«Қазақ» атауының шығу тегін зерттеулер негізінде ғылыми талдау

0

Жалпы халықтық «қазақ» атауының тарихы Қазақстанның батысы мен шығысын мекендеуші байырғы тайпалар тарихымен байланысты. Бұл тұста Қазақстанның оңтүстігі бәрінен гөрі Сырдария ауданы байланыстырушы өткелек территория болды. Міне, сондықтан да қазақтар этногенезі үшін бұл аудандардың материалдық мәдениетін зерттеудің ерекше мәні бар.

Н.Аристов қазақтардың этникалық құрамын талдай келіп, қазақ жүздері құрамына енген көптеген тайпалардың, мысалы, қаңлы, дулат, тағы басқа да тайпалардың біздің жыл санауымызға дейін белгілі болғанын айтады, сөйтіп, қазақ халқының ерте уақытта шығуы туралы тұжырымға мүмкіндік жасайды [1].

Н.Харузин бұл сипаттас қорытындыға үзілді- кесілді қарсы шығады. Ол қазақ халқы «түркі-моңғол, моңғол-түркі және басқа да тайпалардың ала-құла қиындысын тігудің» нәтижесін көрсетеді», дейді де, өз мақаласын: «Біз киргизияға бұл сөздің қазіргі мағынасында, ХҮ ғасырдан арғы жерде шықты дегенді таңуға ешқандай негізіміз жоқ» деген тұжырыммен бастайды[2].

  Бізге белгілі қазақ халқы өзінің тайпалық құрамында көптеген ежелгі тайпалар мен халықтардың ықпал ізін сақтап қалған.  Осы себепті де Радловтың: «Қазақ халқы түркі, моңғол, тіпті, «кавказ» (нәсілдік мәнде) тайпаларының араласу нәтижесі»,- деген пікірімен белгілі дәрежеде санасу да керек.  Бірақ Радлов қазақ тарихында көне дәуірден бастап-ақ көрінген жекелеген тайпалардың мұрагерлігі дегенді мойындай отырса да, ол қазақтардың кейініректе құрылуы туралы пікірді, негізінен бұл құрылудың басы ретінде соңғы моңғолдық элементті құптауға бейім.

  Бұл сияқты пікірлер қазақтардың негізгі көпшілік бөлегі Қазақстандағы байырғы тұрғындармен тікелей байланысы жоқ болды дегенге сол сияқты моңғол, түркі нәсілдері барынша бергі дәуірдегі келушілер, қосылушылар болмай, қазақ халқының этникалық субстратының алғашқы негізі болды дегенге тіпті де дәлел бола алмайды.

  Сөйтіп буржуазиялық әдебиетте егер «қазақ» терминінің ежелгілігін мойындаса, мұны этникалық ұғымда емес, географиялық ұғымда мойындайды. Олай болса, біздің міндетіміз «қазақ» терминінің этнонимдігі туралы ежелгі деректерді іздестіру болмақ.

  Н.Я.Маррдың еңбектерінде «қазақ» сөзінің тайпалық термин ретінде ежелгі скиф дәуірімен замандас «касп» этнонимінен шығу мүмкіндігі жайлы бірнеше рет айтылған болатын.

  Бұл тайпа біржола құрып кетті ме, болмаса басқа этникалық қайта құрылуда сақталды ма? Біздіңше олар басқа , барынша әйгілі сақ тайпа одағы құрамында сақталып қалды. Өйткені «сақтар» «каспилермен» қатар жайлаған. Григорьев.В.В өзінің белгілі монографиясында «сақтар» Азияның көшпелі халықтарының негізгі бір тобы болғанын дәлелдеген [3].

  Сақтардың тайпалық федерациясында «қас» тайпа этнонимі жойылып, ол жинақтық атау «сақпен» алмастырылған.

  Сақтар көшпелілердің «скифтік» жұртының ортаазиялық бөлегін құрған. Сақ бірлігінде- скифтерге ұқсату тұрғысынан келгенде де әрі ежелгі жазушылардың деректері мен археологиялық материалдарға сүйенгенде де,-ыдырау сатысындағы рулық құрылыстың болғандығын айтуға болады. Бұл дәуірді тек түркі тілді тайпалардың пайда болуының басы деп қарауға болады.

«Қазақ» сөзінің қазір жұртқа белгілі мағынасы барынша кейінгі дәуірдің жемісі: ол Орта Азия көшпелілері, яғни «қазақ» этнонимін тұтынушылар тап болған тарихи тағдыр мен орта жағдайына байланысты шықты. Міне осы себепті де этноним атау «қазақ» сөзін түркі тілінде мағынасы жұртқа өте жақсы белгілі болған «қазақ» сөзінен сөзсіз айыра қарау керек болады.

  Каспилер, касхтар немесе косогтарды Н.Я.Марр Кавказда барынша кейін болды дейді. Ол Кавказдағы байырғы халықтардың біразы-ақ тариқтың барынша байырғы , ежелгі дәуіріндегі халықтардың қалдығы болуы мүмкін деп жазады. Мұндай халықтарға Кавказда солтүстік облыстарды мекен етуші туыстас атауға ие касхтар, косогтар жатады; осылардың ішінде әрі «казахтар» да болды. Н.Я.Марр кейбір таулық тайпалар «касыг» терминімен тіпті орыстарды да атайтынын ескертеді[4].

Хазар дәуіріне дейінгі әлеуметтік-экономикалық қатынас рулық құрылыстың ыдырауы мен таптық құрылыстың қалыптаса бастауын көрсетеді. Каспилер мен сақтар рулық құрылыста өмір сүрді. Мұның соңғысы хазар дәуіріне дейінгі жерде патриархалдық-құлдық қатынастың негізі қалана бастаған варварлық сатыда болды. Бұл дәуірге белгілі дәрежеде гун одағы да кірді. Қазақстан туралы айтылғанда бұл уақыт әдетте соңғы сарматтық дәуір деп аталады. Бұл дәуірдегі молалар материлдары рулық қатынастың құрылуын, таптың шығу негізі–мүліктік теңсіздіктің қалыптасуын анық көрсетеді. Әрі бұл дәуір жаңа этникалық элементтердің құрылуымен де ерекшеленеді. Гун дәуірімен біз түркі тілді тайпалардың құрылу уақытын белгілейміз. Бұл процесс Қазақстанда да болды әрі соңыра қазақ халқының құрамына кірген кангюй (қаңлы) ,усун (үйсін) , қыпшақ тайпалары да бірінші түркі тілді тайпалардың өкілдері болды деп білу керек.

  Біз усун жайындағы деректерді алғашқы қоғамның ыдырау дәуіріне тән археологиялық материалдардан байқаймыз. Әрі бізге усундердің Орта Азия тарихындағы ролі де белгілі. Біз қыпшақтар (біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдың аяғындағы) туралы бірінші деректі қытай шежірелерінен аламыз.

  Бұл дәуірдегі ескерткіштердің қыпшақтық тобы бізге әлі белгілі бола қойған жоқ.

ХІІІ ғасырдағы түркі диалектісінде «қазақ» сөзінің «үйсіз, қуғын көрген, панасыз» деген мағынаны білдіргенін еске алу керек-ақ. Бұл арада біз Египетте 1245 жылы жазылды деген қыпшақ диалектісі сөздігін айтып отырмыз Мұнда «қазақ» сөзінің мағынасы брілген. Бұл мағына ХҮ ғасырда сөз жоқ болды. Бірақ-та біз «қазақ» терминінің ХІІІ ғасырда, тіпті, 1245 жылдан бұрын-ақ тайпаның атауы ретінде қолданылғанын да ескертеміз. Бұл тұста Мұхаммед Әл-Ауфидың 1228 жылы Индияда жасалған «Анекдоттар мен ғажайып әңгімелер жинағын» ескеріп отырмыз. Академик В.В.Бартольдтың айтуынша «шығарманың авторы жас жағында көп жерді аралаған, Бұхара мен Хорезмде болған». Жинақтың географиялық бөлімінде түркі тайпаларының орналасуы жайлы деректер берілген.  Алтайды мекендеуші қарлұқтар тоғыз оғыздың құлдары болды, олар тоғыз бөлектен тұрады, бұл тоғыздың ішінде үш чигил тайпасы, үш хасаг тайпасы, тағы басқалары бар[5].

К.Багрянородный деректерінде хазардан бөлінген «каспилерді» Геродот заманында белгілі болған каспилердің жалғасы деп қарау керек. Әрине Геродоттан кейін каспилер жөнінде деректер болмағанына қарамай, «каспилер» жойылып кеткен жоқ. Сондықтан да бізге белгілі  жаңа деректер академик В.В.Бартольдтың бұл жөнінде: «Каспи халқы, өзінің соншалық көптігіне қарамай, тез арада ғайып болды, өйткені Рим дәуірінде-ақ олар туралы деректер айтылмайды; тіпті, ІҮ ғасырдың өзінде каспи халық ретінде еске алынбайды, тек бұл халықтың атында жекелеген географиялық атаулар ғана қалды» -деген пікірін толықтыра, дәлелдей түседі[6].

  «Касп», «хазар», «кас» этнонимдерінің  жойылу шеңбері Қазақстанның батысына қатысты. Соңғысының Қазақстанға молырақ бойлай түсуі гун дәуірінде, яғни Ү ғасырда болуы мүмкін. Бұл арада біз гундердің Батыста, Каспийден арғы жерде, жеңілгеннен кейінгі оралуын ескеріп отырмыз. Бізге белгілі Атилланың ұлы Ирнах гун бірлігіндегі тайпалардың бір бөлегімен батыстан шығысқа өткен болатын. Бұл қозғалыс «кастарды» да еліктіруі мүмкін.

  Қысқасы ежелгі әрі хазар «касы» кейін Кіші және Бөкей ордасы аталған территорияның мекендеушілері болды.

  Ал Мұхаммед Әл-Ауфидың деректері бойынша да Қазақстанның шығысында да қарлұқтардың ішінде Батыс Алтай мен Шығыс Қазақстанды мекендеуші көшпелі халықтың «қазақ» атымен аталуына негіз болған этнонимді- «қазақ» этнонимін кездестіреміз.

ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы қазақ жүздерінің құрылуы феодалдық қатынастағы көшпелі қоғамның ерекше іштей дамуына негізделді. Бұл қатынас моңғол дәуірінде ерекше дамыды.

  Ендігі бір нәрсе-«қуғын көрген», «еркіндік өкілі» сияқты мағынадағы «қазақ» сөзінің шығу жайы да қызық. Бұл турасында В.В.Бартольд былай деп жазды: «Қырда қалған өзбектерге «қазақ» деген ат берілді. «Қазақ»-түркісөзі-«қаз» деген сөз, яғни ауыспалы мағынасында «құс сияқты еркін адам» дегенді білдіреді, ал бұл мағына келе-келе өз мемлекетінен бөлінген адамның, өз өмірін ерекше өткізуге мәжбүр болған тайпа мен рудың атауына айналды.

  «Қазақтарға» тақ үшін күресте жеңіліске ұшыраған , қйын кезде өзіне серік болған кісілермен қашып құтылған адам хан болды, ал өз ханына риза болмаған, өз бақытын басқа жерден іздеп, оның қарауынан кеткендер қазақтар деп аталды». Бізге Мұхаммед Хайдардың айтқандарынан белгілі болғандай, өзбек ханы Әбілхайыр билігінен Жәнібек пен Керей сұлтандармен бірге кеткен осындай еркіндіктегі кісілер қазақтар аталған. «Қазақ» термині феодалдардың қанаушылық тәртібіне риза болмай, бөлініп, көшпелі болған қырлықтар (степняк) үлесіне тиді.

  Сөйтіп, бірсыпыра көшпелі тайпалардың хан билігінен кету нәтижесінде «еркіндіктегілер» қауымы пайда болды, ал олардың арасында «қазақ» аталған тайпалар көпшілік болды әрі олар үстем тайпалар болды. Бұл тайпалардың ежелгі «қазақ» этнонимі түріктің «қазақ» деген терминімен , яғни көшпелі қауымда болған әлеуметтік өзгерістердің нәтижесінде, қыпшақ сөздігінде «қаңғыбас», «кезбе» деген мағынадан әлеуметтік құрылысқа риза еместер үшін атауға айналған «еркіндіктегілер» деген сөздің синонимі болған «қазақ» сөзімен бір болды.

  Терминдегі яғни халық атындағы бұл сияқты өзгерістерді жиі кездестіреміз. Айталық, тайпалық «серб» термині өз мағынасын өзгертіп, бір кезде «тонаушы», «тағы» деген сөздің синонимі болған. Бұл арада Н.Я.Маррдың мына бір айтқан сөзін еске алу орынды: Әдетте, этникалық атау бөтен тайпаның атынан алынғанына байланысты немесе бұл атау иесі болған халықтың таихи роліне байланыстытүрлі өзгерістерге ұшырап отырады. Кейде ол әлеуметтік атауға да айналып кетеді: егер атаудың иелері бір халықтың ішінде езілуші топқа жатса, онда бұл атау шаруа, құл, бейшара, тұрпайы дегендердің баламасы болады, ал енді атау иелері екінші бір халықты езуші, құлданушы топ болса, онда бұл атау ақсүйек, еркін, ханзада дегендерді білдіреді, этникалық атау енді бір кезде жағымды немесе жағымсыз, физикалық болмаса адамгершілік қасиеттер мен сапаларды сипаттайтын сын есімге айналып, бір халықтың екінші бір тайпа жөніндегі көзқарасын білдіреді».

  «Қазақ» атауы тайпа ретінде ілгерідегі касп және сақ тайпа аттарымен байланысып жатыр. Ал Жошы ұлысының бір бөлегі болған көшпелілердің байырғы тайпалық атауы «қазақ» сөзі ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы жағдайда бөліне, жарыла көшкен «еркіндіктегілердің», «кезбелердің» синониміне айналды.

ХҮІІІ-ХІХ ғасырда бірқатар орыс тарихшылары қазақ ұлысының ру-тайпаларының бірігуіне кете тайпасының әсері молболғанын , әсіресе ортақ тілдің қалыптасуына зор үлес қосқанын жазған-ды. Сол себептен де қазақты «кете-язычный» деп атағандары мәлім.

  Қас сөзі мағыналық жағынан алғанда батыр деген ұғымды білдіреді. Мысалы, қасқайып қарсы тұрды, қасарысты, қасарма, қасқыр, қасқа емен жайсаң, тағы басқа да сөздер бар. Кейбір тарихшылар айтып жүргендей бұл қашқын да пысқан да емес, қаз да үйрек те емес, батыр, табанды, бетінен қайтпайтын деген сөз. Ежелгі ата-бабалар жаудың келержолында тұрған өзеннің бойына ылғи қастарды, яғни батырларды, нағыз жаны-қастарды сақшы етіп қою арқылы өздерінің бостандықтарын қамтамасыз еткен.

  Бұл проблеманы ашуға талпыныс жасаған зерттеушілер қатарында Т.Жанұзақовты да қосуға болады. Оның ойынша халықтың құрылу , пайда болуы мен атының шығу мерзімі бір кезеңде, бір уақытта болмайды. «Қазақ» атауы халық болып қалыптасқан дәуірден бұрын да болуы мүмкін деген тұжырым жасап, аталмыш терминді Солтүстік Кавказда пайда болған «касоги», «касог» атауларымен байланыстырады». Ал «касоги (касаги), касаг сөздері- дейді Т.Жанұзақов- Кавказдағы түркі тайпалары құрамында 6 ғасырдан бастап жалпы есім және этнотермин ретінде кездескен. Кейіннен Х-ХІ ғасырда осы қазақ сөзі түркі тайпалары арасында кеңінен тараған. Осы сөздің варианты «қазақ» сөзі кейіннен қазақ халқының аты болып қалыптасқан» — деп пайымдайды[7].

  Қорыта келе осы арада айта кетер үлкен мәселе бар. Т.Жанұзақов және одан басқа да зерттеушілерге ортақ тұжырым, ол Солтүстік Кавказда «касог» және қарлұқтарға жататын үш тайпа-«хасог» деп аталған терминдерден «қазақ» сөзін іздестіру. Бұл тұжырым бұндай күрделі мәселені шешуде әлі де болса жеткіліксіз, әрі шындықтың ауылынан алыс жатқанын мойындауымыз керек.

Резюме

            В статье  рассмотрена проблема  формирования термина «казах» на основе исследовательских  трудов А.Аристова, Н. Харузина, Н.Я.Марра, В.В. Григорьева,  В.В. Бартольда .

Summary

            In this article discusses the problem of formation of term “kazakh” in research works of A.Aristova, N. Haruzina, H. Marra, V.Grigorieva, V.Bartolda .

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Н.А.Аристов Заметки об этнтческом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численностей  журнал «Живая старина» 1896 вып. 3-4 с.308-309.

  1. Н.Харузин. К вопросу о происхождении киргизского народа. Этнографическое обозрение 1895, вып3 с.49-92.
  2. В.В.Григорьев. О скифском народе саках СПб., 1871, с.4-5.
  3. Н.Я.Марр. Кавказскии культурный мир в Армении. Мин. Народн. Просвещ. 1915,с.3-9.
  4. В.В.Бартольд. История изучения Востока в Европе и в России. СПб.,1911 190-191.
  5. В.В.Бартольд. Туркестан в эпоху монгольского нашествия. СПб., 1900,ч.2, с.36-37.
  6. Қ.Тоқмырзаұлы. «Қазақ» сөзі туралы. // Ақтөбе 1999,25.02.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ