«Жармақ» романы – көркемдік-философиялық және психологиялық ауқымдағы соны туынды

0

Жазушы Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосқан қаламы қарымды, сөз құнары қуатты, айтары айшықты суреткерлердің бірегейі. Қаламгердің «Жармақ» романы осы ойымызды дәлелдей түседі. Романда әлеуметтік – қоғамдық өміріміз көркемдік тұрғыда жанды кейіпкерлер арқылы бейнеленгені өз алдына, іс — әрекеттер арқылы дараланатын мінездер әлеміне көркем шығармада мейілінше қаныға түсесің.

         Шығармада  автордың баян еткеніндей, өзгелер үшін белгісіз, ал қаламгер үшін алаш руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Иман Қазақбайдың қолжазбасы негізінде жазылған романның басты кейіпкері Мұрат Бейсенұлының бейнесі арқылы туындаған оқиғалар тізбегі романның негізгі өзегін құрайды. Ең алдымен, «Жармақ» сөзінің атауы қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бір заттың екінші бейнесі, бөлшегі мағынасында берілгендігін атап айтқанымыз жөн. Романда келтірілгендей, «жармақ» сөзі  — бүтіннің бөлшегі, екінші жарымы. Иман Қазақбайдың «Қилы тағдырлар» деп аталған қолжазба нұсқасындағы романы жазушының қалауымен «Жармақ» деген жаңа атауға ие болады. Бастапқы кіріспе тарау — автордікі. Өзгелері — Иман Қазақбайдікі. Алайда, бұл авторлық көркемдік тәсіл ғана. Әйтпесе, роман заман жүгін мейілінше арқалап тұр. Мағауиндік стиль менмұндалап ерекше байқалады, сезіледі де.

         Қазірде орталық Еуропаға қоныс аударған, Чехияның астанасы Прага қаласында тұратын жазушы Мұхтар Мағауин көркем туындысын әлемдік әдеби үдеріс тұрғысында жазған. Кезінде отыз жылға жуық мемлекеттік баспада, жастар альманағында,  әдеби «Жұлдыз» журналында бас редактор болған басшы қаламгердің айтары мол-ақ. Әдебиеттің бүгінгі хал-ахуалын да осы туындыда жасырмаған. Тіліп айтқан, кесіп сөйлеген. Баспа қызметінде басшы болған жылдары Иманның шығармаларының жарық көруіне қашанда жылы қабақ танытқанын да ашып айтады. Енді, мінеки, Иман дүниеден озған соң, оның жарты сандыққа жуық қолжазбаларын балалары жазушыға әкеліп береді. Иманның қолжазбаларының қадіріне жетпеген ұрпақтарына не дерсің. Бұған, бәлкім, заман да кінәлі болар. Өйткені, оның перзенттері тіршілік қамымен ғана өз жайларын күйттеп жүрген көрінеді.

         Сонымен, шығармадағы адам сенгісіз оқиға жарықтың, кәдімгі электр шамының жалп етіп өшуінен басталады. Түнгі ұзақ жұмыс алдындағы Мұрат Бейсенұлының демалу сәті.  Ас үйде, яғни бөлмеде кейіпкер шай ішіп отырады. Жоспарлаған тірлігі – ғылыми журналға Ұлы Дала тарихына қатысты әзірлеген мақаласын тәмамдау еді. Бірақ жарық сөніп қалады. Жарықтың өшуі, шынында да, ел тәуелсіздігінің бастапқы жылдарында көз үйренген жәйттердің бірінен саналатын. Үлкен қалалардың өзі қалың қараңғылық құрсауында қалатыны әмбеге аян-ды.

         Романда сол кезеңдердің басты ерекшеліктері – нанның қымбаттағаны, қанттың азайғаны, сабынның таусылғаны, ақшаның күлге айналғаны, айлық табыстың апталық табысқа жетпеуі, гиперинфляцияның, яғни ауыздықтауға болмайтын қымбатшылықтың, құнсызданудың бой бермей кеткендігі оқырмандар есіне салынады.

         Алайда, бұл жолғы жарықтың өшуі оқиғаға мүлдем басқаша сипат береді. Ол жай әншейін жалп етіп өшу емес, төңіректі, жан-жақты түгелдей жұтып жіберген қараңғылық шыңырауы еді. Сыртта ай да жоқ. Қап-қараңғы қара түнек. Көшелерде машина жарығы да байқалмайды. Отырған үйдің есік, қабырғасы да жоқ. Бәрін қараңғылықтың тылсым күші жұтып жібергендей. Роман кейіпкері орнынан тұрады. Асхана бөлмесіндегі столдың, мұздатқыштың қайда орналасқанын ойша, қиялша біледі. Жұмыс кабинетін де бағамдай алады. Үйде бір өзі. Үш қызы болған. Олар күйеуде. Әйелі бар. Ол  сауда-саттықпен айналысады. Қазірде екеуі ажырасқан. Себебі белгілі. Табысы тапшы, атағы дардай ғылым академиясындағы қадірсіз, табысы тапшы адам әйеліне қажет емес. Әйелі мұндай күйеуді арамтамақ деп санайды. Ал роман кейіпкерінің қолынан сауда жасау келмейді. Бар-жоғы – осы. Роман кейіпкері төл халқының тарихын жасауға белді бекем буып кіріседі. Ал әйелі болса, не ғылымыңмен бол, не саудамен бол деп, бет бақтырмайды. Роман кейіпкері өзі сүйген ғылыми жұмысымен қалады. Үш бөлмелі үйлерін ажырасқан соң, айырбастап, екіге бөледі. Әйелі екі бөлмесін алады. Күйеуі аядай асхана бөлмесіне ие болады. Кітап атаулысы өзінде қалады. Заң бойынша кітаптың жартысы менікі демеген бұрынғы әйелінің пейіліне қуанады.

         Роман кейіпкерінің тұрмысы одан соң, өзгермейді. Тұрмысы мен тіршілігіне жалақысы жетпейді. Үлкен қызы қол ұшын беріп тұрады. Алпысқа бет алған ер азамат пен елуге табан тіреген әйел нарық заманының құдіретімен екі жаққа бөлінеді.

         Сөйтіп, роман кейіпкері тас қараңғылықта өз кабинетіне бармақ болып, ілгері жүре береді. Бірақ қолы қабырғаға, не есікке тимейді. Аяғының астындағы линолиум еден де бірте-бірте түкті палас, қалы кілем сияқтанып кетеді. Роман кейіпкері, яғни ғылыми қызметкер Мұрат Бейсенұлы есі ауысқандай күйге бөленеді. Сол кезде электр жарығы жарқ етіп жанады.

         Мәселе осы жарықта. Ендігіде бұл жарық бас кейіпкердің бөлмесіндегі жалғыз шам емес. Ол саны жоқ шамдарға тап келеді. Өзі кең сарайдың босағасында тұрады. Сарай іші тұнған картина, төбесі люстралармен көмкерілген. Зал іші тола салтанатты қауым. Төрде отырған кісіге бас кейіпкердің көзі түседі. Қараса, ол басқа біреу емес, дәл өзі. Дастарханның басты тұлғасы өзі екен.

         Романның басты кейіпкері мән-жайды ұғып үлгере алмайды. Өзі босаға алдында. Және де өзі дастархан төрінде. Ешнәрсеге түсіне алмай тұрғанда суық жүзді сақшы жігіт пайда болады. Ол бұған қайдан келгенін, кім екенін сұрайды. Бұл өз үйінде жүргендігін айтады. Өзін таныстырады. Жарық сөнген соң, адасып қалғанын айтады. Сақшы жігіттердің бірі ешқандай жарықтың өшпегендігін түсіндіреді.

         Мұрат Бейсенұлы оларға төрде отырған өзі екенін айтып салады. Той менікі дейді. Сақшылар сөзге келмей, оны су жаңа, қымбат киімдермен киіндіреді. Содан соң, салтанатты сарайға келеді. Бос орындар болмағандықтан оны бір шетке жайғастырады. Сақшылар Мұрат Бейсенұлын өзіне ұқсас төрде отырған той иесінің ағасы деп ойлап қалады. Інісінің тойында тыныш отыруын қалайды.

         Жастардың жанында отырған Мұрат Бейсенұлы төрде отырған өзіне ұқсас адамның есімі Марат Бейсенович екенін біліп алады. Оған байыптап қарайды. Таныс-бейтаныс бауыры, әлде сыңары, әлде жын-сайтан ба, тұп-тура дәл өзі, құйып қойғандай, ұқсас. Жанында отырған аппақ жүзді, гауһар сырғалы, елуге таянса да отыз бестегідей келіншек те көзіне оттай басылады. Ол – жастық шағында ғашық болып, үйленеміз деп жүргенде, бас-аяғы  жарты сағат ішінде  зым-зыя жоғалып кеткен қалыңдығы Балжан болатын .

         Жастармен отырып, Мұрат Бейсенұлы біраз жәйттерге қанығады. Өзі ойлағанындай төрде отырған Марат Бейсеновичтің әйелінің аты Балжан болып шығады.  Ол бәйбішесі екен. Жанындағы және бір талғаммен киінген келіншек тоқалы екендігін де біліп алады.

         Жастар бүгінгі тілмен айтқанда, өз шефін мақтайды. Бизнесмен екендігін, саясаткерлігін айтады. Жалғыз әйелді әрең игеріп жүргенде, ол кісіде бәйбіше, тоқал бар екендігін мақтан етеді. Балжан жеңгейдің ақылдылығына қайран қалады. Сонда олардың келіншектерінің бірі өз күйеулеріне, ең алдымен, шефтің деңгейіне жетіп алулары қажет екендігін, содан соң, келіншектерін толық қамтамасыз етулерін, бала-шағаларының ер жетуін айтады. Содан соң, біз де Балжан жеңгей сияқты ақыл қосармыз дейді. Мұрат Бейсенұлы да Балжанның жай-күйіне таңдай қағады. Өзінің бір-ақ әйелді ұстай алмағандығын жасырмай айтады.

         Мұрат Бейсенұлы төрде отырған Мараттың ешқашан да  сыңары бола алмайтындығын түйсінеді. Оның тап өзі екендігін сезінеді. Төрдегі Марат ел аман, жұрт тыныш кездегі дәл өзі. Тапшылықтың зардабын тартпаған кездегі өз бейнесі. Тамақты таңдап, талғап ішетін кезіндегі болмысы. Ол – бүгінгі бай. Гольф ойнайды. Аңға шығады. Шалғай елдерге курортқа барады. Тұрақты түрде ем-дом алады. Қаладағы байлығын ұлғайтуды ойластырады. Ұлттық мүдде, елдік мұрат, ұрпақ тәрбиесі оны ойландырмайды. Оны тек өз мүддесі ғана қызықтырады. Қалған нәрселердің бәрі ол үшін бос сөз.

         Мұрат Бейсенұлы  салтанатты сарайда көргендерінің бәрін де түсім деп ойлайды. Бірақ ол өңі болатұғын. Оған өзінің көзі жете түседі. Тойда аудан әкімі үлкен  жиынға кеткендіктен, оның орынбасары құттықтау хатты оқып береді. Онда бұның, яғни өзінің өмірбаяны түгелдей қамтылыпты. Бәрі дұрыс. Бәрі өзінің өмірбаянымен сайма-сай, сәйкес. Өзгешелігі – Балжан екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсіріпті. Үлкен ұлы – банктің төрағасы. Одан кейінгі қызы шет елдік бір алпауытқа ұзатылған. Кіші екі қызы Америкада оқиды. Тоқалынан кенже ұлы өсіп келеді. Сүт кенже нағыз бизнесмен болады деп тойда мақтау сөздер айтылады.

         Босағада отырса да, Мұрат Бейсенұлы төрдегі өзін көріп, риза болады. Өзін бай сипатында аңғарады. Ақ арақтан да өмірі ішпесе де, төрт-бес рюмкасын қағып салады. Бірақ өзін сабырлы болуға шақырады. Өзі – төрде. Ал ол бұл емес.

         Бір кезде босағада отырған өзі мен той иесі өзінің жанарлары түйісе қалады. Сол сәтте жалп етіп, қараңғылық басады. Мең-зең болған Мұрат Бейсенұлы орнынан тұрады. Қолын соза бергенде қабырғаға саусағы тиеді. Дөңгелек түймешікті басып қалады. Жарық қайта жанады. Сол кезде өзі салтанатты той сарайында емес, аядай өз бөлмесінде отырғанын байқайды. Әлгінде ғана той дастарханында отырғаны құрғақ қиялы әлде түсі ме десе, олай емес. Үстінде қымбат смокинг. Аяғында қара былғары туфли. Сәлден соң, салтанат сарайына Мұрат Бейсенұлының қайтадан барғысы келеді. Жарықты өшіреді. Ғайыптан келген орнына барып тұрады. Бірақ ешнәрсе өзгермейді. Бәрі баз-баяғы. Салтанат сарайының есігі ашылмайды. Жарқ-жұрқ еткен люстралар көзге көрінбейді.

         Сол түні Мұрат Бейсенұлы қатты ұйықтайды. Елу беске келген тойын тойлапты. Кешегі мастығы тарқапты. Тұрмыс талқысынан әжептәуір қажыпты. Тәуелсіздік келсе, ұлттық ғылымда үлкен жол ашылады деп ойлағаны босқа кетіпті. Өзінің ғылымы қажетсіз, өзі біреуге бөгет болыпты. Заманның бел тұлғасы ақша болғандығына көзі жеткендей. Ал ақша дегенің анау секілді. Анау деп тұрғаны — өзі. Сөйтіп Мұрат Бейсенұлы тағы да шатаса бастайды. Ол және анау. Екеуі бір адам. Екіге айырылған екі тағдыр иелері. Екеуі бір адам болғанымен, екеуі екі жаққа бет алған кезі Балжанның жоғалған күнінен басталыпты.

         Мұрат Бейсенұлы университетте оқыған жылдардың бастапқы кезінде-ақ ғылымға икемділігін танытады. Атақты тарихшы, профессор Ақсақал оған қамқор болады. Бас-аяғы он төрт жыл қуғын-сүргінде болған ұстаз-ғалым Мұратты аспирантурада қалдырады. Тарихи тақырыпты ұсынады. Ол кезең тарихта «жылымық» кезеңі деп аталатын ХХ ғасырдың 60-жылдары еді. Адам санасында, қоғамда еркін ойлау үдерісі орныға бастаған шақ. Әйтсе де, ұлттық тарих біртабандап, қасаң жүйе ауқымынан шыға алмай қалады. 1932-1933 жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін, жат жұрттық адамдардың  тың игеруге сан мыңдап ағылуы, солтүстік, орталық облыстарда қазақ тілді баспасөздің, театр, мәдениет ошақтарының жабылуы туған тарихқа өгейлік көзқарасты нығайта түседі. Ұлттық сана жаншыла бастайды. Ұлттық еңсе ұлтанға, ұлтараққа айналады. Аяқасты етіледі. «Қазаққа қатысты әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық дәстүрлер түгел артта қалған, кертартпа, зиянды деп табылды, қазақтың тілі шетке қағылып, төл тарихы мүлде мансұқ етілді» делінеді романда. Осынау тарих шындығы ұзақ уақыт бойы өз халқынан жасырылып келгендігі, оған басқаша мән мен маңыз берілгендігі күні кеше ғана екендігі баршамызға белгілі жәйт болса да, жадымызда әрдайым сақтауымыз қажет-ақ. Келер ұрпақ ондай кесепат іс-әрекеттерге жол бермеуі үшін ұдайы санамызда жаңғырып тұруы керек.

         Сонымен, Мұрат Бейсенұлы ғылымға бет бұрады. Кандидаттық диссертациясын қорғаймын деп жүргенде ғылыми жетекшісі, профессор Ақсақал дүниеден өтеді. Жаңа ғылыми жетекші Қырмасақал тағайындалады. Колхоздастыру, яғни ұжымдасудың жетістіктері жөнінде қалың еңбек жазған жаңа басшыға Мұраттың ұжымдасу кезінде орын алған ашаршылық мәселесі ұнамайды. Бұған ол саяси сауатсыз, теріс ықпалдағы көзқарас деп баға береді. Қазақ халқы ежелден келе жатқан халық емес, оның тарихы ұлы Октябрьден кейін, яғни 1917жылдан соң басталды, қазақ халқы оған дейін жабайы, сауатсыз болған, ұқтың ба дейді жаңа ғылыми жетекші.

         Мұрат Бейсенұлына қайтадан ұлтшылдық, байшылдық идеологияға қарсы күрес, тың көтеру эпопеясы секілді тақырыптарды ұсынады. Бірақ Мұрат кері бағытта жұмыс істеуге қадам жасамайды. Университеттен кетіп, академияға бармақ болады. Бірақ Балжанға ғашық болуы, үйленбек болғаны, көп мәселелерді шешуге ойландырады. Аз ғана жалақымен екеуінің күн көрісі қалай болар екен дейді. Қазақ бөлімін бітірген Балжанға орыс тілді Алматыдан жұмыс табу да оңай емес-ті. Мұрат  ауылға кетіп, қор жинап қайтуды да ойлайды. Ауылда қарайып қалмаймын ба деген ой да келеді. Ойы онға, санасы санға бөлінсе де, Балжан бәріне көнетіндігін білдіреді.

          Алайда. өмір ағысы олардың  қашанда бірге боламыз деген армандарын екі арнаға бөліп жібереді. Балжан әл-ауқаты жақсы жерден шыққан. Әкесі – аудандық тұтынушылар одағының бастығы. Мұрат та ауылдан шыққан. Бірақ, әке-шешесі университет бітірер алдында бірінен соң бірі бақилық болған. Ауылы атом полигонының астында қалған. Ет жақыны да жоқ жігіт. Сонда да болса, туған жеріне барып қызмет етуді жөн көреді. Диплом алған Балжанды өзімен бірге поездбен алып кетпек болады. Екеуі билет алып, киім – кешектерін буып, түйіп, ертесіне жолға шығуға бел буады. Сол күннің кешінде жазушы  А.Беляевтің «Адам-амфибия» атты көркем фильмін көреді. Кино өз уақытында жастардың сүйікті кинофильмдерінің біріне айналған-ды. Махаббатты ту еткен жігіт пен қыздың тағдыры жастарға тағылым болған-ды.  Мұраттың өмірі де осы фильмнен соң кинодағы жігіт – Ихтиандрдың тағдырының кейіпін киеді. Ихтиандр фильм соңында сүйген қызына қосыла алмай, өмір-бақи көк мұхит әлемінің тылсым тереңіне кетсе, Мұрат әрі-сәрі күй кешіп, екіұдай халде болады. Ғылыми жұмысының доғарылғанына қатты өкінеді. Қоғамда жылымық кезең орнаса да, бұрынғы жетекшісі қуғын-сүргінмен он төрт жылын өткізсе де, алған бетінен таймай, ел тарихы үшін барлық қажыры мен қайратын жұмсағаны өзіне өнеге болғанымен, Қырмасақалдың ғылым жолында кедергі болғанына әрі-сәрі  күй кешеді. Көңіл-күйінің әрі – сәрі болуы қиындықтың алдында басымдық көрсетеді. Торығуына, қиындықтардан тайсалуына жол ашады.  Алматыда қалсам ба, қалмасам ба деген әрі – сәрі күйден арылып, Мұрат ауылына кетпек болады. Басталмай жатып, түгесілмеген ғылыми қызметімен қош айтысады. Содан соң Мұрат түс көреді. Бар қуанышы вагон ішінде өзімен бірге келе жатқан Балжан. Екеуінің қуанышы. Балжан — Мұраттың өмірлік жары. Тұп-тура өңіндегідей түс көргеннен кейін Мұрат оянады.  Қажып, жаншылып, таң ата ғана көз іліп, қатты ұйықтағаны соншама, түс ауа бір-ақ оянады. Сағатына қарайды. Түскі екіден өтіп кеткен. Ал поездың қозғалатын уақыты түскі сағат бір.

         Мұрат Балжанды іздейді. Балжан ұшты-күйлі жоғалған. Дәліз жуып жүрген қызметші кемпір саған керек қыз бір жігітпен кетіп қалды дейді. Қайсы жігіт деп сұрағанда, кемпір сөзін жалғап, қазіргі қыздарда жігіт көп,  күнде ауыстырады, соның бірі де дейді.

          Мұрат Балжанның біржола кеткеніне күмәні қалмайды.  Өзімен бірге жүрген бұрынғы бір жігітінен өзіне меншіктеп алған екі жыл ішінде сол жігіті әжептәуір бойы да, ойы да өсіп, байсалды кейіпке енген еді. Сол емес пе екен деген қызғаныш оты лап етеді. Балжанның қалайша өзін тастап кеткеніне түсіне алмайды. Ұйықтап қалғанына бола кетуі мүмкін емес, өкпелескен, реніш артқан себептер болмаған. Үнемі екеуі тату-тәтті қатынаста жүрген. Сонда не болған? Мұрат үшін  бұл сұрақтың шешуі жұмбаққа айналады. Күні бойы бөлмеде жатады. Ойы ойқы-шойқы. Көз алды тұманданады. Бәрі де өңі еместей, түсі секілді. Кенет Балжан да, өзі де бір поезда, бір вагон ішінде келе жатқандай сезінеді. Балжан жанында екеуі елжіреп бір – біріне қарайды. Құшақтарын жаяды. Қиялы мен өңі ұштасқан сәттер.  Кенет көзін ашса, Балжан дегені жаман-жасқау жастық қана екен.

         Күн кеш болады. Қасында бірге жататын аспирант жігіт, барша заманға ортақ мамандық иесі, физик Құлашбек келеді. Мұраттың ауылына кетпегеніне таң қалады. Ғылыми еңбегі саясатқа орай сан түрленетін, сол кездегі маркстік-лениндік идеологияға негізделген тарихшы-аспирант Мұратты жаңа көргендей жүзбен қарайды.  Бай болмаса да қолы жомарт Құлашбек Мұраттың жанын түсінеді. Қызың сені жақсы көрсе, табысарсың, ал ғылым кінәмшіл болады,  бір тастап кетсең, қайта айналып соқпайды дейді.     Құлашбектің айтқанының алғашқы бөлігі арман күйінде қалады. Балжан мүлдем бейхабар кетеді. Мұрат кең дүниеде жападан жалғыз қалады. Өзіне — өзі қол жұмсамақ болады Мұрат. Бірақ оған батылдық қажеттігін түсінеді. Үміті үзілейін деген шақта өзінің ғылым үшін туғанына көзін жеткізеді. Өмірін соған арнамаққа ниет етеді. Орыс тарихын қаза, індете зерттеген Карамзин мен Соловьев сияқты туған халқының рухына қатысты өткен тарихты жандандыруды, елдің еңсесін көтеруді мақсат тұтады.

         Екіұдай, әрі – сәрі жағдайда жүрген Мұрат және бір түс көреді.  Түсінде Балжан екеуі қосылған. Санаторийде бірге демалып жүр. Келіншегі теледидар көріп отыр. Өзі кітап оқығысы келеді. Кітабы жоқ. Екеуі оңашаланады. Сыр шертіседі. Сол кезде Мұрат терезе пердесіне тасаланып,  біреудің қарап тұрғанын байқайды. Өзге емес, дәл өзі өзіне қарап тұр. Балжан да оны көреді. Сөйтеді де, Мұратқа бұрылып: «Сен … екеу екенсің ғой!» — деп дірілдеп жылайды. «Балжан, Балжан… қорықпа, бұл мен ғой!» — дейді Мұратқа ұқсаған сыңары. «Балым, бұл – мен емес, мен – мына мен…» — дейді Мұрат. Балжан перде тасасында тұрған жігіттен пана іздегендей соның бауырына барып тығылады. Мұрат оған ұмтыла бере ұйқысынан оянып кетеді. Мұраттың Балжанды түсінде де соңғы рет көруі еді бұл.

         Романда екіге бөлінген басты кейіпкердің болмысы – оның  драмасы, азабы, бәлкім, трагедиясы дер едік. Адам жанының екі бейнесі, қос тұлғасы тұтастық емес,     жарқыншақ ой, жартыкеш тірлік іспеттес. Жармақ бейнесі өмірде, тіршілікте еш опа берместей ой қалдырады. Сезімді баянсыз, тұрлаусыз күйге түсіргендей хал-ахуалға бөлейді. Мұрат Бейсенұлы университеттен кетіп, ғылым академиясына қызметке орналасады. Оған өзінің бұрынғы жетекшісі, профессор Ақсақалдың шәкірті профессор Қарасақал жатырқамай, ілтипат білдіре қамқорлық танытады.

Қарасақал профессор жаңа заман адамы. Ол ғылымдағы жаңа көзқарасты ұстанады. Алайда бұл жолы, бұрынғы таным мен білікті мүлдем керісінше ұғыну бағыты болатын. Оның айтуынша, ғылыми тақырыптағы Шыңғыс ханды басқаша бағалау керек. Сатқын деп білген Қайыр ханды қаһарман, көреген деп мақтау керек. Басты нәрсе ғылыми атақ алу қажеттігіне назар аудартады. Мұрат, сөйтіп, әупірімдеп, жоғары оқу орнын бітіріп, аспирантураға түскеннен бастап, тұп-тура сегіз жыл өткенде, яғни отыз жасында диссертациясын қорғап шығады. Алғашқыда жиырма екі жасында кандидаттық, ал отыз жасында докторлық қорғаймын деп ойлаған Мұрат соның өзіне шүкіршілік етеді. Өзге, көлденең көк атты кісілер жас кезінде, сәтті қорғап шықтың деп көтермелейді. Қалай дегенмен де, келесі ғылыми дәрежеге бастар баспалдақ деп ойлаған Мұрат кәрі кандидат күйінде қалады. «Тарихтағы қыпшақтар» атты ғылыми еңбегін ендігіде аяқтасам деген мақсаты ғана өзіне демеу болады. Ғасыр соңына дейінгі төрт-бес жыл ішінде бітірсем деген ойына, салтанатты сарай ішінде көрген Балжан және өзінің екінші өзі секілді сыңары ойын жан — жаққа қашыртып жібереді.

Мұрат қартайған шақта Балжанға жолығады.  Балжан да, әрине, жас емес.  Күйеуі бұрынғы жігіті секілді. Бірақ оған сенгісі келмейді. Ол Мұратты көргеннен – ақ зәресі ұша, қатты қорқады.  Қорқа тұра, Мұратқа ұмтылады. Мұрат та тайсалып қалады.

Мұрат Бейсенұлының о баста талантты дарын иесі болатынын профессор  Ақсақал байқаған.Кейінірек Мұраттың тұтас болмысы екіге жарылады. Өзі айтқандай,бір бас екіге жарылғандай,жарты ес,жарты күш,жарты жүйке,жарым жан.Ақыл, есі,парасаты кемімеген.Білім,танымы сол қалпында.Ал өмірге ынталану,еңбекке құштарлық,талап пен жігер мүлдем жоғалған.Немқұрайдылық бойын билеген,кеудесін басқан.Жұрттың бәрі өзінен артық секілді.Өзін зор емес,қор санайды.Мұраттың бейнесі қандай,психологиялық ой-қабілеті қай деңгейде деген сауалға өзіне-өзі берген мінездемесі айқындап,ашып тұрғандай.Өзі айтпақшы,шалағай адам өзінен көп білетін сияқты.Артық болмаса да,көп білмесе де,діттеген мақсатына өзінен бұрын жететін секілді.Баяғы арыны,асқақ еңсесі жоқ,қашанда қорғаншақтап,именшектеп жүргені.Тек бір-ақ қасиеті қалған.Ол-өз халқының бір кәдесіне жарасам деген ұлттық санасы ғана.

      Кеңестік жүйе кезінде де цензураның сүзгісінен өткізіп,Мұрат Бейсенұлы ғылыми еңбегін баспадан кітап етіп шығарады.Кітабы әбден күзеледі.Қыпшақтардың ежелгі тарихы жайлы мәліметтер қысқартылады.Өйткені,қыпшақ мемлекеті тағы,жабайы болғандықтан түп-тұқияны жойылған деген сыңаржақ ой-пікірлер тотарлитарлық жүйенің тас қамалын одан сайын нығайтқан еді.Оны бұзу оңайға соқпайтын. Мұрат Бейсенұлы кітап болып шыққанының өзіне қуанады.Кітабы өзінікі,бірақ қысқартылғандықтан ой-пікір мүлдем құрдымға кеткен.Өзінің туындысы емес секілді.

      Қысқарып шыққан кітабының аты “Ежелгі орыс елі және көне қыпшақтар-ХІ-ХІІ ғасыр”.Осы кітабы кері қайтарып алынады.Саудаға түспей,түгел қырқылады.Макулатураға айналады.Баспаның шығыны түгелдей Мұрат Бейсенұлына жүктеледі.Өзіндегі бір данасын да өткізуді қатаң талап етеді.Бірақ ол кітапты жасырып үлгереді.Кітап негізінде ұлттар достығына қауіп туғызады деп есептейді тексеруші тиісті мекемелер.

     Кітаптары тәркіленген Мұрат Бейсенұлының абыройы мен беделі кейіннен бірден-ақ өседі.Келе-келе демократиялық өзгерістер арқасында оның сөзі,беделі де өзі қалаған ғылымы секілді баянсыз,өтпелі дүниеге айналады.Тәуелсіздік келіп,барлық бөгеттер ысырылғанда Мұрат Бейсенұлы мүлдем есеңгіреп қалады.Барлық жабық тақырыптардан тыйымдар алынып тасталады. Қарап тұрса,өзіне енді ешкім бөгет бола алмайды.Алайда,бойда ынта болғанмен,қызу қарқын жоқ.Өмірі бүтіндей зая кеткен секілді.Сондай хал-ахуалды бастан өткереді Мұрат Бейсенұлы.Зая кеткен ғалымдағы өмір оны тұйыққа тірейді.Әйтсе де өмірі одан әрі жалғаса береді.Үйленеді Балнұр есімді қызға.Ғылым академиясындағы кітап сататын дүңгіршекте сатушы болған ол Мұратқа қажетті кітаптарын уақытылы тауып беріп жүреді.Бірте-бірте бір-бірімен табысады.Жылдар өте бір ұл,үш қызды болады.Өзі қатарлас жігіттердің бәрі дерлік табысқа жетеді.Жатақханада бір бөлмеде жатқан Құлашбек ғалым доктары атанады.Ал Мұрат Бейсенұлы сол қалпында қалады.Парасаты,білімі биік,жоғары болса да,еңбегі жеміссіз, еш болған.Барша күш- қайраты,ұмтылысы мен құштарлығы Балжанмен  бірге кеткенін Мұрат айқын сезінеді.Балжан өзінің өмірлік таңдауын жасады.Өз қалауын тапты.Мұраттың бей-жай,бойкүйез қасиетіне бола шешуші сәтте, сол күні-ақ  оны лақтырып тастады.Оның тұтас еместігін,екіге жарылғыш жармақ мінезінен бойын алып қашты.

       Мұрат Бейсенұлының романдағы өмірі,шынында да,әрі-сәрі халде болады.Жазғандары ұшпақа шықпайды.Өз басындағы сәтсіздіктер негізінен алғанда тағдырдың екі жолының қайсысын таңдай алмауында  жатқанына да көзі жетеді.Азапты болса да,ғылым жолын жақсы көреді.Сонымен бірге тыныш өмірді де аңсайды.Бір сөзбен айтқанда,екі жол,екі тағдыр.Біріншісінен қорқады.Екіншісін мақұл көреді.Бірақ шешім қабылдауда дәрменсіздік танытады.Сонымен Мұраттың өмірі екі жарты жармақ жанның ғұмыры.Мұрат-бір кісі емес.Екі кісі.Бастапқыда біреу,бүтін болып туылған.Соңыра екі жарты,екі жармақ-бүтін іспеттес екі адам сипатында қалыптасады.Бұрынғы кездегі,жастық шақтағы қайраты тасыған, айбыны ерен Мұраттың бар арманы өзіне ұқсас Маратқа дарыған. өзі сүлесоқ ой-арманы ортайған,бұрынғы қасиетінен айырылған қатардағы көптің бірі ғана.Романда өзінің осы хал-ахуалы жайлы Мұрат Бейсенұлы былайша мінездеме берген:’”Мен екі кісімін.Әуелде бүтін,біреу болып туғам.Содан соң,қақ айырылып,екі жармақ-бүтін есепті екі кісі ретінде қалыптандым.Жиырма төрттен елу беске дейінгі аралықта қатарынан екі ғұмыр кешіппін.”

       Мұрат келер күндер ішінде Балжанмен де,Маратпен де жолығысуды жөн көрмейді.Әркімнің өзіне ғана тән өмірі бар екенін анық аңғарады.Десек те,Марат бұны іздеп келеді.Екеуі әңгімелеседі.Мұрат Мараттан Балжанды қалай көндіргенін сұрайды.Мұрат та,Марат та о баста бір адам екендігі,тұтас бейне екендігі романда айқын көрінеді.Мәселен,Мұрат поездан кешігіп ұйықтап жатқанда, Марат қатты қынжылады.Ойына,санасына Балжанның салмақ салғаны соншама,ол жайлы түс көреді.Түсінде Балжанмен бірге вагон ішінде болғаны,тойдан соң, санаторийде бірге демалғаны,бөлме ішіндегі перде сыртында бір адамның жасырынып тұрғаны,бәрі-бәрі де Мараттың өңінде болғанын оның  өзіне айтқан әңгімесінен ұғады.Мұраттың түсі-Мараттың өңі.Екі бейненің қиялы мен шынайы іс-әрекеті айна-қатесіз орындалып жатады.

       Сондай-ақ, Марат Мұратты жек көретінін де,тіпті,оны ажалға қиып отырғанын да ашып айтады.Оның аты-шулы хандық жүйеге көшу артықшылықтары жайлы мақалалары өзіне кедергі келтіретінін,байлығының түп-тамырына су құятынын ашына әңгімелейді.Дүниені рухани байлық емес,ақша бейлейтіндігін ұғындырады.Өзінің қол жеткен байлығы өзгелердің алдында түк еместігін  де жасырмайды.Өзі дүркіреп байи бастағанда,Мұраттың тақыр кедейге айналғанын бетіне басады.Осылардың барлығын Марат Мұратқа мұқату,басыну үшін айтып тұрған жоқпын,ойлану үшін ақыл салып отырғандығын жеткізеді.Осыны ұғын,түсін дейді Мұратқа.Бұған кінәлі заман дейді Марат Мұраттың көңілі үшін.Қажыған,тозған Мұратты Марат баз-баяғы идеяшыл аспирант болмысында  қалғанын алға тартады.Сөйте тұра,оған жаңаша өмір сүру мүмкіндігін ескертеді.Ол үшін Марат Мұратқа демеуші болуды емес,отыз жол бойы жазған қолжазба қағаздарын бас-аяғы түгел өткізуге талап қояды.Авторы  Марат болмақ.Басты гәп-осында.

     Мараттың айтуынша,қалың бір монографиялық еңбек шыққанда небәрі бір ғана әріп өзгереді.Ұлттық ”Ұ” әрпінің орнын халықаралық  ”А”әрпі алмастырады.Сол бір ғана әріп үшін өзінің меншігінде  қалатын үш бөлмелі жаңа пәтер және  жүз мың доллар беруді ұйғарады,яғни қомақты қаржы. Сондағы айтпағы, Мұратқа бәрі-бір емес пе,өйткені,екеуі бір адам.Мұрат та шалқаяды.Үш жүз мың доллар және коттедж беруін сұрайды.Миллионды қойып, миллиардқа қол созған адам үшін бұл қаржы,не тәйірі, деген ойын жеткізеді.

     Содан соң,Мұрат бизнес саласында үлкен табысқа жеткен Мараттың шынайы мақсатын да біледі.Ол бай болсам,әрі атақты ғалым болсам деген тәтті қиялын салмақты ойымен жалғастырады.Мараттың сана-сезімі тоғышар қалыпта емес.Ол бүгінгі саясатты жақсы біледі.Ғылыми дәрежеге оңай қол жеткізген жандар аз еместігінен де хабардар.Оған тек ғылыми дәреже ғана емес,билік те керек екендігін,сол үшін әрекет жасап жүргендігін Мұраттың құлағына құяды.Екеуара   сырласу, ішкі шерді тарқату тереңге кетеді.Мұрат осыдан отыз жыл бұрын Балжанның дүниеге әкелген ұлы Мақсатты өзінен екендігін де дәлелдей сөйлеп,Мараттың уәжге көнуін талап етеді.Отбасы ойран болғалы тұрғандығын сезген Марат Мұратқа тыныштық беруін,қаласа миллион алуын өтінеді.Екеуара әңгіме,ар соты осымен тәмәмдалады.Мұрат Маратқа қатты-қатты айтса да,сөзінің бәрі жай қалжың екендігін айтып,сөзге қонақ береді.Бұның барлығы сонау жастық шақта өзін қақ бөліп,екі жарып,жарты көңіл,жарым ақыл еткен көп өкпе, реніш пен наланың аз ғана қарымтасы,қайтарымы  деп,айыптың ауыр салмағын Маратқа артады.Өмірді,тағдырды,тәлкек етіп,бүтінді бөлшек еткен оған  қаншама өкпе артса да, Марат соның барлығы тағдырдың жазуы болар деген ниетінде қалады.Романдағы оқиғалар дамуы осыған саяды.

        Жазушы Мұхтар Мағауиннің “Жармақ” романы қазақ әдебиеті үдерісіндегі жаңа әрі соны көркем туынды.Бүгінгі көркемдік- шығармашылық тәсіл тұрғысынан қарағанда философиялық , психологиялық  реализм фантастикамен,қиялмен, түс көрумен,мифпен ұштасқан.Әлемдік әдебиеттегі осынау постмодернистік бағытта жазылған  Мұхтар Мағауиннің “Жармақ” романы қазақ әдебиетіндегі соңғы жылдар ішінде дүниеге келген біртұтас көркем туындылардың ішіндегі алғашқы қарлығашы деуімізге болады.Бұл орайда қазақ оқырмандары төл тілімізде постмодернистік үлгіде жазылған тың көркем шығармамен бетпе-бет қауышуы,әрине,қуаныш әрі үлкен мәртебе.Қазақ әдебиетіне әлемдік әдеби қалыпқа сайма-сай келетін және күрделі жанрда жазылған тағылымы мол шығарманың дүниеге келуі — әдебиетіміздің өміршеңдігін әрі баяндылығын танытады.Роман классикалық  кейіпкерлермен емес,болмысы саналуан,тұтастықтан ада кейіпкерлер әлемін суреттеуімен ерекшеленеді.Бүгінгі көркем әдебиеттегі үдерістің бір көрінісі де осындай қасиетімен айшықталады.Рас,классикалық әдебиет рухында өнеге алған оқырмандар үшін постмодернистік  бағыттағы шығарма әлеміне емін-еркін еніп кету де оңайға соқпасы мәлім.Десек те,әлемдік әдебиет үдерісінен шет қалмау қажеттілігін де есте тұтқанымыз жөн.

      Қай жазушы болсын,қағаз бетіне өз  туындысының алғашқы жолын жазып,соңғы нүктесін қойғанша әдеби үдерістегі көркемдік-шығармашылық тәсілдің белгілі бір түрімен жазамын деп мақсат қоймайды.Әйтсе де,қазіргі заманғы қаламгерлердің көпшілігі дерлік әлемдік,ұлттық әдеби үдерістерден хабардар,тіпті,жетік деуімізге болады.Өз шығармасы қай әдеби тәсіл,бағыт және ағым үлгісінде жазылғанын бастапқыда сезбесе де,түптің түбінде,нәтижесінде аңғарады,түйсінеді деуімізге күмән жоқ.. Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин қазірде көркем әдебиеттің әлемдік,ұлттық үдерістерін жіті қадағалап отырған сөз өнері әлеміндегі кемел қаламгер болғандықтан,”Жармақ” романы постмодернистік  үлгідегі талғампаз оқырмандарға арналған тағылымы терең,болмысы биік,рухы рәуішті туынды дер ек.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ