Қаржы полициясы академиясына оқуға қабылдау ережесі

0

«Қаржы полициясы академиясына оқуға қабылдау туралы ережесін бекіту» Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясының) Төрағасының 2006 жылғы 28 маусымындағы № 108 бұйрығы

Қазақстан Республикасы
Экономикалық қылмысқа және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
агенттігі (қаржы полициясының)
Төрағасының
2006 жылдың 28 маусымындағы
№ 108 бұйрығымен бекітілді

Қаржы полициясы академиясына оқуға қабылдау ережесі

  1. Жалпы ереже
  1. Қаржы полициясы академиясына (бұдан әрі — Академия) оқуға қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 қыркүйектегі № 1642 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдарында қызмет өткеру туралы ережесіне, Қазақстан  Республикасының Білім және ғылым министрінің 2000 жылғы 25 наурыздағы № 247 (Нормативті құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Реестрінде № 1118 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген Қазақстан  Республикасы жоғарғы оқу орындарына қабылдаудың Үлгі ережелеріне сәйкес реттеледі.
  2. Күндізгі оқыту нысаны бойынша Академиясында оқу үшін жасы он алтыға толған жалпы орта білімі бар, қаржы полициясы мен кеден қызметі қызметкерлеріне қойылатын талаптарға жауап беретін, денсаулығы бойынша қызметке және оқуға жарамды тұлғалар қабылданады.
  3. Академия тыңдаушыларының контингентін қалыптастыру кадрларды даярлаудың мемлекеттік тапсырысқа енгізу арқылы жүзеге асырылады.
  4. Оқуға кандидаттарды іріктеуді аумақтық қаржы полициясы және кеден қызметі органдары, сонымен қатар Академия жүргізеді. Кандидаттардың Академияға түсуі олардың арнайы міндетті тексерістен, сондай-ақ қызметке және оқуға жарамдылығын анықтау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-дәрігерлік комиссиясында медициналық куәландырудан өту шарттарымен жүзеге асырылады.
  5. Кандидаттың оқуға түсуінің жеке ісі Академияның қабылдау комиссиясына жіберіледі. Жеке іске қосымша міндетті түрде: жеке куәлігінің, білімі туралы құжатының көшірмелері тіркеледі.

Білімі туралы құжаттың түпнұсқасы және бірыңғай ұлттық тестілеудің сертификаты (бұдан әрі — БҰТ) Академияға келгенде қабылдау комиссиясына тапсырылады.

  1. Аумақтық қаржы полициясы немесе кеден қызметі органдарының кандидатын Академияға оқуға жіберуі туралы шешім Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес қабылданады.
  2. Академияның күндізгі оқыту бөліміне түсуге келген кандидаттар казармалық жағдайда тұрады және сол кезеңде сыртқа шығуына тыйым салынады.
  3. Академияға азаматтарды қабылдау үш кезеңде жүзеге асырылады:

бірінші кезеңде — қабылдау  комиссиясы кандидаттарды медициналық, психофизиологиялық және физикалық  көрсеткіштері бойынша осы Ереженің талаптарына сәйкес іріктейді;

екінші кезеңде — кандидаттарды қабылдау БҰТ-тың нәтижелері бойынша берілген сертификаттағы баллдарға сәйкес (үстіміздегі жылдың жалпы білім беру мектептерінің түлектері үшін) немесе өткен жылдары жалпы білім беру мектептерінің, бастауыш және орта кәсіби оқу орындарының түлектері үшін кешенді тестілеу нәтижелері бойынша жүзеге асырылады;

үшінші кезеңде — қабылдау комиссиясы конкурстық іріктеу негізінде кандидаттарды Академияның тыңдаушылары қатарына қабылдайды.

  1. Кешенді тестілеу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі — Министрлігі) Білім берудің және тестілеудің мемлекеттік стандарттарының  ұлттық орталығы әзірлеген технология бойынша жүргізіледі.

Кешенді тестілеу Академияның орналасқан мекен-жайында жүргізіледі. Осы мақсатта кешенді тестілеуді ұйымдастыру және өткізу үшін мемлекеттік комиссия қалыптастырылады. Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру ережесі Министрлікпен бекітіледі.

Кешенді тестілеудің нәтижелерін тексеруден өткізу Академияда жүзеге асырылады.

  1. Қабылдауды ұйымдастыру 
  1. Академияға оқуға қабылдауды ұйымдастыруды қабылдау комиссиясы жүзеге асырады.
  2. Күндізгі оқыту нысанына түсу үшін кандидаттардың жеке істерін қабылдау экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес Агенттігі (қаржы полициясы) (одан әрі — Агенттік) Төрағасының бұйрығына сәйкес белгіленеді.
  3. Кандидаттардың Академияға келуі тиісті жылғы 1 шілдеге тағайындалады.
  4. Кандидаттарды медициналық, психофизиологиялық және тәндік көрсеткіштері бойынша іріктеу тиісті жылғы шілденің 2-нен бастап 6-сы бойынша  жүргізіледі.
  5. Қабылдау тәртібі туралы ақпарат, қабылдауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша қабылдау комиссиясының шешімдері, емтихандар мен кеңестердің кестесі, дұрыс жауаптардың коды, кешенді тестілеу қорытындылары, сондай-ақ басқа да қажетті ақпараттар ақпарат тақталарына оқуға түсушілерге уақытылы мәліметтер беру мақсатында ілінеді.
  1. Тестілеуді өткізу 
  1. Кандидаттардың кешенді тестілеуі тиісті жылғы 7 шілдеде Академияның базасында жүргізіледі.
  2. Кешенді тестілеу кандидаттардың қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде жалпы орта білім беру бағдарламасының көлемінде» 050301-Құқықтану, «050303-Құқық қорғау қызметі» және»050304-Кеден ісі мамандықтары бойынша оқуға түсушілерге арналған Үлгі ережелермен белгіленген пән бойынша жүргізіледі.
  3. Әр пән бойынша тестік тапсырмалардың саны — 30. Кешенді тестілеуге үш астрономикалық сағат беріледі.
  4. Әрбір тест тапсырмасына берілген дұрыс жауап бір баллмен бағаланады. Тыңдаушылар қатарына қабылдау конкурсына қатысу үшін ең төменгі балл Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына қабылдаудың типтік ережелерінде анықталған баллдарға сәйкес болады. Тестіні қайта тапсыруға рұқсат берілмейді.
  5. Дұрыс жауаптың кодтары тестілеуден кейін жауап парақтарын сканерден өткізгеннен соң, бірден тақтаға ілінеді.
  6. Кешенді тестілеу нәтижелері бойынша әрбір кандидатқа Министрліктің Білім беру мен тестілеудің мемлекеттік стандарттардың ұлттық орталығы белгіленген үлгідегі сертификат береді. Оны тестілеу өткізілгеннен кейін үш тәулік ішінде мемлекеттік комиссиясы табыс етеді.
  7. Қабылдау комиссиясы сертификат алудың кешенді тестілеу нәтижелерін тест өткізілген күні хабарлайды.
  8. Тестілеу нәтижелерімен келіспеген кандидаттың апелляцияға беруге құқығы бар. Апелляция арызы апелляциялық комиссияға тестілеу нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күні сағат 13.00-ге дейін беріледі және аппеляциялық комиссия бір тәулік ішінде қарайды. Апелляция комиссияның төрағасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітіледі.
  1. Академияға қабылдау 
  1. Академияның күндізгі оқыту бөлімі тыңдаушыларының қатарына кандидаттарды қабылдау осы жылғы 9 шілдеде Академияның нақты мамандықтары бойынша конкурстық негізде комиссияның ашық отырысында өткізіледі.
  2. Конкурсты өткізу кезінде басымдылық құқығына ие болатындар:

«Алтын белгі» белгісімен марапатталған оқушылар;

жүлдегер болып табылғандардың таңдаған мамандықтарына олимпиада немесе ғылыми жарыс пәндері сәйкес келген жағдайда, соңғы үш жыл ішінде халықаралық олимпиада мен жалпы білім беру пәндері бойынша ғылыми жарыстардың (1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен марапатталған) жүлдегерлері, сондай-ақ ағымдағы жылда республикалық олимпиадалар мен жалпы білім беру пәндері бойынша ғылыми жарыстардың жүлдегерлері болып табылғандар;

«Алтын белгі» белгісінің иегерлері кез-келген мамандық бойынша тестілеудің төртінші пәніне қарамастан конкурсқа қатыса алады.

  1. Сертификат баллдарының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда басымдылық құқығы мыналарға:

жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

үздік аттестаттар, куәліктер мен дипломдардың иегерлеріне;

аттестаттары, куәліктері немесе дипломдарында аса жоғары орта баллдары бар азаматтарға;

негізгі пәні бойынша аса жоғары орта баллдары бар азаматтарға беріледі.

  1. Оқуға қабылдау туралы қабылдау комиссиясының шешімі Академия бастығының бұйрығымен ресімделеді.
  2. Академия тыңдаушылары қатарына қабылданбаған кандидаттар жеке істерін қайтарумен бірге және қабылданбау себебі көрсетіліп, аумақтық органдарының  қарамағына жіберіледі.
  3. Қабылдау комиссиясы Министрлікке белгіленген нысандар және мерзімдер бойынша ақпарат береді. Қабылдау қорытындысы бойынша Академия бір апта мерзімі ішінде Агенттіке кандидаттарды конкурспен іріктеуді ұйымдастыру және өткізу туралы қорытындылы мәтіндік есебін, сонымен қатар Академияның тыңдаушылары қатарына қабылдау бұйрықтарының көшірмелерін ұсынады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ