Хабарлы сөйлемдердің модальді реңкті акценттеу қызметі

0

Тіл біліміндегі модальділік категориясын талдауда, оның құрылымын реттеуге ат салысатын, модальді реңкті акценттейтін грамматикалық бірліктердің болатынын айтқанбыз.  Модальді реңкті акценттейтін грамматикалық бірліктер қызметін хабарлы сөйлемдер де атқарады. Бұл жағдайда хабарлы сөйлемдер тұтас шығарма бойынан көрініс беретін модальді реңктерді жинақтап ұстап, құрылымдық реттегіш қызметін атқарады. Төмендегі мысалда «Ожарға сескене қарады. Кенет есіне осыдан үш күн бұрын қойнынан жұлып алып тастаған шұбар жылан түсті» хабарлы сөйлемінің қолданысы назар аудартады. Бұл сөйлем соңғы тарауларда орын алатын субъектінің күдікті көзқарасына болжам жасап, модальді реңк үстейтін, модальді реңкті жеткізуге тірек болатын сөйлемдердің семантикалық–құрылымдық байланысын жалғастырған. Субъектінің ішкі күдігі «Сейтен бұл хабарды бұрын естісе де, мысқылдай сөйлеген сөзден бір суық кекесін аңғарып қалды. Ожарға сескене қарады. Кенет есіне осыдан үш күн бұрын қойнынан жұлып алып тастаған шұбар жылан түсті» сөйлемдерінен бастау алса, шығарманың соңғы тарауларында субъекті күдігі төмендегідей мысалдармен бекітіледі. «Сейтен сергек ұйықтайтын… Бірақ кенет үстін албастыдай басып, алқымынан қышқыштай жабысқан темір саусақтар үнін шығартпады.

— Бұның кебіні кигізілді,- деді өзіне таныс күңгірт дауыс… Сейтен қыл шылбырды білегіне батыра бұлқынып-бұлқынып түсті. — Япырмау, мынау дауыс кімдікі? Ожар ғой! Сорлы жүрек бекер сес бермеген екенсің! Қап! Қап! Сонда бұл жау болғаны ма?» Жоғарыда көрсетілген модальді реңкті акценттейтін хабарлы сөйлемдер осындай құрылымдардың арасында дәнекер қызметін атқарады.

Хабарлы сөйлем арқылы модальді реңкті акценттеу төмендегі үзіндіден де байқалады. «…Рабатқа келгеннен кейін өздерінің жатар бөлмелеріне кіріп алып, ағалы-інілі екі сұлтан ұзақ кеңесті. Құшбегі қанша жылы сөйлеп шығарып салғанына қарамастан, екеуі де бір сұмдықты сезген-ді». Дараланған хабарлы сөйлем модальді реңкті даралап, соңғы тарауларда орын алатын оқиғаларға сілтеме жасаған және модальді құрылымдардың байланысын реттеген. Келесі үзіндіні алдыңғы сөйлемдердің мағыналық-құрылымдық жалғасы деп қабылдап, модальді реңкті алдын-ала акценттейтін хабарлы сөйлемнің ролін, қызметін ажыратамыз. Мысалы: «Бұлар жылқы жаққа бұрылған кезде, сегіз жендеттің қамауындағы Есенгелді мен Саржан қонақ қабылдайтын бөлмеге кіре берді. Төрде тәспі тартып тұрған құшбегіне бастарын ие сәлем берді. Дәл осы сәтте сұлтандардың екі жағында тұрған екі жендеттің жалаңаш өткір қылыштары жарқ етіп, жоғары көтерілді де, сыр етіп төмен ақты. Төмен иілген екі бас көтерілместен домалап жерге түсті. Бастарынан айрылған екі дене екі-үш аттап барып сылқ құлады» (І.Есенберлин). Контекстік байланыстан модальді реңкті акценттеген «Құшбегі қанша жылы сөйлеп шығарып салғанына қарамастан, екеуі де бір сұмдықты сезген-ді» сөйлеміндегі субъекті күдігі, оның шешімі белгілі болады.

Әр түрлі құрылымда қолданылып, модальді реңкті акценттейтін хабарлы сөйлемдердің қызметін төмендегі мысалдар дәлелдейді. Бір ерекшелігі мұндағы модальді реңктің акценттелуі бірнеше хабарлы сөйлеммен бекітілген. Ойымызды нақтылау үшін тілдік деректерге сүйенейік. Мысалы: Баянауыл өкірігінен Бектастың Таймасы, Қазының Құдаймендісі патша үкіметіне бұрыннан наразы. Ана жылы оны болыстықтан түсірген. Ал Бектастың Таймасы…

— Бектастың Таймасы дейсіз бе? – деді Ожар сәл қобалжи. – Япырмай…

— Неге шошыдың қастасқан жерің бар ма еді?

— Жоқ… Дегенмен… – Ожар сырын айтар-айтпасын білмей, сәл отырды да. Сөзін қайтадан бастады. – Таймастың Кенесары қасында болуы… Маған қауіп туғызып отыр,- деді ол күбірлей, — былтыр Сейтен екеуімізді ұстап Омбыға апара жатқанда, біздің тоқтаған ауылымыз тек осы Таймас ауылы болды. Бірдемемді сезіп қалды ма деп күдіктенетін едім…» Бұл құрылымдар соңғы тарауларда орын алатын модальді құрылымдармен сабақтасады.

Сөйлем аралық байланыста салыстырсақ, жоғарыдағы хабарлы сөйлемдер бір мазмұнда қолданылып, өзара ыңғайластық құрылымда келіп, модальді реңкті акценттеу қызметін бірлікте атқарса, төмендегі хабарлы сөйлемдердің акценттеу қызметі қатар қолданылған екі хабарлы сөйлемнің қарама-қарсы мағынада жұмсалуынан ажыратылған. Мұнда модальді реңкті акценттеу соңғы сөйлемге жүктеледі. Мысалы: Міне, осылай Ахмет бас болған жерде бас болып, жас болған жерде жас болып, тіпті мас болған жерде мас болып, тоғыз қырлы, тоқсан сырлы жігіт ағасы деуге лайық болып жүрді. Бірақ аулының малға мастанған мұрындықсыз желбастары ғана Ахметтің зеректігін көре алмай күндеп, іштері жарылып кете жаздаушы еді (С.Торайғыров). Мысалдағы соңғы хабарлы сөйлемді ерекше интонациямен айту шарт. Себебі соңғы тарауларда орын алатын субъекті аралық қақтығыс, наразылық, бағалаудың басты тетігі осы сөйлемнен бастау алады.

         Осы романдағы Қамардың күдікті ойын акценттеген төмендегі хабарлы сөйлемдердің де қолданысы тарау аралық сипат алатын соңғы модальді құрылымдардың арасын байланыстырып, оқырманға алдын-ала сигнал түсіру қызметін атқарған. Мысалы, Қамар хатты оқып болған соң бір қызарып, бір сұрланып, жүрегі кеудесіне сыймай, не ашу, не қуану емес, белгісіз қысылып, қарап тұрып бір тынышсыздыққа қалды. Мұнан соң қайғы басқан кісі секілді әрдайым мұңайып ойланып жүретін болды (С.Торайғыров). Бұл хабарлы сөйлемдер — соңғы тарауларда орын алатын модальді реңктердің қозғаушы нүктелері. Талданған хабарлы сөйлемдер шебер суретшінің мақсатты жұмсаған амалдары ретінде танылып, тұтас шығарманың бойында дараланып тұрады.

Хабарлы сөйлемдердің әмбебап қызметінің мүмкіндігін оның грамматикалық табиғатымен байланыстырамыз. Яғни, хабарлы сөйлемдердің модаль сөздермен, модальді реңк үстейтін қыстырма сөздермен және семантикасы жағынан модаль мәнді етістіктермен, модальді форманттармен қолданылуы, контекстік семантиканың тигізер әсері атқарар қызметін, әр түрлі мақсатта жұмсалу еркіндігін өсіреді. Бұл ойымызды Е.В.Милосердова пікірімен ұштастырып, хабарлы сөйлемнің жан-жақты қызметінің себебін толықтыруға болады: «Предложение, заключающее в себе сообщение о каком-либо факте, явлении, событии, которые утверждаются или отрицаются, способно вобрать в себя и лучше других форм отразить все богатство реального мира. Эта способность основывается на том, что повествовательное предложение практически единственный коммуникативный тип, который не знает ограничений» (1, 80). Кейбір контекст құрамында хабарлы, сұраулы сөйлемдер бірлігінен модальді реңктер акценттеледі. Мысалы: Махаббат деген күн сәулесінен құрылған алтын тор секілді емес пе? Ақбөкеннің жүрегін сол тор кенет шырмай бастады. Бұл не сезім? Ақбөкеннің өзі де бірден ұқпады. Ал Байтабынға деген жүрегі бұрынғыдай лүпілдемей, күннен-күнге баяу соға түскендей… Бірақ бұл не? (І.Есенберлин). Модальді реңкті акценттеуші хабарлы, сұраулы сөйлемдерде алдағы оқиға, субъекті аралық көзқарастар астарлы жүйеленіп, соның нәтижесінде композициялық байланыс орнығады.

         Контекстегі модальді реңкті акценттейтін хабарлы сөйлемдер әр түрлі құрылымда қолданылады. Атап айтсақ, толымды екі құрамды хабарлы сөйлемдер, толымсыз бір құрамды хабарлы сөйлемдер, ықшамдалған мүшеленетін хабарлы сөйлемдер, мүшеленбейтін хабарлы сөйлемдердің актив қолданысы көзге түседі.

Сөйлем мүшелерінің шартты түрде ықшамдалуы нәтижесінде жасалған хабарлы сөйлемдер бірде бастауышсыз, бірде анықтауыш, толықтауыш, пысықтауышсыз жұмсалуы мүмкін. Бұл мәселелер жеке талдауды қажет етеді. Мысалы, бастауышы ықшамдалған модальді реңкті хабарлы сөйлемнің сипатын төмендегі мысалдан көреміз.

Мысалы: Ожарға сескене қарады (І.Есенберлин).

Хабарлы сөйлемнің субъекті аралық құптау, болжау реңкін суреттеуі төмендегі толымсыз сөйлеммен берілген. Мысалы: — Бұлар бізге Үшөзен тоқырауынан кеп тимек.

  • Амалдары айқын. Қышқыштай екі бүйірден алмақ қой.
  • Солай тәрізді (І.Есенберлин).

Дәл осындай құптау модальді реңкі ықшамдалған бір мүшелі хабарлы сөйлемдермен бекітілген.

— Қас болатты жау жүрегіне салып сынамас па?

— Оның да жөн (І.Есенберлин).

Келісу, өзара түсінісу, құптау реңктері төмендегі хабарлы сөйлемдермен берілген.

Кенесары басын төмен иді.

— Ташкенттен алатын кекті Ташкенттен бастау керек пе, әлде бөтен жолы бар ма, ақылға сап ертең жауабын берейік.

— Мейлің (І.Есенберлин).

— Бұдан бізге зияннан басқа түсері жоқ, бұқараны босқа өшіктіріп аламыз.

— Жөн,- деп екі-үш батыр басын изеді (І.Есенберлин).

Мұндай диалогтік құрылымдарда ықшамдалған сөйлемдердің алдында қолданылған грамматикалық бірліктердің маңызы зор. Себебі олар толымсыз хабарлы сөйлемдерді семантикасы әрі құрылымы жағынан толықтырып, жетекші сөйлемдердің қызметін атқарады. Толымсыз сөйлемдердің модальділікке қатысы, жұмсалу мақсаты да  алдыңғы сөйлемдердің тірек болуымен анықталады.

— Күні ертеңнен бастап қамал алу тәсілін үйренуге кірісеміз.

— Ұқтым (І.Есенберлин).

— Ереуіл жалыны бұдан да өршіп кетуі мүмкін.

— Дұрыс айтасыз (І.Есенберлин).

— Үш жүздің басын қосып қазағымды жеке мемлекет етемін деген арманыңыз үшін ұрпақтарыңыз алғыс айтады деп сенесіз бе?

— Сенемін (І.Есенберлин).

Хабарлы сөйлемдер құрылымдық жақтан қайталана қолданылып, субъекті аралық құптау реңкін бекітеді.

— …Көтерілісіміз шаңқай түсіміз еді десек, хандығымыз екіндіміз тәрізді,

енді біржолата жер астына күндей батып кетіп жүрмейік, әлі де ойланайық.

— Жарайды, ойланайық (І.Есенберлин).

Есім баяндауышты хабарлы сөйлемдер де сөйлем аралық байланысты әрі модальді реңкті реттейді.

— Оған көнбесе өз обалы өзіне. Боса бізді аямайды екен, біз де оларды аямаймыз

— Түсінікті (І.Есенберлин).

Қорыта келгенде, қолданыстағы хабарлы сөйлемдердің модальді реңкті даралау, акценттеу мүмкіндігі жоғары әрі белсенді. Олардың бұл қызметін үнемі контекст деңгейінде салыстыру көп нәтиже береді.

Пайдаланылған ғылыми әдебиеттер:

  1. Милосердова Е.В. Семантика и прагматика модальности (на материале простого предложения современного немецкого языка). Воронеж: ВГУ, 1991. -196с.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ