Жеткіншектердің агрессиясын диагностикалау әдістерін пайдалану нәтижелері

0

 Соңғы жылдары мектеп жасындағы балалар арасында агрессивтілік жағдай жиі орын алуда. Баланың тұлғалық дамуында неше түрлі жағымсыз мінез көріністерінің, агрессияның орын алуының алдын алу мектеп психологиялық қызметінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Адамның өзіндік агрессиялы күйлерін реттеп, өзін-өзі  бақылау жасау арқылы  көпдеген кемістіктерінен қол үзіп, үлкен жетістіктерге психологиялық көмек көрсетіп, психодиагностика нәтижелері бойынша психологиялық кеңес беру шараларын тиімді қолдану қажет.

«Агрессия» термині қазіргі кезде кең мағынада қолданылуда, сондықтан да оның жекелеген мағыналарын бөліп шығаруды қажет етеді. Көпдеген авторлар өздерінің зерттеулерінде агрессия мен агрессивтілікке  Әр түрлі мағына береді.: Лоренц, Арни анықтамасы бойынша ол жеке тұлғаның өзінің жерін қорғауға бағытталған туа біткен реакциясы: Мориссонның айтуынша-басшылық етуге талпынушылық; Хорни, Фром қағидаларында оны жеке тұлғаның адамды қоршаған ақиқаттылыққа жауластық реакциясы. Агрессияның, фрустрация, мазасыздану , депрессияда болу жағдайларымен  байланыстыратын  теориялар Маллер, Дуб, Доллард еңбектерінде кеңінен қарастырылған. Соңғы кезде жеткіншектер агрессиясының көпдеген аспектілері отандық ғалымдар Т. К. Күнсләмова, С. Б. Елубаев, Қ. А.  Айдарбеков, Т. М. Шалғынбаев зерттеулерінде орын алды. Олар жеткіншектердегі агрессиялық мінез-құлықты  өзіндік сана сезімдерді құрайтын негізгі мінез компоненттері  ретінде қарастырған.

Агрессивтіліктің сапалық және сандық сипаттамасы бар. Барлық қасиеттер сияқты ол әртүрлі деңгейлермен ерекшеленеді. Әрбір жеке тұлғаның белгілі бір деңгейде агрессивтілігі бар. Оның жоқтығы пассивтілікке, конформділікке және т.б. жеке тұлғаның өзіне  ыңғайсыз жағдайларға алып келеді. Агрессивтілік өздігінен  субъектіні саналы түрде қауіпті етпейді, өйткені ол бір жағынан саналы қауіпті агрессия актісі ретінде ешуақытта көрініс бермеуі мүмкін.

Агрессия өзінің  табиғатына байланысты басқа да мінез ауытқуларымен қатарласып жүреді. Әсіресе баланың агрессивті  мінез көрсетуіне мазасыздану, астеникалық жағдай, стерсс негіз болады. Сондықтан жеткіншектердің агрессивті мінез көрсеткіштерін Л.Д. Малкованың «Астеникалық жағдайды бағалау шкаласы» әдістемесі, «Агрессияны бағалау» тесті, агрессияның түрін анықтауға арналған Басса-Дарки тесті, мазасызданудың орын алуын И. Спилбергердің «Ситуативті мазасыздану шкаласы» әдістерімен зерттедік.

Агрессияны зерттеуге қолданылатын әдістемелердің бірі –Басса-Дарки сауалнамасы. Бұл әдістеме көмегімен агрессияның көрініс беру формасын диагнозтикалау нәтижесін бұдан бұрынғы мақалада көрсеткенбіз. Жеткіншектерді  зерттеу нәтижесінде мектеп оқушылары арасында вербальдық агрессия өте жоғары дамыған болып табылады. Ол әсіресе ұл  балаларға тән, дегенмен агрессияның бұл түрі қыздар арасында да сирек емес екен. Екінші орында өкпелегіштік пен негативизм көрсеткіштері орын алды. Жеткіншектерде күдіктенушілігінің жоғары болуы заңды нәрсе, ол үлкендік сезімнің орын алу және үлкендердің жеткіншектерге көзқарасындағы қайшылықтардан туатын проблема.

Келесі кезеңде «Агрессияны бағалау тесті» көмегімен зерттеу жүргіздік. Бұл әдістеменің мақсаты агрессияны, агрессивті мінез көрсету деңгейін анықтау және тұлғааралық қатынастағы адамның сыпайылық көрсетуге қабілеті , «қоян мен қасқыр» қатынасының орын алатындығын бағалау. Зерттелінген 21 жеткіншек жасындағы балалардың көрсеткіштерін тестті талдау ережесі бойынша анықталды.

Талдау екі кезеңде жүргізілді. Бірінші талдау жалпы жинаған баллдарымен анықталды. Зерттелінгендердің ішінде төрт бала 36-44 арасындағы балл жинады, олардың агрессиясы бір қалыпты, өзін қорғауға жетерлік деңгейде, өмірде табысты болуға өзіне сенімділігі мен  қабілетінің көрсеткіштігі жеткілікті деңгейде деп бағаланды. Сегіз зерттенуші баллдарды 45 және одан жоғары болды, талдау ережесі бойынша олардың агрессивтілігі нормадан артық. Көбінесе ұстамсыздық пен өзгелерге, ешқандай себепсіз, ерекше қаталдық көрсетеді. Өзінің алдына қойған мақсатына жету үшін қажетті әдіс-тәсілдерді өзі анықтайды. Отбасындағылар мен басқа қоршағандарға оның тигізетін әсерінің оң –терісімен есептеспеді. Сондықтан басқалар онша ұнатпайтынына өзі де таңырқамайды, ал егер реті келсе сол үшін оларды жазалайды.

Көрсеткіштер 35 және одан төмен болғандар саны тоғыз болды. Олар өз күші мен мүмкіндіктеріне сенімі төмен болғандықтан қоршағандармен тіл табысуға тырысады. Оларға батылырақ болу керек және өзіне деген сенімін  жоғарылатуға бар мүмкіндіктерін пайдалануы керек.

Екінші кезеңдегі талдау келесі көрсеткіштер бойынша бағаланады. Зерттелінгендердің ішінде 13 бала жеті және одан көп сұраққа 3 баллдан, сондай-ақ, жеті және одан аз сұраққа 1 баллдан жинады. Сондықтан олардың агрессивтілігі бір нәрсені жөндеуден гөрі талқандауға бейімірек болғанын көрсетті. Олар ойланбастан ұрыс-қағысқа баратын, өзінің тік мінезділігінен басқалардың агрессиясын тудыратын және шытырман жағдайларға алып келетін мінез көрсететін балаларға жатқызылды. Төрт бала жеті және одан көп сұраққа 1 баллдан, сондай-ақ, жеті және одан аз сұраққа 3 баллдан жинады. Бұл көрсеткіш өте тұйық мінезділіктің белгісі. Олардың агрессивтілігі өте төмен деңгейде дамыған, кейде өзін қорғауға да шамасы келместен, басқалардан қысым көріп жәбірленіп жүруі мүмкін. Қалған төрт баланың көрсеткіштері басқа варианттарда болды. Олардың агрессивтілігі нормада, өзін қорғауға жеткілікті және  сыйысымды мінез көрсетуге негіз болады, өзінің өмір сүретін ортасында басқалармен тіл табысып, тату-тәтті өмір сүруіне ешқандай кедергі жасамайтын деңгейде екені анықталды.

Л.Д.Малкова ұсынған «Астеникалық жағдайды бағалау шкаласы» әдістемесі астеникалық жағдайды сипаттайтын 30 тұжырымдамадан тұрады. Жауаптарды талдау арқылы адамды әлсірететін эмоционалдық жағдайға зерттелінушінің бөлінетіндігі және астенияның күші бағаланады.

Жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша төрт  балада астенияның белгісі жоқ (30-50 балл), тоғыз балада әлсіз астения кейде көрініс береді (51-75 балл) ал сегіз баланың астениялық жағдайда жүргені анық байқалды (76-100 балл).

Балалардың мазасыздануын бағалау үшін біз Кондаштың «Әлеуметтік – ситуациялық мазасыздану шкаласы» принципіне негізделіп жасалған            И. Спилбергердің «Ситуактивтік мазасыздану шкаласы» әдістемесін жүргіздік. Бұл шкала бойынша мазасызданудың негізгі көзі болып табылатын объектілерді анықтауға болады. Зерттеу барысында жиналған мәліметтер «Бағалау шкаласы» деп аталатын кестедегі ретпен талданды.

  Бағалау шкаласы

Мазасызданудың түрлері Тест тапсырмасының реттік саны
Мектептік 1 4 6 9 10 13 16 20 25 30
Өзіндік бағалау 3 5 12 14 19 22 23 27 28 29
Жеке адамаралық 2 7 8 11 15 17 18 27 24 26

Берілген шкала бойынша  мазасызданудың түрлері мектепшілік, өзіндік және адамаралық деген үш түрге бөліп бағаланады.Мектепшілік мазасыздану баланың мектептегі  мұғалімдермен және басқа оқушылармен қарым-қатынасының  қалыптаспағанымен байланысты көрініс береді, өзіндік сипаты баланың алдында тұрған проблемаларды шешудегі жетекші мотивациясымен байланысты, ал адамаралық – жалпы қарым – қатынас мәдениетінің қалыптасқандығына тәуелді болады. Олардың деңгейі келесі шкала бойынша бағаланады. Зерттеушінің жалпы жинаған баллдары әр шкала бойынша бөлек-бөлек және түгелдей үш шкаланың біреуі бойынша есептелінеді. Нәтижелері мазасызданудың түрлерін көрсетеді.

Мазасыздану түрлерін  анықтау нәтижесі

Мазасызданудың түрлері Балалар саны
1. Мектептік 16
2. Өзіндік бағалау 7
3. Жекеадамаралық 5
Жалпы зерттелінген балалар саны 21

Зерттелінген жеткіншектердің  жауаптарын талдау және ретке келтіру нәтижесінде олардың мазасыздану өмір сүретін орталарындағы статусына байлнысты екені анықталды және мұндай көрініс осы жас кезеңіндегі балалар үшін норма деп айтуға болады. Өйткені басқа сыныптарда жүргізілген зерттеулердің нәтижесі осы көрсеткішке жақын болады.

Оқушылардың мазасыздануын туғызатын себептердің ішіндегі жетекшісі  сынып ішіндегі қарым-қатынасқа,  ұялшақтыққа, өзіне және айналадағыларға деген бейадекватты қарым қатынасына келіп тіреледі. Бұл жағдайлар тереңдеп кетпес үшін, мазасыздану деңгейі жоғары болған оқушыларға көбірек көңіл бөліп, жеке әңгімелесу керек. Сонымен қатар, сынып ішінде, топтық іс шаралар кезінде көбірек араластырып, сабақты әр уақытта сұрап, сұрақтарды көбірек қойып, топтық әңгімелер, баланың жеке мәселесін ұмыттыруға негіз болатын жеке әңгімелерді жүргізу қажет.

И. Спилбергердің «Ситуативті мазасыздану шкаласы» бойынша мазасыздану деңгейін бағалауға болады. Ситуативті мазасыздану субъективті уайымдалатын эмоциялармен сипатталады, бұл стресті жағдайларға әсер ететін эмоционалды реакция болып, интенсивті жағынан әртүрлі уақыт жағынан динамикалы болуы мүмкін. И. Спилбергердің ситуативті мазасыздану шкаласы мазасыздану деңгейін дифференциалды өлшеуге мүмкіндік беретін бірден-бір әдіс болып табылатындықтан оны өңдеу кестесін қолдана отырып келесі көрсеткіштерді анықтадық.

Жеткіншектердің мазасыздану деңгейін анықтау нәтижесі

Ситуативті  мазасыздану деңгейі Зерттелінушілер саны
1 Жоғары 7
2 Орта 9
3 Төмен 2
4 Нормада 2

Зерттелінушілердің ситуативті мазасыздануы барлық көрсеткіштері бойынша жоғары болғандар 33 пайыз, жекелік мазасыздану көрсеткіші бойынша 51 пайыз болғанын көрсетті. Сонда кейбір оқушыларда ситуативті және жекелік мазасыздану қатар көрініс беретіндігі анықталды.

Мектеп оқушыларының ішіндегі жеткіншек жас кезеңіндегілердің агрессиясы және осы ерекшелікпен ұштасып келетін астеникалық жағдай, мазасыздану ерекшеліктерін зерттеу олардың жалпы жағдайын анықтап,  қиындық көріп жүрген балаларға психологиялық көмек көресту мақсатында жүргізілді. Зерттеудің келесі кезеңінде  жеткіншектердің жас ерекшелігін, жүргізілген психодиагнозтикалық жұмыстар нәтижесіне сүйене отырып балалардың ерекше мінез-құлық көрсетуінің негізгі себебі – оқушылардың өздері өмір сүретін ортасымен қарым-қатынас мәдениетінің қалыптаспағандығы, үлкендерге алаңдаушылық өзіне деген сенімінен басым келетіндігімен байланысты деген қорытынды жасадық.

Жеткіншек жасындағы балаларды әлеуметтік ортадағы қарым-қатынас ерекшеліктерін мекгертуге арналған көпдеген әдістемелер жасалған. Олардың көпшілігі мектеп психологиялық қызметіне сынып оқушыларының қарым-қатынасын нығайтуға, оқушының әлеуметтік статусын қалыптастыруға кеңінен пайдаланылады. Сондықтан мектеп жасындағы балалардың қарым-қатынас  мәдениетін бағалап, қажетті болған кезде коррекциялау, тәрбиелік мәні бар қосымша іс шаралар ұйымдастырдық.

Әдебиеттер тізімі

  1. Күнсләмова Т.К. Жеткіншектердегі өзіндік бағалау, өзіндік реттелу және агрессиялығының өзара байланысын зерттеу. Алматы, 2002.
  2. Шолпанқұлова  Г. К. Шужебаева А.И. Отбасы тәрбиесі жағдайында балалардың қарым-қатынасындағы қиындықтарын психологиялық-педагогикалық зерттеу. Алматы, 2004.
  3. Нұрмұхамбетова Т.Р Тәжірибелік психология. 1,2 кітап. Шымкент, 2006,2007.
  4. Берковиц Л.Изучение агрессивности подростков. М. 1989.
  5. Розенцвейг С. Изучение агрессивности. М.1989.

Резюме

В статье дан краткий анализ результатов диагностики проявления агрессии у подростков, причин, вызывающих агрессивное поведение, которые изучались   с помощью методики  А. Ассингера «Оценка агрессивности», методики Л.Д. Мальковой «Шкала астенического состояния»  и методики Спилбергера «Социально-ситуативной тревожности».

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ