Тұлғаны жан – жақты дамытуда дене тәрбиесінің мәні

0

Дене тәрбиесі – тұлғаны жан – жақты үйлесімді қалыптастырып дамыту процесінің негізгі бір саласы. Себебі, дене тәрбиесі тұлға денесінің қалыпты жетілуінің, денсаулығының нығаюын қамтамасыз етуде, оларды еңбекке, отанды қорғауға дайындауда аса маңызды қызмет атқарады. «Дене тәрбиесі – адамның денсаулығын нығайтып, оңтайлы, қимыл — әрекеттерін қалыптастыратын адамгершілік қасиеттері мен ерік – жігері жетілдіретін негізгі тәрбие бағыттарының бірі.

Дене тәрбиесі төзімділік, шыдамдылық, батылдық, табандылық қасиеттерді шыңдайды».

Қандайда бір қоғам болмасын оның сәтті болуы болашақ жастарының денсаулығына тікелей байланысты. Себебі, қазіргі қоғам, жоғары қарқынмен дамыған өндіріс дене бітімі жақсы жетілген, өндірісте жоғары қарқынмен жұмыс істей алатын жасөспірімді қажет етеді. Адамның ширақтығы неғұрлым басым болса, соғұрлым атқаратын жұмысы тиімді болады. Сондықтан әрбір ұстаз өзінің шәкірттерін денсаулығы мықты, көңілді, дене бітімі жақсы дамыған тұлға ретінде көргісі келеді.

Сондай-ақ, дене тәрбиесі ерік-жігері мықты, тәртіпті, батыл және белсенді, өз Отанын қорғауға лайықты жас ұрпақты ойдағыдай әзірлеуде аса маңызды әлеуметтік міндеттерді атқарады. Дене тәрбиесі жастарға ақыл-ой және еңбек әрекетінде нәтижелі жұмыс істей алатын сапа қасиеттерін қалыптастыруға да ықпал етеді.

Сондықтан да тәрбие теориясы дене тәрбиесі мәселесіне тұлғаның дене күштері және ағзасын дамытудың негізгі бір факторы ретінде айрықша мән береді. Әрине, қоғамдағы жас өспірімдердің дене және рухани қабілеттері қаншалықты дамуына байланысты, соншалықты олар халық игілігі үшін пайдалы әрі нәтижелі еңбек етеді.

Дененің дамуы адам дене күштерін нығайту және жетілдірудің сапалық өзгеруін қамтиды. Мұндай көзқараста ол тек дене тәрбиесінің бір ғана нәтижесі ретінде көрініс береді.

Дене тәрбиесінің көздейтін тағы бір мақсаты балалардың дене мәдениеті және спорт пен айналысу қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ояту, ынталандыру және дененің дамуы мен денсаулықты нығайтудың психо-физиологиялық негіздерін терең ұғынуларына, сонымен қатар ақыл-ой, адамгершілік және эстетикалық т.б. тәрбие салаларының дамуына да ықпал ету мүмкіншіліктеріне жағдай жасау, ұлттық ойындарды меңгеру, оның даму тарихы мен танысу, қазақ халқынан шыққан спорт шеберлері жөнінде мағлұматтар алу.

Осы бағытта дене тәрбиесі оқушылардың белсенді танымдық және дене, сонымен бірге денсаулықты шынықтыру әрекетін ұйымдастыруда көп жақты процесс. Сондықтан да дененің саулығы адамның кез келген әрекетпен нәтижелі айналысуына зор ықпал етеді, соның ішінде, әсіресе ақыл-ойдың дамуына әсері мол. Бүгінгі ғылыми-техникалық прогрестің дамуы, адам баласының өмірі мен атқаратын қызметінің сипаты олардың дене күштерінің даму жағдайларына маңызды ықпал етері сөзсіз. Бұл, әсіресе баланың жоғары деңгейде жалпы білім және кәсіби даярлығында көптеген мағлұматтар алуымен байланысты оның миында және интеллектуалдық күшінде жүктеменің артуымен көрініс береді. Сонымен қатар қала жағдайында пәтерлердің бүкіл керек — жарағымен толық қамтылуы, жақын қашықтыққа үнемі автокөлікті пайдалануы, көгілдір экранмен компьютер алдында үнемі қозғалыссыз ұзақ отыруы балалардың қимыл-қозғалысы белсенділігінің, денеге түсетін жүктеменің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан дене тәрбиесі мәселесе дәуірлеген машиналы және автоматтандырылған жүйе жағдайында жоғары маңызға ие болуы тиіс.

Бұған қосымша оқушылардың шамамен алғанда 85 пайызында жүрек, өкпе және т.б ішкі ағза мүшелерінің ауруы, сонымен бірге есту, көру, қабілеттерінің төмендігі, жүйке жүйелерінің ауыру салдарынан оқуда нашар үлгерім жағдайларында болуына да себепші болады. Баланың есте сақтау қабілеті, өзектілігі, ынталылығы да оның жалпы денсаулығы мен дене күштерінің жағдайына байланысты болып келеді.

Ақыл-ойдың дамуы, рухани күштер мен қабілеттердің даму көп жағдайда адамның денсаулық жағдайымен, оның төзімділігімен, жүйке жүйесінің мықтылығымен айқындалатын болғандықтан, ол дене тәрбиесімен тығыз байланысты қарастырылады. Нарықтық экономика жағдайында адамның жеке басының саулығы, оның дене күшінің мығымдылығы, оның жеке басының ерекше құндылығы болып саналады. Сондықтан спорт әрбір адам үшін өмірдегі қажетті құндылық болып есептеледі.

Олай болса адамның денесінің дамуы ақыл-ойы әрекетінің, еңбекке қабілетінің, үлгерім сапасының дамуына жағдай тудырады.

«Дене тәрбиесі тәрбиенің басқа салаларымен табиғи байланыста болып, тұлғаны жан-жақты үйлесімді қалыптастырып дамытуда маңызды міндеттерді атқарады.

Дене тәрбиесі эстетикалық тәрбиемен де тікелей байланысты. Оның барысында баланың дене бітімі, қимыл — қозғалысына қатысты эстетикалық талғамы, бағалауы, көзқарасы қалыптасып дамиды. Дене жаттығулары қимыл-қозғалыстағы әсемдікті көре, бағалай білуге үйретеді және онда үйлесімділіктің болуына тәрбиелейді.

Сонымен қатар, дене шынықтыру және спортпен шұғылдану ағзаның жалпы нығаюына көмектесіп, бұлшық ет, тыныс алу жолдары және жүйке тамырларын дамытады, барлық ішкі мүшелердің жұмысын жақсартады және қан алмасу процесін күшейтеді.

Дене тәрбиесі барысында әртүрлі дене жаттығуларын оны шынықтыру процесімен бірлікте тиімді пайдалану ағзаның бірқалыпты жетілуін қамтамасыз етеді (атмосфера қысымының ауытқуына байланысты дененің қызуы немесе салқындауы т.с.с), балалардың суық тию және тұмаурату жағдайын және кейбір жұқпалы ауруға тап болуын едәуір азайтады.

Белсенді қимыл-қозғалыс балалардың жүрек қан тамырының дұрыс жетіліп дамуына күшті ықпал етеді.

Арнаулы дене жаттығулары жүрек бұлшық етінің жұмыс істеу күшін арттырады, қан тамырлары қабырғасының тым созылып, икемді болып келуіне ықпал етеді. Нәтижесінде жүрек өнімді жұмыс істеп, бір мезгілде күш қуаты жоғары болады.

Дене тәрбиесінің ықпалы әсіресе жүйке жүйесінің қызметін шынықтыру мен жетілдіруде маңызы ерекше. Орталық жүйке жүйесі мен әртүрлі дене мүшелерінің арасындағы жүйкелік күштердің өтуін тездетеді, жүйке процестерінің қызметін жандандырып, тұрақтандырады.

Сондықтан оқушылардың денсаулығын шынықтыру педагогикалық ұжымның үнемі назарында болып, қамқорлығына айналуы тиіс. Сол үшінде әрбір мұғалім дене тәрбиесінің мүмкіншілігін жете білуі міндетті және оны тәрбие процесінде жан-жақты пайдалануы қажет.

Дене тәрбиесінің мәнін ашу барысында оның міндеттері мен мазмұнын анықтау қажеттігі туындайды. Дене тәрбиесінің міндеттеріне:

  • денсаулықты нығайту, ағзаны шынықтыру және дененің дұрыс қалыптасып дамуын, мүсіннің сымбатты болуын қамтамасыз ету;
  • ақыл-ой және дене күштерінің жұмыс істеу қабілеттерін көтеру;
  • дененің негізгі қимыл-қозғалыс сапаларын (күштілік, ептілік, шыдамдылық, шапшаңдылық) қалыптастыру;
  • гигиеналық дағдыларды қалыптастыру;
  • дене шынықтыру және спорт саласында арнаулы білімдер беру;
  • адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу (батылдығы, өжеттілігі, қайсарлығы, табандылығы, жауапкершілігі, тәртіптілігі, ұжымшылдығы т.с.с);
  • дене және спорт ойындарымен үнемі және жүйелі айналысуға қажеттілігін тәрбиелеу;
  • дененің әрқашан сау болуына, сергектікке, өзіне және айналасындағы адамдарға әрқашан қуаныш әкелуге ұмтылысын тәрбиелеу т.с.с.
  • ұлттық ойындарды игеру және олардың пайда болу және даму тарихы мен танысу, әдіс-тәсілдерін білу.

Еліміздің барлық азаматтарының денсаулығын нығайту — мемлекет алдында тұрған ең жауапты міндеттердің бірі. Сол үшін де жоғары да аталған міндеттерді орындау, ең алдымен Білім және Денсаулық министрлігіне, содан кейін мектеп әкімшіліктері мен мектептен тыс тәрбие беру мекемелеріне жүктеледі.

Келесі кезекте, ол қоғамдағы әрбір адамның өздеріне міндеттеледі. Себебі, дене тәрбиесі әрбір адамның өз денсаулығын белсенді түрде нығайтуға бағытталған шара. Сондықтан да адамның өз денсаулығына өзі бақылау жасауы, оның алдын алуы, дене шынықтыру және спорт ойындарымен үнемі шұғылдануы, бір жағдайда оның өзіне, ал екінші жағдайда, қоғамға дені сау, еңбек етуге, Отанын қорғауға қабілеті зор жеке тұлғаны қалыптастырып дамытуда маңызы ерекше. Жақсы денсаулық — адамның еңбек процесі және қоғамдық пайдалы әрекетінде де белсенді және табысты болуының бірден-бір кепілі.

Дене тәрбиесінің негізгі мазмұны дене шынықтыру жөніндегі оқу бағдарламасында және спорт теориясы мен практикасы жөніндегі факультативтік сабақтар бағдарламасында , сондай-ақ «жалпы білім беретін мектеп оқушыларына дене тәрбиесін беру туралы» ашып көрсетілген. Бұл құжаттарда денсаулықты және ағзаны нығайтуға, қимыл-қозғалыс дағдылары мен икемділікті, төзімділікті, шапшаңдықты қалыптастырып, дамытуға баса назар аударылған. Әр адамның өзінің денесін жастайынан шынықтыратын, гигиена саласында және медициналық көмек бере алатындай білімі болсын, салауатты өмір салтын ұстанатын болуы керек деген міндет қойылды.

Әдебиеттер

  1. Ә. Өмешұлы., Салауатты өмір салты «Қазақстан 2030 »
  2. Әшімов Б., «Валеология», » 2003 №2, «Дене тәрбиесі және спорт 2002 № 2
  3. Н.Н. Болдырев., «Мектептегі тәрбие жұмысының методикасы»
  4. Еділбаев Т., «Валеология»,Алматы., 2004ж

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ