Бастауыш сынып оқушыларын бейнелеу өнері арқылы адамгершілікке тәрбиелеу

0

Бастауыш сыныптардағы оқушылар бәрі дерлік сурет салуға,әсіресе көркем бейнелеу ісіне қабілеттілік көрсетеді. Бұл өнер баланың бойында дүниені эстетикалық тұрғыдан игеру қажеттігін туғызады, қандай болсын әлеуметтілік қажеттілік сияқты ол да өзін тәрбиелеп көтермелеген жағдайда ойдағыдай қалыптасады.

Бейнелеу өнері баланың көптеген қабілеттерінің алғашқы белгілері: байқағыштық, көз алдына елестету, көргенін ұмытпау, қабылдау ерекшелігі ашылады. Сонымен қатар баланың айрықша эстетикалық қабылдағыштығы өмір көркін түсініп, бағалау қабілеті қалыптасады. Ал мұның өзі әрқашанда құбылыстарды моральдық тұрғыдан бағалаумен байланысты. Әсіресе жеті-он жастардағы балдарда ; олар әдемі мен жақсының арасын әлі де айқын айырмайды, мұның бәрі ортақ «жақсы» деген бір ұғымға сыйғызады. Сұлулықты қабылдағыштық баланың өмірін байытады, қоғамдық құбылыстардың кез келген көрінісіне ықылас-ынтасын күшейтеді және де сұлу нәрсені бағалау мен қорғау қабілеті оның іс-қимылына бағыт береді.

Бейнелеу өнері сезімдерін өзгертіп, байыту арқылы балалардың рухани дүниесіне, адамгершілік санасына әсер етеді. Бұл әсер баланың мінезінен көрінуі үшін жаңа сезімдер елес, қиял дүниесінен нақты өмір дүниесіне, балалардың күнделікті істері мен ойындары, қуаныштары мен реніштері практикасына ауысуы тиіс. Бұл тез жеткізетін төте жол емес. Қайсыбір тапсырманың бала мінезін бірден өзгертіп, оны құрбы-құрдастары мен ересек адамдарға ізгі ықыласты ете қалатыны сирек кездеседі. Адамның қарым-қатынастары мен табиғат әлемін эстетикалық тұрғыдан игеруді сурет салу жөніндегі тапсырмалардың адамгершілікке баулитын тақырыптарымен алмастыру дамуды тездетпейді, қайта жадауландырып жібереді. Керісінше, балаға дүниені танудың өзіне тән өзгеше көркемөнер құралдары арқылы әсер етуоның адамгершілік санасы мен сезімдерін байытады,оның дамуындағы ішкі өзгерісін реттейді.

Төменгі сынып оқушысы үшін дайын суреттен гөрі сол суретті салу процесі маңыздырақ. Ол қандай сюжет таңдау, ненің суретін салу керектігі, бұл суретте қандай бояулардың әдемі және жарасымды болатыны жөнінде қызыға ойланады. Егер педагог балаларға қызықты және маңызды тақырып ұсынса, онда суретті салу процесі үстінде әр бала өте бір жарқын эмоциялық әсерге бөленіп отырады. Мұндайда баланың өте күшті сезімге бөленетіні соншалық, ол тіпті өз қиялында сол суретте бейнелегендермен араласқандай халге түседі: ойланады, сезінеді, суреттегі ізгі батырдың, сұлу да қайырымды принцессаның, ер жүрек пионердің сөзін сөйлеп, ғажап істерін істейді. Оған суреттегі кейіпкерлердің бәріне жан біткендей болады және солардың бәрі оған осы баланың өзі сияқты болып көрінеді. Ол осы оқиғаларға қатысушылардың бәрін ойлап тауып қана қоймай, сонымен қатар олардың қимыл-әрекеттеріне баға да береді, бұл арада өзінің жақсы мен жаман жөніндегі түсініктеріне сүйенеді, сонымен бірге бала олардан өзіне тартымды нәрселерді: сымбатты, ізгі, әділетті, адал істерді… қабылдап, «меншіктеніп» алады.

Төменгі сынып оқушыларының өздері бейнелеген оқиғаларды сезіне білетін қабілеті педагогтың сабақ арқылы балалардың адамгершілік қасиеттерінжетілдіруге белгілі мақсатпен ықпал етуіне мүмкіндік береді.

Баланы тәрбиелеу үшін көркем бейнелеу өнері сабақтарының алуан түрлері қажет. Нақты заттардың суретін салу, көркемдеп безендіру жөніндегі тапсырмалар, суретшілердің туындылары туралы әңгімелер – осылардың бәрі де балаларды дамытады.

Арнаулы тақырыптардағы тапсырмалар баланың байқағыштығына, зерделілігіне, көз алдына елестете білу қабілетіне негізделеді. Мұғалім бұлар арқылы назарын адамдардың бір-біріне және табиғатқа деген көзқарасына аударады. Баланы алғаш көргенде өзі байқамайтын нәрселерді-адамның іс-әрекетінің, ойларының, сезімдерінің және қарым-қатынсының адамшылық жақтарын көре білуге үйрету күрделі, бірақ маңызды міндет. Адамдарға, мектепте,көшеде,үйде болып жатқан нәрселерге үңіліп сурет сабақтарында бұрын көргендерін естеріне түсіріп, балалар адамның сыртқы көріністері арқылы оның ішкі сарайын, көңіл-күйін түіне білуді үйренеді. Балалардың бұл қасиеттерін дамыту жолындағы алғашқы қадамдар бірінші сыныптан бастап-ақ жасалады.

Балалар суреттерінің мазмұны- олардың байқағандары, алған әсерлері, ой-армандары мен талап тілектері. Бала өзінің салған суретінде өзі көріп, қатысқанда да, орындағысы келетін, бір-ақ кішкентай болғандықтан қолынан келмейтін нәрселерін де бейнелей алады. Сабақ кезінде берілетін сурет салу жөніндегі тапсырмаларда осының бәрін ескерту қажет.

 Мұғалім тапсырмалар арқылы балаларды өздері жақсы білетін, бұдан бұрын ойластырған, өздерінің өмір тәжірибесіне, ұмтылыстары мен мұраттарына сай келетін нәрселерді бейнелеуді үйретеді. Тапсырмалардың мазмұны ел,қала, село, тіпті сабақ өткізіліп отырған сынып өмірінің нақты бір жағдайын бейнелейтін болса, ол оқушыларды соғұрлым қызықтыра түседі.

Баланың адамгершілік әлемі ересек адамдармен және құрбы-құрдастармен қарым-қаиынас үстінде қалыптасады, сондықтан балалардың өмірінен алынған тақырыптар мен сюжеттер тәрбие үшін ерекше маңызды.

Оқушылар сурет салумен айналыса бастағаннан бері жыл өтті. Сурет сабақтары бұрынғысынша балаларды бейнелеу өнерінің құралдарымен оқытудың және дамытудың басты формасы болып қала берді. Мұнда балалар өз бетімен істелетін жұмыста және сыныптан тыс сабақтарына өздеріне қажет болатын білім мен дағдыларды үйренеді.

Балалардың бейнелеу қабілетін дамыту бұрынғысынша көз алдына елестетуді байыту, сезімталдық пен есте сақтай білуге жаттығу арқылы жүзеге асырылады. бірінші  сыныптың материалдарында келтірілген әдістерді едәуір күрделіленген материал түрінде екінші сыныпта да қолдануға болады. Негізгі міндет те бұрынғыша қалады: баланың суретте әр түрлі оқиғаларға ,адамдар мен табиғатқа өз көзқарасын білдіруіне үйрету. Бұл көзқарас адамдардың іс-әрекетін балалардың бағалай білуінен, айналадағы өмірден «жақсы мен жаманды» түсінуінен көрінеді. Бағалай білу енді «мен үшін жақсы немесе жаман»,  «маған мейірімді немесе мейірімсіз қарайды» деген принцип бойынша ғана анықталмайды- «мейірімділік» пен «мейірімсіздік», «барлығына қатысты» деген мағынада ұғындырылады.

Балалардың жеке өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, оларды адамдардың іс-қимылы мен әрекетін дұрыс бағалай білуге үйретуге болады. Егер бағалау оқушының мейірімділік пен мейірімсіздікті өзінің қалай түсінетіндігімен, оның жеке өзінің жамандық пен жақсылыққа көзқарасымен толықтырылатын болса, адамгершілік тұрғысынан баға беру әрбір оқушыға жеңіл түседі. Көптеген сабақтың тақырыптары балалардың бойында адамдардың іс-әрекеті мен қасиетіне адамгершілік тұрғысынан баға бере білу қабілетін дамытуға тікелей бағытталған.

Балалармен тәрбие жұмысында олардың суреттерін коллективті түрде талқылау өте пайдалы. Оған балалардың бәрі қатысады. Балалалрдың өз жолдастарының жұмысын қалай бағалайтынын білу мұғалім үшін қызықты болады. Мұндай бағалауға бағыт бере отырып, балалардың назарын суреттердің айқын сапасына: бейнелеудің әсерлілігіне, түс үйлесімділігінің дәлдігіне, адамдардың мінез-құлқының дәл көрсетілуіне және т.б. аудару керек.

Көркем материалдар балаларды тәрбиелеуге көмектеседі. Екінші сыныпта сурет салудың жаңа графикалық техникасы-қаламмен сурет салудан бастаған жөн. Қаламмен сурет салудың қарындаш пен бояуды пайдалануға қарағанда артықшылығы бар. Балалар қалам мен суретті тезірек салады., мұның өзі бұл жаста балалардың онша тұрақты болмайтын ойын тез жинақтауына жәрдемдеседі. Оның үстіне қаламмен суретсалу бала қолының дәлдігі мен икемділігін дамытады, өйткені линияларды әр түрлі салмақпен және әр түрлі кескін үйлесімділігімен жүргізе білуді талап етеді. Қаламмен жұмыс істеу балаларды сурет салуды дәлме-дәл ұйымдастыруға үйретеді.

Сабақтан тыс уақытта да қаламмен сурет салуды іс-жүзінде пайдаланудың мүмкіндіктері көп. Бұл техникамен орындалған иллюстрациялар альбомдар мен көрмелер үшін материал бола алады. Мұндай суреттер қабырға газеттерінде және октябрят жұлдызшаларының күнделіктерінде кеңінен пайдаланылады.

Осының бәрі балалардың бейнелеу өнері қызметіне тақырыптар мен сюжеттердің неғұрлым кең ауқымын енгізуге, олардың алған әсерін толық жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Екінші сыныпта тақырыптық тапсырмалардың бәрі дерлік адамды бейнелеуде балалардан кейбір дағдыларды талап етеді. Бұл жастағы балалардың суреттерінде адамның дене бітімі пропорциясының арақатынасы жиі бұзылып тұрады. Балалардың көпшілігі әдетте адамның басын анағұрлым үлкен етіп, аяқ-қолын қысқа етіп салады. Сондықтан мұғалім балалар суреттерінде адам денесінің барлық мүшелерінің шамалас болуына назар аударуы тиіс. Бірнеше сабақ ішінде балаларды адамды дәл бейнелеуге үйретуге болмайды. Бұған бірте-бірте қол жетеді. Дене бітімінің пропорциялылығы туралы ұдайы еске салуды адамның іс-әрекетімен және жалпы бейнелеп отырған оқиғаның мағынасымен байланыстыру керек.

Дене бітімінің пропорциясын салу жұмысы балаларды адамның қозғалысын айқын бейнелеуге үйретумен, дене қимылының және қарапайым бет әлпетінің мәнін түсінумен қатар жүргізген кезде міндет жеңілдей түседі. Адамның дене бітімін бейнелеуге үйретудің басты әдісі ойша және бақылауң негізінде жасалатын тапсырмалар болады.

 Адамның дене бітімін қозғалыссыз (орнықты) қалпында ойша бейнелеу балалар үшін өте күрделі, оларға қандай да болсын қарапайым, бірақ айқын қозғалыстарды есте сақтау жеңіл. Салуға берілген қозғалыс суретін осы сыныптағы оқушылардың бірі балалардың бәріне көрсетеді.

Адам баласы  қоғамда өзінің адамгершілік қасиеттерімен, қайырымдылығымен, адалдығымен, әділеттілігімен ардақталады. Моральдық  қасиеттер адамдардың қимыл-әрекеттерінен, қарым-қатынасынан шығады.

Жақсылық пен жамандық, зұлымдық пен махаббат, әділеттелік пен әділетсіздік, борыш пен намыс, ар мен ождан адамның іс-әрекеті арқылы өлшенеді. Бұларды адам бойына жастайынан мінез-құлық ережесі етіп   қалыптастыру тәрбиеге байланысты.  Осыны ұстанған қазақ халқы  жастарды отбасында кішіпейілдікке, ізеттілікке,  имандыққа, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші  міндет етіп  қойған. Ер балаларға ауылдың үлкендерңне қос қолдап сәлем  беруді, қыз балаларға ибалық жасап,  үлкендерге жол беруді, олардың алдын кесіп өтпеуді уағыздаған.

Жастардың жадына «сіз» деген сыпайылық, «сен» деген анайылық, «Адамдықтың белгісі, иіліп сәлем бергені», «Кіші пейілдіктен кішіреймейсің», «Жұпыны жұтымайды, сыпайы сүйкімді», «Құдай деген құр қалмайды»  деген қағидалрды үнемі уағыздаған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ