Елдік, ұлттық рухты сергіту поэзиясы

0

2011 жылдың 1 шілдесітұғын. Сарыағаш  шипажайында халқымыздың көрнекті ақыны Мұхтар Шахановпен демалушылардың кездесуі болып өтті. Бір айта кетерлік жәйт, ақын поэзиясына деген оқырмандардың ынта-ықыласы әлі де сол биік деңгейде екендігіне куә болдық. Оның да себебі бар. Өйткені, ақын поэзиясындағы ғаламат ойлар тасқыны өмірдің өзіндей поэтикалық тың шешімдерге толылығымен ерекшеленеді. Математикалық заңдылықтарға бағынбайтын тіршіліктің өзіндей ақын өлеңдері де сонылығымен көңілді де, көкейді де бір серпілтеді. Сол себептен де болар, ақынның өлеңдері, балладалары, поэмалары ғажайып, керемет-ақ.

Мұхтар Шаханов есімі сонау ХХ ғасырдың 70–80-жылдарында оқырмандар арасында кеңінен танымал бола бастаған-ды. Біздер, студенттер қауымымен ақынның кездесу сәттерінде өзінің өлең өлкесіндегі ұстазы әрі замандасы, аяулы Төлеген Айбергеновке арнаған «Ағаны аңсау» өлеңі әр кеудедегі жұмыр жүректің дүрсілін айрықша соқтырған-ды сол кезде. Поэзия құдіретіне біздер тәуелді едік сол шақтарда.

Ақын өлеңдерінің қазақ әдебиетіне жаңадан түрен салғаны, өлең жолдарындағы дәстүрлі әдеби ереже қалыбына сыймайтын буын сандарының тым көптігі, соған қарамастан, оқырман мен тыңдарманның есі мен жадында тасқа басылғандай жатталып қалуы мүлдем өзгеше құбылыс болатын. Ақынның қай туындыларын алсақ та, өлеңдері яки поэмаларында, балладалары мен жыр-дастандарында әр шығарманың тақырыбы мен идеясы ел тарихына, адам тағдырына, ұлт рухының құдіретіне мейілінше суарылғаны анық байқалар еді. Бүкіл шығармашылық әлемі туған халқының шежіресімен біте қайнағандықтан, өзіндік ерекше қасиеті менмұндалайтын.

Әрине, қазірде уақыт та, заман да өзгерді. Адами-рухани құндылықтар атаулысы түбегейлі алмасты. Күні кеше ғана негізгі өлшем саналатын ұғымдар мен түсініктер бүгінде келесі кезекке ығыстырылды. Ашығын айтқанда, адами, адамгершілік және рухани байлықтар материалдық байлықтың көлеңкесінде дейміз бе, әлде тасасында дейміз бе, расы сол, елеусіз, ескерусіз күйге түсті. «Атақ-даңқың ұлық болғаныңмен, сорпаң сұйық екен» деп, бетке табадай шыжғырып айтатұғын кезеңге тап  келдік. Шыны солай.

Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, кеңестік жүйе тұсында қоғамдық-саяси  өмірде ұлттық мүдде ашық айтыла бастады. «Жылымық» кезеңінің қоғамдық санаға оң ықпал етуі нәтижесінде әрбір ұлттың, халықтың  дербестігі,  ұлт ретіндегі кемелдігі қоғамдық санада қозғаушы  күшке айнала бастады. Туған тілге, ұлттық болмыс пен салт-санаға, ата-бабалардың көне де қасиетті тарихына деген  баға жетпес құрмет сезімі ояна бастады.

Мұхтар Шахановтың шығармаларындағы  туған тілге, жерге, елге, ата-анаға деген құрмет пен ынта-ықылас – соның айғағы. Бұны біз тек қана жай тағзым емес, құнары мол, тарихы қалың, көркемдік-философиялық салмағы өте жоғары әдеби-эстетикалық талғаммен әсем көмкерілген баға жетпес көркем дүниелер деп білеміз.

Кездесу кезінде осынау жағдаяттар жан-жақты ескерілді. Ақын шығармаларының басты кейіпкерлері Отан-Анаға, ел мен жерге, төл тілімізге деген сүйіспеншілігін ешқашанда арзанға айырбастамайтын, қиын да қилы заманда сүрінуді әсте білмейтін, тәңірдің ұлы сыйы –  шынайы махаббатқа шексіз берілгендер екендігі басқосуда атап-атап айтылды. Қиындықты елемейтін, өз еркінен тыс ілгері қарай ұмтылатын, талпынудан жалықпайтын, үнемі ізденіс үстіндегі жасампаз жандар екендігі жүздесуде қадап-қадап жеткізілді.

Сондықтан да, ақын шығармашылығы – қазақ әдебиеті тарихында елеулі орын алады. Автордың шығармашылық шеберлігі қазірде өз өрісін кеңейте түскен. Ақын қоғамдық құбылыстарға өзіндік көзқарасы, ұстанымы бар бірегей ақындардың бірі. Кеш тізгінін қолына алған ақын әу бастан-ақ, елдік, ұлттық мүддеге тола ой-пікірлері жайлы көрермен қауыммен емін-еркін бөлісті. Олардың барлығы дерлік қазірде баспасөз, теледидар, радио арқылы жазылған, айтылған, естіліп жүрген тұжырымдамалар деуімізге де  болады. Әйтсе де, ақын қоғам тамыршысы секілді өзін толғандыратын мәселелерді шынайы айтты.

       – Елдік, ұлттық рух аса қажет. Қазіргі кезең өте күрделі кезең. Рас, әртүрлі тақырыптарға өлең оқуға бола береді. Олар жеткілікті. Бүгінгі әңгімені саналы түрде белгілі бір тақырыптарға арнағым келеді. Менің өмірім күресумен келеді. Қазақта қаншама ақындар бар. Олардың бірқатары тек өлең жазумен шұғылданады. Мен саналы түрде қоғамдық өмірге қарай бет бұрдым. Бүгінгі таңда столдың астында бұғып қалуға болмайды.

        – «Болмысында Мұхаң бес ерлік жасады» деп жазады мен жайлы. Бірақ мен оларды ерлік деп есептемеймін. Азаматтық борышым деп ұғынамын. Өзімнің ақындық, қоғамдық,  азаматтық бағыт-бағдарым бар. Қазірде төл тіліміз қыспаққа түсіп жатыр», – дей келе, ақын «Ақындық анатомиясы» атты өлеңін оқыды.      Осынау өлеңінде ақындық ұстанымы анық байқалады. Өлең жазу – ақындықтың бір шарты. Осы тақырып жайлы да белгілі жазушы Шыңғыс Айтматов пен Мұхаң едәуір ой-пікір білдірген. Бұл жайлы қос қаламгердің «Аңшының құз басындағы зары» кітабында жан-жақты айтылған да.   Қазірде ақынның пайымдауынша, нағыз поэзия – бұл ешкім айтпаған ойды айта білу. Әйтпесе, ақын айтқанындай, «Анау тұрған бидайды комбайнмен орады» деп ұйқастырып, жаза беруге болады. Сондай-ақ, ақын үшін шындық мәселесі бүгінде өте үлкен өлшем болуы қажет.

           – Кімде-кім өз шындығын жоғалтып алса, ол ақын емес,  жазушы емес, –  дейді ақын. Шынында да, ақын өлеңінде өрілгеніндей, «Нағыз ақын бола білу – қиынның ең қиыны».

           Ақын осы жүздесуде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты өзі атқарған жұмыстарды, көптеген эпизодтарды мысал ретінде сөзіне арқау етті. Наурыз мерекесінің мемлекеттік деңгейде тойлануына өз үлесін қосқандығы жайлы да тілге тиек етті. Бұлардың барлығы БАҚ беттерінде жеткілікті жазылғандықтан, оларды қайталап жатуды жөн санамадық.

                            – Бүгінде «Желтоқсан эпопеясы» атты 3 томдық кітапты жазып бітірдім. Біздің әрбір күніміз күреске тола. Үлкен проблемалар әлі алда. Ұлттық рухты, ұлттық мүддені, ұлт тілінің мәртебесін көтеруіміз қажет, – деді айтулы ақын.

                            Кеште ақынның «Мені неге Мұхтар қойған?» өлеңіне ән шығарған белгілі сазгер, ақын Мұхтар Құралов сөз сөйледі. Осынау әнді белгілі әнші Кенже Айтбаев нақышына келтіре орындады. Кеште сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген демалушылар да өз өнерлерін көрсетті. Олар ақын өлеңдерін орындады. Шығыс Қазақстанның Тарбағатай аймағынан келген Сабитовтар отбасы ақынның бірнеше әндерін шырқады.

                              − Біз аңсаған лирик Мұхтардың өлеңдерін Өзбекстанда жүріп ынтыға, қызыға оқитын ем. Сөйтіп, жастық шақта қыздардың көзіне түсуге ынтықтым. Ақын қандай бақытты. Біреу оның өлеңдерін жатқа оқып жатыр. Ел тыңдап отыр, − деп әзілдей ой түйді сөзге шыққан «Төртінші билік» газетінің бас редакторы Төлемырза Темірбекұлы. Ол ақынның бірнеше өлеңдерін мәнерлей, екпіндете, шебер орындау ерекшелігімен көпшіліктің ілтипатына бөленді. − Ақын өлеңдері кім-кімді болса да, өзінің ой-қиял әлеміне батырады. Философ оқыса, өзінің ойын одан әрі тереңдете түседі. Ақын оқыса, оның өлеңдерінен үйренері көп. Жырқұмар оқыса, оны өзінің мүддесіне сай, бейімдеп, пайдалана алады. Сөйтіп, достардың ортасында, құда-құдағилардың арасында, қыздардың алдында, туған күндерде, тойларда, мерекелерде, түрлі кездесулер мен жүздесулерде, тіпті, қыздарға ұнау үшін де рахаттана оқуға болады, − деді қаламгер-редактор ақын өлеңінің табиғи шындығын аша түсіп.

                              − Талай жастың ғашықтық сезімін оятқан Мұхаң поэзиясы, − дей келе, демалушы  жас бойжеткен Гауһар Мадиярқызы ақынның «Ғашықтық ғаламаты» поэмасынан беріле, үздіге үзіндіні жатқа оқыды.

                            Сәтбаев қаласынан келген ұстаз Гүлнар Пірімжанова ақынға өз арнауын сый етті. − Кеншілердің балаларын оқытып жүрмін. Ұлттық намыс, ұлттық рухты қорғайтын Мұхтар ағаға өлеңнен арнау арнағым келеді, − деді ол.

                             Мақтааралдық ақын әрі аудандық әкімдіктің жауапты қызметкері, ақын Пердеш Есенбеков ақын өлеңдерінің қазақ оқырмандарына берері мол екендігін айта келе, ақынға арнап, өз шығармашылығынан бір өлеңін жатқа оқыды. Жуырда ғана жарық көрген өлеңдер кітабын сыйға тартты.

                            «Сарыағаш» шипажайыныың бас дәрігері, елжанды азамат Асылхан Жүнісов көрнекті ақын поэзиясына, ақынның қоғамдық-қайраткерлік қызметіне жоғары баға бере келе, қажырлы да қарымды қаламгерге шығармашылық табыстар тіледі    Ақынға оқырмандар тарапынан «Сіз заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовпен ұзақ жылдар бойы шығармашылық және достық қарым-қатынаста болдыңыз. Шықаңның қазіргі таңдағы әдеби-шығармашылығының насихатталуына көңіліңіз  тола ма?» деген сұрақ берілді.

              – Шықаң әлемнің ұлы жазушысы. Оның шығармалары әлемнің 177 тіліне аударылған. Заңғар суреткердің адамшылығы, адамгершілігі мүлдем бөлек. Қазірде Шықаң кеткелі бері өз әкемнен айырылғаннан бетер өте ауыр жағдайда жүрмін. Әлі күнге дейін сол күйден арыла алмай келемін. Әркімнің көтерер өз жүгі бар. Жазушылықты ол ғұмырының басты мақсаты деп санады. Шықаң тек қырғыздың ғана емес, қазақтың да бірегей перзенті, − деді Мұхтар      Қайраткер-ақын елдік, ұлттық мүддеге назар аудару қажеттігіне көңіл бөлді. − Ана тілінде тәрбиелеу керек баланы. Әр ата-ана бұны жақсы ұғынуы тиіс. Әрбір жан өз тілінде ойлауы керек, сөйлеуі тиіс. Ата-бабадан бері қарай халқымыздың бойында үздіксіз, дамылсыз ағып жатқан тектілік, яғни генетикалық қан бар. Халық сол қанның қасиетін, нақтырақ айтқанда, өз тілінде ойлау, сөйлеу ерекшелігін жоғалтса, ғұмыры, тағдыры трагедиямен аяқталады. Ана тілдің рухын бойға мейілдете сіңіру керек. Өзге тілде ойласа, өзге тілде сөйлесе, өзге тілде түс көреді. Бұл − қасірет. Қасіреттің соңы тектілік қанының, тілдің жоғалуына, сарқылуына әкеліп соғады, − деді елдік рухтың жанашыры, әрі қамқоры Мұхаң ағамыз.

                           Ақын «Бөдене-таланттар мен Қажымұхан-таланттар» атты өлеңін оқыды. Талант − қай салада да талант. − Махаббат − бұл да талант. Махаббат бұл Эверестің биік шыңына шығумен бара-бар. Оның биік шыңына шығу ілуде біреулердің ғана маңдайына жазылған, − деді ойшыл ақын.

                           Ақын өз оқырмандарымен болған жүздесуді «Жетінші түйсік» атты ұлттық, елдік рухпен суарылған пәлсапалық өлеңімен тәмамдады. – Ұлттық сезім тілегім келеді баршаңызға. Кей жастарға бүгінде ұлт керек емес. Елдік, ұлттық мүддеден бойын аулақ салса, ол − нағыз азамат емес. Рухани түсінісу жоқ кезде рухани бірлік болмайды, − деді ақын өз сөзін түйіндей кел.   Мұхтар Шахановтың өлеңдері мен поэмаларында бұдан сәл ілгеріректе саф алтындай сағыныш, алаулаған жүрек сезімдері, ешкім бастан кешпеген аңсау мен аңсар иірімдері өте көп болатын. Ендігіде терең ой, күрделі өмір арпалысы белең алғандай сыңайлы. Әйтсе де, Мұхаң поэзиясы – қазақ әдебиетінің ұлы Абайы айтқанындай, «Сырты – күміс, іші алтын – сөз сарасы». Ақынның бүгінгі шығармашылығы − ақынның тек өлеңдер шығаруымен ғана айналысуы емес, нағыз өнер туындыларын дүниеге әкелуі дер ек. Ақын өлеңдерінде ұйқас, сезім, сағыныш, мұң болумен біргелікте үлкен ой тереңдігі бар. Елдікті, ұлттық мүддені өмірінің нысанасы еткен ақын-күрескер тұлға үшін, үлкен ойдың иесі үшін − бұл таптырмас қасиет. Ақын поэзиясы бүгінгі өмірмен қосақабат, егіз өрілгендей. Оның шығармашылығына бейжай қарауға әсте болмайтындығы да сондықтан. Қаламгердің әрбір жаңа туындысы көзіқарақты оқырманды қашанда толғантады.

                           Бас қосқан поэзия кеші елдік, ұлттық сананы және бір рет серпілтті.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ