Бұйрықты сөйлемдердің модальділігі туралы

0

Бұйрықты сөйлемдер арқылы әр түрлі модальді реңктерді жеткізуге болатынын «Тіл тағылымы» еңбегінде А.Байтұрсынов көрсеткен. Автор бұйрықты сөйлемдердің семантикалық топтарын жіктеуде нақты модальді реңктер деп айқындамаса да, осы мәселенің бір ұшын сипаттайды. Еңбекте қазіргі қолданыстағы бұйрықты сөйлемдерді «тілекті сөйлемдер» деп атай отырып, мынадай түсінік береді: «Көңіл тілегі түрлі айтылады: 1) бұйрық түрде;  2) өтініш түрде; 3) ақыл түрде; 4) жай тілек түрде» (1, 298-299). Біздің ойымызша, бұл тұлғалар — бұйрықты сөйлемдер арқылы берілген көп қырлы модальді реңктер.

Контекстен тыс қолданылған бұйрықты сөйлемдерге назар аударсақ, субъектінің бұйыра айту, екінші бір субъектіні іске қосу қызметі көзге түседі. Ал контексте, семантикалық шеңбер аясында талдасақ, бұйрықты сөйлемдердің әр түрлі модальді реңкті жеткізуге тірек болатынын, қызметінің көп қырлылығын байқаймыз. Бір ескеретіні – бұл сөйлемдерге де қажеттісі контекст.

Нақты мысалдарға сүйенсек, төмендегі сөйлемді тек шартты түрде бұйрықты сөйлем деп қабылдаймыз. Ал басқа сөйлемдермен шектестіре, мағыналық байланыста қарасақ, «сенімді» көзқарасты суреттеген модальді сөйлем көрсеткіші деп бағалауға негіз бар. Мысалы: Көк дәптердің жайы осы, апа. Мен байқамаған жайлар, танымайтын кісі аттары болса, өзіңнен сұрап аламын ғой. Сен бәрін де білесің, ұмытқан жоқсың. Ол жылдары үш баланы бірін арқаға салып, бірін ауызға тістеп өсірген адам қайдан ұмытсын (С.Бердіқұлов). Контекстегі модальді реңк «Сен бәрін де білесің, ұмытқан жоқсың» сөйлемдері арқылы ашылса, осы сөйлемге ілесе айтылған «Ол жылдары үш баланы бірін арқаға салып, бірін ауызға тістеп өсірген адам қайдан ұмытсын» сөйлемі алдыңғы сөйлемдегі модальді реңкті бекіту, үстемелеу, күшейту қызметін атқарған. Мұнда, әсіресе, «қайдан ұмытсын» болымды реңкті күшейтетін құрылымдарды даралай айту қажет. Сол арқылы субъектінің сенімі дараланады.

Төмендегі мысалда бұйрық мәндегі формалар бұйыру, талап ету модальді реңктерін айқындауға тірек болған. Мысалы: Арамың сол — Бөжей маған қақпан құрғанын қойсын! Біреудің сыртын бетке ұстап жүріп, маған оқ атқанын қойсын! Енді осыдан қоймайтын болса, ағаш оғын аямасын, тегіс атсын! Бірақ қашан айттың демесін! (М.Әуезов). Бұл контексте бұйрықты сөйлемдердің үстемелене қолданылуы модальді реңкті тереңдетіп, бұйыру, талап етудің салмағын, субъекті аралық наразылықтың астарлы бояуын күшейтеді. Мұндай қолданыстарды жандандыру интонация бірліктерінің қызметімен ұштасады. Мағыналық байланыстағы бұйрықты сөйлемдердің қызметі дербестенген сайын бір тұлғамен жасалса да, іштей салыстыра қарасақ, айтылу ырғағы, атқаратын функциясы бір-бірінен дараланады. Мысалы, келтірілген үзіндіде бұйрықты сөйлемдер арасындағы кідіріс азайып, ерекше жылдамдықпен және фразалық екпін бәсеңдеп, барлық күш басқы позициядағы сөйлем мүшелеріне түсіріле айтылады. Интонация компоненттерінің активтендіруі арқылы бұйрықты сөйлемдердің қолданыстағы мақсаты дәл айқындалып, субъекті көзқарасын өз нақышымен жеткізуге мүмкіндік туады. Ойымызды бұйрықты сөйлемдердің интонациясына талдау жасаған М.Базарбаева пікірімен бекітуге болады: «Бұйрықты сөйлемді интонациялық айырмашылықтарына қарай екіге бөлуге болады. Олардың біріншісі – орындалуға тиісті, жалтаруға болмайтын қатал бұйрық болса, екіншісі – тілек, қалау не сыпайы түрде айтылған бұйрық. …Қатал бұйрықты сөйлемнің интонациялық ерекшелігіне оның көбінесе жоғары тонмен басталып, соңына қарай бәсеңдеуін, ал сыпайы түрде айтылған бұйрықты сөйлемнің ерекшелігіне біркелкі, орташа тоналды деңгейде айтылуын жатқызуға болады» (2, 65-66).

Ал келесі үзіндідегі бұйрықты сөйлемдердің айтылу сазы да, модальділікке қатысы да өзгеше. Мұнда бұйрықты сөйлемдерді қолдану арқылы субъекті аралық құптау реңкі көрініс берген. Мысалы: … Кәрі шеше күле отырып, баласының талайы қайтпасын дегендей қып:

— Үшкірсе, кейде ашылып қалады. Үшкірген жағады, — деді.

— Үшкірсе, мына балаң молда болып келді ғой. Үшкірт, балаңа, — деп Айғыз күлді.

— Үшкірсін, баласы үшкіріп берсін.

—  Сорлы кәрінің көңіліне ол да болса демеу ғой, — деп үйдегі үлкендер, әсіресе, жеңгелер Абайдан шын бірдемені дәметкендей (М.Әуезов). Алдыңғы контекстегі бұйрықты сөйлемдерден бұлардың сапалық айырмашылығы бар. Алдыңғы сөйлемдер бұйыра айтқан наразылықты бекітсе, бұл сөйлемдер өзара құптау реңктерін ажыратқан. Соңғы контекстегі бұйрықты құрылымдардың астарлы реңкінде, интонациялық құрылымында елеулі өзгешеліктер байқалады. Атап айтсақ, дауыс тонының бәсеңдеуі, сөйлем аралық кідірістің ұзақтығы модальді реңкті даралай түседі. Мұндай айырмашылықтар көп жағдайда грамматикалық категориялардың жұмсалу мақсатын контекст мазмұны бекітетінін тағы бір дәлелдейді.

         Төмендегі мысалда да -сын, -сін бұйрықты құрылымдар контекстік семантика негізінде сипаттауды қажет етеді. Мұнда көрсетілген сөйлемдер құптау реңкін даралаған. Бұл ерекшелікті тұтас контекст мазмұнынан айқындаймыз.

Мысалы: Қазіргі бар жиын Абайдың мейлінше жақсы ойлаған қамдарына сенген сияқты. Осы Бөжейдің нағашыларын күтіп алу, өзге қонақтан өзгерек ретті тілейді. «Тапсырғанда соларға тапсырса қайтеді?» деген сөздер шыға бастағанда Абай: — Ендеше, Байдаш аға, байлау сол болсын. Бөжікеңнің нағашысын біздің күтуіміз жол екен. Бізге беріңдер! – деді. Жиын іркілген жоқ. – Кеше Құнанбай, Бөжейдің араздығын, жаманатын есітіп келген нағашы жұрт енді артын күтіскенді көрсе, көрсін. Лайығы сол екен,- дескен. Мұндағы «көрсін» етістігін алдыңғы сөйлемдердің құрамдас бөлігі, мағыналық жалғасы деп бағаласақ, «құптау» реңкін түрлендіргеніне көз жеткіземіз. Төмендегі мысал да осы сипатта.

— Айтсын, айтсын. Шұбар барды айтты, кесікті Абай ағам айтсын! Тұрдық, болдық сонымен! – деп Ысқақ та тез көне кетті (М.Әуезов).

         Құптау реңкін бекіту қызметін ІІ жақтағы бұйрық рай формалары да атқарады. Төмендегі үзіндіде бұйрық райлы етістіктер алдыңғы сөйлемдердің мазмұнымен іліктесе қолданылып, контекстің модальділігін ажыратқан. Мысалы: Қадырбай өзі де келгеннен бергі сары қымыздан, дастархан мен ыдыс-аяқтан, шай үстіндегі тәтті дәмдінің молдығынан әр жайды топшылап отырған. Әсіресе, түрілген жас қазының қатарында жүрген үйіткен қойдың етінен мынау үйдің сыйын өзге үйлердің сыйынан басқаша деп бағалаған. Ас атаулының бәрінде болатын жалпы құрғақ сыйдан бөлек жатыр. Енді осы сыйды басқарып жүрген Құнанбайдың бір жас баласы деген соң, Қадырбай сол бала өз қастарына келгенде ілтифат жасады. Абайға: — Бері кел! Отыр, балам, — деп шақырып ап, өз қолынан қымыз ұсынды (М.Әуезов). Модальді реңкті активтендірген «Бері кел! Отыр, балам» бұйрықты сөйлемінің астарында субъекті аралық бағалау, бірін-бірі құптау реңктері орын алған. Бұйрықты сөйлемдердің бұл мақсатта жұмсалуы жалпы семантика және интонация компоненттері қызметінен белгілі болады.

Субъектінің түрлі көзқарасын жіктеуде бұйрықты сөйлемдердің мағынасын бір контексті тірек етіп талдау қажет. Сонда ғана бұйрықты сөйлемдердің жұмсалу мақсаты толық сипатталады. Мысалы: «Бар қимылды істеуін істедің. Бірақ енді сақ бол!» — деген бұйрықты сөйлемді контекстен оқшаулап қолдансақ, қорқыту, бұйыру мағынасында қабылдар едік. Ал контексте көрсетілген сөйлем күдіктену реңкін ашуға бағытталған. Оны контекстің мазмұны, модальді реңктің бекітілген. кезеңдерімен салыстыра қорытамыз. … Ұзын-ұзын ақ сойылдар кезек-кезек қағысып, сарт-сарт тиіседі… Қараңғыда тосқауылда тұрып шабуыл жасаған Қараша болатын. Оған Байдалы күндіз бұйрық беріп: — Бар қимылды істеуін істедің. Бірақ енді сақ бол, — деген. Қараша содан кешкі ымыртқа дейін тау басында, ат үстінде жүрген. Кешкі алакөлеңкеде Үркімбай аулына қарай суыт кетіп бара жатқан қалың шоғырды ол мезгілімен-ақ көріп еді. Тегін емес екенін де білген… Мұндағы «Бірақ енді сақ бол» бұйрықты сөйлемін қолдана отырып, субъекті екінші жақтан қарсылық боларын сезіп, ішкі күдігін жеткізген. Және модальді реңк сол күдіктің расталуымен бекітілген. С.С.Ваулина «Эволюция средств выражения модальности в русском языке (ХІ-ХVІІ вв)» деген еңбегінде модальді категориясын жасайтын амалдардың дамуын сөз ете отырып, рай категориясы арқылы жасалғанда, үнемі контекстік салыстыру қажет деп түйіндейді. Автор бұл амалдардың қызметі семантикалық жақтан өсетіндігін орынды ескереді (3, 35).

         Субъектінің наразылығын сипаттауда да, бұйрық рай жұрнақтарын жұмсаймыз. Бұйрықты сөйлемдер арқылы екі субъектінің қарама-қарсы көзқарасын, наразылығын жеткізуге мүмкіндік болған. Талданған бұйрықты сөйлемдердің мұндай көп функциялы қызметі үнемі контекстен анықтауды, салыстыруды қажет етеді. Жүгініп отырған Байкөкше көтеріле беріп, қуана жадырағандай болып, қабағын керіп жіберіп, лезде іле жөнелді: Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,

                      Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді…

— Міні, ел сөзі! – деп Тәкежанға қарап, сақылдап күліп жіберді.

— Өй, тіліңе шоқ түссін, заржақ неме! – деді (М.Әуезов).

         Контекстегі бұйрықты сөйлемдердің модальді реңкі үнемі контекстік семантика ерекшелігіне сәйкес құбылып отырады. Тіпті бұйрық берудің өзінде астарлы модальді реңк болады. Мысалы, бұйрық райдың ІІІ жақ жұрнақтарынан жасалған төмендегі үзінділердің модальді реңкі тең емес. Бірінде Тәкежанға айтқан наразылық, екіншісінде Дәркембай сияқты кедейлерді паналатқан Абай бұйрығы, ішкі құптауы сипатталған. Мысалы: Абай Ерболдан Тәкежанға сәлем айтты: Қумасын! Қазынасын жемейді! Мынаның аз ғана малына жайылыс берсін және Жұмағұлды тыйсын! – деді (М.Әуезов).

…Абай бір жұмысты жайғады да, енді Дәркембайды қасына шақырды.

— Дәркембай сенің екі жолдасың осы қойдың қасында болсын. Айрылмайды.

Ал өзің дереу мынау атқа, мына жер қорығыш Тәкежанның атына мін де, қазір шапқылап отырып осы маңдағы өзіңдей ауылдарға хабар айт. Мен жіберді де! Шыңғысқа жете алмай, осы жақын маңда қойлары аштан бұралып, қырылып жатқан ауылдар тегіс жүруге жарайтын қойларын алып, азаматтарын сайлап, дәл осы үш қорыққа, Құнанбай қорығына айдап келсін! (М.Әуезов). Екі контексте де бұйрықты сөйлемдер бұйыру қызметін атқарған. Бірақ бірінші мысалда бұйырудың астарынан наразылық, қарсылық сезілсе, екіншісінде бұйырудың астарында субъекті аралық сенім, қолдау, құптау модальді реңктері ашылады.

Төмендегі бұйрық райлы етістіктер семантикалық жақтан субъектінің тілегін, өтінішін жеткізген. …Қас емес, дос едім, достың түбін сүйек айырсын! Құнанбай кәрілікте, дүниеден аттанар шағымдағы бір тілегімді берсін менің. Артымыз дос болды деп, туыс болды деп аттанайын бұл сапардан. Не менен қыз алсын, не маған қыз берсін! – депті (М.Әуезов).

Л. Дүйсембекова «Қазақ тіліндегі бұйрық райдың құрылысы мен мағынасы» атты зерттеуінде бұйрық райлы формалардың осындай жан-жақты қызметі мен семантикасына назар аударып: «Коммуникативті актінің ішкі ерекшеліктерін білмейінше, бұйрық рай категориясының парадигмасын жасау, оның қолданыстағы ерекшеліктерін толық ашу мүмкін емес»,- деп орынды сипаттайды (4,47).

Талданған тілдік деректерге сүйене отырып, бұйрық рай жұрнақтары арқылы жасалған бұйрықты сөйлемдердің қызметі, модальділікке қатысты көп қырлы қызметі болатынын аңғардық. Және бұл сөйлемдердің жан-жақты қолданысы тек контексте анықталады деп қорытуға негіз бар.

Пайдаланылған ғылыми әдебиеттер:

  1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1993. 301 б.
  2. Базарбаева М. Қазіргі қазақ тілі интонациясының негіздері. Алматы: Комплекс, 2002. 202 б.
  3. Ваулина С.С. Эволюция средств выражения модальности в русском языке (ХІ-ХVІІ вв). Автореферат. Ленинград, 1991. 38 с.
  4. Дүйсенбекова Л. Қазақ тіліндегі бұйрық райдың құрылысы мен мағынасы. Алматы: Айкос, 1999. 111 б.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ