Бейнелеу өнері сабағында көне мұраларды оқыту арқылы оқушыларға тәрбие беру

0

Қазақстан Республикасының жалпы бiлiм беретiн мектептерi тұжырым­дама­сында: «Жалпы бiлiм беретiн мектептiң мақсаты – жас ұрпақты ұлттық игiлiктер мен адамзат мәдени мұрасының сабақтастығын сақтай отырып, тәрбиелеу және әрбiр шәкiрттi тұлға деп санау, оның жан-жақты дамуына мүмкiншiлiк жасау» – деп көрсеткен [1].

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы өсіп келе жатқан жеткіншек ұрпақтың мәдени өрісін көтеру, сұлулықты қабылдау қабілетін қалыптастыру арқылы төл мәдениеттің белсенді жасаушысы, иесі, жалғастырушысы болуына зор мән берілуде. Сонымен қатар оқушылардың өз елінің, халқының, соның ішінде өзі мекен ететін аймақтың мәдениетіне, дәстүрлеріне деген сезімдік-эстетикалық қарым-қатынасын қалыптастыру – бейнелеу өнері, технология пәндерінің негізгі міндеттері болып отыр [2].

         Еліміздің ұлан — ғайыр  даласы тарихи ескерткіштерге тұнып тұр. Егемендік алғанға дейін де барды танытып, барынша аян етуге талай талпыну болғанын білеміз. Еліміз қазір бүкіл әлемге танылды. Егемен еліміздің саяси — әлеуметтік тәуелсіздігін баянды етудің тегеуірінді бір кепілі мәдени – рухани жаңғыру.

Білім берудің басты стратегияларының бірі жақсы білім беру дәстүрін сақтау, мектеп және жоғарғы оқу орын түлектерін халықаралық дәрежеде сапалы бағалануы үшін әр Қазақстан Республикасының азаматы тарих тереңінде жатқан туған халқымыздың өткен өмірін, кешкен ғымырының кемел болмысын айшықтай білу керек. Туған жеріміздің тарихын, еліміздің маңызды тарихи –мәдени және сәулет ескерткіштерін білуі тиіс.

  Қазақ  даласында тұнып тұрған тұмарлы жәдігерлен біз үшін ең сенімді және көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын «тарих» оқулығы. Ал Қазақстан Республикасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы сол «оқулықты» тағы бір парақтауға мүмкіндік жасады.

Дәстүрлі мәдениетті жаңарту, өз халқының тарихи тәжірибесіне жүгіну – бұл өзі тәуелсіздігіне ие болған елдің өмірінен орын алатын заңды құбылыс.

      Тарихи дамуда кез келген халық өзінің мәдениетіне сүйенеді, өзінің кезеңдеріне сын көзбен қарайды, ұлттық мұраларға назар аударады. Арқа өңірінің өзіндік белгісінің бірі-осы кең далада орналасқан тарихи жәдігерліктермен көзге түседі. Сол ескерткіштердің бірі сәулеткерлік ескерткіштер [3].

Қазір, Қазақстанда 25 мыңға жуық тарихи ескерткіштер бар. Олардың бәрі мемлекеттің қорғауына алынған. Мәселен Қожа Ахмет Иассауи кесенесі 2003 жылдың 5 шілдесінде ЮНЕСКО-нің Бүкіләлемдік мұра тізіміне тіркелді. Осындай тарихи ескерткіштерді бейнелеу өнері сабағында оқыту арқылы оқушыларға ұлттық тәрбие берудің маңызы зор.

Бейнелеу өнері сабағында тарихи-мәдени ескерткіштерге байланысты тапсырма алған оқушылар өз бетінше ізденіс жұмыстарын жүргізеді. Мұндай істе оқушы мынадай жұмыстарды атқарады:

  1. Басылымдар мен кітаптардағы деректерді жүйелеп жинастырады.
  2. Өздігінен жұмыс істеу қабілеті ұшталады, сенімі күшейеді.
  3. Қызығушылығы оянады, белсенділігі артады.
  4. Жауапкершілігі күшейеді.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді бейнелеу өнері сабағында тиімді пайдаланған оқушы мынадай мәселелерді біледі:

  1. Тарихи ескерткіштердің қай кезеңге, қакндай тұлғаға арналып тұрғызылғанын біледі.
  2. Тарихи ескерткіштің салыну әдісіне көңіл бөледі.
  3. Тарихи тұлғаның еңбегін зерделейді.

        Осының барлығы оқушылардың тарихи танымын қалыптастырып, оларға ұлттық тәрбие беруде маңызды орын алады.

        Мектеп мұғалімдерінің ең үлкен міндеттерінің бірі – «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес таным мен рухты ұрпақтар санасына құя білу. Бұл жұмыс әрине жүйелі түрде жасалуы тиіс. Тарихи кесенелер тарихын, сәулет өнерінің сырларына жетелеу арқылы бала көкірегін имандылық нұрымен сәулелендіреміз. Оқушылар мұражайда және тарихи орындарда алған әсерлерін күнделіке түсіріп отырады. Сондай-ақ түрлі басылымдардан осы ескеркіштер жайында материалдар жинайды.

         «Мәдени мұра» бағыты бойынша тарихи ескерткіштердің оқушыларға тәрбие берудегі орны:

  1. Ежелгі тарихи ескерткіштерді, киелі орындарды білу арқылы оқушыларда тарихи таным қалыптасады. Тарнихи танымға — өз ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ән мен күйін, елге қасиетті тұлғаларды, дала аңыздарын білу жатады.
  2. Тарихи таным оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейді.
  3. Қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштерді білу оның тұрғызылуы себебін және тұрғызған адамдарды білу оқушыларға өз халқымен өз Отанымен мақтануға және биік рухта тәрбиеленуге көмектеседі [4].

            Халықтың рухани мәдени байлықтарын қалпына келтіре отырып ұлттық байлыққа ұмтылдыруға ізгілікті еңбек етуіміз керек. Тарихи мұраларды түгелдеуде мемлекет тұтастығының символына айналдыру бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Жаңа дәуір тынысын сезінуде ұлттық құндылықтарға ерекше мән беру басты мақсатымыз. Ата-бабаларымыздың тарихқа қалдырған мәдени мұраларының тамырына үңілу, танылған дүниелерімізді толықтыру, көмілген қазыналарды ашып алу біздің міндетіміз. Ұлттық құндылықтар жер астындағы қазбалармен шектелмейді, өнер туындыларымен өрбуі тиіс. Мұра дегеніміз – тек тарихи ескерткіштердің жиынтығы емес, өміршең өміріміздің жемісі. Рухани байлық жер көкірегінде емес, ел көкірегінде сақталуы тиіс.

           Мектеп бағдарламасында еліміздің тарихи ескерткіштеріне байланысты тақырыптар, сабақтар жоқ. «Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады» демекші, әр азамат өз жерінің тарихын, ескерткішін, әр тасын жеріндегі білуі парыз. Ал осының бәрін ол мектеп қабырғасынан біліп шығуы керек. Бұнын бәрі бүгінімізге қажет, ертеңімізге керек. Өйткені қазіргі жастар, мектеп бүлдіршіндері еліміздің болашағы. Біз өткенді, барды білмей жарқын болашаққа қадам жасай алмаймыз [5].

  Резюме

           В статье рассматриваются вопросы воспитания к гуманности, патріотизму посредством национальных цінностей, а также затронуты вопросы использования передовой практики обучения на уроках изобразительного искусства наряду с другими школьными предметами.                                                 

                                                          Summary

It was discussed the problems of bringing up pupils to humanity, patriotism by national riches and to use the teaching of high experience in hating lessons in the articles at secondary schools.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылғы бiлiмдi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы, Казахстанская правда 16 октября 2004 г. 2т. 1б.
  2. Мухажанов Б. Тарихи ескерткіштерді бейнелеу өнері сабағында оқыту арқылы жастарға тәрбие беру. Астана, 2010.
  3. Жүнісбек С. Тарихи ескерткіштердің патриоттық тәрбие берудегі маңызы. Астана, 2010.
  4. Қожанова А. Сурет сабағында тариихи ескерткіштерді сабақтан тыс уақытта ұйымдастыру.//    Бейнелеу өнері және сызу//. Алматы, 2005.
  5. Қ.К. Болатбаев. Мәдени мұраның мамандық даярлаудағы маңызы. Астана, 2010.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ