Аграрлық сектордағы кәсіпкерліктің теориялық – методологиялық негіздері мен дамуы

0

Нарықтық экономиканың дамуының негізі – кәсіпкерлер, меншік иелері, өндірушілер мен тұтынушылар арасында туындайтын экономикалық еркін қарым-қатынастың негізінде болады. Қоғамдық еңбек бөлінісі мен оның өнімділігінің артуы барысында тауарлы өндіріс пен тауар-ақша қатынастарының кеңейіп, экономикалық қатынас ретінде нарықтың дамуына жол ашты.

Нарық адамдардың айырбас төңірегіндегі және оның негізінде тауар сатылатын әлеуметтік-экономикалық қатынастардың жиынтығын білдіреді. Яғни, тауар өндірушілер мен сатып алушы тұтынушылар арасындағы қажеттілікті қамтамасыз ететін тауарлы өндірістің экономикалық және әлеуметтік қатынастар ұғымы.

Дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, экономикалық үрдістер күрделенген сайын өндіріс үрдісінде жаңа комбинацияларды енгізіп, жаңашылдықты жүзеге асыратын, ескіні өзгертіп қайта жасайтын өндірістік күштердің де пайда болып келе жатқандығын ескеруіміз қажет. Мұндай әлеуметтік күш ретінде қоғам байлығын арттырудың факторы саналатын кәсіпкерлік қалыптасып, даму үстінде.

Мемлекеттің аграрлық реформаларды жүзеге асыру барысында өзекті мәселелердің бірі кәсіпкерлікті ауыл шаруашылық салаларының экономикалық міндеттерімен ұштастыру кезек күттірмейтін мәселе. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» Стратегиясында жалпы микрошаруашылық байланыстарының белсенді қатысуы мен шағын кәсіпкерлікті дамытудың мүмкіндігінің ұзақ мерзімдік басымдылығын жүзеге асыру болып табылады делінген [1].

Сондықтан да ел экономикасын сауықтыруда және одан әрі қарқынды дамытуда кәсіпкерлік экономикалық өсудің маңызды факторы болып табылады.

Қазіргі таңда Қазақстан экономикасында кәсіпкерлік тұтыну саласының ірі де ажырамас бөлігіне айналды. Демек, аграрлық саладағы кәсіпкерлік қызметтің басты міндеті – экономикалық өсудің жоғары қарқынын қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауылдың тұрмыс жағдайын жақсарту және кедейшілікті азайту.

Қоғамның тарихи даму процесіндегі ХVІ-ХVІІғғ. бастап капиталдың алғашқы қорлану дәуірінің бетбұрыс жасауына қысқаша шолу нәтижесінде негізгі ерекшеліктерін жіктей отыра, оның қоғамдағы маңызын саралауға болады. Нәтижесінде өндіріс құралдарынан және ірі капиталистік меншіктің қалыптасуынан ұсақ өндіріс иелерінің бөлініп шығу үрдісі жүрді [2]. Біз осы үрдістің маңызын тұжырымдай отырып, ойымызды екі жақты нақтылауға тырысамыз: біріншіден, ірі меншік иелеріне жұмыс істейтін және олардың қажеті болып табылып, ірі бизнеспен бірін-бірі толықтырушы ретінде қызмет жасайтын кәсіпорындармен; екіншіден, шағын кәсіпкерліктің тұрақты қызметін дамыту негізінде орташа, одан кейін ірі кәсіпорындар құрылып, осының нәтижесінде ұлттық шаруашылықтың экономикалық қуаты мен бәсекелестікке қабілеттілігінің анықталуымен сипатталады. Осының нәтижесінде батыстағы қазіргі экономика үшін шағын кәсіпорындардың жоқ дегенде екі тобының болуы тән: біреуі индустрия алыбының дайындаушысы рөлін атқаратын және ірі меншік иелерінің қажеті болып табылатын, олардың шаруашылық кешеніне интегралданған кәсіпорындар, екіншісі нарықта бір-бірімен және тікелей ірі бизнеспен бәсекеге түсетін кәсіпорындар. Демек, индустриялы технологиялық стратегияны қалыптастыру қажеттілігі дүниежүзілік тәжірибеден туындап отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Жаңа кезең – жаңа экономика» атты Жолдауында: «индустрияландыру үрдісінің барысында біздің күш-жігеріміз білімдерге негізделген сапалық жаңа экономиканы кұру үшін алға жарып шығу «нүктелерін» қалыптастыруға және одан әрі дамытуға бағытталуы керек. Қазақстан болашақта жоғары технологиялық тауарлар және жақын жатқан, жедел өсу үстіндегі экономикаларға қызмет көрсету үшін қызметтер өндіруге бағытталған өңірдің сервистік-технологиялық орталығына айналуы тиіс», – [3] деп атап өтті. Жаңа экономика – бұл жоғары технологиялар, ғылымды көп қажет ететін, барлық салалар мен сегменттерге инновациялармен қаныққан экономика. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасында бекітілген индустриялық-инновациялық даму стратегиясын алға өршіл міндеттер қоятын өзіндік бірегей құжат деуге болады [4].

Іскерлікпен айналысушы адам жаңа кәсіпорынды кұрып дамытқанда, бизнесте бұрынғы идеяларын жаңаша тәсілмен жүзеге асырғанда немесе нарықты жаулап алуға бірден-бір жолын тапқанда кәсіпкерліктің өзіндік орны пайда болады. Яғни, шағын бизнестің жетістігі кәсіпкерлікпен тығыз байланысты. Сондай-ақ, шағын бизнес түсінігінің шағын кәсіпкерлік түсінігімен байланыстылығын оның құрылуынан көруге болады. Барлық зерттеушілердің кәсіпорындарды құру тәсілдерінде өндіргіш күштің (ұйымдастыру-техникалық жағы) және өндірістік қатынастардың (әлеуметтік-экономикалық жағы) бірлігі мойындалады.

Тәуелсіз еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде нарықтық қатынастарды дамытуға бағытталған тиімді әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүзеге асуы қарқынды жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде елімізде жаңа экономикалық жүйе қалыптасып, саяси жүйе және қоғамдық қатынастар да түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Бұрынғы одақтық республикалармен экономикалық байланыстың үзілуі, өндірістің құлдырауы, жұмыссыздықтың көбеюі, экономиканың шикізаттық бағыттылығы халықтың әл ауқатының, материалдық жағдайының төмендеуіне әкеліп соқты. Мұндай дағдарысты жағдайлардан шығудың жолдары экономиканың салаларын дамыту болып табылды. Осындай салалардың бірі агроөнеркәсіп кешені. Басқаша даму жолына қадам басқан жас тәуелсіз елдің агроөнеркәсіп кешенінде кәсіпкерліктің жолға қойылуы ерекше орын алады.

Агроөнеркәсіп кешенінің дамуы халықтың жоғары тұрмыс дәрежесіне  жетудегі ауылдық, экологиялық, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуде басым бағытты анықтайтын сала.

Кәсіпкерліктің тарихы орта ғасырлардан бастау алады. Сол уақыттан бастап-ақ, көпестер, саударгерлер, қолөнершілер өздерін жаңа үйреніп жүрген кәсіпкерлер ретінде көрсетті. «Кәсіпкерлік» және «кәсіпкер» ұғымдарын алғаш өз заманында мән-мағынасын ашып, оны қолданған ХVІІ ғасырдың аяғы ХVІІІ ғасырдың басында ағылшын экономисі Ричард Кантильон (1680-1734жж.) болды.

1755 жылы шыққан «Опыт о природе торговли вообще» еңбегінде кәсіпкерлікті тауарларды сату және сатып алу бойынша нарықтық субъектілерінің қатынасы ретінде қарастырды. Сондай-ақ, келесідей бөліп көрсетті: тауарларды өндіру, көтерме және бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлер; өздерінің қызметтері үшін капитал қажет етпейтін кәсіпкерлер; өзінің меншік еңбегіне негізделген кәсіпкерлер.

Ол бірінші категорияға фермерлер, көпестер, мануфактуралы тауарлар мен бөлшек саударгерлерді жатқызды. Р.Кантильонның көзқарасы бойынша «барлық осы кәсіпкерлер бір-біріне қатынасы тұрғысынан тұтынушы және сатып алушы болады» және ол егер «…кәсіпкерлер аз болса» пайдалы болады. Екінші категориядағы кәсіпкерлер – бұл өзінің меншік еңбегінің негізінде көмекші шебер, мысшы, тігінші, құбыр тазалаушы, су тасушы қызметін жүзеге асырады. Бірақ, «өзінің қызметі үшін капитал қажет етпейді». Олар белгісіз жағдайда жұмыс істейді және олардың адамдар саны клиенттер санына тәуелді. Үшінші категорияға суретшілер, дәрігерлер, заңгерлерді жатқызды. Қорытындылай келе, Р.Кантильон мемлекеттің барлық халқын кәсіпкерлер және жалдамалы жұмысшылар деп екі топқа бөлді. Олардың айырмашылығы біріншісі үшін еңбек ақы тағайындалатын болса, ал жалдамалы жұмысшылар үшін белгілі-бір уақытқа тағайындалған еңбек ақы негізінде бекітіледі. Р.Кантильон жеке кәсіпкердің әрекетін табыс әкелу немесе шығын болуы да мүмкін екендігін көрсетті. Р.Кантильонның ойынша, кәсіпкер – оқиғаларды алдын-ала көру қабілеті бар, тәуекелдер қабылдайтын және қабылданған шешімдердің нәтижелеріне жауап беретін кез келген тұлға. Ол феодалдық, ортағасырдан ауысқан жаңа кезеңдегі кәсіпкерлік феноменіне көңіл аудара отырып, пайда табу мақсатында өздерінің жауапкершілігі және тәуекелімен нарықтық айырбасқа тырысқан жер меншік иелері мен жалдамалылар қосылған әр түрлі адамдар тобының көрінуін дәлелдеген [5].

А.Смит (1723-1790жж.) табыс табудың құралы ретінде кәсіпкерліктің артықшылығын өндірістік қызметпен байланыстырады. Оның көзқарасы бойынша, капитал тек қана жеке тұлғалардың қолында жиналудан басталады дейді. Жеке тұлғалардың ішінен кейбір тұлғалар еңбекқор адамдарды алып, қажетті материал, құралдармен қамтып, олардың еңбегінің өнімдерін сатудан пайда алатынын есептей отырып капиталды пайдалануға тырысады. Өзінің капиталымен осы істе тәуекелге баруда дайын тауарды ақшаға немесе материал және еңбек ақы шығындарын жабатын өнімдерге айырбастау мен кәсіпкердің пайдасы үшін біраз соманы қамтамасыз ету қажет. Мұндай жағдай болмаса кәсіпкерде осы жұмысшыларды жалдау қызығушылығы болмайды. Адам Смит «кәсіпкер егер пайдаланған капитал көлеміне оның пайдасы сәйкес келмесе, көп капиталды шығындау қызығушылығы болмайды» дегенді атап көрсетті [6].

Р.Кантильоннан кейін біраз жыл өткенде Жан Батист Сэйдің (1767-1832жж.) теориялық тұжырымдамасы пайда болды. Өзінің «Трактат по политической экономии» еңбегінде, ол «қазіргі Англия өзінің сарқылмайтын байлықтарымен өзінің ғалымдары емес, қаншама өндіріс ісінде талантты кәсіпкерлер мен жұмыскерлер жақсы және жылдам жұмыстарын орындау міндетті» — дейді. Ж.Б.Сэйдің тұжырымдамасының негізінде экономикалық ұғым ретінде капитал, жер, еңбек, өндіріс факторлары, факторлар комбинациясын құрды. Бұл деген өндіріс факторлары аз табыс беретін бір жерлерден шығарылып, көп табыс беретін басқа жерде жаңа комбинациялармен ауыстырылады [5].

ХІХ ғасырдың аяғында кәсіби менеджмент салыстырмалы түрде жаңа құбылысқа айналды, осы орайда Альфред Маршаллдың (1842-1924ж.ж.) кәсіпкер мен менеджердің арасында айырмашылықтың бар екендігін алғаш рет көрсеткен зерттеулерінен табамыз. Менеджер кәсіпорында өте маңызды міндет атқарады, бірақ Маршаллдың пікірінше, тек кәсіпкер ғана бизнестің табыстылығына байланысты толық жауапкершілік пен тәуекелді өз мойнына алады. Сондықтан ол менеджерге әрі кәсіпкерге қажетті қасиеттерге ие болуы тиіс деп атап көрсетті. Сонымен қатар Маршалл, өте оңды кәсіпкерді сипаттайтын касиеттердің көп екендігін және тек кейбіреулері ғана жоғары дәрежеде сол қасиеттерге ие екендігін айқындайды. Негізінен кәсіпкерлер бір жағынан өте мықты, бір жағынан әлсіз болуы мүмкін, бірақ кәсіпкердің негізгі міндеті капитал мен еңбекті қозғалысқа келтіру, негізгі жоспар мен оны орындаудың егжей-тегжейлі шараларын дайындау болып табылады. Кәсіпорынның өсуімен қатар кәсіпкерлік қабілет те өсуі қажет, сонымен бірге ол өзінің сопылығын, жан-жақтылығын, бастамашыл іс-әрекеттерге деген қабілетін, табандылығын сақтауы керек, тек сонда ғана ол табысты кәсіпкер болып қала алады. Сонымен Маршаллдын сіңірген еңбегі – алғаш рет кәсіпкер мен менеджер арасындағы айырмашылықты жиі көрсетуі болды.

Американдық экономист Дж.Б.Кларктың (1847-1938жж.) пікірінше, өндіріс процесіне тұрақты түрде төрт факторлар қатысады: капитал, капиталдық игілік – жер және өндіріс құралы, кәсіпкерлік қызмет, жұмыскердің еңбегі. Мұнда әрбір фактордың өндірістік түсімде арнайы үлесі бар: капитал капиталистке пайыз, капиталдық игілік – рента, кәсіпкерлік қызмет капиталистке пайда әкеледі, ал жұмыскердің еңбегі оған еңбек ақымен қамтамасыз етеді. Оның түйіні кәсіпкерлікті үйлестіру қызметін атқарады деп тұжырымдады.

Белгілі Австриялық ғалым Й.Шумпетер (1883-1950жж.) кәсіпкерлікті жаңашылдықпен байланыстырды. Осы тұжырымдаманың қызметінің нәтижесіне сәйкес кәсіпкердің материалдық мазмұнына, еңбек формалары мен әдістеріне өзгеріс әкеледі. Кәсіпкер ерекше қасиетімен экономикалық үрдісті жылдамдатуға әсерін тигізеді. Яғни, ол кәсіпкерлікті өндіріс факторларының төртінші түрі ретінде санап, басқа үш факторға (жер, еңбек, капитал) күшті үйлестіруші құрал деп бағалайды.

Ғалым Й.Шумпетер кәсіпкердің өз қызметтерінде қолдануға болатын  келесі бес бағытты айқындап көрсетеді:

— жаңа өнімдер мен қызмет көрсетулерді дайындау;

— жаңа өндіріс әдісін енгізу;

— жаңа нарықты немесе нарық сегментін меңгеру;

— жаңа жартылай фабрикаттардың немесе шикізат көздерін алу;

— еңбекті ұйымдастырудың жаңа әдістерін енгізу.

Кесте 1 — «Кәсіпкерлік» терминіне әр түрлі көзқарастар

Жарияланған жылы Өкілдер Терминнің мазмұны
1725 ж. Р. Кантильон Кәсіпкер – бұл тәуекел жағдайында әрекет ететін адам.
1797 ж. К. Бодо Шешім қабылдауда кәсіпорынды иеленетін, жоспарлайтын, бақылайтын, ұйымдастыратын жауапкершілікті алатын тұлға.
1876 ж. Ф. Уокер Кімде кім капиталдан пайыз, пайда алатын болса, ол өзінің ұйымдастырушылық қабілеті деп бөліп қарастырады.
1934 ж. Й. Шумпетер Кәсіпкер – бұл жаңа технологияны өңдеуші жаңашыл.
1961 ж. Д. Макклелланд Кәсіпкер – бұл қиын тәуекел жағдайында әрекет ететін қуатты адам.
1964 ж. П. Друкер Кәсіпкер – бұл жоғары ұтымдылықпен кез келген мүмкіндікті пайдаланушы адам.
1975 ж. А. Шапиро Кәсіпкер – бұл әлеуметтік-экономикалық механизмді ұйымдастырушы ынталы адам.
1985 ж. Р. Хизрич Кәсіпкерлік – бірдеңені жаңадан құру процесінде құнға ие болады, ал кәсіпкер – өзіне қаржылық, психологиялық және әлеуметтік тәуекел ала отырып, барлық қажетті уақыт пен күшін жұмсап, ақысына ақша алады және жетістігіне қанағаттанатын адам.
 Ескерту: Мамыров Н.К., Саханова А.Н., Ахметова Ш.С., Брузати Ли. Государство и бизнес. Государство, предпринимательство и общество. Книга 1: Учебник. -Алматы: Экономика, 2002. – с.452.

Жоғарыдағы көрсетілгендердің негізінде Й.Шумпетер кәсіпкерді шаруашылық субъектісі деп есептейді. Шумпетер кәсіпкерлік еңбектің ерекшелігі туралы ойын саралай келіп,  оның өндіріс құралдары мен әр түрлі материалдардың жай ғана жинақталуынан тұрмайтындығын, ол тауар мен қызмет көрсетудің жаңа түрлерін, өндірістің жаңа әдісін, жаңа өткізу нарығын, жабдықтаудың жаңа көздерін және ұйымдастырудың жаңа түрін іздеп, енгізу арқылы оларды тиімді қолданудан тұратындығын атап көрсетті. Сонымен қатар, ол өз еңбегімен, осы уақытқа дейін теңдесі болмаған пайда табады және ол кәсіпкерлік пайда деп аталады [12]. 1974 жылғы экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты ағылшын экономисі Фридрих фон Хайек (1899-1984жж.) кәсіпкерліктің мәнін – жаңа экономикалық мүмкіндіктерді зерттеу және іздеу, ол қызмет түрі емес, мінез-құлық сипаттамасы – деп түсіндіреді. Жалпы кәсіпкерлік пен кәсіпкерлік қызмет мәселелерін зерттеуші ғалымдардың пікірлерін қарастыруды жөн көрдік (Кесте 1).

Кестеде көрсетілгендей, кәсіпкерліктің жүздеген анықтамасы бар. Кәсіпкердің энциклопедиялық анықтамасында «кәсіпкерлікке» мынадай анықтама беріледі.

«Кәсіпкерлік» (фр.-enterprise) – пайда немесе жеке табыс алуға бағытталған азаматтардың бастамалық еркін қызметі, өзінің атынан өзінің мүліктік жауапкершілігімен немесе заңды тұлғалардың атынан, заңды тұлғаның жауапкершілігімен жүзеге асады. Кәсіпкер – заңмен тыйым салынбаған кез келген шаруашылық қызмет түрлерімен: коммерциялық, делдалдық, сату-сатып алу, кеңестік және басқа қызметпен, құнды қағаздармен жасалатын операциялармен айналыса алады – деп анықтама берілген.

XX ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап кәсіпкерліктің мәселелері Қазақстандық ғалымдардың және ТМД елдерінің ғалымдарының еңбектерінде кеңінен қарастырылды. Жүргізілген зерттеулерде кәсіпкерлікке, кәсіпкерге және кәсіпкерлік табысқа ортақ анықтама берілмеген. Сонымен қатар, бірқатар авторлардың айтуынша, зерттеушілердің барлық талпыныстары алғашында сәтсіздікке ұшырайды. Бұл әр түрлі елдердегі кәсіпкерлікті дамытуда мемлекетпен жүргізілетін саясатқа, қойылған зерттеу мақсаттарының әртүрлілігіне, тікелей кәсіпкерліктің даму деңгейіне және тағы басқаларға байланысты. Сондай-ақ, соңғы еңбектерде кәсіпкерлік үрдісін өзін жаңарту мен өзін ұйымдастыру синергетикалық моделі ретінде қарастырған. Кәсіпкерлер жұмысты тиімді жүргізу нәтижесінде капиталды жинау мүмкіндігіне ие болады, өндірістің алдағы дамуы спираль бойынша жүзеге асырылады [7].

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ