Бауыржан момышұлының «курляндия майданы» деректі романы және тарихилық мәселелері

0

Халқымыздың айтулы перзенті, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлының 2009 жылы ғана баспа бетінде жарияланған «Курляндия майданы» деректі романы қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбына жазылған қуатты әрі сүбелі, нәрлі әрі тұшымды көркем туынды дер ек. Деректі роман сонымен бірге өзінің тарихилығымен де ерекшеленеді.

Көркем шығарма мен тарих қос арна іспеттес. Ел өмірінде айрықша орын алған кешегі соғыс талай-талай тағдырлардың талайына  айналғандығы да аян. Ендеше, аталмыш көркем де деректі роман тарихилығымен құнды. Ел тарихы біртуар тұлғаның шығармасында әспеттеліп, айшықталып шыға келгендігіне жаның жадырайды. Қан майданда от кешіп, қиян-кескі қан қасапты өз көзімен көріп, санасынан өткізген Баукеңнің, Бауыржан Момышұлының жөні бөлек туындысы дерекке тола тарихилығымен туған әдебиетіміздегі кейіпкерлер дүниесін танымдық-психологиялық деңгейімен байытты.

Деректі романның тілі өте бай. Тілі шешен. Ойы терең. Көңілдің төрінен бір-ақ шығады. Мысалы, ондай өрнекті, ойға құрылған сөйлемдер шығармада өте көп. Солардың бірсыпырасын дәлел ретінде ұсынғанды жөн санадық. «Дәмді тамақ бет ажарын кіргізеді, әсем киім көркіңді көбейтетінін Құрмаш – жақсы түсінетіндердің бірі»,  «Алдын арбай білсең, соңынан алу оңай-ды», «Майдандағылар елді сағынады. Елдегілер майдандағыларды сағынады. Майданда қан төгіліп, тылда тер төгіліп жатыр. Әркімді ажал аңдып тұр». Дәл осы сипаттағы сөйлемдер мен ой тізбектері шығармада өте мол.

Деректі романда әдебиет теориясына сай роман жанрына  тән кесек-кесек оқиғалардың басталуы, дамуы, шиеленісуі, шешімі секілді элементтер аз емес. Десек те, туындыда психологиялық, оқиғалық, ситуациялық иірімдер көптеп  кездеседі. 1942 жылы өзі басқарған 1073-полкті және дивизияға қолбасшылық жасаған уақыты осы шығарманың негізгі өзегіне айналған. Деректі роман аяқталмай қалған. Бұл жайлы «Бауыржантану»ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері Мұхамеджан Кәтімхан «Жұлдыз» журналының 2009ж. 3 санындағы 4-бетте былай деп жазады: «Аяқталмай қалса да өмірлік дерегі мол, көркемдік қуаты ерекше бұл туындының ұлттық әскери әдебиетімізден сүбелі орын алары даусыз». Кітаптағы басты кейіпкер Бекболат, Баукеңнің өзі, әдебиеттану тілімен айтқанда прототипі. Шығармада сол кезеңнің өзінде алғы шепте жүрген полктің мұң-мұқтажы жайлы толғаныссыз айтуға болмайды. Өйткені, сол кездегі одақтық жүйе кезінде де Баукең ұлттық мүддені назардан тыс бір елі тастамаған, оны өзінің ғұмырлық өлшемі, бағдары еткендей. Қазақ жауынгерлерінің ана тіліндегі газет-журналдардан тарығып жүргендігі, қазақ тілінде грампластинкалардың қажеттігі, көркем әдеби кітаптардың, әсіресе, фольклор, батырлар жыры, дастандарының жоқтығын атап айтуы оның туған халқына деген құрметінің белгісі емес пе?! Сол секілді Қазақстаннан келген қосымша адамдар күшінің әскери машығы нашар екендігі, сөйтіп, олардың бостан-босқа құрбан болуын сол кездегі қазақ елі басшыларына жеткізуге деген ұмтылысы да өз еліне деген адалдығының, перзенттік парызының бірегей көрінісі деп білеміз.

Деректі романда соғыс кезінде қазақ еліне келген әскери делегацияны қарсы алғандар арасында ел әдебиеті мен мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғаларды да жадымызда жаңғыртамыз. Олар: сол кездегі Жазушылар одағының басшысы Сәбит Мұқанов, белгілі жазушылар атанған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, атақты артистер Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Шара, Күләш, Шәкен Айманов, Қадиша Бөкеева және тағы басқалары.

Жазушы Бауыржан Момышұлы деректі романды жазу барысында тарихи оқиғаларды оқырмандар назарына ұсынуда баяндау тәсілін қолданған. Алайда авторлық осынау әдіс оқиғаны немесе сюжетті ашуға немесе қорытындылауға, ой-пікірін, кесімді шешімін айтуға бағытталған. Мәселен, ол кездегі тылдың жұмысын толық білмегендіктен, елге барған майдан делегациясының жай-күйін жазушы тұтас қамтығандығын ашық сездіреді. Бұл мәселе де шығарманың деректік, тарихилық  салмағын арттыра түседі.

Әскери тақырыпқа жазылған деректі романда тағылым аларлық  жәйттер жеткілікті. Бекболаттың қарамағындағы жан досы болып есептелетін Құрманбектің бойындағы кемшіліктерді алдаспандай ойып түсіретін сөзбен қадап-қадап көрсетуі де шығарманың шынайылығын танытады.

Шығармадан үзінді келтірейік:

  • Мына түріңе қарағанда, арақтың әкесін танытып ішіп жүрген жігіт көрінесің. Енді тоқтатқын. Жауынгерлер алдында көзің қызарып, тілің күрмеліп тұрған жараспайды…
  • Мен ешкімнен артық ішіп жүргенім жоқ. Есімді әлі ішіп көргенім жоқ… — деп ренжіп полковниктің сөзін бөлді.
  • Есіңді ішпесең, маған деген бір бума хаттарды неліктен қара басып жоғалтып жүрсің? Жаңағы госпитальдың бастығы қарт полковникпен құрдасыңмен сөйлескендей не деп оттап отырдың?

Бұл диалогта кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы ғана емес, әскери қызмет этикасы да көркем әрі ғибраты мол әңгіме сипатында берілген. Осы беттесуден соң, Құрманбек өз кінасын мойындау орнына Бекболатқа сырты жақын болғанымен, ниеті бөлек жанның біреуіне айналғанын деректі  романның өн бойынан байқаймыз.

Деректі романда соғыс жорығының, Бекболат басқаратын полктің сәтті және сәтсіз кездері, полктің бірнеше күн ашыққан, оқ-дәріден тарыққан уақыттары да жазушы қаламынан шет қалмаған. Соғыста қарны ашқан адамның хал-ахуалы, психологиялық кескін-келбеті де романда табиғи суреттелген.

Бекболаттың әскери қызметінің өсуі, дивизия командирі болуы, майданға кетуі деректі романда шынайы көрініс тапқан. Шығармада Бекболаттың – Баукеңнің  сыртқы көзқарас арқылы берілген мінезі де батырдың бірегейлігін аңғартады. Мінезі қызулау, мәселені шарт кесетіні, тоқетер сөзді бірден жайып салуы, әскери іс-қағаздарын қадағалап оқуы, әрбір әскери маман иелерінің өзіне тән ерекшеліктерін етене білуі басты кейіпкерді ерекшелендіріп тұрады.

«Курляндия майданы» деректі романы тарихилығымен біргелікте болашақ әскерилер үшін мықты кәсіби оқу құралы деп санауға әбден болады. Мұнда әскери біліктілік, майдан мен тыл байланысы, қорғаныс, кездейсоқ ситуациядағы іс-әрекеттер мен нақты шешімдер қабылдауға байланысты сюжеттер, оқиғалар аз емес.

Баукеңнің әскери біліктілігі мен білімдарлығына алғыр да уәжді сөздеріне қанығуға ынталы оқырман атаулысы осы шығарманы оқу барысында рухани ләззат алады. Дивизия командирі болу тек лауазымды қызмет емес, ол жаяу әскер, артиллерия, штаб, тыл, әрбір әскери бөлімдер мен роталар, жекелеген жауынгерлер тағдыры, бәрі-бәрі де оның жеке іс-әрекетіне, ой-ниетіне қатысты болатындығы романда баяндау, диалог түрінде оқырмандарға ұсынылған.

Деректі романды оқи отырып, нақты деректерге кезігесіз. Кейбір келеңсіз жәйттерге де қанығасыз. Нақты қамқорлық, өз жұмыс учаскесіне мемлекеттік көзқарас болмаса, бүкіл істің бейберекет болатынына күмәнің қалмайды. Үзінді келтірелік: «Солдат – үйсіз-күйсіз адам. Дивизияда 12-13 мың солдат. Олардан үкімет ешнәрсені аяп отырған жоқ. Олар да отаннан ешнәрсесін аяп жүрген жоқ. Шығынсыз соғыс болмайды. Күн емес, сағат сайын шығын. Саптан жүздеген жауынгерлер жарақаттанып кетеді, жүздегені  шейіт — құрбандық болады. Бір тәулікте 12-13 мыңның кемінде 500-і, әйтпесе, 1000-ы саптан шығады. Дивизия азық-түлікті үш-төрт күн бұрынғы санымен есептеп алады. Демек, 1500-3000 адамның паектері Кузнецовтің қалтасында!»

Автор Баукең, әрі дивизия командирі Бекболат жаңа қызметке келгенде дивизия командирінің тыл жөніндегі орынбасары Кузнецовқа тыл мәселесімен осылайша тікелей айналысуын талап етіп, қатаң түрде тапсырма береді. Жауынгерлердің аш құрсақ болмауын қадағалауды міндеттейді. Шаруашылық істерін оңтайлы жүргізу жайлы ой тастайды.

Шабуыл кезіндегі сәтсіздіктер, алға жылжу орнына кері кетушілік, соғыстағы тәжірибенің кемшін болуы Бекболаттың көңіл-күйіне кері әсерін тигізеді. Сонда да, шындықты бетке тұтып, сөзінде тұрмағаны үшін армияға басшылық жасайтын жоғары лауазымды әскери басшыға: — Мені, Коньковты, Шляпинді, Шеметовты асу керек, — деуі нағыз көзсіз батырлықты, өзінің ісіне деген адалдықтың көрінісі. Бірақ  армия командашысы шындықты тіке айтқаны үшін, оны қанаттандыруды ойлайды, сағын сындырмайтын жол іздестіреді.

Бұл соғыстың алғашқы жылы Курляндияның аязы қатты 1941 жылғы желтоқсан айы болатын. Ал сол кезде кеңестік Армия жаппай сәтсіздікке ұшыраса да, ұлы жеңістің алғашқы іс-әрекетін қамтамасыз ету жолында жан алысып, жан берісіп, өлермендікпен шайқасып жатқан-ды. Биікте бекініп, от шашқан, ал жерде жатқан бауырын мұз қарыған жауынгердің «Бұлай азапқа салғанынан гөрі тезірек өлтіргені жақсы болр ма еді?» деп күйіне сөйлегенін жаның түсінгендей сезіледі.

Деректі романнан көзіқарақты оқырман көптеген тарихи деректерге қанығады. Мәселен, соғыстың алғашқы жылдарында «Командирдің орны тек қана алғы шепте» деген принцип орын алғандықтан, көп офицерлер соғыстың алғашқы айларында  құрбан болады. Соңыра, автордың романында келтіргеніндей, Сталиннің 306 – бұйрығына сәйкес, командирлердің дәрежесіне, ұрыстағы жүктелген міндеттеріне сай орындары көрсетіліпті. Мінеки, осындай кәсіби, әскери мағлұматтар романда танымдық сипатымен ерекшеленеді.

Дивизия командирі Бекболаттың адамға тән табиғи қасиеті, қызының өлгендігі жайлы хабарды естігені, ұлын әлі көрмегені, қайғырғаны, сағынғаны, шаршағаны, қажып, қалғып кетуі секілді көңіл-күйлері бірер сөздермен айтылса да, сезімді толқытады. Жалпы алғанда, «Курляндия майданы» деректі романы киноға өзінен-өзі сұранып тұрған елеулі туынды. Мұнда сюжет те, оқиға да, тартыс да, ұлан-ғайыр соғыс даласындағы қиян-кескі ұрыс та жеткілікті. Терең психологизм, сыртқа тепкен адам түйсігі мен сезімдерінің атойлаған бұлқыныстары жұлын-жүйкені шымырлатпай тұра алмайды.

Әскердегі темірдей қатал тәртіп деректі романда да анық байқалады.  Атап айтқанда, Құрмаш госпитальдан шыққан соң, өзіне етене таныс Баукең – Бекболаттың дивизиясына алуын сұранады. Бірақ Бекболат жоғарғы жақтың бұйрығын өзгертуге құқы жоқ екендігін түсіндіреді. Өтінішін қабылдамайды. Әдейі ізденіп, сұранып келген екен, сұранысын орындайық деп өзінің орынбасары Шляпин өтінгенде де:

«- Рұқсат ете алмаймын… Бірақ та мен ол жігітті көргенім де жоқ, сіздің айтқаныңызды естігенім де жоқ» — деп жауап береді. Әскери тәртіп, сол кездегі тарихи уақыттың, мінеки, бейнелі бедері.

Майдан психологиясы, солдат психологиясы деректі романда санқырлы көрсетілген. «Тойған кісі–табағына түкіреді. Шала-шарпы қанағаттанған кісі рахмет айтады. Шолжайып езіле жатып, ұйқыдан зеріккен кісіге тұр десең, көкірегіңнен тебеді… Солдаттың қарны қампая тоймауы керек. Солдатты ұйқы баспау керек. Солдат тек жатпауы керек. Солдат ерте тұрып, кеш жатады. Ол–қимылдың адамы». Мінеки, психологиялық пікірлер сырлары.

Соғыста да адами ерекшеліктерімен көзге түсетін жауынгерлер болады. Деректі романдағы сондай кейіпкерлердің бірі – етжеңді қазақы мінезді Әділгерей. Орысша шала-пұла білетін, әскери құжатына Әділгерей емес, қапылыста Андрей деп жазылған жауынгердің өзі он алты рет жарақат алған, оның алтауы өте ауыр. Соған қарамастан сапта өзгелермен бірдей жүреді. Бекболаттан бір мүшел жас үлкен екендігін пайдаланғандықтан емес, қазақы қалыппен оған «қарағым, шырағым» деуі де оның табиғи табиғатынан дерек береді. Әділгерейді шынайы тексергенде оның денесінде бір оқ, бір жарқыншақ бар екендігі және де белгілі болады. Оның  орысша білмеуі Ржев қаласын Ережеп деп, оборонаны абыройна деп, полковникті балкоуник, марганцовканы  мерген сопы деуі және тағы басқа да сөздердің өңін аудара сөйлегендері де іш жылытады. Аңғалдық, тазалық лебі еседі.

Дивизия командирінің, яғни Баукеңнің–Бекболаттың әскери трибуналдың екі солдатты  сиыр ұрлап, сойғаны үшін тергеп, екеуін де ату жазасына үкім еткеніне қарсы болып, ол құжатқа өзінің қол қоймағаны да сол тарихи кезеңнің айтулы шындығындай  әсер етеді. Дивизия командиріне сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан әскери трибуналдың үкімін теріске шығаруға құқық берілген-ді. Алайда осы іс-әрекеті үшін Бекболатқа армияның әскери кеңесі қатаң сөгіс жариялайды. Ал өлімнен аман қалған екі солдат та соғыста аянбай шайқасып, қаза тауып, Қызыл Жұлдыз ордендерімен наградталыпты.

Сондай-ақ, командирдің бұйрық беруі заңды болғанымен, оның бұл іс-әрекетке шығармашылық тұрғыда қарау қажеттілігі жайлы ой-пікірлері де нанымды. Мәселен, осы орайда Бірінші Петрдің сөзін келтіреді. Ол айтқан екен: «Жарғыны қабырғаға жазылғандай етіп қатып ұстап қалу қажет емес, онда тәртіп жайлы ғана жазылған, ал уақыт пен жағдай ескерілмеген». Сонымен бірге, командир айтты-бітті деген сөз еместігін де автор ғибратты әпсанамен өрнектеген. Оны да келтіре кетуді жөн санадық. Бұл аңыз ба әлде шын ба, ол жағы көмескілеу. Бірақ жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды демей ме? Енді осыған келелік. Ілгеріде, 1904 жылы жапондық бас командашы адмирал Того түн ауа орыс әскерлеріне қарсы шабуыл жасауға бұйрық шығарып, қол қойыпты. Сөйтіп, өзі балық аулауға кетіпті. Соғыс басталған күні кеш түсе үйіне оралыпты. Келсе, император іздеп жатыр екен. Соғыстың барысын білгісі келіпті. – Мен бас қолбасшы ретінде таң атар – атпастан Ресей әскеріне қарсы соғысты бастаңдар деп бұйрық бергенмін. Осымен менің қызметім тәмамдалады. Ал бұйрық  болса да, болмаса да орындалуға тиіс, — депті.

Бекболаттың әскери біліктігі, білімдарлығы, кең ойлы диапазоны осындай мысалдармен шығармада жан-жақты бейнеленген. Құрғақ сөзге, құр ділмарлыққа емес, нақты іс-әрекетке негізделген сөздер, мақсат-мүддесі айқын, анық ойлар шығарма қуатын арттыра түскен. Тарихтан өзінің лайықты орнын алған кешегі қанды алапат ұрыс Курляндия майданында да аласапыранға тола болғандығын шығарманы оқи отырып, куә боласыз, қанығасыз.

«Құлақпен естігеннен көзбен көрген анық, көзбен көргеннен бастан өткізген анық» деп автордың өзі жазғанындай «Курляндия майданы» деректі романын соғыс өнерін жетік меңгерген, оның жоғары офицерлік шеніне ие болып, дивизия басқарған майдангер-қаламгердің тағылымы мол, сөз құдіретіне бас иген, қазақ әдебиетіне қосылған соны әрі өміршең туындысы деуімізге толық хақымыз бар.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ