Бала – ата-ананың, мектеп тәрбиесінің айнасы

0

Біздің халқымыз үшін бала тәрбиесі бір ғана отбасының,  балабақшаның немесе мектептің жеке ісінен ол бүкіл зиялы қауымының, бүкіл қоғам шұғылданатын ұлағатты істің тұтас бір кешіне айналып отыр.

Жас адамды есті, саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен қоғамдық тәрбие орындарының бірден-бір парызы. Өйткені, «Ес түзелмей, ел түзелмейді» олай болса, егеменді еліміздің болашағы отбасында бесіктен басталып, оқу-тәрбие орындарында есті ұрпақты тәрбиелеу ісімен шешілмек.

Тәрбиенің көзі —  ата-бабаларымыздан қалған дана сөздер десек, ата-ана сол насихаттарды жүргізуші. Бұны ата-аналардың қоғам алдындағы үлкен міндеті десек те болады.

Әрбір отбасы кішкентай бір бөлігі  болып табылатындықтан,  қоғамды өркениеттілікке  жеткізу,  ең алдымен,  әрбір  отбасындағы  өмірді  ұйымдастырудан  басталмақ. Тәрбиенің бастапқы  әліппесін бала  отбасында  алады. Сауатты  отбасында  ғана  сауатты ұрпақ  қалыптасады.

Адамзат  қоғамының  қай  кезеңінде  болсын  отбасы  тәрбиесі  мәселелері  күн тәртібінен түскен  емес.

Отбасы тәрибесі  мәселелері  Шығыстың  ұлы  ойшылдары  Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қ.Иассауи,  М.Қашқари, классик педагогтер Я.Коменский, К.Ушинский, И.Песталоцции, қазақ ағартушылары А.Құнанбаев пен Ы.Алтынсарин еңбектерінде,  кеңес педагогтері В.Сухомлинский, А.Макаренко, Н.Крупская, қазақ зиялылары М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов және т.б. еңбектерінде кеңінен орын алады. Бүгінде  отбасы тәрбиесі мәселелері қазақстандық  ғалымдар Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, С.Ғаббасов, Р.Төлеубекова және т.б.тарапынан  зерттеліп келеді.

            Ұлттық тәлім тәрбиенің  қалыптасу жолдары адамзат қоғамының даму заңдылықтарымен, халықтық тарихи, экономикасы, мәдениетімен тығыз байланысты. Бала танымындағы ұлттық сана – ана-тілі мен халықтың озық дәстүрлерінің негізінде қалыптасады.

Бала      — ата-ананың, отбасының, адамгершілік өмірінің, тәрбиелілігінің айнасы.

Жанұяда қалыптасқан адамдық сезім баланың адамгерішілік тәрбиесінде ең басты алғы шарт болып есептеледі.

«Адамгершілікті, мейірбандықты, қайырымдылықты тәрбиелейтін шын мектеп – жанұя, отбасы, анаға, әкеге, атаға, әжеге, аға-ініге, апа-қарындасқа қарым-қатынас адамгершілікке сын болып саналады», — деген болатын В.А.Сухомлинский.

Бірқатар ата-аналардың балалар тәрбиесінің мақсаттары жөнінде жалпы түсініктері болғанымен, бірақ балалардың дене күші мен психологиялық мүмкіндіктері жайлы қажетті түсініктер мен дағдылары, мінез-құлық әдеттері, мінез-сипаттарын т.б. қандай тәсілдермен тәрбиелеуге болатыны туралы нақты білімдері аз. Сондықтан да отбасында кейде балаларға не шектен тыс қатаң талап қойылады, не ол  талап мүлдем бос болатынын, ықпал ету әдістерін тек сөз жүзінде кездестіруге болады. Отбасында балаларды адамгершілікке тәрбиелеуге толық мүмкіндік бола тұрса да ол мүмкіндіктер толық пайдаланылмайды, кейбір отбасында адамгершілікке тәрбиелеуге жете зейін қойылмайды. Көбінесе адамгершілік қасиеттер баланың өсе келе үйренетін қасиеті деп ойлаушылық та бар. Кейбір ата-аналар арасында «Өсе келе бәрін де өзі түсінеді» деген әдет бар. Соның салдарынан кейбір адамгершілік сезімдерді, мінез-құлықтың дағдылары мен әдеттерін қалыптастыру үшін оңтайлы, сәтті кезеңдер пайдаланылмай босқа өтіп кетеді. Сондықтан ата-аналарды баланың жеке басын қалыптастыруға бағытталған, ықпалы тиетін білімдермен қаруландыру қажет.

 Ата-аналар сынып жиналыстарында, жеке әңгімеде, дәрістерді оқытуда, сыныптан тыс ұйымдастырылған кештерде, адамгершілік, еңбек, эстетикалық тәрбие, ұлттық сана-сезім оятуда, балалардың денсаулығын жақсарту міндеттерін жүзеге асыруда, мектептің, отбасының бірлесіп жұмыс жүргізуіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Сынып жетекшісі ата-аналарды сыныптан тыс кештерге қатыстыру, барлық жұмыстарға көмектесуге кеңінен қарағаны абзал.

Ата-аналардың білім дәрежелерінің артуы, олардың педагогикалық мәдениетінің өсуі, қоғамдық тәрбие беретін жүйелердің кеңейтілуі, бұл мекемелердің отбасымен тығыз байланысы жалғыз балалардың тәрбиесі сипатына әсер етті.

Отбасы тәрбиесінде ең маңызды  мәселенің бірі – ата-аналардың  педагогикалық көзқарасының  қалай  қалыптасуында.  Қазіргі  кездегі аса  бай  отбасылардың пайда болуы,  оларда  бала  тәрбиесінің  дұрыс  тәжірибесі  қалыптасты  деген  сөз  емес. Міне,  осындай  отбасылардың  кейбір ата-аналары  балаларының  кез келген  сұранысын мезетте  қанағаттандыра  аламын  деген  нәрсенің   бәрін  сөзге  келмей  сатып  әперу,  үй  тірлігіне  қатыстырмауы  баласының  өзімшіл, тек  қана  тұтынушы,  жалқау, басқаның  есебінен  жақсы  өмір  сүргісі  келетін,  арамтамақ  болып  қалыптасуына  әкеліп  соқтыратынын  ескере  де бермейді.

Әбу  Насыр  Әл-Фараби  «Тәрбиесіз  қолға  білім  салма» деген  екен. Ең  бірінші  тұлға  қалыптасуына тәрбие өз ықпалын тигiзедi.

Әрбір оқушының өзін қоршаған ортасымен тығыз қарым-қатынаста  болатынын,  солардың  әсерімен  дамитынын ескере  отырып  «қиын»  балалардың  мінезіне  отбасы, мектеп және көшенің  қалай  әсер  ететін  жағдайларына  жеке-жеке  тоқталып  көрелік.

Бала тәрбиесіне  отбасының  жағымсыз  әсер  ету  жақтарын  сөз  еткенде, оны  үш  топқа  бөліп  қарастыруға  болады.

  1. Бірінші топ – баланы қалай тәрбиелеуді біледі және дәл солай тәрбиелейді. Олар көп емес, алайда,  өздерінің  саналы  өмірімен  және  сапалы  іс-әрекеттерімен  тек өз  балаларына  ғана  тәрбие  беріп қоймай,  мектептегі  қоғамдық  жұмыстарға қолғабыс  етіп, басқа  ата-аналарға  үлгі  көрсетеді.
  2. Екінші топ — өз балаларына өнегелі тәрбие бергісі келеді,  бірақ,  қалай  тәрбиелеу  керек  екенінін  білмейді. Мұндайлар  ата-аналардың  басым  көпшілігі. Олар білмегендіктен  балаларына  кері әсер етуі  мүмкін.
  3. Үшінші топ – балаларды тәрбиелеудің жолдарын  білмейді, білгісі  де келмейді,  педагогтерге  қарсы  тұратын  төмендегі  әлеуметтік топ. Бұлар  соншалықты  көп  болмағанымен,  «қиын»  балаларды  беретін  отбасылар.

Дегенмен халық  даналығы «Ұяда  не көрсең, ұшқанда  соны  ілесің»,  «Әке  көрген  оқ  жанар,  шеше көрген тон  пішер», «Не  ексең  соны  орасың»,  десе  ұлы Абай «тегінде  адам  баласы  адам  баласынан  ақыл, ғылым, ар, мінез  деген  нәрселерімен  озады. Одан  басқа  нәрсемен  оздым ғой демектің  бәрі — ақымақшылық»  деп  түйіндейді. Ал  атақты  физиолог И.Павлов «әрбір  баланың  мінез-құлқы  ата-анасының  жағымды  іс-әрекеттерінен  үлгі  алу  барысында қалыптасады»  деп  тұжырымдайды.

Бала  отбасы  жағдайында  өмірдегі әртүрлі  жағдайларда  өзін  қалай  ұстауды, адамгершілік  әліппесі: кішіпейіл  болу,  ізеттілік,  сыйластық,  үлкендермен  және  кішілермен қандай  қарым-қатынаста болу  сияқты  тәжірибе  жинақтайды  және  оны меңгереді. Отбасында  бірін-бірі сыйлау,  қамқоршы  болу,  бірлесіп  еңбек ету  секілді игі  дәстүрлер  қалыптасқан  болса,  ол  ортадан  қоғамға  қарсы  тұратын  тәрбиесіз  адам  шығуы  теориялық  жағынан  алғанда  мүмкін емес. Ата-аналардың  балаларына деген қамқорлығы  мен сүйіспеншілігін,  отбасындағы  бала тәрбиесін  және ондағы құндылықтарды дамытуда отбасының мынадай белгілерін айқындауға болады.

  1. Отбасы өзара туысқандық қатынасы бар, әр түрлі жастағы және әр түрлі құқылы адамдардан біріккен ұжым.
  2. Отбасын ерлі-зайыптылық, ата-аналық, балардың ата-аналарына, ересектердің кішілерге және бір-біріне деген қарым-қатынас жасау міндеттері байланыстырып тұрады.
  3. Ата-аналар мен балалар бір-бірімен бір отбасын басқарумен, екіншілер сол отбасында тәрбиеленумен ерекшеленеді.
  4. Отбасы өмірі әр түрлі материалдық және рухани үрдістермен сипатталады.

«Отбасы тәрбиесі» ұғымының өзі «отбасы» және «тәрбие» категорияларының жиынтығынан тұрып оның қызметі мен ролі, отбасындағы тәрбие толығымен қоғамдық өмір заңдылықтарына байланысты дамиды.

Отбасы мәселелерін шешуде әр түрлі саладағы мамандар өз пікірлерін ұсынуда. Әлеуметтанушылар, демографтар, әлеуметттік педагогтар, педагогтер мен психологтер тарапынан отбасының әр түрлі функциялары ұсынылып, түсіндіріледі. Солардың ішіндегі негізгілері мыналар.

  1. Ұрпақ жалғастырушылық функция.
  2. Тәрбие берушілік функция.
  3. Экономикалық функция.
  4. Қарым-қатынастық функция.
  5. Бос уақытты ұйымдастыру және дем алу.

Отбасындағы әрбір баланың дұрыс тәрбие, сапалы білім алуы шартты жағдайда  отбасының әлеуметтік жағдайына да байланысты.Отбасы өз қожалығын, өз бюджетін  ұйымдастырады және оны қажетіне қарай бөліп жұмсайды. Ол отбасының экономикалық  қызметін құрайды. Отбасының бұл қызметі отбасы  ұжымындағы өзара қарым-қатынасқа екі жақты әсер етуі мүмкін.

  1. Отбасындағы үйшілік жұмыстарды (ата-аналар, ересектер мен кішкентай балалар үшін) әділ болу ерлі-зайыптылар қарым-қатынасын жақсартады.
  2. Балаларды адамгершілікке және еңбекке тәрбиелейді. Отбасындағы жұмыстар дұрыс бөлінбеген жағдайда немесе барлық үй іші жұмыстары тек әйелге ғана жүктелетін болса, ондағы еркек «патриарх» рөліне енеді де, ал балалар тек тұтынушы рөлінде ғана болады. Мұндай жағадайда ересектер ықпалы балаларды дұрыс емес бағытқа жетелейді.

Отбасының тәрбие берушілік қызметі үш аспектіде жүзеге асырылады.

  1. Баланың жеке басын қалыптастыру, оның қызығуы мен қабілетін дамыту отбасындағы ересектердің өмірлік тәжірибелері арқылы жүзеге асырылады.
  2. Үйдегі әрбір адамның жеке басына отбасы ұжымы үнемі жүйелі түрде тәрбиелік ықпал етіп отырады.
  3. Отбасындағы балалар үнемі ересектердің өздерін белсенді түрде, тәрбиелеп отыруына мәжбүр ететіндей әсер етеді.

Әлеуметтік педагогтың  тағы бір  ескеретіні: ол оқушының  өзін  адами  тұрғыдан  тең  ұстауы,  оған сенім ұялата  білуі  керек.  Егер  әлеуметтік педагог  өзінің  айтқанын  оқушылардан  қалай  да  орындауын  талап етсе,  олардың адамгершілік  қасиеттерін  есепке   алмай  әрекет  жасаса,  олардың сый-құрметіне  бөленбек  түгілі  балалардың енжар  тартуына  себепші  болады.

Тәртіп  пен заңды  бұзуға  бейім  тұратын, сабақ  үлгерімі  нашар  оқушыларды  сынып  және мектеп бойынша  анықтау. Ол үшін біріншіден, әр тоқсан сайын  бір немесе екі  пәннен  үлгермейтін  оқушыларды  анықтап  отыру қажет. Үлгермейтін  оқушылардың  барлығының  тәртібі  нашар  болмас,  алайда,  қиын  оқушылардың  басым  көпшілігі  бірнеше  пәндерден  үлгермейтіні  ақиқат. Екіншіден, сауалнама  жүргізу арқылы қиын  оқушылар мен педагогтардың қарым-қатынасын  анықтап,  оны  жолға  қою  мәселесін  шешу қажет. Зерттеулер  көрсеткендй,  девиантты  мінезді  балалардың  басым  көпшілігі  бір немесе  бірнеше  мұғалімдердің  шиеленісті  жағдайда  болады,ондай қарым-қатынас  олардың  түзелуіне  кері әсер етеді. Үшіншіден,  қиын оқушылардың  өз сыныптастарымен  қандай  жағдайда  екенін  анықтау  және  соған  лайықты  іс-шаралар  жүргізу. Олардың  көпшілігі  өз сыныбында – басбұзар,  іріткі  салушылар  және  өзі сияқты  бұзақылардың  жетекшісі болып келеді. Төртіншіден, ата-аналармен және достарымен  әңгімелесу  арқылы  тәрбиесі қиын  оқушылардың  бос  кездерінде  кімдермен  жүріп-тұратынын, қандай  топтарда,  орталарда  болатынын анықтау. Себебі  дәл сол  бейресми топтарда  болу  арқылы  олар  темекі шегу, арақ ішу, құмар  ойындарын  ойнауды  әдетке  айналдырады.

Отбасының  маңызды  негізгі  ерлі-зайыптылардың  ата-аналық махаббаты мен мейірімі  және балалардың өз тарапынан ересектерге деген құрметі, жанашырлық сезімі болып табылады. Осы тұста Елбасы Н.Назарбаев өзінің  «Еліміздің болашақта гүлденуі бүгіннен басталады» деген баяндамасында «Отбасының беріктігі, жұбайлардың бір-бірінің, ең бастысы балаларының алдындағы жауапкершілігіне де көп нәрсе байланысты. Ата-аналар балаларына, ал балалары қартайған ата-аналарға қамқор болуға тиіс» деген болатын. Мұның өзі отбасындағы өмірді ұйымдастыру, ең алдымен, ондағы ересектердің, яғни ата-аналар мен ата-әжелердің бір-біріне деген қарым-қатынасы мен өзара сыйластығы негізінде қалыптасатындығын айғақтайды.

Ақырып айтқан ақылдан, ақылмен айтқан сөз артық”, “Атасынан ақыл алса, тентек ұл да жөнделер”, “Ана өз баласын жанымен де, қанымен де сүйеді”, “Сүйер ұлың болса сүй, Сүйінерге жарар ол”. /Абай/

   Қорыта айтқанда, бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен отбасы мен мектептің тәрбие процесін дұрыс ұйымдастыра отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын бабалардың санасына сіңіре білу ата-ана мен мектептің ынтымақтастығының басты міндеті болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бикенов К.Ү., Жаназарова З.Ж., Нұрбекова Ж.А. Отбасымен әлеуметтік жұмыс: Оқу құралы.- Алматы.- 2003.
  2. Мұсырманов А. «Ата-ана және мектеп ынтымақтастығы», Қазақстан мектебі, №11, 2004.
  3. Жарықбаев Қ.Б. Қазақ тәлім-тәрбиесінің ғылыми- педагогикалық негіздері. Алматы. Рауан 1996. – 178б.
  4. Жұмаханов Ә, Аймамбетова Б. Семьяда балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің кейбір мәселелері. Алматы: Мектеп, 1985. -72б.
  5. Қоянбаев Ж. Балаларды семьяда тәрбиелеу. Алматы, Білім. 1974. -44б

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ