрік тіліндегі  бізге жеткен алғашқы   алғашқы кітап қатарында  583ж. жазылған «Нирванасутра»  аталады. Дегенмен С.Е.Малов  сияқты ғалымдар  түрік тілінде шыққан  «Хуастуанифт» Үғ. Жазылған деп есептейді.

Шығыс Түркістан жерінен табылған  ҮІІІ-ІХ ғ.ғ. жататын кітаптар мен үзінділердің  көбі ксилографиялық жолмен жасалған. Ксилография (ойып басу) арқылы текстерді көбейтіп, кітап етіп шығару  өзінің арғы бастауын  мөр  дайындау  ісінен алады.  Ксилографиялық кітап басып шығару ісі мынадай жолмен жүрген:  Алдымен болашақ кітаптың көлеміне  сәйкес келетін  қатты тегіс тақтай  әзірленеді,тура осындай өлшемде  жұқа қағазға текст жазылады. Содан соң қағаз тақтайға  жапсырылып, әріптер тақтай бетіне  бояу жағылады да   қажетті мөлшерде  қағаз бетіне түсіріле беретін   болған.  Қағазға түсірілген  руна жазба кітабы—«Ырқ бітік» деп аталады.  Кітаптың аты жоқ,   тек бас жағында  «Бұл біліктілік кітабы жақсы» деп жазылған.  Екі түрлі мағанағы ие  «ырқ» сөзін (біліктілік және сәуегейлік) зерттеушілер алғаш сәуегейлік деп  аударуына  байланысты  кітапқа  «Сәуегейлік кітабы» (орысша «Книга гаданий) деген атау берілген. Әйтсе де «Біліктілік кітабы» десе  шынайырақ болатын секілді.

Кітапша  бүктелген  29 парақтан  құралған. Көлемі 13,2 х 8см, тексі 108 жолдан, 65 бөлімнен тұрады, оның әрқайсысы «бұл жақсы» немесе «бұл жаман» деген ой қорытумен аяқталып  отырады.

В.Томсен «Ырқ бітіктің» ҮІІІ-ІХғ.ғ. жазылған деп білген.

Көне  түрік поэтикалық  арнасында  дүниеге келген «Ырқ  бітік» түріктердің мұсылмандықты  қабылдағанға  дейінгі тұрмыс-тіршілігінің  көпшілікке беймәлімдеу  тұстары және наным- сенімдері  жайлы, оларды қоршаған орта туралы   соны мәліметтерге толы.

«Ырқ бітіктің» жазылу стилінде  Орхон жазбаларымен  ұқсастық байқалды.

Мазмұн мағанасы бойынша «Сәуегейлік кітабын» төрт топқа бөліп қарауға болады.

1.Адамдар мен  жануарлардың  тылсым-тіршілігі жайлы  реалистік  көріністер;

2.Мифологиялық және  ертегілік сюжеттер;

3.Табиғатты  суреттеу.

4.Мінез-құлық туралы  нақыл сөздер.

«Ырқ бітіктің»  діни-мәдени жағынан  қандай  шығармаға  жататындығы  туралы зерттеушілер түрлі пікір айтады. В.Томсен мен  неміс ғалымы А.Фон Габен бұл манихейлік  шығарма дейді. Себебі кітаптың соңында   кішкі  динтар, буравагуруге (манихейлік  қауымның терминдері)  және біздің тыңдаушыларымызға   арналған деп жазылған. Алайда С.Е.Малов «Ырқ бітікті»  арнайы зерттеген  И.В.Стеблева кітап мазмұны   шамандыққа да,манихейлікке де  тән белгілерді  қамтиды, бәлкім бұл жағдай түріктер  арасына келген  манихейліктің  түріктердің  діни ұғымына  бейімделіп,  оның ерекшеліктерін  бойына сіңіріп алуы сияқты  нәрсемен де  байланысты  болар-ау деп  топшалайды.

Барынша көңіл аударатын  жағдай сол, «Ырқ бітіктің»  авторы көне түріктерге  түсініктерге  түсінікті  ұғымдарды  кеңінен пайдалана  отырып,  көңілге қонымды,  барша  оқушысына  түсінікті  ой қорытулар  жасай алған.  Шығарманың поэтикалық  дәстүрі   тұрақтылығымен, әрі кең таралғандығымен  ерекшеленеді. Туркияда ХІХ ғ. өзінде де (көбіне әйелдер пайдаланған) болашақ үйлену тойы  және  басқа  оқиғаларға   байланысты жасалған  сәуегейлік  кітаптар болған.  Осы тұрғыдан қарағанда  «Сәуегейлік кітабы»  мұндай жинақтардың бастау көзі  болуы әбден мүмкін.

Сонымен  көне түріктерде  кітап болған және ол «бітік» деп  аталған. ХІІІғ. аяғы ХІҮғ басында   жазылған  «Кодекс куманикус» сөздігінде  де  кітап сөзі түрікше  бітік делінетіні көрсетілген.

Сонымен,  қорыта  айтқанда, қазіргі  қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, т.б.  түркі халықтарының  арғы  ата – бабалары  көне  түріктер  құдіретті мемлекеті бар,  қалалары сәулет өнері дамыған ел болумен бірге,  өркениеттіліктің басты  белгілерінің  бірі – жазба  мәдениеті сонау  б.з.б. Ү ғ. бастау алатын, дүниежүзілік адамзат  өркениетіне өзіндік лайықты үлес қосқан халық болып табылады.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ