Өзін-өзі оқытудың дәстүрлі әдістерінің мүмкіндіктері

0

«Өзін-өзі тану» сабағындағы дәріс — әңгімелесу студенттердің  ойлау қабілетін оятуды көздей отырып жүргізіледі. Диалог – студенттердің дәріс кезіндегі танымдық әрекетін белсендіре түсетін, ойлауына кең мүмкіндік беретін, оқытушы мен студенттердің ақиқатты бірлесе іздеуіне жол ашатын әңгімелесу түрі.

Диалогтік  дәрісте оқу материалына проблемалық сипат дарыту негізінде жүзеге асады. Оқытушы дәріс үстінде қомақты прблемалық сұрақ қойып, соның негізінде проблемалық жағдаят тудырады да, аудиторияны сол сұрақтың шешімін табуға жұмылдырады. Кейде, мұндай сұрақтар бойынша кейде дәріс жүріп жатқан сол сәтте-ақ студенттердің   өз пікірін  бірден айтуы талап етіледі, кейде бұл сұрақтың жауабын өзіндік жұмыстарды орындау барысында шешуге тапсырма ретінде беріп, оны кезекті семинар сабақтарында талқылауға қалдыруға болады.

Студенттердің дәріске қызығушылық білдіруі ұсынылатын материалдың тиімді және берік меңгерілуі, негізінен, оның дәйекті және дәлелді жеткізілуіне тікелей тәуелді болады. Дәріс ақыл айтудан, құрғақ баяндауға және ғибратты сарынға жол беруге болмайды. Ал аса маңызды да өмірлік қажеттілігі айқын мәселелерді көтере отырып, оған жан-жақты, терең дәлелдеу жетіспей жатса, онда мұндай дәрістің де әсерлілігі кемиді, тіпті студенттердің пәнге деген жағымсыз қатынасын туғызуы мүмкін.

Жеке тұлғаның ішкі дүниесіне жақындығымен ерекшеленетін «Өзін-өзі тану» пәнінде оқылатын дәрістердің айшықты болып, сезімталдыққа құрылуы үшін онда көркем әдебиеттің, өнердің хас туындыларынан үзінділер дұрыс іріктеліп алынуы талап етіледі. Әдеби материалдарының  дәріс мазмұнымен үйлесімді  қамтылуы нәтижесінде  студенттің ішкі жан дүниесін қозғауға, ойын тербеуге мүмкіндік молаяды. Әдеби  туындылар табиғи және әлеуметтік әлемнің маңызды сипаттарын ашады,  құбылыстар мен оқиғаларды өзіндік сипатқа шоғырландырады. Сәтті таңдалған әдеби кейіпкер суреттеліп отырған құбылысты жан-жақты, тереңірек ашуға ықпал етеді. Дәрісте мәні терең қанатты сөздерді, ұлағатты із қалдырған тарихи тұлғалардың ой-пікірлерін, сондай-ақ әзіл сөздерді, мақал-мәтелдерді де орынды қолданылып отырғаны абзал. Педагог ол материалдарды хрестоматиядан ала алады.

Студенттердің атақты ойшылдардың, жазушылар мен ақындардың туындыларынан, шығармаларынан алынған мәтіндермен жүргізілетін дербес жұмыстарының орны ерекше. Мұндай  сабақтарды жүргізуде оқытушылар руханилық, біртұтастық, дамытушылық, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына мүмкіндік туғызу, даралап оқыту  сияқты оқыту  қағидаларын жүзеге асыруына қажетті жағдай қалыптастыратыны  даусыз.

Студенттерге адамзаттық мәні зор мәселелерді эмоцияналдық-көркемдік бояуымен ұтымды етіп жеткізу үшін бейнелі салыстыруларды қолданып отырудың орны бөлек.  Өнер — ассоциациялардың қуатты тірегі. Өзін-өзі тану пәнінен дәріс беретін оқытушылардың көпшілігі дәрістерді көрнекілікпен қамтамасыз етудің қиындығын тілге тиек етіп жатады. Бүгінгі таңда дәрістерді жүргізу барысында оқытудың сәйкес техникалық құралдары: дербес жеке компьютерлердің, дыбыстық таспалардың, теледидардың, түрлі компьютерлік бағдарламалардың  кең қолданылып жатқанына куә болып жүрміз. Техникалық құралдарды пайдаланудың негізгі мақсаты – оқу процесінің әсерлілігін арттыру, пәнді оқыту сапасын көтеру. Оқытудың техникалық құралдарын қолдану үстінде студенттің есту мен көру қызметін белсендіру арқылы оқу материалының жақсы есте сақталуына ықпал етеді.

Кез келген дәрістің қорытындылауда оның логикалық түйіні болуы тиіс. Лектор дәрісте тек өзі ғана ой жинақтаумен шектелмей, студенттердің сұрақтарына да уақыт қалдыруы керек.

«Өзін-өзі тану» пәнінде семинар сабақтарын ұйымдастыру әдістемесі басқа да ізгілендіруші (гуманитарлық) пәндер бойынша жүргізілетін семинар сабақтарын дайындау мен өткізудің  әдістемесіне ұқсас келеді. Бұл оқу-тәрбие процесінің жалпы мақсатымен, заңдылықтарымен ұштасып жатады. Сонымен бірге  «Өзін-өзі тану» пәні бойынша семинар сабақтарын жүргізудің де өзіндік ерекшеліктері бар. Ол ең алдымен, бұл пәннің жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделіп  құрылуымен анықталады. Сондықтан да семинарлардың басты мақсатында студентке тек қана жаңа білім қорын беру көзделмейді, ең бастысы, студентті өз ортасы арқылы өзін-өзі бағалай білуге баулуға, шығармашылық ойлауға төселдіруге, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруге жоғары мән беріледі.

Семинар — ұжымдық жұмыстың өзгеше түрі, себебі оны дайындауда да, жүргізуде де оқытушы мен студент өзара жақын қарым- қатынаста болады. Білім алушының  басты міндеті талқылауға ұсынылған мәселенің мазмұнын меңгеру үшін өзгелермен пікір алмасуға  өз бетімен дайындық жүргізуі болып саналады.

Семинар сабағына дайындықтың нәтижелі болуы педагогтің тәжірибесі мен әдістемелік шеберлігіне тікелей байланысты. Әдетте, алдымен сабақтың мақсаты ойластырылады, көпшілік алдындағы  кіріспе сөздің тезисі, семинарда талқыланатын негізгі мәселелер анықталады, олардың қайнар көздері белгіленеді, басты сұрақтардың қысқаша мазмұны ашылады, сөз тақырыптары айқындалады, дайындық жүргізуге қажетті әдебиеттер ұсынылады, оқытушының қорытынды сөзінің тезисі дайындалады.

«Өзін-өзі тану» пәні бойынша семинар сабақтарын жүргізудің тәжірибесі көрсеткендей, қарастырылатын теориялық қағидаларды қызықты деректермен, мысалдармен, өмірлік мәні бар  қызықты оқиғалармен, ғылым мен өнер саласындағы соңғы  жетістіктермен сабақтастыру қажет. Семинар сабағында шығармашылық пікірталастар, қызықты ой тартыстарын  тудыра білген тиімді.

Пікірталас — оқу процесінің тиімділігін арттыратын, қойылған мәселенің шешімін бірлесе іздеудегі студенттердің белсенділігін күшейтетін әдіс. Ол студенттен даралықты, өзіндік ізденісті талап етеді, сонымен қатар, олардың әрқайсысының да өзіндік ой-пікірін айтуға деген мүдделілігін туғызады. Пікірталасқа қатысушылар белгіленген мәселе төңірегінде өз пікірлерін қорғауға ұмтылады, соның нәтижесінде студенттер бір – біріне логикалық тұжырымдары,  өзіндік көзқарастары арқылы әсер етеді, жаңа пікірлер қалыптасады, ой–өрістері кеңейеді. Пікірталас барысында студенттің өмір шындығын тереңдей тануына, оның өзіне беймәлім сырларын түсінуіне жол ашатын психологиялық ахуалды, эмоциялық көңіл–күйді басынан өткеруі нәтижесінде алған білімдерін өзінің жүрегінен, ақыл сүзгісінен өткізіп, өзіндік ой–пікірін өзгелермен ашық та еркін бөлісуіне қажетті алғышарттар жасалады.Мұнда студенттердің белсенділігі артады, олар танымдық әрекеттің субъектісіне айналады.

 Семинар кезінде  пікірталасқа қатысуға тілек білдірушілердің саны сабақтың мүмкіндігінен асып түсетін жәйттер де орын алуы мүмкін. Мұндайда кімге сөз беру керектігін оқытушының өзі анықтауына тура келеді. Оқытушы дұрыс шешім жасау үшін студенттердің білімі мен  дайындық деңгейін, белсенділігі мен  психологиялық ерекшеліктерін жақсы білуі қажет.

Семинарды тиімді жүргізу оның барынша ұтымды түрін таңдаумен де байланысты болмақ. Соңғы жылдардағы оқыту тәжірибелерінде семинар сабақтардың көптеген жаңа түрлері кеңінен қолданылуда.

Кеңейтілген семинар — әңгімеде алдын — ала мұқият ойластырылған нақты сұрақтарды айқындау арқылы өмірлік маңызды мәселелерді талқылауды ұйымдастыруға көп студенттерді тарта отырып, олардың пікірін, идеяларын жинақтап, жүйелеуге, әр түрлі пікірлерді өзара салыстыру  нәтижесінде жастардың өзіндік көзқарастарын еркін білдіруіне мүмкіндік беріледі. Семинардың аталмыш түрі студенттердің  бойында коммуникативті дағдылардың қалыптасуына септігін тигізеді. Семинар барысында оқытушының тапсырмасымен арнайы дайындалған жаңа кітаптар мен ғылыми мақалалардың түсініктемелерін тыңдатуға да  болады.

Дөңгелек үстел семинары – семинардың бұл  түрінде  маман-ғалымдар, өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, мемлекеттік ұйым мүшелері, және т.б. шақырылады. Ұжымдық жұмыс процесінде семинар жетекшісімен, оқытушымен бірге студенттер шақырылған мамандармен ақпарат алмасады, олармен пікір таластыруға, өз сөзін дәлелдеуге, айтылған ойларға талдау жасауға үйренеді. Мұндай семинарларға демократиялылық, мәселені белсенді талқылау сипаты, дербес шығармашылық ойлауға түрткі жасау, талқыланатын мәселелердің өмір тәжірибесімен байланыстыру тән.

«Шағын полемикалық топтардың» семинары бұл – семинар-диспут. Мұндай сабақтардың өн бойында  студенттердің алған білімдері мен қалыптасқан көзқарастарының негізінде ақиқатты іздеу, күрмеуі қиын мәселелердің шешімін  таба білу қабілеттері тексеріледі, күрделі тақырыптарда ой таластыру дағдыларына  төселеді. Ереже бойынша  талқылауға екі-үш сұрақ қойылады.Олардың бірі мәселенің мәнін ашып, өз ұсыныстарын білдіреді, ал екіншісі оларға қарсы дәйектер келтіріп, оппонент ретінде өз пікірлерін білдіреді, қалыптасқан жағдаяттан шығудың жолдарын ұсынады.

Жоғарыда қарастырылған семинар сабақтардың түрлерінің тиімді жақтарымен қатар осал тұстарының да болуы заңды. Сондықтан олардың түрін таңдағанда, әрине, олардың сол сабақтың тақырыбына, алдына қойған мақсатына сәйкес келуі, неғұрлым жоғары нәтижеге жетуге қолайлы болуы ескерілгені жөн. Оқытушы тек семинар түрін ғана емес, оны жүргізу әдістемесін де өзі таңдауға құқылы.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ