Кіші мектеп жасындағы оқушыларға құлықтық тәрбие беру мәселелері

0

Еліміздің қоғамдық – экономикалық өміріне нарықтық қатынастардың енуіне байланысты өзгеріске түскен саяси, экономикалық,   әлеуметтік – мәдени, рухани жағдайлар жас ұрпақ тәрбиесінің проблемаларын  жаңаша ойластыруды талап етуде. Экономикалық жағдайдың күрделілігіне қарамастан жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруді әлемдік деңгейге көтеру, оларды жалпы орта білім алуға  түгел қамтуға басты назар аудару жолында жасалынып жатқан батыл қадамдар болашағымыздың жарқын, ұрпағымыздың білімді азамат болуының алғы шарты. Демек, оқушыларға әлемдік деңгейде, өркениетті негізде білім, тәрбие беру ғаламдық мәні бар проблемаға айналып отыр. Сондықтан еліміздің даму стратегиясына сай олардың рухани байлығын одан әрі жетілдіруде мінез – құлық тәрбиесіне ерекше мән берілуде.

      Бүгінгі таңда жастарды  биік адамгершілік, әдептілік пен имандылыққа,

ұл мен қыз арасында дұрыс қарым – қатынас орнауына ерте бастан баулу- тәрбиешілердің бірден бір міндеті болып отыр.

     Қазіргі кездегі саяси және экономикалық жағдайдың тұрақтылығы мен шиеленісуі,  тұрмыстағы күйзеліс, адамгершілік құндылықтардың кемуі, білімге, адал еңбекке деген ұмтылудың азаюы, зорлық – зомбылық пен қатыгездіктің белең алуы, жеке адамның қоғамнан ұлттық және мәдени дәстүрлерден өзін шектеу жас ұрпаққа теріс ықпалын тигізуде.

     Сондықтан Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті- ұлттық және жалпы адамзаттық қазыналар, ғылым мен практиканың жетістіктері негізінде  жеке адамды қалыптастыру және дамыту үшін қажетті жағдайлар  жасалуы қажет    деп көрсетілген.

     Осыған орай Қазақстанда құрылып жатқан қоғамның жоғары құндылығы “адам” деп танылып, заң жүзінде жарияланып отырған кезеңде халықтық педагогиканың мұраларын жеке адам тәрбиесіне пайдалануға зор мән берілген.

      Біздің міндетіміз – жаңа  адамгершілік құндылықтарды орнықтыру болып отыр. Міне, мұның осындай өзекті мәселе екенін шын мағынасында ғалымдар мынандай шығармаларында дәлелдеген. Ежелден Әл – Фараби, Шоқан, Абай, Ыбырай сынды шығыстың ұлы философтары мен ойшылдарын  адам және оның тәрбиесі қатты толғандырған.

     Мәселен, Әл – Фараби “тәрбиелеу”  деген ұғымға, халықтар бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерді дарыту деп анықтама берді.

     Ал, Абай өзінің барлық ақыл – ой, санасы, көзқарасы, пікірімен тәрбиенің өте зор құдіретті күш екенін философиялық, психологиялық, педагогикалық тұрғыдан дәлелдеген.

      Ы.Алтынсарин  — өзі өмір сүрген саяси, әлеуметтік, тарихи дәуір туғызған көкейкесті мәселе – халықтың ой – санасын ояту, адамгершілік құндылықтарды адам бойына дарыта отырып тәрбиелеу ісімен шұғылданады.

      XIX ғасырдың    II  жартысында  XX ғасырдың басында өмір сүрген халқымыздың ұлы қайраткерлері  А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, О.Қалиев, Б.Күлеев, Ш.Бөкеев, С.Торайғыров, М. Сералин, Х.Досмұхамедов т.б. туған халқының мәдениеті, әдет – ғұрпы, салт – санасына байланысты тәлім – тәрбиелік озық ой – пікірлер қалдырған.

    Сонымен қатар педагогика ғылымының дамуында П.П. Белинский, Л.И.Божович, А.С.Выготский, А.С.Макаренко т.б. іргелі зерттеулерінде құлықтық тәрбие айрықшы орын алады.

     Білім беретін мектептерде бастауыш сынып оқушыларына құлықтық тәрбие беру проблемасын зерттеуде Ш.А. Амонашвили, Р.М.Қоянбаев, А.К.Меңжанова, С.Р.Рахметов, Ә.С. Сыдықов, т.б. қомақты үлес қосты.

    Бастауыш мектеп — білім берудің алғашқы буыны. Жанұядан, бала — бақшадан алып келген, білген мәліметтерін, алғашқы адамгершілік әліппесін бала бастауыш сыныптағы жүйелі жүргізілген педагогикалық процесс барысында жалғастырады. Осыған орай бастауыш сыныптарда оқушылардың құлықтық тәрбиесінің жүйесін құрастыру өзекті мәселе болып отыр.

     Қазір тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлер шақ туды. Әрине, бала тәрбиесі қай кездеде назардан тыс қалып көрген емес. Бірақ, бүгінгідей аласапыран заманда иісі адам баласын адамгершілік тәрбиесіне баулу- өте – мөте маңызды мәселе болмақ.

     Біз жас ұрпақты қазақ халқының  ұлттық педагогикасы  негізінде тәрбиелеуіміз керек.

    Өкінішке орай, тәртіп  пен мінез- құлыққа байланысты бекітілген салт- дәстүрлерді біздің азаматтарымыздың бәрі бірдей меңгерген жоқ. Жас ұрпақ тәрбиесін ұлттық әдет – ғұрыптар мен дәстүрлер негізінде құру қажеттігі осыдан туындап отыр.

    Өскелең ұрпақты өмірге және еңбекке даярлау үшін халқымыздың тарихи тәжірибесіне сүйеніп, мұғалім оқушылардың іскерлігін, дағдысын, құлықтық қасиеттерін қалыптастыруға  тырысады: ізгі ниеттілік, адалдық, әділдік, қарапайымдылық , кішіпейілділік, ілтипаттылық, орындағыштық, жауапкершілік т.б.

      Ата- аналар балаларын жақсы мінез – құлыққа саналы түрде тәрбиелей отырып, адамгершілік қасиеттерді қалыптасқан дағдыға, әдетке айналдырады,   олардың  бойына сіңіреді. Бала бойына жақсы мінез- қылықтарды сіңіруде ата- ананың, отбасындағы   үлкендердің  жеке басының үлгі- өнегесі ерекше роль атқарады. Бала осыған оларға қарап еліктеп өседі. Кейбір ата- ананың балаға айтар өсиеті мен күнделікті тіршіліктегі іс — әрекеті, мінез – құлығы сай келе бермейді. Балаға өтірік айтпа, ұрлық істеме, “біреудің ала жібін аттама”, “кісіге қиянат жасама” дей отырып, ата – ана немесе отбасының өзге мүшелерінің өзі  осы қылықтармен айналысса, бала тәрбиесіне теріс әсер етері сөзсіз. Баланы жақсы адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеуде өскен ортаның, құрбы- құрдастың, тәрбиелі адаммен жолдас болудың әсері күшті екенін халқымыз ежелден бағалай білген. Оған “жақсымен жолдас болса”- жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң- қаларсың ұятқа, “Жақсының жақсы болмағы- жолдасыңнан”, “Жаман дос жолдасын жауға қалдырады” деген халық мақалдары дәлел. “Ат айналып, қазығын табады” демей ме атам қазақ, біз де мақаламызға адамгершілікті өзек етіп ұлттық салт- дәстүрімізді алтын арқау етіп алдық.

       Осы тұста адамгершілік қасиет иесі бүкіл адам баласына бірдей тән нәрсе, оған ұлттық салт – дәстүрдің қандай қатысы бар деп дау айтуы мүмкін. Әлбетте, адамгершілік адам атаулыға ортақ қасиет болғанымен, ол ұлттық салт – сана мен халықтық дәстүрлердің қазанында қайнап сіңбесе, жұғымсыз тәрбие болып шығуы анық. Себебі, әр халықтың өзгеге он қайнаса да  сорпасы қосылмайтын, өзіне ғана тән, өзіне ғана тиесілі табиғаты бар. Біз тәрбиенің қай- қайсы саласында болмасын осыны  жадымызда сақтағанымыз абзал.

       Міне, осы тағылым сөздердің мән – мағынасын түсінуді келешек ұрпақ тәрбиесінде пайдалана отырып, оны негізгі ереже айналдыру керек. Бұдан шығатын қорытынды- ата – бабалардың педагогикалық ойларын ереже етінде пайдалану – халықтың салт – дәстүрлерін дәріптеудің негізгі бір тәсілі.

Әдебиеттер

            1.ҚР “Білім туралы” заңы. Астана,2007

Резюме

             В статье речь идет об этическом воспитании  младших школьников.

Summary

            This  article about epithic education younger schools.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ