Қазақстан тарихы сабақтарында көрнекі құралдарды пайдаланудың кейбір мәселелері.

0

Тарих, оның ішінде Қазақстан тарихы сабақтарында көрнекі құралдарды пайдаланудың маңызы зор екендігі белгілі. Тарих сабағында материал тек ауызша түсіндіріліп қана қоймай, ол түрлі көрнекі құралдардың (түрлі суреттер, схемалық карталар, схемалық пландар, кесте, диаграмма, сызба т.б.) көмегімен нақты көрсетіліп жатса, шәкірттер олармен тығыз жұмыс істеп жатса, ол сабақты оқушылар ұмытпайды, ұзақ уақыт есте сақтайды, олардың тарих пәніне деген қызығушылығы, байқағыштығы артады, олардың тарихи білімді жүйелі түрде қабылдап, тарихи санасының қалыптасуына айтарлықтай ықпал етеді. Көрнекіліктің маңызы туралы көрнекті педагог К.Д. Ушинский: «Тікелей көру арқылы қабылданған образдар ғана ерекше тиянақтылықпен есімізде сақталады және мұндай көз қанған картинаға біз тіптен жалпы идеяларды оп-оңай және тиянақты етіп байланыстыра қоямыз, мұнсыз олар тез-ақ ұмытылып қалған болар еді » — дейді [1].

Тарихты оқыту әдістемесінде сабақта пайдаланатын көрнекі құралдар негізінен үш топқа бөлінеді. Олар: заттай ескерткіштер, түрлі суреттер және географиялық, графикалық шартты құралдар. [2]. Алғашқы екеуіне қатысты қазіргі таңда түрлі –түсті иллюстрациялармен безендірілген кітаптар, түрлі –түсті суреттер, жеке тұлғалар дың портреттері шығып жатыр және алдағы уақытта да шыға беретіндігі анық. Мысалы, Қазақстан балалар энциклопедиясынан, «Тарих ата» айдарымен «Ежелгі Қазақстан Арийлер, Сақтар, Ғұндар, Түркілер». (Алматы, «Аруна» баспасы, 2002), «Қазақ хандығы. І бөлім. Алтын орда. X-XV ғ.ғ.» (Алматы, «Аруна», 2004) және «Шығыстың ұлылары» айдарымен тарихымызда өткен ұлы тұлғалар жайлы т.б. көз жауын алатын  түрлі-түсті суреттермен безендірген кітап шықты. Оны Алматыдан 2006-2007 жылдары  шыққан 4 томдық «Көркемсуретті Қазақстан тарихы» атты жинақ тағы да толықтыра түсті. Міне осы түрлі-түсті иллюстрацияларды сабағымызда үзбей қолданып жүрсек, оқушылардың қызығушылығы артып, сабақтың тартымдылығы, мән, маңызы ашыла түспек. Алайда біздің негізгі айтарымыз көрнекі құралдардың үшінші тобына, яғни географиялық, графикалық шартты құралдарға байланысты. Оған жататындар – карталар, схемалық карталар, схемалық пландар, таблицалар, диаграммалар, сызбалар т.б. Осылардың ішіндегі қазіргі таңда Отан тарихын оқытуда әлі де ақсап жатқан, қолға алынбай, елеп-ескерілмей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі — схемалық карталар мен схемалық пландар, олардың жинағын шығару мәселесі.

Схемалық тақырыптық карталар, біріншіден, мектептегі Қазақстан тарихы оқулықтарында, тіпті академиялық басылымдардың өзінде өте аз; Екіншіден, кейбір карталар тым ұсақ, жалпылама, екі –үш, кейде одан да көп ғасырды, әр кезеңдегі бірнеше мемлекеттерді, оқиғаларды қамтиды. Кейбір оқушылар оны онша айыра алмайды, түсінбейді; Үшіншіден, онда белгілі бір тайпаның тараған шегі немесе мемлекеттердің нақты аумағы мен шекаралары көрсетілмеген, кейде әр мемлекет, тайпа әртүрлі түске боялып көрсетілмеген. Тіпті олардың бірінің үстіне бірі бастырылып жазылғандары да бар. Сондықтан ол оқушыларды онша қызықтырмайды, көңілін аудартпайды. Тіпті оған кейде мұғалімдер де көңіл  аудармай кетіп жатады. Төртіншіден, картадағы тарихи қозғалыс — оқиғалар (тайпалардың қоныс аударуы, жорық бағыттары, шайқас болған жерлер т.б.) тым аз. Ал, схемалық пландарға келсек, олар Қазақстан тарихы оқулықтарында, оқу құралдарында тіпті атымен жоқ.

Сондықтан қазіргі кезде тарихшы –ұстаздар сақтардың, үйсін, қаңлы, ғұндардың, Ұлы түрік қағанатынан қыпшақтарға дейінгі көптеген түркі мелекеттерінің немесе монғол шапқыншылығы мен одан кейінгі кезеңдегі мемлекеттердің т.б. тарихын қазіргі Қазақстан Республикасының әкімшілік – саяси картасымен өтіп жүр. Бұл бүгінгі таңдағы әдістемелік талапқа қаншылықты сай келеді? Біздіңше жоқ. Ал ұлтымыздың ұйытқысы болып отырған ауылды жерлерде оның  өзі тапшы екенін көріп жүрміз. Жыл сайын бірнеше мыңдаған түлектер мектепті Отан тарихынан толыққанды картасыз білім алып бітіріп жатыр. Оның нәтижесі белгілі: мектепте тарихты картасыз оқып бітірген оқушы ертең студент болғанда да өзінің оқыған білімін, ой – пайымын картадан көрсете баяндап жеткізе алмайды, тарихи кеңістікті, ондағы түрлі тарихи қозғалыстарды толық түйсініп сезінуіне кедергі жасайды. Бұл – тұтас тарихи картинаны, тарихи процесті толық көз алдына әкеліп сезініп, түсіне алмайды деген сөз. Ол студент ертең мұғалім болғанда да өзі сияқты шәкірт дайындайды. Сондықтан, оқыту жүйесі жоғары дамыған көрші Ресей еліндегідей бізде де Отан тарихынан толыққанды схемалық карталар мен схемалық пландар жинағын шығару — кезек күттірмейтін мәселелердің бірі.

Схемалық карталар немесе карта- схемалар тақырыптық карталардың бір түрі болып табылады. Мұндай карталарда көптеген шым – шытырық белгілер болмайды, негізінен белгілі бір құбылыс пен оқиғаға қатысты белгілер, шекаралар ғана көрсетіледі. [3]. Схемалық тақырыптық карталар — әр дәуірдегі тарихтың үш категориясын (тарихи уақыт, тарихи кеңістік, тарихи қозғалыс ) көз алдымызға нақты әкеліп, дәл көрсететін дәуір айнасы. Кез –келген тарихи оқиғаның, құбылыстың немесе тайпа, мемлекеттің белгілі бір тарихи кеңістігі болады. Демек, онсыз сабақ өту – бейнелеп айтсақ, босқа ауа қармағанмен немесе қасықсыз тамақ ішкенмен бірдей.

Біздің ойымызша, Қазақстан тарихының негізгі сабақтарының бәрінде дерлік, шығармашылықпен ізденіп жұмыс істеген жағдайда схемалық карталар жасауға болады және оны үлкен етіп, плакатқа сызып қолдануымыз қажет. Ол жасаған схемалық картамыз шәкірттерге түсінікті, ұғынықты, анық және тартымды болуы тиіс. Ол үшін, мысалы, мемлекеттердің саяси (оңтүстігінде, солтүстігінде, шығысында, батысында қандай мемлекеттермен шектесетінін ) және географиялық (қандай өзен, тау, көл т.б. шектесетінін және ол мемлекеттің ішінде қандай өзен, көл, таулардың бар екендігін) орналасуын анық, дәл етіп, түрлі түсті бояулармен картаға түсіруіміз  қажет.

Әрбір мемлекетті әр түсті бояумен бояп көрсетуіміз керек. Оның үстіне негізгі тарихи оқиғаларды, құбылыстарды әр түрлі шартты белгілермен (стрелка, айқасқан қылыш, дата, түрлі сызықшалар т.б.) анық, дәл көрсетіп түсіруіміз керек. (1,2, 3 – схемалық карталар)

Мұндай схемалық карталарды Қазақстан тарихының көптеген сабақтарында: Қазақстан жеріндегі тас дәуірі ескерткіштерін, қола дәуіріндегі Андрон мәдениеті, оның ескеркіштерін, Арийлер елі, Қазақстан жеріндегі сақ тайпаларының  орналасуын, олардың тәуелсіздік жолындағы күрестерін және мәдениетін өткенде, Үйсіндер, Қаңлылар, Сарматтар және Ғұндар туралы сабақтарды өткенде, Қазақстан жеріндегі түркі дәуіріндегі (VI-XIII ғасырлардың басы) мемлекеттер: Ұлы Түрік, Батыс Түрік, Түркеш, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Қыпшақ, Қарахан, Қарақытай, Найман, Керей және т.б. мемлекеттер туралы сабақтарды өткенде, Қазақстан жеріндегі Ұлы Жібек жолының тармақтары және ортағасырлық қалалар туралы өткенде, Монғол шапқыншылығы, Ұлыстардың құрылуы, Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан, Әмір Темір шапқыншылығы, Әбілқайыр хандығы, Ноғай Ордасы туралы сабақтарды өткенде, Қазақ хандығының құрылуы, оның XV-XVIII ғ.ғ. аралығындағы күрделі саяси тарихын және шаруашылығын өткенде, XVIII ғ. басындағы қазақ елінің саяси-экономикалық жағдайы мен Қазақ-Жоңғар соғыстары туралы өткенде, Қазақстанның Ресей қоластына кіруі, жаулап алынуы және отарлану барысына байланысты сабақтарды өткенде, Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы қарулы ұлт-азаттық күрестері: қазақтардың                    Е.И. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысуы, Кіші жүздегі                  С. Датұлы бастаған, Бөкей Ордасындағы И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған, Хан Кене бастаған, Жанқожа, Есет батырлар бастаған, 1868-1869 ж.ж. Орал, Торғай облыстарындағы, 1870 ж. Маңғыстаудағы және 1916ж. бүкіл  Қазақстанды қамтыған ұлт-азаттық көтерілістерді өткенде, Қазақстандағы 1822-1824, 1867-1868, 1886-1891 жылдардағы отаршылдық әкімшілік – саяси реформаларды өткенде, XIX ғасырдағы ІІ жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуын өткенде, 1905-1907 ж.ж. төңкеріс 1917 жылғы Ақпан және  Қазан төңкерістері, азамат соғысы және Алаш қозғалысы туралы сабақтарды өткенде, Қазақ АКСР-і, оның 1920-1924 ж.ж. дамуы (жер-су реформасы, аштық ЖЭС т.б.) және 1920-1929 ж.ж. аралығындағы әкімшілік-саяси бөліністер туралы өткеде, Қазақстанда елді индустрияландыру, ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру және оның зардаптары, Сталиндік қуғын-сүргін туралы сабақтарды өткенде, Ұлы Отан соғысы, тың және тыңайған жерлерді игеру, республиканың 1946-1991 ж.ж. аралығындағы әлеуметтік-саяси, экономикалық (әсіресе индустриялық) мәдени-рухани дамуына қатысты сабақтарды және 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін өткенде тиімді қолдануға болады [4]. Бұл шәкірттердің Отан тарихынан берік білім алуына, танымдық қызығушылығын оятып, белгілі бір дағдылары мен шеберліктерін, шығармашылық ойын дамытуға септігін тигізеді.

Шығармашылықпен ізденген жағдайда Қазақстан тарихынан схемалық пландарды да көптеп сызып, қолдануға  болады. Схемалық пландардың карталардан ерекшелігі олар тарихи құбылыстар туралы ірі масштабты кеңістіктік мәліметтер береді [5]. Схемалық пландар әсіресе соғыстар, ұлт-азаттық, революциялық қозғалыстардың жекелеген оқиғаларын баяндағанда көбірек пайдаланылады. Мысалы, Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісін өткенде схемалық планды қолдануымыз қажет. Онда Алматының көшелері, негізгі ғимараттар, жоғары, орта оқу орындары, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті үйі, алаң тағы басқалар схемалық планға түсіріледі. 17-желтоқсан күні таңертең сағат 7-8-дерде 300-дей адамның Орталық Комитет пленумының шешіміне қарсылық білдіретін ұрандармен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үйі алдындағы алаңға жиналуы, ал 11 сағат 30 минутта бейбіт демонстранттардың алаңнан шығып, топ-топ болып қала көшелеріне бағыт алуы, олардың жүрген көшелері, бағыттары, ал 13 сағат 30 минутта саны 5000-ға жеткен демонстранттардың алаңға қайта оралуы, алаңға темір сауыт, темір қалқан, резіңке қолшоқпарларымен қаруланған, қызмет иттері бар әскер бөлімдерінің әкелініп, алаңның үш қабат қоршалғанын, Бейбітшілік көшесін бойлай Қаз МУ қалашығы жатқан үлкен жастар калоннасының шығып, қоршауды бұзуға әрекет жасауы, арадағы қақтығыстардың басталуы, жастардың аяусыз жазалануы туралы айтқанда схемалық планды қолдануымыз қажет. Онда жастардың алаңға жиналуы, көшелермен шеру тартып жүрген бағыттары, алаңның үш қабат қоршалынуы т.б. бәрі схемалық планға түсіріледі.             (1-схемалық план) Алматыдан басқа Қазақстанның өзге де қалаларында (Талдықорғанда, Арқалықта, Жезқазғанда, Ақмолада, Қарағандыда, Көкшетауда, Сарыөзекте, Талғарда, Павлодарда, Шымкентте т.б.) болған Желтоқсан қозғалыстарының барысын түсіндіргенде де осы әдісті қолдануға болады. Жергілікті жерлердегі тарихи оқиғаларды көрсеткенде де бұл әдістің тиімділігі мол.

Қазақстан тарихы сабақтарында сонымен бірге, монғолдардың Қазақстанға жасаған шапқыншылығын баяндағанда «Отырарлықтардың монғолдарға қарсы қаһармандық күресі» деген схемалық планды, К.Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісті өткенде «Кенесарының Ақмола бекінісін басып алуы» деген схемалық планды, Қазақ-Жоңғар соғыстарын өткенде Орбұлақ және Аңырақай шайқастарына арналған схемалық планды, Азамат соғысы мен шетел интервенциясы жылдарындағы Қазақстанды өткенде «Черкасск қорғанысы» деген схемалық планды сызып қолдану қажет. Мұғалім өзінің әңгімесінде осындай схемалық план, схемалық карталарды қосып пайдаланса, бұл сабақтың тартымдылығы, әсерлілігі артып, шәкірттердің тек құлақпен ғана естімей, көзбен де көруінің нәтижесінде олардың берік білім алуына септігін тигізетіндігі даусыз.

Графикалық шартты құралдардың: түрлі кестелер, диаграммалар, сызбалар деген келесі түрлеріне айтылып, жазылып және қолданылып жүргендіктен тоқталмаймыз. Бірақ оларды қалай қолдану керек деген мәселеге келсек, мысалы кестелерді студенттерге дайын күйінде емес, оның үлгісін жасап, бос күйінде беру тиімдірек. Оны шәкірттер өздері толтыруы тиіс. Бұл оларды ойландырады, ізденуге мәжбүр етеді, танымын кеңейтеді. Бұл бір жағынан уақытты үнемдеуге, екіншіден, олардың ойын жинақтап, кеңейтуге, жаттандылықтан сақтандыруға, салыстырмалылыққа үйретеді, тарихи құбылыстарға талдау жасай білуіне көмек береді.

Жалпы қазіргі таңдағы дамыта оқыту, сабақты демократияландыру мақсатына сәйкес, сабақтың білімдік міндетін жүзеге асыру жолындағы барлық дерлік жағдайларда: карта, схемалық карта, план, кесте, сызба, иллюстрация т.б. көрнекі құралдарды пайдаланғанда да, сабақта түрлі көркем әдебиеттерді және түрлі тарихи құжаттарды пайдаланғанда да, сабақты ауызша баяндағанда да, қайталағанда да белгілі бір дағдылар мен шеберліктерді қалыптастыруда да мұғалімнің іс-әрекеті, оның дайын білімді түсіндіруі емес, керісінше шәкірттердің белсенді танымдық іс-әрекетіне, оны ұйымдастыруға көп мән берілуі керек. Ол үшін тарихи білімді түсіндіру барысында олардың өздеріне жиі-жиі танымдық – проблемалық сұрақтар қойып отыру, түрлі тарихи құжаттарды және көркем әдебиеттерді оқытып, одан соң талдату, өздерінің жеке ой-пікірлерін айтқызу, қорытынды жасату, өзінің тарихи білімін, ой-пайымын картамен тығыз байланыстыра, одан көрсете отырып сөйлету, түрлі кестелер толтырып, сызбалар сыздырту т.б. әдіс-тәсілдерді қолданып отыру тиімді болмақ.

Пайдаланған әдебиеттер.

  1. Ушинский К.Д. Таңдамалы педагогикалық шығармалары. 2-том ОПБ, 1939, 156-б.
  2. Тұрлығұлов Т.Т. Қазақ ССР тарихын оқыту методикасы 1979. 91-б.
  3. Гора П.В. Методические приемы и средства наглядного обучения в средней школе. М 1971. 43-б.
  4. Мейірбеков М.Б. Қазақстан тарихынан схемалық карталар мен пландар жинағы. А, 2004.
  5. Тұрлығұлов Т.Т. Тарих сабағын жетілдіру жолдары. А, 1984. 69-б.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ