Қазақ тілі фонетикасы және тіл мәдениеті

0

Қазақ тілі мемлекеттік тілі қызметінде қазіргі таңда күнделікті өміріміздің барлық салаларына терең бойлап, керегесін кеңге жайып келеді. Сондықтан тіл мәдениетіне де ерекше мән беріліп отыр. Тіл мәдениеті сөзді дұрыс дыбыстап айтудан басталады. Демек, тілдің дыбыстық заңдылықтарын біліп, оны дұрыс қолдануға  үйренуіміз керек. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі де соңғы кезеңде тіліміздің табиғи ерекшеліктеріне сай фонологиялық тұрғыда жүйелі зерттеліп келеді. Фонологиялық заңдылықтар тілдің айтылым талаптарын қатаң сақтауды  қажет етеді. Қазақ тілінің де өзіне тән дыбыстық заңдылықтары болатынын, осы заңдылықтарды тілді қолдану барысында ескеріп, басқа тілдің жетегінде кетпей, ана тіліміздің ғасырлар бойы қалыптасқан табиғатын сақтап сөйлеу әр азаматтың парызы деп білеміз. Тілді тіл етіп тұратын оның өзіне тән заңдылығының сақталуы, өз сөзінің мол болуы деп есептеледі.

 Қазақ тілінің фонологиялық ерекшелігі сингармонизм заңдылығымен тікелей байланысты. Сөз құрамындағы, сөз бен сөз, қосымша аралығындағы дыбыстар өзара үндесіп, үйлесіп айтылады. Ал жазу ыңғайына қарай сөйлеуге болмайды, тіліміздің фонологиялық ерекшелігіне сай орфоэпиялық норманы сақтау қажет. Орыс тілінде негізгі фонологиялық қызметті екпін атқаратын болса, қазақ тілінде бұл қызметті сингармонизм атқаратындығы дәледенді. Мысалы, орыс тілінде угол-уголь, мел-мель т.б. сөздер мағынасы бір-бірінен сөз екпініне қарай ажыратылатын болса, қазақ тілінде мұндай ерекшелік (сөз екіпіні) жоқ. Сондықтан «алма» сөзі етістік не зат есім мағынасында жұмсалғанын жеке тұрғанда байқай алмаймыз. Оны басқа сөзбен тіркесуі кезінде ғана анықтауға болады. Мысалы, кітапты алма, қызыл алма; Демек, қазақ тілінде сөйлем ішіндегі сөздер сингармонизмге арқа сүйеп, бунақ арқылы (ритмическое членение) ажыратылады. Мысалы, Ат /қора маңында/ жүр. Ат қора /маңында/ жүр. Қазақ тілінің фонологиясы бойынша жеке дыбысты сөзден бөлек алып қарауға болмайды, дыбыс буын құрамында ғана танылады. Сондықтан қазақ әліпбиіндегі дауыссыз дыбысты жеке атамай, алдынан не артынан ы дыбысын қосып бір буын етіп айтамыз. Сондықтан қазақ әліпбиіндегі дауыссыз дыбыстарды айтқанда орысша атамай (бе, ве, ге, эс, эн), қазақ тілінің фонологиялық ерекшелігіне сай (бы, вы, гі, сы, ны, ыр, ыл) атаған жөн.

Ассимиляциядауыссыз дыбыстардың өзара үйлесуі. Қай тілде болмасын, оның орфоэпиялық және орфографиялық нормалары болады. Яғни, айтылым және жазылым талаптарын әрқашан ескеріп отыруымыз қажет. Өкінішке орай, кейінгі жастар арасында күнделікті өмірде жазу да, айту да өз талаптарына сай қолданылмай, барлық сөзді жазылуы бойынша айту, сол сияқты кейбір сөздерді айтылуы бойынша жазу үрдіске айналып бара жатыр. Кейбір сөздер қате қолданылып жүргені байқалады. Бұл жағдай шеттен келген сөздер арқылы одан әрі асқынып, қазақ тілінің дыбыстық заңдылығын орынсыз бұзып жүр. Сондықтан сөйлеу барысында сөз құрамындағы дыбыстардың өзара үндесіп, үйлесіп, бір-біріне бейімделе айтылуына ерекше назар аударған жөн. Әсіресе, дауыссыз дыбыстардың бір-біріне ілгерінді – кейінді ықпал етіп, ассимиляция талаптарына сай айтылымын сақтап сөйлей білген дұрыс. Ал көпшілік жағдайда бұл талаптардың толық орындалмайтынын байқаймыз. Мысалы, аман келді  деген сөзді амаңгелді  деп айту орнына 1) аман келді деп өзгеріссіз айтып, 2) аман гелді деп тек ілгерінді ықпал арқылы ғана айту кездеседі. Ал бұл сөз тоғыспалы ықпал арқылы, яғни нк қатаң дыбыстары ңг дыбыстарымен алмасып ұяңдап айтылады (амаңгелді). Ілгерінді ықпалмен аталатын сөздерді (аш-са (ашша)), ұш-са (ұшша), қағаз қалам (қағазғалам) және кейінді ықпалмен айтылатын сөздерді (жаз-са (жасса)), жанбады (жамбады), бас-шы (башшы), тоғыспалы ықпалмен айтылатын сөздерді (Жанқабыл-Жаңғабыл, Жанпейіс-Жамбейіс) біліп,  сингармонизм заңдылығына сай айту керек. Сингармонизм заңдылығы  қазақ тілінің орфоэпиялық нормасын танытады. Осы  заңдылыққа бағынбай, яғни дыбыс алмасуы болмай, дыбыстар сол өзгеріссіз күйінде, жазылуынша айтылатын кейбір жағдайлар болады. Мұндай жағдай көп емес, өте сирек кездеседі. Мысалы: а) еліктеуіш сөздер: жарқ етті, күңк етті, дүңкіл, жарқыл; ә) сын есім тудыратын ы жұрнағы жалғанғанда: қазақ-қазақы; б) фамилия – ов қосымшасымен айтылғанда: Тілепов, Жақыпов, Тілеков; Өкінішке орай, қазіргі кезде жазу ыңғайына қарай айтуға бейім тұратын, қазақ тілін жетік игермеген, сондықтан айтылым талаптарын ескермей сөйлеушілер  көп кездеседі. Мұның бір себебі тілді жетік білмеуі болса, екінші себебі сауатты жазуға көп көңіл аударып, атылым мәдениетіне назар аудармаудан деп білеміз. Ал тілдің жаны, тіл мәдениеті айтылым заңдылықтарын меңгерумен тікелей байланысты екендігін ескерген жөн.

            Қазақ әліпбиіндегі х дыбысының тіліміздегі фонологиялық қызметі жөнінде де айта кеткен жөн. Мысалы, қош – хош, қабар – хабар т.б. сөздерде х фонема қызметін атқара алмай тұр. Себебі сөз мағынасына әсері жоқ. Сондықтан бұл дыбыс орыс тілінен енген сөздерде ғана фонемалық мәнге ие болады. Мысалы, химия, цех. Орыс тілінде кейбір дауыссыз дыбыстардың жуан-жіңішкелігі екі фонема болып, фонологиялық қызмет атқарады. Мысалы, мел – мель, угол – уголь; осы сөздер құрамындағы л жуан және жіңішке айтылатын екі фонема деп танимыз. Себебі сөз мағынасына әсер ете алады. Сонымен, фонеманың негізгі қызметі сөз мағынасына қатысты деп білеміз. Дәлірек айтқанда, фонема сөз мағынасын ажырату, сөз мағынасын өзгерту қызметтерін атқарады екен. Қазақ тілінде барлық дауысты фонемаларды қарама-қарсы қойып, олардың мағына айқындау қызметін атқаратындығына көз жеткізуге болады. (Мысалы: жол – жұл, жақ – жық, жөн – жүн). Ал дауыссыз фонемалар өздерінің әр түрлі айырым белгілері арқылы мағына айқындауға қатысады. (Мысалы: тал – дал, шақ – жақ, мал – бал). Дауыссыз дыбыстардың жуан-жіңішке, еріндік-езулік болып бөлінуінің фонематикалық маңызы жоқ, олардың бұлай айтылуы негізгі фонеманың реңктері деп танылады. Демек, фонема туралы айтқанда негізгі фонема, яғни инвариант фонема мен оның реңктері арасындағы айырмашылықтарды білген жөн. Мысалы, т фонемасы сөз құрамында жуан (ты), жіңішке (ті), жуан еріндік (тұ), жіңішке еріндік (тү) түрінде төрт түрлі дыбысталады. Сонда тіліміздегі әр дауыссыз сөз құрамында көрші дыбыстардың, дәлірек айтқанда, дауысты дыбыстардың (буынның) жуан-жіңішкелігіне, еріндік-езулік ерекшелігіне қарай әртүрлі тембрмен айтылады екен. Бірақ бұл ерекшелігі сөз мағынасын өзгертуге емес, сөздің құрамындағы барлық дыбыстардың бір әуенмен айтылуына қызмет етеді. Осы төрт түрлі дыбысталуын бір дыбыстың, яғни фонеманың реңктері деп білеміз. Демек, т фонемасының төрт түрлі (ты, ті, тұ, тү) реңі болады, яғни жуан езу, жіңішке езу, жуан ерін, жіңішке ерін дыбыстарын бір фонеманың құрамына топтасатын реңктері деп есептейміз.

             Дыбыстар тіркесімі бір тілдің дыбыстар тіркесімі екінші тілдің дыбыстар тіркесімімен сай келе бермейді. Бұл әр тілдің табиғи ерекшелігін танытатын заңдылықтардың бірі. Сондықтан бір тілден екінші тілге ауысқан сөздерді өзгеріссіз айтуда қиындық болып жатады. Себебі екі тілдің дыбыстар тіркесімі сәйкес келмейтіндіктен, әркім өз тілінің ыңғайына бұрып айтуға бейім тұрады. Мысалы, ертеректе тілімізге енген кровать-керует, бревно-бөрене, русь-орыс, класс-кылас т.б. түрінде айтылады. Мұның себебі қазақ тілінде сөз басында екі дауыссыз дыбыс қатар келмеуінде жатыр. Сондықтан қазақтардың айтуында екі дауыссыз арасына дауысты дыбыс қосылып, немесе сөздің алдына дауысты дыбыс қосылып қолданылады. Ал қазіргі таңда оқыған, сауатты, орыс тілін жетік білетін жастар жоғарыдағы сөздерді орыс тілі заңдылығына сай айтады. Бұл тілге қиянат, яғни әр тілдің өз заңдылығын сақтап сөйлеу керек. Осы кемшіліктердің болуының бір себебі, орыс тілінен енген сөздерді, терминдерді өзгертпей қабылдаудан болып отыр.

            Қазақ тілінде дауысты дыбыстарға қатысты төмендегідей заңдылықтар бар:

а) бір буын ішінде екі дауысты қатар тұра алмайды (Ал орыс тілінде екі дауысты қатар келе береді: зоология, зоопарк, оазис т.б.);

ә) бір сөз деңгейінде тек жуан дауыстылар, немесе тек жіңішке дауыстылар ғана келеді. Ал сөз құрамында жуан-жіңішке дауыстылардың екеуі де келуі қазақ тіліне тән қасиет емес. Мысалы, кітап, мұғалім деген сөздер құрамында жуан-жіңішке дауыстылардың аралас келуі олардың басқа тілден (араб) енген сөз екендігін көрсетеді;

в) сөз аралығында қатар келген дауыстылардың көбіне алдыңғысы айтылмайды (элизияға ұшырайды). Мысалы, сары арқа (сарарқа), қанды ағаш (қандаған), нағашы аға (нағашаға); Қатар келген дауыстылардың соңғысы айтылмайтын (аферезис) кезі де болады. Мысалы: не істейін (нестейін), не ішесің (нешесің);

г) сөз құрамындағы дауыстылардың бірыңғай жуан не жіңішке, еріндік не езулік болып үндесіп келуі тіліміздің фонологиялық ерекшелігін танытады.

Дауыссыз дыбыстар тіркесімінде төмендегідей ерекшелік бар:

а) қатаң дауыссыздардан соң қатаң дыбыс келеді: Мысалы: бас-тық, атт-тар, оқ-тау;

ә) ұяң дауыссыздан соң ұяң дыбыс келеді. Мысалы: қыз-дар, қаз-ға, бағ-дар;

б) үнді дауыссыздан соң үнді дыбыс және қатаң, ұяң дыбыстар да келе береді. Мысалы: өрмек, төрт, қарға, найза. Айту кезінде қатаң дыбыс пен ұяң дыбыстар қатар келмейді, ол жазуда қатар тұра беруі мүмкін. Мысалы, бес жігіт (бешшігіт), жаз кезі (жазгезі). Дауысты дыбыстар арасында келген кейбір қатаң дауыссыздар ұяңдап айтылуы тиіс. Мысалы, шекара (шегара), көк алма (көгалма); жаңа қазақ (жаңағазақ);

Сөз құрамында болатын дыбыстық өзгерістерді фонетика саласында  осылай атайды. Дыбыстық құбылыстар тілдің айтылым заңдылықтары талабына сай туыфндап отырады. Басқа тілден енген сөз, немесе дыбыстар тіркесімі тіліміз табиғатына сай келмейтін сөз болған жағдайда дыбыстық құбылыстар пайда болып, оны тіліміздің айтылымына сай ретке келтіреді. Мысалы, протеза (стол-үстөл, радио-ырадио, рас-ырас, лақ-ылақ), эпентеза  (кровать-кереует, трамвай-тырамбай, метр-метір), эпитеза (киоск-киоскі, танк-танкі, пропуск-пропускі, фонд-фонды), апокопа (минута-минут, газета-газет); элизия  (Сары ағаш-Сарағаш, Қанды ағаш-Қандағаш, торы ат-торат, жақсы адам-жақсадам); аферезис (не ішсең –нешесің, не істейін-нестейін); редукция  (дәрігер – дәр(і)гер, жұдырық-жұд(ы)рық, құдірет-құд(ы)рет, Сары жайлау-Сар(ы)жайлау, сары май – (сар(ы)май) т.б. Осы мысалдарға қарағанда, дыбыстық құбылыстардың айтылым талаптарына байланысты екенін байқаймыз. Сондықтан басқа тілден енген сөздерді, терминдерді қазақ тіліне аударып, не балама сөз тауып алу қиын болған жағдайда өзге тіл сөздерін өзгеріссіз ала салмай, осы дыбыстық құбылыстарға бейімдеп, ана тіліміздің айтылымына қарай «өз қазанымызда қайнатып» қабылдау керек деп есептейміз. Қазақ тілін  зерттеуде және күнделікті сөйлеу барысында өзге тіл заңдылықтары жетегінде кетпей, өз тіліміздің  заңдылықтарын үнемі ескеріп отыру қажеттігі жөнінде ғалымдар мен тіл жанашырлары жиі-жиі айтып келеді. Соңғы кезде тілімізге орыс тілі сөздерінің өзгеріссіз күйінде көп енуі, олардың екпіні, тіл дыбыстары мен тіркесіміндегі өзгешеліктер қазақ тілінің табиғи әуеніне де әсер ете бастады. Бұрынғы зерттеушілер «қазақтар сөйлегенде ән салып тұрғандай» әуенді естілетінін айтқан еді, оның бір себебі қазақ тілінде сөз басында екі-үш дауыссыз қатар келмейтіндіктен бұрынғы аталарымыз тілінде кровать-кереует, бревно-бөрене, стол-үстөл болып айтылса, қазіргі сөйлеушілер осындай  сөздерді өзгеріссіз қолданатын болды. Тіпті қазақ тіліндегі бір, бет, кітап сияқты т.б. сөздердің құрамындағы дауыстыны тілді «шала» білетіндер көмескі айтуға бейім тұратынын, ал Ысмаилов- Смаилов, Сыланов-Сланов, Ырысты-Рсты деп қате жазылуы бойынша  сөйлеушілер көбейіп бара жатқанын айтсақ, бұл үрдіс тіліміздің табиғи үндесім әуеніне де кері әсер етіп отырғанын ескерген жөн.

Қорыта айтқанда, тіл мәдениеті сөзді дұрыс дыбыстап айтудан басталады, ал орфоэпия- тілдің тірегі, сондықтан  қазақ тілінің айтылымы туралы мәселелер тіліміздің табиғатына сай сингармонизм  заңдылықтары аясында қарастырылуы керек.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ