1916 жылғы көтеріліс және Жетісудағы босқыншылық

0

Отандық тарих ғылымында 1916 жылғы көтеріліске қатысты көптеген зерттеулер жүргізілгені баршамызға аян. Оларда көптеген құнды дерек көздері тартылып, терең ғылыми тұжырымдар білдірілгенімен 1916 жылғы көтерілістің зардаптары мәселесі арнайы қарастырылған емес. Бұл ретте Жетісу босқындары мєселесін ерекше атауға болады .

1916 жылғы 26 маусымдағы патша жарлығына қарсы басталған толқулар тамызда бүкіл қазақ даласын қамтыған қарулы көтеріліске ұласты. Көтерілістің тамызда ең өршіген, аяғы қанды қырғын мен жат елге босуға айналған ауданы Жетісу өңірі болды. Қарсылық көрсеткендері үшін Түркістан өлкесінде әскери жағдай жарияланып, қарулы әскер шығып, Жызақ қаласының 20 мың халқын жоқ қылды (1), Жетісудың 164 мың қазақ-қырғызының Қытай жеріне босып, 83 мыңының қырылуына соқтырды (2). 1917 жылы мамыр айында жергілікті билік орындарына келіп түскен мәліметтерге қарағанда Верный уезінің бір ғана Қызылбөрік болысындағы 1129 түтіннің 263-нен өзгесі Құлжаға ауып кеткен (3) көрінеді.

Көтеріліс әкелген бүліншілік Жетісудың жергілікті бұқарасы мен орыс қоныс аударушыларының ара қатынасын бұрынғыдан да қатты шиеленістіріп жіберді. ¤шпенділік күшейіп, қарулы келімсектер тізгінсіз кетті. Жетісу облыстық статистикалық комитетінің 1913 жылғы мәліметіне қарағанда, орыс шаруалары қолында қорғаныс мақсатында өкімет тарапынан берілген 704 қару, 16226 патрон, ал қоймалардағы, жеке қызметкерлері мен әскери басшыларды қоспағанда 7257 қару, 412089 патрон болған| (4), ал 1917 жылы бір ғана Пржевальскі уезінде қару саны екі мыңнан асқан (5). Патшалық заманнан бері қоныс аударушыларды тек 1917 жылдың 1 ақпанында Түркістан өлкесінің уақытша әскер басшысы Черкестің бұйрығы тоқтатты, онда да қолдағы қару түгел қалдырылып, жергілікті қоғамдық ұйымдар тарапынан бақылау жасау тапсырылды (6).

Қолында қаруы бар келімсектер, соғыстан қайтқан ақ билеттілер, қашқын солдаттар бейбіт жатқан елдің шырқын бұзып, қорқытып-үркітіп, дүние мүлкін тартып алып, зорлық-зомбылық ылаң салды. Верный уезінің комиссары И.Бабкии Сергиевский селосының Василий Клименко деген шаруасы өз қауымының қолдауымен қолындағы қазына қаруына сүйеніп, қырдағы қазақтарды тонау єрекетін жүзеге асырып жүргенін айқындаған (7).

Қырдағы қазақтар осындай қысымшылыққа түскенде, жер асып кеткен босқын қазақ-қырғыздың жайы мүлдем ауыр еді. Қытай жеріне арып-ашып жеткендердің орыс әскерінің талауынан қалған малдарын қытай, қалмақтар тағы тонап, үй, тамақ, киім жоқ, аштықтан, суықтан үштен екісі қырылып, Қүлжаның көшесі тіленші қазақтарға толып кетті. Адам базары ашылып, баланың құны бір шелек бидайға шықты (8). Қытайға босқан қырғыз-қазақтың сол тұстағы ахуалын өз көзімен көрген Жаркент уезі бастығы: Қазақтар қытайлардан көрген қорлығын ұзақ уақыт ұмыта алмас», (9) — деп жазды.

Шет жердегі адам төзгісіз жағдайлардың єсерімен қысқы суық пен таулы шатқалдардағы қар көшкініне қарамастан босқындар кері елге қайта бастады. 1917 жылдың наурыз айынан, яғни Ақпан революциясынан кейін олардың елге оралуы Қашқар жағынан да, сондай-ақ Қүлжа жағынан да жиілей түсті (10). Босқындардан өз елін тазалау, сөйтіп қалыпты тұрмыс-тіршілікті ретке келтіру міндетін алған Қытай басшылары тарапынан да 1917 жылдың көктеміне қарай Шығыс Түркістанға жер ауып келген қырғыз-қазақтарды қайтару шаралары басталды. ¤з кезегінде Уақытша үкімет те қоғамдық күштердің қысымымен Қытай билік орындарынан қырғыз-қазақ босқындарын қайтаруды өтінуге мєжбүр болды. Қытай жеріндегі босқындардың М.Тынышбаев мағлұматынша І шілдеге дейін өз жеріне шұбырып жеткендері 69 мың, Қытай жерінде қайта алмай қалғаны 12 мың адамды кұрады (11). 4-7 мамыр аралығында Қытай үкіметі тарапынан қол хатпен полковник Путинцевтің қарамағына берілген босқындардың саны, мұрағат құжаты бойынша, 120 мыңдай адам, 64 мың бас жылқы, 46000 бас ірі қара мал, 120 мың бас қой және 5400 бас түйе болған (12). Қытай билік орындары қазақтардың асыл тұқымды малдарын алып қалып, нашарларын ғана қайтарды, қайтқандардың көбі тоналып қайтты (13). Мєселен, Верный уезі Қызылбөрік болысының 500 түтін жаны ешқандай мал-мүліксіз оралған (14).

Қытай жерінен қуылған қазақ-қырғыздарды арып-ашып ата мекендеріне жеткенде қарулы келімсектер, қоныс аударушылар «күтіп алды». Жаркент уезінен Мемлекеттік дума төрағасына, Түркістан комитетінің төрағасына және «Қазақ» газетінің редакциясына жолданған жеделхатта Жаркент уезіндегі албандар мен суандар қару-жарағы жиналып алынбаған орыс келімсектері тарапынан қырғынға ұшырап, ашығып, жемтік жеп жатқандығы, сөйтіп кең де үлкен жердің қазақтар үшін тар болып тұрғандығы айтылған (15).

Қытайдан қайтқан босқындарға бірінші қол созып, жанашырлық танытқан ұлттық қоғамдық саяси ұйым ретінде құрылған Қазақ комитеті болды. Қазақ комитеті тек жанашырлық танытып қоймай, босқындарды орналастыруға ыңғайлы жерлерді белгілеп, қоныс аударушы орыстар төндірген қауіптен қорғап, жұмыс тауып беру, аштарға тамақ ішетін пункттер ашу сияқты нақты көмектер ұйымдастыруды, жан-жаққа өз кісілерін жіберіп, бақылауға алып, демей білді (16).

Бәрінен бұрын Қытайдан екі бағыт бойынша, Қашқар, Ақсу ауданы жєне Құлжа жақтан — арып-ашып қайтқандар аңдыған жаудың (қоныс аударушылардың) жеміне айналып, тағы қырылып кетпеуі үшін өзінің бұ-рынғы ата-жүртына, болмаса, қауіпсіздеу бос жерлерге орналастырып, жай тауып беру ісі маңызды болды. Сондықтан Жетісу облыстық Қазақ комитеті сәуірдегі облыстық қазақ-қырғыз съезінде жан-жақты талқыланып қабылданған босқындарды орналастыру туралы шешімін жүзеге асыруға қолға алды. Съезд шешімі бойынша Қашқар, Ақсу өңірлері жақтан қайтқан босқындарды Пржевальскі жақтағы қауіпсіздеу жерлер Ұлар, Семізбел, Тоң секілді аудандарға, Пішпек уезінің Қошқар, Сусамыр, Жұмғайт аңғарларына, Нарын жақтағы Тоғызтарау, Қүланақ, Аңдалы өңірлеріне, Құлжадан қайтқандарды — Верный уезінің шығыс жағына және Жаркент уезінің Шонжа, Шөлтатыр аңғарларына, Бесқарағай, Қарқара, сондай-ақ Пржевальскідегі шаруалардың көңіл-күйі дұрыстау жерлерге орналастыру қарастырылған болатын (17). Жетісу облыстық Қазақ комитетінің төрағасы И.Жайнақов 26 сєуірде Түркістан комитетінің басшысы Н.Н.Щепкинге съездің бұл шешімін жолдай отырып, оны іске асыруда қақтығыстар, түсінбеушіліктер тумауы үшін Түркістан комитетінің комиссарлары мен жергілікті қазақ-қырғыз уездерінің өкілдері біріге отырып ойластырғаны ләзім екендігін айта келіп, жергілікті комитеттер арқылы жылу жинап, материалдық көмек көрсету, азық-түлік комитеттері және тағы басқа мекемелердің қарайлауына кепілдік беру, Шу өңіріне жеткендерді сол жерде қалдыруды өтінді (18). Жайнақовқа жауапты Н.Н.Щепкин емес, М.Тынышбаев мынандай мазмұнда қайтарды: «30 сәуірде Пішпекте болу ойымызда бар. Сіздің жеделхатыңыздың мазмұнын комитет құптап, Петербор, Пекин, Қүлжа, Қашқардағы орыс өкілдеріне Қытай өкіметі тарапына телеграф арқылы қазақ-қырғызды қайтаруға жєрдемдесу сұралып хабарланды» (19).

Уақытша үкіметтің жергілікті билік орындарына дабыл қаққан Жетісу облыстық Қазақ комитетінің тағы бір жеделхатында Пішпек, Пржевальск, Тоқмақ комиссарларының Қытайдан қайтқан қазақтар арасынан орыс тұтқындарын іздестіруге рұқсат куәлік беруді тоқтату талап етілген, мұндай куєлігі бар қарулы орыс солдаттары қырдағы қазақтарға келіп ойран салып жатқандығы баяндалды.

Түркістан комиссары О.Шкапскийдің Құлжадағы консулға: «Қытай офицері Мадорын қазақ-қырғыз босқындарын қалмақтар тонауға дайындалып жатқан Музарт арқылы қайтуға мәжбүр етіп отыр. Даотайдың уәдесі қайда? Петербордан телеграфпен Пекинге ықпал етуін сұрармын. Бірақ бұған қарамастан босқын қазақтарға Жаркент арқылы ауру-сырқаулардың малдарын жинастырып, біртіндеп өтуіне куәлік берілсін. Босқындарға Қапал, Лепсі қазақтары жай беретіндігін хабарлаңыз», — деген өтініші босқындарға деген жан ашырлықтың көрінісі еді (20).

Алайда Қытайда қалған қазақ-қырғызды қуғынға ұшыратпай, күш жиғанша, бір қыс сонда қала тұруын өтінген жеделхатына Петербордан Терещенко босқындардың Қытай бодандарына келтірген шығыны төленбегендіктен араласа алмайтынын айтып, шалқайса, Қытай жағы Жаркенттегі апиын плантациясында жүрген 17 мың дүнгенді орнында қалдыруды талап етті (21).

Қытай өкілі Даотай уәде үстіне уәде беріп, қазақ-қырғызға тиіспейміз деп уақыт созғанымен, босқындарды қытай әскерлері жол торыған қалмақтар жатқан Нарынқол бағытына мал-жанын жиып үлгертпестен күштеп куа бастады. Босқындардың хал-жайын көзімен көріп басынан кешкен қырғыз халқының қайраткері Б.Солтоноев былай деп жазды: «Керенский заманында болған өкімет арыз қылсақ ұқпады. 1916 жылғы қолыңмен істегеніңді қаныңмен төле деді. Босқындарды өлтіріп жатқан мұжықтарға астыртын жәрдемші болды» (22).

Жетісудағы жағдай қазақтың Є.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтай ұлттық саяси әлита өкілдерін шет қалдыртады, олар «Қазақ» газеті арқылы алаш баласын өлім халінде жатқан адамдардың аузына су тамызғандай аз-көп демей жәрдем етуге шақырды, адамшылық пен ағайыншылыққа үгіттеді. Олар жақсы істі өздері бастап, елге үлгі бола білді. Мысалы, М.Дулатов патша өкіметі қолына түспей, сақталып қалған мың дана «Оян, қазағының» ақшасын Жетісу босқындарына арнадым деп мәлімдеді (23). Мұқтаждықтың мол шырмауында қалған Жетісу босқындарының бұл азаптан тезірек шығуына беріліп жатқан жәрдемдер әлі де аздық ететінін түсінген Є.Бөкейханов: «Босқын қырғыздар үшін 200 мың сом қазынадан қарыз сұрау керек» деп кеңесін айтып, М.Тынышбаев атына жеделхат жолдады (24).

1917 жылы 13 мамырда Түркістан комитеті қазақ-қырғыздың қайыршылық жағдайымен танысқан соң, облыстың азық-түлік комитетінен 100 мың сом алып, Жетісу облыстық Қазақ комитетінің төрағасы И.Жайнақовтың қолына табыс етуге бұйрық шығарды. Бұл қаражатқа Қазақ комитеті Қытайдан оралған қазақ-қырғыз босқындарына жәрдемақы, азық-түлік ұйымдастырды.

Дегенмен билік орындары Жетісу босқындары арасынан орыс тұтқындарын іздестіруге жол берді. Тұтқын орыстарды іздестіру әрекетіне кіріскендер: «босқын қазақ-қырғыздың арасында әлі күнге тұтқын орыстар бар көрінеді, бірақ оларды қайтарар ойлары жоқ, орыс делегаттарын оқпен қарсы алды. 9 шілдеде екі адамды ғана құтқару мүмкін болды. Бүлікшілерге ықпалы жүретін комиссар Тынышбаевты Қытай маңына орыс тұтқындарын қайтаруға үгіттеу үшін жіберуді сұраймыз. Егер босқын қырғыз-қазақтар тұтқындарды босатпаса, я өлгендердің көмілген жерін көрсетпесе, тамақтандыру пункттерін ашуға, елге оралғандардың онда тамақтануына жол бермейміз» деген мазмұнда жеделхаттар жіберіп жатты (25).

Орыс қоныс аударушыларының осындай озбырлығы барлық ұлттық қоғамдық ұйымдар тарапынан айыпталып, орталыққа мєлімделіп жатты. Бірінші жалпықазақ съезі, Түркістан мұсылмандарының жиналыстары Жетісу босқындарына орыс қоныс аударушылары тарапынан жасалатын қысымшылықты доғаруды талап етті. Осындай орай тамыз айында Ташкент қаласында мұсылмандар демонстрациясы болып өтті (26).

Тарихтың сынды сэттерінде мұсылман дініндегі тағдырлас, туыстас, қандас халықтар босқын қазақ пен қырғызға қол соза білді. ¤зара құрмет пен туысқандықтың тамаша үлгісін алғаш Құлжадағы татар ағайындар ашқан «Босқын қырғыздарға жєрдем комитеті» көрсетіп берді. С.Ювашев төрағалық еткен ұйым Қытайда қырылған қырғыз-қазақтың халіне бірінші болып көпшілік қауымның назарын аудартып, жәрдем беруге шақырған еді (27). Осы ұйымның үндеуіне орай Кереку (Павлодар) мұсылмандары босқын қазақ-қырғыз пайдасына деп 14716 сом ақша аударды. Ал Пішпек уезіндегі 800 үй шамалы дүнгегдер екі айдан аса 1700-дей аш қырғыз бен қазақты асырап, Ахуан Манкей бас болып, азық-түлік жинап беріп, үстеріне көрпе жасауға 20 мың бау қамыс және отын-су тасуға 7 арба мен жігіттерін қоса бергендігі бауырластықтың жақсы нышаны, асыл қасиетінен туған іс болса керек (28).

1917 жылдың қараша айында босқын қырғыз-қазақтарға жєрдемді күшейту үшін қазақ зиялылары айлықтарының 5 процентін босқындар пайдасына беріп отыруға шешім қабылдады. Бұдан біраз бұрын үкіметтің қазнадан 11 млн. 150 мың сомды — қоныс аударушы орыстарға, 5 млн. Жергілікті халыққа, әр түтініне 100 сомнан беру үйғарылды (29). Бұл қаражат бір үйдің мұқтажын өтеуге, єрине, жетпейтін еді, «Қазақ» газеті арқылы жеке адамдардан да жәрдемдер жинала бастады.

Жетісу босқындарын аштықтан құтқару үшін қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен жылу комитеттері, асханалар ашылды. Семей қаласында зиялы қауым өкілдері мен жастардың «Жанар» ұйымы бірігіп 1918 жылы 5 наурызда басшылығы 5 кісіден тұратын жылу комитетін құрды. Комитеттің құрметті бастығы Є.Бөкейханов пен М.Боштайүлы, төрағасы М.Дулатов, орынбасары Ж.Аймауытов, хатшысы М.Єуезов, қазынашысы Ғ.Есіргенов, тағы бір мүшесі Є.Қоснейұлы болды (30). Комитеттің ережесі «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналында басылып шықты. Ережеде комитет басқа жерден де өз бөлімшелерін ашады делініп көрсетілген.

1918 жылы 2 мамырда Қостанайда ашылған жылу комитетінің бір бөлімі Троицкідегі «‡міт» ұйымын біріге отырып, қалада спектакль қойып, мүшелік жарналар жинап, барлығы 1300 сом тауып, оны Жетісу босқындары пайдасына  аударды. Қапал қазақтары 10_ мың сом қаржы жинап, оны босқындарға көмек көрсетуге жұмсады (31). Қазалыда ашылған жәрдем комитетіне өзбек М.Хусенбаев екі рет 3 мың сомнан көмек беріп, азаматтық танытты (32). «Көп түкірсе — көл» дейтін халық шама-шарқы келгенше аш-жалаңаш бауырларына жылу жинап садақа берді. ¤з еркімен бастама көтеріп, көмек көрсеткендер тізімі «Қазақ», «Бірлік туы» газеттерінде беріліп тұрды, бірақ босқыншылықтан кейін Жетісуда меңдеп кеткен аштық пен ауруды тоқтату оңай соқпады.

Сол тұстағы қазақ тіліндегі газеттердің көрсеткеніндей, даладан қалаларға шұбырған аш-жалаңаш халыққа көшелер толып кетті, кешегі екі иығына екі кісі мінгесіп отырғандай қазақ жігіттерінің құр сүйектері қалды, аштыққа ілесе келген сүзек, оба ауруларынан олар тағы баудай түсіп жатты.

Халықтың басына түскен ауыр қасіретті қазақтың өзі болмаса, ешкім де сейілтпейтіндігін, орталықтан жуық арада нақты көмек болмайтынына көзі жеткен Жетісу облыстық «Алаш» Кеңесі 1918 жылы 6-сєуірде бүкіл қазақ халқына арнап үндеу тастады. Онда: «Мына дүниенің азабына өлгені құнсыз, тірісі пұлсыз, бұ дүниедегі жанды-жансыз нєрсенің ең қадірсізі, ең бағасызы болып тұрған еттен-ет, қаннан-қан бауыр жұртыңды көздерің көре тұрып малдарыңның басында, бала-шағаңның қасында отырып, нашарларға қарамастан өз малыңның түгеліне, басыңның аманына мєз болып өткізген күнің бірінші қүдайға, екінші адамшылыққа лайық емес. Сондықтан нашарларыңызға қарасаңыздар? Жәрдем беріңіздер»(33), — делінген.

Осындай қиын-қыстау сәтте Семей облысы зиялылары аштық пен аурудан есеңгіреген Жетісу босқындарының қоныс аударушылар тарапынан зәбір көруіне қынжылыс білдіре келе: «Жетісудағы қазақ-қырғыз өзінді-өзің сақтамасаң, сендерді қорғайтын үкімет жоқ біліңдер. Баяғы заман өткен, жақсылықты аспанға қарап, жоғары ауылдар өзі әкеліп етегіме салар деген үміттен безу керек. Ұлт қазынасына пұл жинап қазақ жігіттерінен милиция жасау керек»(34), — деп түйіндейді.

Жетісу босқындарына қоныс аударған орыс шаруаларының қоқан-лоққы көрсетуі Уақытша үкімет жағдайында үйреншікті әдетке айналған еді. Верный уезінің Покровский деп аталатын селосында қоныс аударушылар 30 адамдық қарақшы топ құрып, Тұрфаннан оралған қырғыздардың 59 жылқысын, 32 ірі қара малын, 400 қойын тартып єкеткен (35). Қоныс аударушылардан құрылған мұндай топ Қордай қазақтарының — 10, Батыс Қастек болысының 30 жылқысын алып кеткен (36).

Пішпек уездік комиссары Є.Сыздықовтың облыстық комиссариатқа жолдаған жеделхатында қазақ-қырғызды өлтіру күн сайын күшейіп кеткендігі, бір түнде Георгиевка селосында 3 сарт, Күнту болыстығының 3 қазағы, одан өзге қырғыз өлтірілгендігі, қоныс аударушылар өз бетінше тінту жүргізіп елдің ақшасын, мүлкін тартып алып жатқандығы хабарланған (37). Мұндай көңіл алаңдатар мұңға толы жеделхаттар Жетісу облыстық Қазақ комитетіне, оның төрағасы И.Жайнақовтың тікелей араласуын сұрап келіп жатты. Пішпек уездік Қырғыз комитетінен Верныйға келіп түскен жеделхатта Ұзыншығар болысында 25 адамның өлтірілгендігі, Тоң уезінен Барсақұл, Покровский селоларының 20 қарулы шаруалары Ыстық деген жерде 42 адамды өлтіріп, 15-ін жаралағанын, аман қалғандары Қырғыз комитетіне келіп көмек сұрап 2100 қой, 30 жылқы, 10 түйе, 7600 сомға шығатын 30 кесек күміс, 300 түйір алтын тартылып алынғандығы баяндалған (38).

Жетісу облыстық Қазақ комитетінің төрағасы И.Жайнақов бастаған комитет мүшелері қанішерлердің жазаға тартылуын талап етіп Түркістан комитетіне сұрау салды. Бірақ орталық өкімет араласпай, насырға шапқан істі тоқтату мүмкін емес еді. Қоныс аударушылардан құрылған банданы сотқа тартуды тездету мақсатында селолық комитет мүшелерінен Уақытша сот құру туралы Түркістан комиссарлары М.Тынышбаев пен О.Шкапский тарапынан жазбаша екі рет жасалған ұсынысқа Єділет министрлігі еш жауап қатпады.

Босқыншылыққа түскен қазақ-қырғыздың қоныс аударушылар тарапынан қысымшылық көргені жайында І.Жансүгіров былай деп жазады: «Орыстардың қазақ-қырғыздарды топырлатып ата беретіні көпке созылды. Қаладан бір орыс мылтықпен шықса онымен жолыққаны қайда барасың десе, «екі аяқты киік атам» дейтінді Албан ішіндегі казак-орыс әдейі ауызға алатын сөзі еді» (39).

Жетісу босқындары мәселесі кеңестік билік тұсында да тез арада шешіле қоймады. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында да Жетісу босқындары аштық азабынан, қоныс аударушылардың езгісінен құтылмады. Түркістан республикасы үкіметінің кейбір мүшелері Жетісу босқындарына көмек көрсетудің қажеті жоқ деген шовинистік көзқараста болды. Мєселен, Түркістан Орталық комитетінің мәжілісінде Тоболин «қазақ-қырғыздар маркстік көзқарас жағынан экономикалық әлсіз, олар бәрібір жердің бетінен жоғалуы тиіс, сондықтан қаражатты қазақ-қырғыздарды аштықтан қорғауға жұмсаудың қажеті жоқ» деген пікір білдірген-ді (40).

Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары Түркістандағы саяси билік шовинистік пиғылдағы орыс коммунистерінің қолында болды да олар жергілікті халықтың арман-тілегін түсінбей, оған менменсіп қарап, іс жүзінде ескі саясатты жалғастырушылар болып шықты. Мұндай жағдайда 1916 жылғы көтерілістің қайғылы зардаптарын жойып, жергілікті халықтың адам төзгісіз халін жеделдететін қандай да бір шараның қолданылуы екіталай нәрсеге айналды. Сонда да болса, жерінен, малынан, күнелтуге керекті барлық мүлкінен айырылып, босқыншылыққа ұшыраған көшпелі халық кеңес өкіметіне үміттене қарады. Істің беті тек 1919 жылы күзде ғана бері қарады. Бұл істе де алғашқылардың бірі болып үн көтерген Т.Рысқрюв еді. 1919 жылы 15 қазанда Түратком төрағасы Спешниковтың Жетісу облысының саяси-єлеуметтік жағдайы туралы баяндамасын талқылайды. Талқылау барысында облыстағы кеңес өкіметінің жергілікті органдарының жұмысына ауыр сындар айтылады. Т.Рысқүлов төралқа мүшелеріне Жетісу облысының тығырыққа тірелген дағдарыстағы жағдайын сауықтандырып, жергілікті кеңес органдарының қызметін д9рыс жолға қою үшін қандай шаралардың қабылдануы қажет екенін айта келіп былай дейді: «Жетісуда үстемдік етіп отырған орыс кулактары және ол кулактар қаруланған, мәселенің бәрі осымен қорытындыланады. Жетісуда кеңес өкіметі өмір сүруі үшін осы кулактарды қарусыздандыру керек, содан кейін ғана кеңес өкіметін дұрыс ұйымдастыруға болады» (41).

1919 жылы 24 қарашада Түрікатком төралқасының арнайы мәжілісі өтіп, онда 1916 жылғы көтерілістің босқындарына көмектесу мәселесі талқыланды. Мєжілістің ұйғарымына сәйкес қазақ-қырғыз босқындарына көмек көрсететін Ерекше комиссия құрылатын болды. Бұл комиссия алдына тез арада Қытайда қалып қойған босқындарды елге қайтарудың жолын қарастыру, елге оралған босқындарды орыс-кулактардың қуғынынан қорғау, орыс-кулактардың қаруын тартып алу, қазақ-қырғыз босқындарын жерге орналастыру керетігі міндеті жүктелді.

Міне, осындай іс-шаралардың жүзеге асырылуы ғана Жетісу босқындарының қалыпты өмірге көшуіне мүмкіндік берді. Жетісу босқындарының мәселесі 1921 жылы 20 қаңтарда Єулиеатада өткен қазақ-қырғыз съезінде өзінің түпкілікті шешімін тапты. Соған орай қырғыз халқының көрнекті қайраткері Б.Солтонаев: «Єулиеата съезінің шешіміне орай ел-жұрт тілегіне жетіп, басына түскен қара тұманнан арылды» (42), -дейді.

Осылайша,  1916 жылғы дүрбелеңнен кейін етек алған Жетісудағы босқыншылық    бірнеше     жылға    созылып,     ұлттық    саяси     элитаның

атсалысуымен ғана өз шешімін тапты.

Пайдаланған әдебиеттер

І.Дулатов М. Шығармалары.- Алматы, 1991. 284 б.

2.Қазақ. 1917. 24 шілде

З.Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ). 13-

қ., 1-т., 1-іс, 6-п.

4.¤збекстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаты (¤РОММ). И-

1-қ., 2-І., 1249-іс, 19-п.

5.ҚРОММ. 414-қ., 1-т., 6-іс, 96-п.

б.Сапаргалиев Г. Карательная политика царизма в Казахстане (1905-1917 гг.).

Алма-Ата, 1966. С. 356.

7.ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 68-іс, 86-п.

8.Қазақ. 1917. 14 маусым; Абай. 1918. № 3. 4 б.

9.ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 98-іс, 2-п.

10.Рыскулов Т. Восстание туземцов Туркестана в 1916 году // Восстание

киргизов и казахов в 1916 году.- Бишкек, 1991. С.34.

11.Қазақ. 1917. 24 шілде

12.ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 30-іс, 3-п.

ІЗ.Сонда. 98-іс, 2-п.

Н.Сонда. 13-қ., 1-т., 1-іс, 9-п.

15.¤РОММ. Р-1760-қ., 1-т., 5-іс, 8-п.

Іб.Махаева А.Ш. Қазақ комитеттері.- Алматы, 1995. 196.

17.ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 28-іс, 118-п.

18.Сонда. 90-іс, 20-22-п.

19.Сонда. 4-п.

20.Сонда. 11-п.

21.Сонда. 147-іс, 2-п.

22.Солтоноев Б. Кызыл кыргыз тарихы. Екінші кітап.- Бішкек, 1993. 131-132

бб.

23.Дулатов М. Шығармалар… 286 б.

24.Қазақ. 1917. 11 маусым.

25.ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 99-іс, 1-п.

26.Бірлік туы. 1917. № 6

27.Қазақ. 1917. 3 маусым.

28.Бірлік туы. 1918. 22 наурыз.

29.Вестник Временного правительства. 1917. 6 октября.

ЗО.Абай. 1918. №3.46.

ЗІ.Сарыарқа. 1918. 12 маусым

32.Бірлік туы. 1918. 3 наурыз.

ЗЗ.Заря свободы. 1918. 6 апреля.

34.Сарыарқа. 1917. 12 желтоқсан.

35.ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 97-іс, 7-п.

Зб.Сонда. 68-іс, 82-п.

37.Сонда. 90-іс, 51-п.

ЗВ.Сонда. 100-п.

39.Жансүгіров I. Жетісу 1730-1916. — Алматы, 2001. 132 б.

40.Туркестан в начале XX века. — Ташкент, 2000. — С. 274.

41.Қоңыратбаев О. Тұрар Рысқұлов: Қоғамдық-саяси және мемлекеттік

қызметі. — Алматы, 1994. 109 б.

42.Солтоноев Б. Кызыл кыргыз тарихы … 134 б.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ