Тәрбие басы – тал бесік

0

         Халық ауыз әдебиетінің адам өміріндегі атқаратын маңызы зор. Соның ішінде – тұрмыс-салт жырларының орны ерекше.

        Тұрмыс-салт әуендерімен айтылатын бесік жыры бөбекті жұбату үшін және оған тілек айту үшін ғана шығарылған емес. Ең әуелі ырғағы бесіктің тербелісіне сәйкес келетін сабырлы екпінде айтылатын қоңыржай әуен бөбектің сезім мүшелері арқылы оған сүйкімді, сүйсінерлік әсер етіп, жан-жүйесін жадыратады, яғни ұнамды әсермен баланы жұбатады. Екіншіден, баланың келешегіне үміт артып, тілек айта отырып, оны жұбатушы ана болашақтың шам-шырағы мен нұрсәулесінен қуат алғандай әсерленеді. Үшіншіден, ата-ана жатқа айтқан тілектерді тілі шыққан балдырғандар да жаттап, әрі тілі дамиды, әрі сол сөздерден тәлім алады.

            Нәрестенің ана құрсағында түйсігі мен ішкі сезімдері жетіліп, жүрек тәрбиесін болмысына дарытса, өмірге келген нәрестеге ақыл тәрбиесі беріледі. Ақыл тәрбиесінің бастауы нәресте бөленген бесіктен, бесік жырынан бастау алады.

            Бесік – нағыз халық мұрасы, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы тұтынып келген киелі мүлкі. Бесіктегі нәрестесіне бесік жырын айту — әрбір анаға сын болған. Нәрестесі бөленген бесікті жыр ырғағымен тербелте отырып, бар пейілімен, жан-дүниесімен беріле керемет бір әуенмен бесік жырын айтқан жас ананы көру — әрбір қазақ отбасының  тілегі. Әр нәрсенің парқын зерделей білген ата-бабаларымыз «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деп ғибратты өсиет қалдырған [1.12]. Бесік жырының құдіреті — халық педагогикасындағы жүрек пен ақыл тәрбиесін үндестіруінде. Бесік айтылар небір асыл ойларды тек нәресте ғана қабылдап қоймайды, ананың жүрекжарды әуезді әнін сол маңайдағы бүкіл тіршілік иесі тыңдайды, олардың да сезімін оятып, ой салады. Бесік жырының мазмұнындағы ойлы шумақтар балалардың қиялына қанат бітіріп, ой-армандарын ұштайды, шабыт тудырады. Бесік жырының айтылу әуені, ондағы ой, тілек баланың жас мөлшеріне қарай түрленіп отырады. Бесік жырында айтылар ой, тілек, ықылас, мейірім – сәбидің ұл не қыз екендігіне сай таңдалады. Мұның өзі халықтың перзент тәліміне аса талғаммен көңіл бөліп, ұлттық болмысты ескергендігінің айғағы.

       Бесік жырының танымдық қасиеттеріне тоқталсақ:

       Біріншіден,есту түйсігінің қалыпты, әрі тез жетілуіне, сан түрлі әуен сазы сезімталдығына  тікелей әсер етеді, бұл құбылыс үнемі қайталана бергендіктен, оған бүкіл жүйкесі бейімделеді, кейін баланың сөйлеу мәнерінде ізі қалуы да ғажап емес. Бұл түйін саналы әрекетке көшуімен сипатталады.

      Екіншіден,нәрестенің дер шағында жұлын жүйесі мен миы дұрыс жетіледі. Бірте-бірте бала зердесі қалыптасады, жырда айтылатын ұлттық ұғымдарды түйсініп, бойына дарыта береді.

       Үшіншіден, бесік жырының мазмұны, айтылуы, әуені жылдар бойы ауыздан-ауызға көшіп, ұрпақтарға жетіп, заман ағымына қарай өзгеріске ұшырап отырады.

       Төртіншіден, бесік қолтықтаған ана ғана жүрекжарды сезімі мен тілегін, үмітін, аналық сезімін тағылым құралына айналдырады.

       Қазақ халқы «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп өзінен кейін ұрпақ жалғастығына аса мән берген. Ал, дүниеге жас сәби келсе қуанышты хабарды тез жеткізу үшін атқа мініп, түзде жүрген атасынан немесе әкесінен сүйінші сұраған. Бұл қуаныш балаға азан шақырып, ат қоюмен жалғасқан. Жас сәбиді бесікке бөлеу гигиеналық жағынан да бала тәрбиесіне қолайлы, бала жылы, әрі құрғақ жатады.

        Бесік жырларын мазмұнына қарай: шілдехана жыры, бесікке бөлеу жыры, жұбату және тілек айту деп топтауға болады [2.6]

       Шілдехана жыры құтты болсын айту, бата беру рәсімінде айтылады:

                                       Баланың бауы берік болсын,

                                       Өскен сайын өрлесін,

                                       Еш жамандық көрмесін.

                                       Өзі жарық күн болсын,

                                       Жасы ұзақ, мың болсын !

       Бесікке бөлеу жыры нәрестені бесікке салғанда, қуаныш тілек ретінде, көбінесе көңілді, әуезді әуенімен айтылады:

                                        Мойнымдағы маржаным,

                                        Қорадағы мал-жаным,

                                        Бесігіңе жата ғой,

                                        Тәтті ұйқыға бата ғой

                                        …         болсын есімің

                                        Құтты болсын бесігің.

         Жұбату жырлары әсерлі, әуезді әуенмен айтылады:

  • Бөпем менің қайда екен ?
  • Қыздарменен тауда екен.
  • Тауда неғып жүр екен?
  • Алма теріп жүр екен.
  • Алмасынан кәнеки ?
  • Жаңа теріп жүр екен.
  • Жаңасынан кәнеки?
  • Қабы толмай жүр екен [3].

        Балғын бөбек бесік жырының жанға жайлы әуезді әуеніне жұбанып, рақатқа бөленеді. Мұның психологиялық, медициналық мәні де зор. Әуен бөбек жанына дем береді.

        Бесік жыры көбінесе тілек айту мәніне құрылады да, жыр айтушы бөбектің келешегіне сенім артып, қуанышқа бөленеді. Үміт тілек:

  • Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып

Ұста болар ма екенсің?!

Таңдайларың тақылдап,

Сөзіңді жұрт мақұлдап,

Шешен болар ма екенсің?!

   Бата тілек (сенім арту):

                                       Ала биең құлындап,

                                       Алатауға сыймасын!

                                       Қара биең құлындап,

                                       Қара тауға сыймасын…

                                       Ақылыңмен батыл бол.

                                       Ағайынмен тату бол.

                                       Бағаналы  таудай бол,

                                       Жағалалы көлдей бол!

      Халық педагогикасының бұл саласы ғасырлар бойы бала тәрбиесіне өз өрнектерімен әсер етіп, қазіргі көркем әдебиет нұсқаларымен дамып келеді.

Қазіргі бесік жырлары бұрынғы жырларға жаңа ырғақ, жаңаша тілектер қосты. Олар ақындар шығармасында дамыған. Бөбектің өскенде жұмысшы, шебер, ұста болуын тілеу:

                                       Отқа темір қайнатқан,

                                       Пұт балғаны ойнатқан,

                                       Нанша илейтін темірді,

                                       Ұста болар ма екенсің.

                                                         ( Сәкен Сейфуллин ).

   Бөбектің өскенде ғалым болуын армандау:

                                       Бол-бол бөбек, бол бөбек,

                                       Бөгелмей білім біл, бөбек…

                                            Елге есті ер керек,

                                       Ержет, есей ертерек!

                                                       ( Ілияс Жансүгіроов)

   Бөбектің қорғаушысы бар екенін қуаныш тұту:

                                       Ұйықта, бөбек-жас қазақ,

                                       Бесігің балғын толған нұр,

                                       Көзіңді жұм, деміңді ал,

                                       Күзетте Қызыл әскер тұр.

                                                         ( Жамбыл Жабаев ).

   Бөбектің еңбекшіл болып өсуін тілеу:

                                     Ұйқышының үлесі аз,

                                     Осы бастан біліп қой.

                                     Өмір сүйген тыншымас,

                                     Еңбек – нағыз қызық той,

                                     Әлди, әлди, бөбегім,

                                     Әлдилесін өлеңім.

                                                     (Мұзафар Әлімбаев)

     Бөбектің ұлы Отанда өмір сүргенін мақтан тұту:

                                     Әлди, әлди, балапан,

                                     Тербетеді жан атаң.

                                     Аялайды алақан,

                                     Аялайды Ана –Отан.

                                                      (Әбдірахман Асылбеков)

      Бөбектің асыл азамат болып өсуі үшін тыныштық болуын тілеу:

                                     Қандай ғана анадан туады адам,

                                     Сәбилердің ұйқысын қуалаған?!

                                     О, тыныштық! Тыныштық қандай рақат,

                                     Қандай рақат сәбилер жыламаған.

                                                      (Мұқағали Мақатаев)

             Қорыта айтсақ, бесік жырының отбасындағы тәрбиелік мәні зор, ол болашақ әулеттің қамқорлық, борыштық, дәстүрлік, рәсімдік қасиеттерін де қалыптастыруға себін тигізеді. Өйткені бесік жырымен сусындаған әрбір ұрпағымыз келешекте өнегелі, мейірімді болатыны сөзсіз. Сондай-ақ  «ел боламын десең, алдымен бесігіңді түзе» демекші, бүгінгі жас ұрпақ келешекте еліміздің біртуар азаматтары болып өссін десек, тәрбиені бесіктен бастауымыз қажет-ақ. Еліміздің келешегі болған осы бөбектер жақсы қасиеттерді бесіктен бойға дарытып,  жақсылыққа, ізгілікке, ұлтжандылыққа құштар боп өсе  берсін !

Әдебиеттер:

  1. Табылдиев Ә. Халық тағылымы. Алматы, 1992, 197 б
  2. Кенжеахметұлы С. Ұлттық әдет-ғұрыптың беймәлім 220 түрі.

Алматы, 1998,256 б

  1. Тілашар. Жалын баспасы., 1989

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ