Дамыған ғылым – ел әлеуетінің кепілі

0

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы Прези­дент жарлығы еліміздің білім мен ғылымын дамытуға арналған бағдарламасын айқындап берді.  Бағдарлама білім саласындағы басым бағыттарға: мамандар даярлаудың жаңа сапасына көшу, педагог кадрларды қайта даярлауды және қоғаммен бай­ланысты күшейту мақсатында қамқор­шылық кеңес қызметін үйлестіру сияқты бірнеше мақсаттар мен міндеттерді айқындап берді. Стратегиялық  жоспар педагог мамандығының беделін көтеруді, білім беру қызметін қамтамасыз етуге бағдарланған қаржыландыру жүйесін жетілдіруді мақсат етеді. Білім беруді басқарудың мемлекеттік-қоғамдық жүйесін қалыптастыру мен білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету міндет етіліп қойылды.

Кез келген елдің дамуы – оның білімі мен ғылымының дамуымен өлшенетіні белгілі. Елбасы  «Назарбаев Уни­вер­ситеті» отандық жоғары білім жүйе­сінің майталманы, әлемдік білім кеңістігіне мықтап ену үшін нағыз кадрлар дайында­латын білім-ғылым ордасына айналатынын атап өтті. Білім, ғылым және инновация үйлесім тапқан ғылым ордасында жаңа технология, ғылымға негізделген өндіріс, жаңа ма­териалдар сала­ларындағы елімізге зәру ма­мандар дайын­далатын болады. Бұл талантты, дарынды жастарды мамандыққа баулуға өлшеусіз көмек болмақ.

Бүгінде әлемнің дамыған елдерімен иық тірестіре,  теңестіретін  жол жалғыз. Ол — ғылымның кең өрістеуі, қарқынды дамуы. Сонда ғана біздің  экономикамыз, әлеуметтік-саяси және қоғамдық-мәдени өміріміздің әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына енуіне жол ашады. Бүгінде біздің ел бұл міндет үдесінен ойдағыдай шыға білді.

Жоғары білім беру саласында соңғы  жылдары ғылыми ұлттық орталықтар, ғылыми зерттеу институттары, ғылыми-технологиялық парктер мен ғылыми консорциумдар сияқты ғылыми ошақтардың құрылуы ғылымның жаңа үрдісте, жаңа серпінде дамуына әкелді.

Қазақстан ғылымы  бүгінде жоғары технологияларды енгізуге бағытталған және инновацияларды қолдау мақсатында  ғылыми зерттеу жұмыстарының басым жақтарын айқындауда. Міне, осындай жағдайда қазақстандық ғылымның даму тенденциялары, ғылыми мектептердің бағыттары, маңызды ғылыми жетістіктер жайлы сараптамалық зерттеулерді ғылыми басылымдарда жариялау өте өзекті болып саналады. Бұндай зерттеулер Қазақстан ғылымының жаңа ғасырдағы бет-бейнесін, халықаралық қауымдастықтағы  бәсекеге қабілетті  бағыт-бағдарын айқындау  үшін де маңызды саналмақ.

Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына ену стратегиясының бірінші бағыты Қазақстанның әлемдік экономикаға табысты интеграциялануы табысты жаңарудың негізі ретінде атап көрсетілуі тектен тек болмаса керек. Әлемдік экономикалық интеграцияға жетудің жолы ғылыми инновациялық қолданбалы зерттеулер мен озық технологияларды өндіру және тәжірибеге енгізу болып отыр. Ең жоғары халықаралық стандартқа сәйкес келетін академиялық орталықтар мен оқу орындарын, халықаралық деңгейдегі үрдістерге қатыса алатын технологиялық парктерді  ашу  және дамыту, жаңа технологияларды игеру  заман талабынан туындап отыр.

Біз шикізат әзірлейтін елден өндірістер ашып, өз өнімімізді тұтынуға шығармайынша толыққанды бәсекеге қабілетті ел бола алмайтындығымыз анық. Президенттің ғылым мен инновацияны екінші орынға қойған ел, ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайтындығы туралы қағидасы  «Ғылым туралы» заңда ерекше орын алады.

Жаңа заңда қаржыландырудың үш түрі қарастырылған – базалық, гранттық және бағдарламалық-мақсатты.

Ұлттық ғылыми кеңестер құрылды. Олар жобалар мен бағдарламалардың орындалуы туралы нақты шешім қабылдайтын болады. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы құрылады. Шешім қабылдаудың барлық деңгейлерінде Отандық және шетелдік жетекші ғалымдар қатысатын болады.

«Сырдария»  университетінің еңсесі тіктеліп, орныққанына соншалықты көп уақыт өткен жоқ, енді ғана екінші онжылдыққа аяқ басты. Осы мерзім ішінде университеттің материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Оқытушы-профессорлар құрамының   сапалық деңгейі едәуір жақсарды. Бұл бағытта әлі де  елеулі істер алда күтіп тұр.

Университеттің ғылыми зерттеу жұмыстарының  жалпы бағыты ғылыми жетістіктер мен озық технологияларға және оларды талдауға негізделген. Соған сәйкес 2011–2015 жылдарға арналған ғылыми зерттеу жұмыстарын дамытудың концепциясы жасалды. Университеттің ғылыми зерттеу жұмыстары кафедралардың ғылыми зерттеу жұмыстарының жоспары негізінде жүзеге асырылады.

Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелерін іске асыру бағытында университет профессор-оқытушылар құрамы халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдарға, сондай-ақ салалық, оқу-әдістемелік және өндірістік көрмелерге қатысып, баяндамалар жасайды.

Университеттің профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін көтеру және ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру мақсатында университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен  ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін ағымдағы жылы 4 млн. 800 мың теңге қаражат бөлу қарастырылды.

Жоғарғы оқу орнындағы ғылыми зерттеу жұмыстары мына төмендегі бағыттар бойынша жұмыс жасайды:

— оқу үрдісін ұйымдастыру проблемаларын зерттеу;

— ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткізу;

— ғылыми еңбек жинақтары мен ғылыми жарияланымдарды әзірлеу;

— ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу.

Университет және Қазақ мақта ғылыми зерттеу институтының арасында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін келісім-шарт түзілген. Ғылыми жобаларды қаржыландыру Қазақ мақта ғылыми зерттеу институты және университет есебінен жүргізіледі.

Келісім – шарт  негізінде  орындалып  жатқан ізденістер  нәтижелері  бойынша «Жаратылыстану ғылымдары» кафедрасының  профессоры, тех.ғ.д. А.М. Аширов пен б.ғ.к., доцент С.Е. Келдібеков «Научное обеспечение ведения рыбного хозяйства на Шардаринском водохранилище» деген тақырыпта ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Ғылыми – техникалық өнімді іске асыруда   ЖШС «Байтерек — ББМ» мен тех.ғ.д., профессор А.М. Аширов екі жақты келісім — шарт бойынша жұмыстар атқаруда.

Инновациялық ғылыми зерттеу» орталығында «Биология» саласы бойынша б.ғ.к., доцент С. Келдібеков «Мақтарал өңірінің флора, фаунасы және ауыл шаруашылық өсімдіктерін агробиологиялық зерттеу» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмыстарына жетекшілік етіп, осы аталған тақырыпты негізге ала отырып іздену жұмыстарын бірнеше бағытта жүргізуде. С. Келдібеков «Сырдария өзені мен Шардара су қоймасы аумағындағы жабайы өсімдіктерді жүйелендіру  және оларды ағын суларды тазартуда биологиялық әдістерді  пайдалану» атты ғылыми зерттеу жұмысын Инновациялық ғылыми зерттеу» орталығының ботаника зертханасында жүргізуде.

Агробиологиялық зерттеу жұмыстарын а-ш.ғ.д., профессор

Ж.Я. Батькаев, тех.ғ.д., профессор Ә.М. Әшіров, а-ш.ғ.к., доцент

Е. Дошманов,  аға оқытушы Р. Қошқаров және тағы басқа профессор — оқытушылар  жүргізуде.

«Мақта ауыспалы егісінің және минералды тыңайтқыштардың топырақ құнарлығына әсерін зерттеу» тақырыбындағы ғылыми зерттеу жұмыстарына а.ш.ғ.д., профессор Ж.Я. Батькаев жетекшілік етіп, бұл жұмысты орындау үшін топырақ құрамы мен ондағы тұздарға және  қарашірік құрамы бойынша алынған  үлгілерге талдау жасау физико-химиялық зерттеулер зертханасында жүргізілді. Тех.ғ.д., профессор

Ә.М. Әшіровтың жетекшілігімен «Әр түрлі мәдени  дақылдардың   өнімдерін арттыруда төменгі жиіліктегі   электромагниттік толқындардың әсерін зерттеу»  атты ғылыми зерттеу жұмыстары негізінде ауыл шаруашылығы дақылдарына тәжірибе жасау жалғасуда.

«Сортаңданған топырақ жағдайында мақта өсімдігінің физиологиялық өсіп-дамуына су режимінің әсерін зерттеу» бағытында а.ш.ғ.к., доцент

Е. Дошманов зерттеу  жұмыстарын жүргізуде.

«Оңтүстік Қазақстанда мақта дақылдарын зиянкестерден қорғауда биологиялық әдістерді пайдалану» атты ғылыми зерттеу  жұмыстарын  жүргізу барысында аға оқытушы Р. Қошқаров тәжірибелік мәліметтер алды.

Химия саласы бойынша х.ғ.к., доцент Ч. Ибраимов жетекшілігімен аға оқытушы С. Әбілхайыров және ғылым магистрі, аға оқытушы П. Абдуразова «Органикалық оксиазореагенттердің және олармен комплекстерінің ерітіндідегі жағдайларын спектрофотометриялық және квант-химиялық әдістермен зерттеу» атты зерттеу жұмыстарын және  «Жаңа рационал  органикалық фотометриялық реагенттерді модельдеу және оларды аналитикалық химияда  қолдану»  тақырыбында зерттеулер жүргізді. Осы бағытта биологиялық белсенді қосылыстардың құрылымына байланысты қасиеттерінің өзгеру заңдылықтарын МАТ-ЛАБ-6 компьютерлік  бағдарламасын пайдаланып, зерттеулер жүргізілді.

Физика саласы  бойынша «Энергияның сақталу және түрлену заңдарын, соның ішінде күн сәулесінің энергиясын қолдану жолдарын зерттеу» бағытындағы жұмыстарға  ф.м.ғ.к., доцент Э. Ходжахметовтың жетекшілігімен физика зертханасында жүргізілуде.

Кафедра аға оқытушы Р.А. Қошқаровтың және биология ғылымдарының кандидаты    С.Е. Келдібековтің бастамасымен хлорелланы лабораториялық жағдайда интенсивті және экстенсивті жолмен өсіру жұмыстары қолға алынды.

«Флора және Фауна» үйірмесінің мүшелері Жасұзақова Бақтыгүл және Татаева Айзадамен бөлме өсімдіктерін  вегетативті жолмен көбейту мақсатында колбаларда ваккумдық әдіспен көбейту үшін жасаған тәжірибелері оң нәтиже беруде.

Университетте халықаралық байланыстардың дамуына  үлкен мән берілуде. Ағымдағы жылы мамыр айының 21 жұлдызында «Қазақстан» студенттер сарайында  Франция елінен келген Парламент сенаторы Эмери де Монтескью «Сырдария» университетінің профессор-оқытушылары және студенттерімен кездесу өткізді. Қазақстан – Франция байланысына елеулі үлес қосып жүрген Эмери де Монтескью мырза қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға беріп, оның болашағына үлкен сеніммен қарайтындығын өз сөзінде атап өтті. Сондай-ақ, екі елдің жоғары білім беру орындары арасында ғылыми байланыстар мен ғылыми ізденістердің нығаюына ерекше назар аударатындығын айтты.

Ғылыми байланыстарды дамыту мақсатында шетелдік ЖОО байланыстар орнатылған. Атап айтқанда, Ресейдің 5 жоғарғы   оқу орнымен, Өзбекстанның 4 университетімен, Қытай Халық Республикасындағы  Синьцзян университетімен, Сеул қаласындағы Оңтүстік Корей мемлекеттік университетімен және республикамыздың 40-тан астам университеттерімен  қарым-қатынастар жүзеге асып отыр.

Университетте археологиялық  ғылыми зерттеу орталығы  жұмыс жасайды. Орталыққа тарих ғылымдарының  докторы, профессор М. Елеуов жетекшілік етеді. Тарих мамандығының студенттері  жыл сайын Мырзашөл өңіріндегі Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан орта ғасырда өмір сүрген  «Үтіртөбе» қалашығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде.

2010 жылы қазан айында университетте инновациялық ғылыми зерттеу орталығы ашылды. Бұл орталық қазіргі заманғы оқу-құрал жабдықтарымен жабдықталған. Орталықта студенттердің және магистранттардың  ғылыми зерттеу жұмыстары үшін  барлық жағдайлар жасалған.

Университетте сапалы білім беру ісіне ұдайы көңіл бөлінуде. Осы орайда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың  мына бір сөзі еске оралады: « Жаңаша жағдайда, әлемдік жаһанданумен ақпарат және экономиканың  жылдам дамыған уақытында өмір бойы үйренуге тура келеді…»  Бұл бүгінгі күннің ақиқаты.

Университет өзінің алғашқы онжылдығын лайықты атап өтті, алдағы кемел келешекке болжам жасады сөйтіп, әлемдік білім беру кеңістігінде біздің қол жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымызды ескере отырып, стратегиялық мақсаттарымыз бен міндеттерімізді белгілеп алдық.

Резюме

В этой статье излагаются положительные аспекты развития науки нашей страны, в том числе университета «Сырдария»

Summary

In this article sets out the positive aspects of the development of science of our country, including the University «Sirdariya»

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары.
  2. Ғылым туралы» заң, 2011 жылғы ақпанның 18-і. № 407-IV.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ