Контекстік антонимдердің поэзиялық шығармалардағы көрінісі

0

Лексикология үшін үлкен қызығушылық тудыратын құбылыстардың бірі — антонимдер.Антонимдердің табиғатын терең түсіну үшін, ең алдымен, қарама-қарсылық дегенді анықтау қажет.

Философиялық тұрғыдан алғанда: «қарама-қарсылық дегеніміз табиғат, қоғам, адам санасындағы бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын заттар, құбылыстар, тенденциялар арасындағы қатынастар» (1,44).

Негізінен адамның ой-санасының объективті дүниедегі заттар мен құбылыстар туралы ұғымдарды салыстыру және осы ұғымдарды бір-біріне қарама-қарсы қою қабілеті антонимдердің пайда болуына негіз болады.

            «Қазақ тілінің антонимдер сөздігінде» Ж.Мусин (2,58) антонимдерге әр түрлі бағытта төмендегідей тұжырым айтқан:

  1. Мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздер.
  2. Антонимдік мағыналық сапалық ұғымдарға тән болады.
  3. Антоним сөздердің қарама-қарсылықты мәні олар бір сөйлем ішінде қатар қолданғанда айқын байқалады.
  4. Антонимдік жұптың сыңарлары қарама-қарсылығы мәні жағынан безбеннің екі басындай бір-біріне тепе-тең болуы керек.

Осы секілді антонимияда әр алуан пікір таласын тудырып жүрген мәселенің бірі – тіліміздегі болымсыздық пен қарама-қарсылық мағынадағы сөздердің қарым-қатынасы.

Зерттеушілердің бір тобы болымсыздық тудыратын жұрнақтар қарама-қарсы ұғым тудырады десе, екіншілері бұл тұжырымды жоққа шығаруға тырысады.

  1. Ақылды адам жай-жай келеді, жан-жағын байқай келеді.

Ақылсыз адам айқайлап келеді, жан-жағын жайпай келеді.

  1. Балалы үй-базар, баласыз үй-мазар.
  2. Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық.

Міне, «осы секілді тілімізде кездесетін ақылды-ақылсыз, балалы-баласыз, малды-малсыз жұптарын антоним ден қабылдаймыз ба, жоқ па ?» деген мәселелер күні бүгінге дейін екі жақты сипатталады.

Туынды антонимдер мәселесіне байланысты антоним мен болымсыздық категориясын ара жігін ашу қажеттілігі туады дей келе, ғалым Ж.Мусин бұл сұраққа мынадай жауап қайтарады: қазақ тілінде болымсыздық категориясы- сыз,-сіз,-ма,-ме аффикстері және жоқ, емес дегендер тіркесе қолданылатын сөздер. Және олардың қызметін, семантикалық реңктерін төмендегіше жіктейді.

  1. Фактіні жоққа шығарады (тау-тау емес, кісі-кісі емес)
  2. Заттың құбылыстың сапасын жоққа шығарады.
  3. Іске, қимылға тыйым салады (кел-келме, кет-кетпе)

Бұлардың ішінде заттың, құбылыстың сапасын жоққа шығаратын тобы антонимдерге бір табан жақын тұрады, кейбір зерттеушілер бұларды антонимдер деп атайды. Бірақ бұл қосымшалар арқылы жасалған сөздердегі мағына қарама-қарсылығы антонимдік қарама-қарсылықтан мүлдем басқаша.

Дәлірек айтқанда, бұл жұрнақтар антонимдік мағына тудыра алмайды.

Антонимдік қатынастар — көркем шығарма тілінде қарама-қарсылық мағыналық жүк көтеріп, үлкен стилистикалық қызмет атқарады.

Тіл ғылымында соңғы кездері аса бір қызығушылық тудырып жүрген мәселелердің бірі — контексті сөздер мен сөз тіркестерінің мәтін ішінде ұтымды, қисынды қарама-қарсы мәнде жұмсалу жайы. Сол мағына қарама-қарсылығына негізделген контекстік антонимдердің өзін тілші-ғалымдар әр түрлі атап жүр.

Стилистикалық антонимдер (Ж.Мусин), ретсіз (В.Иванова), жеке сталистикалық, ситуациялық (М.Львов), сөйлесімдік (Р.Есболатова), авторлық (Л.Касаткин), контексте қатар қойылатын сөздер (Л.Балахонская) және контекстуальды (А. Жұмабекова) антонимдер.

        Біздің ойымызша, контекстуальды антоним сөзін — жеке стилистикалық, авторлық антонимдік қолданыстар деп қабылдасақ, олардың мәтін ішіндегі жасалу жолына назар аударалық.

Сонымен, ғылыми еңбектерден антонимдердің контекстегі көріністерінің орныққанын байқадық. Олардың көркем шығармадағы көріністерін, сандық, сапалық өсуін нақты деректерге сүйеніп, төмендегіше сипаттауға болады.

Контекстік антонимдердің қалыптасуына уақыт, аралық, қашықтығы жағынан семантикалық белгілері алшақ жатқан сөздер негіз болады.

                  Апталар мен артына ай қалдырып

                  Сен де қара өзіңе айна алдырып…

                                                  (Қ.Мырзалиев).

                   Ондай кезде айналады күн жылға,

                   Аю ма анау келе жатқан құнжыңдап?

                   Әрбір түбір — түбір емес – құбыжық,

                   Әрбір бұтақ – бұтақ емес – бір жұмбақ.

                                                      (Қ.Мырзалиев).

                    Мереке – көк тоғайда, өлең –бізде,

                    Мен оған келем жазда, келем күзде.

                                                    (Қ.Мырзалиев).

Осы мысалдағы «апта — ай», «күн — жыл», «жаз — күз» сөздері бір-біріне қарама-қарсылық реңкте қолданылған. «Апта, күн» сөздері тез, жақын сөздерінің орнын басса, «ай, жыл» ұзақ, алыс сөзінің баламасы болады. Әрине, мұндай ауыстырулар қолданысқа ерекше реңк үстеп, оқырманның рухани қажеттілігін өтейді.

Белгілі бір субъектінің іс-әрекетіндегі нәтиже қорытындысы бірінде жағымды, екіншісінде жағымсыз белгіге ие болып, контекстік антонимдерді қалыптастырады.

                     Жазылып кәрі дене құрысқаны,

                     Жадырап атады ылғи ырыс таңы.

                     Көбелек болғың келіп кетер еді,

                     Көрмесең қара шаруа құмырсқаны

                                                    (Қ.Мырзалиев).

Мысалдағы «көбелек, құмырсқа» сөздері астарлы салыстыру нәтижесінде бірі «жалқау, жеңілдікті сүйетін адам» сөзінің орнын басса, бірі «еңбекқор адам» сөзінің орнындағы қолданыстар.

Осындай антонимдердің жасалуына «қыран-қарға» сөздері де қолданылады.

                                Ақын жүрек жандармен дос болайын,

                                Қырандарға қызығып өскен едім,

                                Қарғалардың тобына қоспа, ағайын

                                                         (Ғ.Жайлыбай).

Кейбір заттардың бойындағы сапалық өзгерістер, көлеміндегі айырмашылықтар контекст аясында қайшы мәндес жұптарды қалыптастыруға негіз болады. Осындай сөздердің орнын «алтын, күміс, жез» немесе «тура, көлденең» сөздері толықтыратынын аңғардық.

                      Бәрі қонақ: тура да, көлденең де,

                      Ұзақ жолда шалдыққан, шөлдеген де…

                                                         (Қ.Мырзалиев).

Адамның жас шағындағы мінезі мен балалық шағындағы мінезі астарлы салыстырылып, «дана-бала» антонимдік жұптарымен берілген. Мұндағы «дана» сөзі ақылды, «бала» сөзі аңқау сөздерінің орнын басқан.

                      Айтқан кезде сөзін айтып дананың,

                     Алданғанда алданушы ең баладай…

                                                     (Қ.Мырзалиев).

Контекстік синонимдер сияқты контекстік антонимдер де ауыспалы мағынаның ішкі тәсілдері арқылы жасалады. Яғни тура мағыналы сөздің орнын ауыспалы мағыналы сөздер ауыстырып, антонимдерді сандық, сапалық жақтан кеңейте түседі.

                                  Мақсатсыздың қашаннан құйын алды,

                                  Екі бөлек тұрағы тиын, ардың

                — Мен өмірге ғашықпын — дейді біреу,

                 Сәл тергесең аузына құйылар құм

                                                   (Ғ.Жайлыбай).

          Талданған мысалда «тиын-ар» антонимдік жұптары қалыпты қолданыстағы арлы-арсыз сөздерімен мағыналас болады.

Астарлы метафоралық қолданыстардың әсерінен жасалған антонимдерді төмендегі «тікенек-гүлім» жұптарынан аңғарамыз. Ішкі ниеті жаман адам, жауыздық «тікенек» сөзімен астарласса, нәзік, жүрегі ақ адам «гүл» сөзіне теңестірілген.  

                        Арманым өзің үшін мен,

                        Алысып талай батты күн.

                        Тікенектердің ішінен,

                        Табатын менің ақ гүлім

                                                  (Қ.Мырзалиев).

Дәл осындай сападағы контекстік антонимдерге «бұлт-жұлдыз» варианттарын жатқызуға болады.

                         Арманым өзің үшін мен,

                         Аяусыз кесем тілді ұзын.

                         Тал түсте бұлттың ішінен,

                         Табатын менің жұлдызым

                                                  (Қ.Мырзалиев).

антонимдерді салыстыру барысында, бұл қолданыстардың контекст аясында жасалуы кеңіп, стилистикалық бояуымен ерекшеленетін қарама-қайшы жұптардың пайда болатынын аңғардық. Тағы бір ескеретіні, кейбір контекстік антонимдердің ауызекі сөйлеуде жиі айтылып жүретіндігін байқадық. Бұдан қалыптасқан лексикалық бірліктер сөздік қорды дамытудың бір амалы деп қорытынды жасадық.

Пайдаланылған ғылыми әдебиеттер:

  1. Философиялық сөздік. Алматы, 1993.
  2. Мусин Ж. Қазақ тілінің антонимдер сөздігі. Алматы: Мектеп, 1984.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ